Аударыспақтан Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындығын көрсетті. Алматы облысында оқу-жаттығу орталығында қазір спортшыларымыз жаттығып жатыр. Zanmedia.kz тілшісі арнайы орталыққа барып отандастарымыздың аяқ-алысын көріп, спортшыларымызбен тілдесіп қайтты.
Төрткүл дүние көз тіккен «V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны» биыл еліміздің бас қаласы Астанада өтеді. Әлемнің 89 мемлекетінен 2 мыңға жуық спортшы, 21 спорт түрінен бақ сынасады. Осы додаға аударыспақ спортынан 12 спортшы 60 келіден +100 келіге дейін жарыс жолына шығады.
Аттың үстінде алысуды бала кезден меңгерген, мірдің оғындай, сайдың тасындай іріктеліп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған, әр салмақтағы Қазақстан чемпиондары ел намысын қорғау үшін күш сынаспақ. Соның бірі 60 келіде еліміздің жеңімпазы атанған Түркістан облысының тумасы, Өткелбай Дарын. Дәл осы спортқа 7 жылын арнаған балуан «көшпенділер сайысында» ел намысын қорғап, көк туды көкке көтеретінін айтты.
«2017 жылы алғаш аударыспақтан ересектер арасындағы сайыста бәсекелестім. Алайда ол кезде, жолым болмады. Кейіннен ағаларымның нұсқаулығымен, чемпионаттарды ұта бастадым. Артынша, халықаралық жарыстарда бақ сынадым. Қырғызстанда өткен әлем чемпионатында чемпион болдым, Азия чемпионы атандым. Татарстанда, Қазан қаласында жайдақы күрестен чемпиондықты алдым. Қазір алда дүниежүзілік көшпенділер ойыны келе жатыр, соған қызу дайындық үстіндеміз. Сол сында Қазақтың көк туын көкке желбіретеміз», — дейді Өткелбай Дарын.
Дәл осы аударыспақта аса ауыр салмақта белдесетін Ізбасар Сырым бұған дейін де Азияны ІІІ рет, Әлемді І рет бағындырған. Оның айтуынша, «чемпион болу қиын, чемпиондықты сақтап қалу одан қиын».
«Аударыспақ ұлттық спортында 15-16 жылдан бері шұғылданамын. Қазіргі таңда бірнеше шәкір тәрбиелеудемін. Олардың арасында Ермек Құралбай, Ағабек Ғабит, Сайлау Мұхамеджан сияқты топ жарып жүрген мықты палуандар бар. Қазір оқу жаттығу жиыны болып жатыр. Жаттығуды наурыз айынан бастаған болатынбыз. Кезекті 5-ші оқу жаттығу Алматыда ұйысдастырылып жатыр. Көшпенділер ойынын ұлттық «олимпиада» деп білемін. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Мен 100 келі салмақта қатысамын. Бұл жерде бапкерлердің еңбегі ерен. Тер бізден шыққанмен дұрыс бағытты сол ағалараымыз беріп жатыр. Мен өзім бұған дейін Қазақстан чемпионатын 13 рет, Азия чемпионатын 3 рет, әлем чемпионатын 1 рет ұттым. Бірнеше халышаралық жарыстардың жүлдегерімін. Чемпион болғаннан кейін, сол чемпиондықты сақтап қалу өте қиын», — деді Ізбасар Сырым.
Ұлттық құраманың бас бапкері Бекмұсаев Жанбатыр дәл қазір спортшыларды қатаң бақылауда ұстап отыр. Себебі шәкірттерінің әрқайсысы жеңіс тұғырынан көрінсе дейді.
«Қазір Көшпенділер ұлттық ойыны алдындағы кезекті 5-інші оқу жаттығуды осы Алматыда өткізудеміз. Алдағы уақытта 6-ыншы оқу жаттығуды Астана қаласында 27 тамыз бен 8 қыркүйек арасында өтеді. Ары қарай ойындар басталады. Астанада 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, Түркі елдерінің олимпиадасы іспетті. Бізде 10-11 мемлекет күтілуде. Қазір Қытай мемлекетінде құжаттарға қатысты мәселе болып жатыр. Ол да шешімін тауып қалу керек. Өйткені додаға әлі 1 ай уақыт бар. Түркия мемлекетінен 6 спортшы келеді, Венгрия, Моңғолия, АҚШ тан 1 палуан тіркелді. Палуандарымызды жақсылап дайындап жатырмыз. Дода жемісті болады деген сенімдеміз.Құрамада 12 спортшы бәрі өз салмағында Қазақстан чемпиондары», — деді тренер.
Сонымен қатар бас бапкер, әр спортшы күрделі іріктеуден өткенін айтты.
«Ұлттық ат спорты орталығы бар, оның басшысы Сәбитов Бағдаулет басшылығымен барлық спортшылардың жол қаражаты, оқу-жаттығу шығындары өтеліп жатыр. Елімізде 9 салмақ болатын болса, халықаралық федерация ережесімен тек 6 салмақ бар. Сол үшін іріктеу кезеңінде кіл мықтыларды іріктеп алдық. Біз әр аттың, әр палуанның жағдайын тіркеп жазып отырамыз. Елімізде өтіп жатқан чемпионнаттарда, күніне 3 салмақты белдестіреміз. Алаңға шықпас бұрын бәрінің салмағын 9 да өлшеп, 11 де жарысты бастап кетеміз. Салмақ өлшеу мен белдеудің арасын ұзатпаймыз. Жарыс барысында егерде екі балуан тең түссе тағы 3 минут береміз. Онда да шын мықты анықталмаса, таразыға палуандарды өлшеп, аз салмақтағы спортшыға жеңісті береміз», — деді ол.
Жанбатырдың айтуынша, аударыспаққа қатысатын жылқыға да баса мән беріледі екен.
Жылқыға салмақ қостырмауға тырысамыз. Семіз ат қарсыластың атын тістеп алып жатады. Егер ат бір рет тістесе ескерту беріп, қарсыласқа бір ұпай береміз, тағы қайталанса қарсылас бірден жеңіске жетеді. Сол үшін жылқыларды ары бері жүргізіп қоямыз», — ұлттық құраманың бас бапкері Бекмұсаев Жанбатыр.
Айта кетейік, аударыспақ – салт аттылардың күресінен тұратын ұлттық спорт түрі. Жарыс диаметрі 15 метрлік шеңбер тәріздес арнайы жабдықталған алаңда өтеді. Бір спортшы қызыл белбеу, екіншісі көк белбеу байлап шығады.
Аударыспақтың негізгі шарттары:
Спортшылар жас дәрежелері бойынша бөлінеді: бозбалалар (15 – 17 жас), жастар (18-23 жас), ересектер (24 жастан жоғары). Салмақ дәрежелері: 60 келіге дейін, 70 келіге дейін, 80 келіге дейін, 90 келіге дейін, 100 келіге дейін және 100 келіден жоғары.
Жеңіске жету үшін:
— Қарсыласты ер үстінен аударып;
— Қарсыласты ер-тоқымнан жұлып алып, жерге түсіру;
— Қарсыласты ер-тоқымнан шығарып жіберу;
— Спортшы қорғаныс кезінде ер-тоқымнан не аттың жалынан алып, қысып ұстау;
— Жарыс кезінде спортшы қарсыласын жоғары көтеріп, жерге құлату керек. Соңғы құлаған адам жеңімпаз болады.
ҚОСЫМША: ҚР аударыспақ Федерациясы жайлы мәлімет
2023 жылдың ақпан айында ҚР аударыспақ құрамасының басшылығына Atasu Group көлік-логистикалық холдингінің негізін қалаушы әрі иесі МАРАТ ЖҰМАН келді. 2023 жылы оның бастамасымен World Federation of Horseback Wrestling (Халықаралық ат үсті күресі федерациясы) құрылды. Оны 4 жыл бойы Марат Жұман басқарып келеді.
2023 жылдың наурыз айында Шымкент қаласында Big Qazaq Games аясында аударыспақтан «Азияның Ашық Кубогы» өтті. 2023 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанның «Эр Эңиш» Федерациясымен бірлесе отырып, ат үсті күресінен 1-ші әлем чемпионаты өтті.
2024 жылдың 24-маусымында Қазан қаласында ат үсті күресінен екінші әлем чемпионаты өтті. Қазақстан командасы 6 салмақ дәрежесі бойынша жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленіп, 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды.
ҚР аударыспақ Федерациясының бастамасымен аударыспақ ойынын насихаттауға бағытталған 1-конгресс өтіп, оған Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Қытай, Ресей, Венгрия, Ауғаныстан және Түркия елдерінің өкілдері қатысты. Аталған елдерде аударыспақ ойыны бұрыннан дамыған. Әр аймақта атауы әрқалай: аударыспақ, аударыш, одарыш, эр эңиш, ат устуде күраш. ҚР аударыспақ Федерациясы біріздендіру үшін Horseback Wrestling, яғни «ат үсті күресі» атауын қолдануды ұсынды. Сонымен қатар, конгресте ойынның бірыңғай ережелерін енгізу шешімі қабылданды.
2023 жылдың ақпанынан 2024 жылдың шілдесі аралығында ҚР аударыспақ ойынын материалды-техникалық қолдау мақсатында 200 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның басым бөлігі Марат Жұманның жеке қаржысы. Сондай-ақ «Atasu» Қайырымдылық қорынан да қаражат бөлінді. Шығынның негізгі бөлігі халықаралық шараларды ұйымдастыруға, спорттық форманы, аттардың ер-тұрманын сатып алуға және промо-материалдар шығаруға жұмсалды.