МЕХАНИКТЕН САУДА МАЙТАЛМАНЫНА ДЕЙІН…

Ақмола облысының орталығы – Көкшетауда тұратын Көбентай Дарбаевтың кәсіпкерлік саласында келе жатқанына 30 жыл болыпты. Бүгінде «Дарбаев» жеке кәсіпкерлігінің иесі атанған ол өзі туған өңірге азық-түлік тасымалдап, көтерме бағамен сауда саласының жүгін көтеріп жүр. Талай сәтсіздік пен қиындыққа тап болса да бағытынан таймаған кәсіпкердің 90-шы жылдардағы тоқыраудан бері көп бейнет кешкені анық. Бүгінде табыстың тайқазанын қайнатқан азаматты аймақтағы сауда саласының ең белді өкілі десек болады. Қазір азық-түлікке арналған жеке қоймасы, бірнеше тасымалдаушы көлігі бар кәсіпкер 40-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Оның ішінде арнайы сауда саласының мамандары да бар. Маңдай терімен кәсібін оң жолға қойған ол қайырымдылықпен де тұрақты айналысады.

Облысқа қарасты Зеренді ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген кейіпкеріміздің алғашқы игерген мамандығы ауыл шаруашылығына қатысты. Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген ол 19 жасында трактор рөліне отырады. «Ермаковка» кеңшарында тракторшы болып, кейіннен Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң ауылдағы білім ошағында сабақ берген. Оқу-өндірістік бригадасын басқарыпты. Жоғарыда айтқандай, ол бүгінгідей табысқа оңайлықпен жетпеді. Өтпелі кезеңде талай ер-азамат жұмыссыз қалып, дағдарыстың қысымы тараған уақытта бұл да облыс орталығына көшіп келген еді. Әр жердің басын шалып, жұмыс істеді. Кейбір мекемелерде механик та болды. Бірақ заман көшін байқаған Көбентай өзге кәсіп түрлерін де ойлап жүрген болатын. «1994 жылы жеке кәсіппен айналысамын деп шештім. Ала дорбаны арқалап, Ресейдің Қорған қаласына сапар шектік. Сол жақтан шұжық тасыдық. Ескі көлігім болған. Алғашқы табысыма соны жөндеп алдым. Солай тіршілік жалғаса берді. Уақыт өткенде шекарада кеден деген нәрсе пайда болып, бұрынғыдай еркін барып-келу тыйылды. Көп құжат керек етті. Одан кейін Қазақстан аумағында сауда істеуге көштім», – дейді кейіпкеріміз.

Сол жылдары «КАМАЗ» жүк көлігін сатып алған ол ел ішіне керекті затты сонымен таситын. Бір уақыттары Щучье ауданындағы құс фабрикасының жанындағы жылыжайдан қызанақ пен қиярды облыс орталығына жеткізіп, базарда көтерме бағамен саудалап жүрді. «Сонда бір барғанымда олардың көліктеріне резеңке дөңгелек керек екенін білдім. Келер жолы тиеп ала барғанмын. Ол уақыт бартердің белең алған тұсы еді. Қолма-қол ақша ешкімде жоқ. Резеңке дөңгелекті қияр мен қызанаққа айырбастадық. Оны облыс орталығындағы базарларға әкелемін. Ондағылар көкөністі өткізіп беруге алады. Алғаш аузым күйгені де осы уақыт. Талай адам көкөніс өтпей жатыр, ақшасын тұтас өткізген кезде береміз дейді. Араға апта уақыт салып, қайта келсең әлгі адам да, апарған затың да жоқ. Солай алдана жүріп, кәсіпке үйрендік», – деп ағынан жарылды бүгінгі кәсіпкер. Уақыт өте Көбентай күріштің отаны – Сыр еліне барады. Қызылорданың ақ маржанын тасиды. Өйткені, сұранысы көп әрі өтімді өнім. Бірақ арадағы жол азабы жүйкеге тиетіндей-ақ еді. Жанармай шығыны, басқа да кедергілерге төзіп жүріп, ол бағытта да өзін әбден сынағаны бар. Бір жағынан КамАЗ-бен жұрттың жүгін тасып беріп, табыс та тапты. Бүгінде азық-түлік саудасының майталман маманы болған Көбентай Дадаев салаға қатысты ойланарлық пікір де айтып қалды. «Ең алдымен, елде азық-түлік молшылығын жасауымыз керек. Ол үшін ауылдың еңсесін тіктеген жөн. Әрі мал өнімдері өзімізде өңделсе, ырыс молаяр еді. Көтерме сауданың жөні бөлек. Көтерме саудадағы азық-түлік бағасының тұрақсыздығына әсер ететін себеп көп. Мәселен, бір вагон қант сатып алдым дейік. Бір келісі – 350 теңгеден. 23 миллион 800 мың теңге жұмсайсыз. Бөлшек саудада бір келісін 360 теңгеден сатамыз. Әр келіден табатын 10 теңге табыстың ішінде тасымал шығыны, жүкті арту, түсіру, жұмысшылардың еңбекақысы, салық дегендей, барлығы қосылады. Ол екі ортада қант арзандап кетуі мүмкін. Өзге көтерме саудамен айналысатын адамдар жаңа бағамен қант әкеледі. Алғашқы алғандікі өтпей қалады. Міне, осындай тұрақсыздық көтерме саудадағы азық-түлік бағасының құнына әсер етеді»,– дейді ол. Қазір кәсіпкер республикадағы тауар өндірушілермен тікелей жұмыс істеп жүр. Атап айтсақ, «Май», «Қостанай Мелькомбинаты» АҚ, «Арал Тұз», «НайМир», «КоронаТрейд», «Көксу қант зауыты», «Фирма Колос» серіктестіктерімен тұрақты байланыста. Әкелген өнімдерін Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының 600-ден астам сауда нүктелеріне таратады. «Көбісі менен табыс табудың сырын сұрап жатады. Әрине, ол тек еңбекте ғана дер едім. Қазір ата-аналар ұл-қыздарын өбектеп, мәпелеп өсіреді. Ал біздің уақытта буынымыз бекімей жатып, үлкендер еңбекке араластырады, жұмысқа әбден пісіреді. Әлі есімде, ауылдағы балалар үлкен ағаларымызбен, әкелерімізбен шөп шауып, отын дайындап, мал бағатынбыз. «Еңбектің наны тәтті» болатынын ұқтық. Осылай шынықтық. Жалпы жас буынды еңбекке баулысақ, одан өзіміз де, бала да ұтылмайды. Төзімді болады. Ал төзім қашанда табысқа жетелейді», – дейді Көбентай Дарбаев.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Защита прав государственных служащих – одно из приоритетных направлений

На Департамент Агентства РК по делам государственной службы по...

Более 80 нарушений выявлено: в Астане усиливают контроль за ценами на продукты

В Астане реализуется комплекс мер по обеспечению продовольственной безопасности...

Мемлекеттік тіл – бірлік пен тұрақтылық кепілі

Қазақ тілі – ұлттың тарихи болмысын, мәдениетін және дүниетанымын...

Состоялся круглый стол по обсуждению концепции Антикоррупционный политики

В Департаменте АДГС по Карагандинской области по делам государственной...