Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ. Тілдің ғұмыры уақыт тәрізді мәңгілік. Тіл – халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл — өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған.
ХХ ғасырдың басында ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді.Туған тіліміз – халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз, әйтсе де біздер оны құрметтеп, қолдап, аялау керектігі жөнінде көп ой толғаған емеспіз.
Белгілі ғалым Махмұд Қашқари «Тәрбие басы – тіл» деп көрсетеді. Жалпы, қай тәрбиенің де бастауы отбасынан басталатыны рас, патриоттық сезім де отбасынан қалыптасады. Тіл туралы айтылғандардың бәрі желге ұшып, қоқысқа айналмасын десе, әр қазақ өз шаңырағында ағарту ісімен айналысса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана әр адамның санасында ұлттық намыс, патриоттық жігер оянар еді. Сөйтіп, ол да ана тілін қадірлеуге, сыйлауға, ұмытпауға, патриоттық сезімнің оянуына ат салысар еді. Қазақ халқы «Отан» ұғымын бала бойына ерте сіңіруге тырысқан, оны туған жер, ана тіл, атамекен ұғымдарымен байланыстырған. Отан отбасынан, ата-жұртынан, туып өскен топырақтан, ана тілінен басталған.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. ХХ ғасырдың басында Абай өзінің жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды.» — деген болатын.
Қытайдың атақты философы Конфуций айтқан екен: «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді (түсіндірілмейді). Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды». Қазақ тілінің маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейтуді сонау Алаш зиялыларынан бастап бір ғасырдан бері айтылып, жазылып келеді.
Сөзімді қорыта келе айтарым, қазақ елі аман болса, қазақ тілі де жасай бермек. Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықыласы тереңдей түсуде. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, айымыз оңынан, жұлдызымыз солынан туып тұрған шақта біз осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы – қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биіктігіне көтергенжөн. Бұл міндет – сіз бен біздің перзенттік парызымыз.
Ақмола облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы Ақышев М.А.


