Көліктегі, жол шаруашылығындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының міндеттері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын қорғау және жол-көлік оқиғаларының салдарын жою болып табылады.
Жол жүрісінің қауіпсіздігі – ол қатысушыларының жол-көлік оқиғалары мен олардың зардаптарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың дене саулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесін көрсететін жол жүрісінің жай-күйі танылады.
Көліктегі құқық бұзушылық негізінен қасақана және едәуір қауіпті болып табылады, ауыр нәтижелердің болуына әкеп соғуы мүмкін және тек қана құқық бұзушының емес, басқа да адамдардың да өмірімен денсаулығына шынайы қауіп төндіруі мүмкін, сондықтан осы санаттағы істер оларды қарау кезінде айтарлықтай жауапты ұстанымды қажет етеді.
Көліктегі, жол шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай — ӘҚБтК) 30-тарауының (барлығы 75 бап) 559-635-баптарында көзделген. Осы баптардың көбі бланкетті болып табылады, ол әртүрлі мән-жайларда жасалған Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді. Көрсетілген 75 құқық бұзушылық құрамының 16 соттың қарауына жатады. Атап айтқанда, 563-бап (2-бөлігі), 564-бап (5-бөлігі), 569-бап (1, 2 және 4-бөлігі), 590-бап (2-1, 4, 4-1-бөлігі), 596-бап (3-бөлігі), 603-бап (1 және 2-бөлігі), 606-бап (2-бөлігі), 607-бап (2-бөлігі), 608, 610-баптары, 611-бап (2 және 3-бөлігі), 612-бап (3, 4-1-бөлігі), 613-бап (1, 3, 3-1, 4, 5, 9, 10 және 11-бөлігі), 615-бап (2-бөлігі), 618-бап, 621-бап (3-бөлігі).
Осы тарау бойынша қалған құқық бұзушылық құрамдарын ішкі істер органдары, әскери полиция, мемлекетті ккірістер, көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті органдар, сондай-ақ ауылшаруашылық техниканы тіркеу жөніндегі уәкілетті органдар қарайды.
Осы көлік құқық бұзушылықтары аса кең таралған сипатқа ие және соттар қарап жатқан істердің басым бөлігін құрайды. Осыған байланысты, іс материалдарын мұқият зерттеп, нәтижесінде оларды әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес дұрыс шешу қажет.
Көрсетілген санаттағы істердің саны ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен қаралған.
Осы баптың 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың объективті жағы жол жүрісі қағидаларын бұзатын заңсыз әрекеттерден көрінеді, нәтижесінде:
1) көлiк құралдарына, жүктерге, жолдарға, жолдағы және басқа да құрылысжайларға материалдық залал келтірілген;
2) материалдық залал келтірген өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген кезде.
ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға (20АЕК х 3 692= 73 840 теңге) немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді бекітті.
Негізі, жол жүрісі қағидасы бұрынғы қалыпта.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасын ресімдеу тәртібі бойынша маңызды өзгеріс енгізілді.
Атап, айтқанда, мардымсыз жол-көлік оқиғалары болған жағдайда, азаматтар полицияны шақырмай және соттың шешімінсіз жеңілдетілген тәртіппен сақтандыру оқиғасын ресімдей алады.
Еурохаттама, егер:
- ЖКО-ға екі көлік құралы ғана қатысса;
- ЖКО-ға қатысушыларда қолданыстағы көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру болса;
- ЖКО нәтижесінде ЖКО қатысушылардың көлік құралдарына ғана шығын келтірілсе (өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген зардап шегушілер болмаса, үшінші тұлғалардың мүлкі бүлінбесе);
- ЖКО-ға қатысушыларда бір тараптың кінәлі, екіншісінің зардап шегуші болуына қатысты келіспеушілік болмаса;
- келтірілген шығынның шекті сомасы 100 АЕК-ке дейін – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап (100АЕК х 3 692 = 369 200 теңге), қолданылады.
- ЖКО-ны «Еурохаттама» мобильдік қосымшасы арқылы ресімдеуге болады, https://apps.apple.com/kz/app/europrotocol-app/id6470774500
https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.ipgf.europrotocol.android мекенжайлары бойынша App Store және Google Playжүктеуге болады.
Маңызды: ЖКО-ға қатысушылардың мобильдік нөмірлері Азаматтардың мобильдік базасында тіркелген болуы тиіс.
ЖКО-ға екі қатысушы да «Еурохаттама» қосымшасын жүктеуі және ЖКО бойынша мәліметтерді толтыруы қажет.
«Еурохаттама» қосымшасы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда +7 (727) 339 31 88 нөмірі бойынша колл-орталыққа хабарласу қажет
Аталған маңызды жаңалық уақытты үнемдейді және көптеген елде қолданылады, алайда, ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен жыл басынан түскен істердің санына қарай, бұл өзгеріс Ақтөбе облысында кең қолданылады деп айтуға келмейді, оны екі жүргізушінің келірілген материалдық залал бойынша ортақ шешімге келмеуімен байланыстырамыз.
Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының
әкімшілік құқық бұзушылықтар
жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының судьясы А.М.Бисеналина


