Өз елінің жастарына айрықша қамқорлық танытып, қолдау көрсеткен мемлекет қана қай жағынан болмасын, үлкен табысқа жетері анық. Өйткені, жастар – қоғамдағы үлкен қозғаушы күш екені, мемлекет дамуына серпін беретін буын екені бесенеден белгілі. Ал мемлекет тарапынан да олардың мәселесі ұдайы назарда. Елімізде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» тұжырымдама барын білеміз. Аталған тұжырымдама бүгінде жастарды толғандырар мәселелерді шешетін негізгі құжат ретінде қызмет етуде.
Осы аптада Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы жастар істері кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа БАҚ өкілдері, қалалар мен әкімдердің орынбасарлары және жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысты. Кеңестің күн тәртібінде биылғы жылдың І жартыжылдығында аймақтағы Мемлекеттік жастар саясаты мен «Серпін» жобасын іске асыру, жастар арасындағы суицидтің алдын алу, сондай-ақ облыста Халықаралық Жастар күнін мерекелеу мәселелері қаралды. Жиында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры, облыстық білім және денсаулық сақтау басқармалары басшыларының орынбасарлары және Ақмола облысы Жастар ресурстық орталығының басшысы баяндама жасап, аталған отырыс тақырыптарының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин жұмыспен қамту, NEET санатындағы жастар санын азайту, жастардың білім алуына жәрдемдесу жастармен жұмыс істеудің маңызды бағыттарының бірі болып саналатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыстағы NEET санатындағы жастар саны 5,5%- ды құрап отыр (10 778 адам), бұл – ел бойынша 16-шы орынды көрсеткен. Жалпы, өңірде жұмыспен қамту органдары жастарды жұмысқа орналастыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бастап жұмыспен қамту органдарына жастар арасынан 7155 адам жүгінді. Жұмыспен қамту шараларымен 4319 адам қамтылды (оның ішінде ауылдық жерлерден 2572 адам). Биыл «Дипломмен ауылға!» жобасы бойынша 163 маманға бюджеттік кредиттер бөлуге 1,3 млрд және 810 маманға көтерме жәрдемақы төлеуге 229 млн теңге бөлінді. Бүгінде 97 млн теңгеге 13 бюджеттік кредит (оның ішінде 35 жасқа дейінгі 7 жас маманға) және 141 млн теңгеге 382 көтерме жәрдемақы беріліп үлгерген. Қазір бюджеттік кредит алуға кезекте 272 маман (оның ішінде 35 жасқа дейінгі 206 маман) және көтерме жәрдемақыға 644 маман (оның ішінде 35 жасқа дейінгі 430 маман) кезекте тұр. «Жастар саясатын іске асыру және жастарды қолдау шеңберінде ішкі саясат басқармасымен әлеуметтік маңызы бар алты жоба көзделген. Олар маргиналды және NEET санатындағы жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, әскери-патриоттық тәрбиелеу, нашақорлықтың алдын алу және жастар арасынан есірткіге тәуелді азаматтарды қолдау, сондай-ақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсы аясында жастарға грант беру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу болып табылады», – деп атап өтті басқарма басшысы А.Алин.
Ақмола облысының жастар ресурстық орталықтары жыл басынан бері жұмыспен қамту мәселелері бойынша 4014 консультация өткізді, оның ішінде 1309 жұмысқа, NEET санатынан 34 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл басынан бері өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының психологтары жеке кеңес беру бойынша 219 іс-шара өткізіп, бұл 3978 жасты қамтыған. Алмас Алиннің айтуынша, аймақта жыл сайын жастар ресурстық орталықтары түрлі бағыттар бойынша 10 мыңға жуық кеңес береді екен. Отырыста облыстық білім және денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры өз жұмыс бағыттары жайлы баяндады. Ал облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермековтің айтуынша, алдағы Халықаралық жастар күні биыл ауқымды өтеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес Ақмола облысында Халықаралық жастар күнін мерекелеу Ұлттық жастар онкүндігі «Жастармен бірге!» акциясы аясында (2024 жылғы 3-12 тамыз) өтетін болады. Бұл бағытта тиісті министрлік республикалық іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ Халықаралық жастар күнін жоғары деңгейде атап өтуге арналған мереке тұжырымдамасын әзірлеген. Бұған қосымша бүгінгі таңда облыс көлемінде Ұлттық жастар онкүндігінің іс-шаралар жоспары дайындалды. Басты іс-шара «Жастармен бірге!» атты фестиваль облыстың барлық аймақтарында «open air» форматында болмақ. Фестиваль аясында концерт, интерактивті конкурстармен елді мекендердің орталық алаңдарында жастар шығармашылық ұжымдарының өнер көрсетуі, сондай-ақ жастар саясаты саласындағы қоғам қайраткерлеріне, су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан еріктілерге, ұлттық онкүндік шеңберіндегі іс-шаралардың белсенді қатысушылары мен жеңімпаздарына Алғыс хат тапсыру ұйымдастырылады. Жалпы облыс бойынша жастар күніне арналған 150-ге жуық іс-шара өткізу жоспарлануда, оның 20-ға жуығы тек облыстық жастар ресурстық орталығымен ұйымдастырылады, – деді Д.Ермеков. Отырыс қорытындысы бойынша тапсырмалар хаттамасы дайындалып, облыс әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Алтынай Әміренова өскелең ұрпақты тәрбиелеу бойынша бірлескен жұмыста табыс тіледі. Айта кетейік, Ақмола облысының Статистика департаментінің мәліметінше, облыста 210 мың жас тұрады. Жастар облыс халқының жалпы санының 29%-ын құрайды. Ал биыл жастар саясатын іске асыруға облыс бюджетінен жалпы сомасы 786,3 млн теңге қаражат бөлінген.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


