БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының мәліметтері бойынша, бүгінде орташа тәуліктік температурасы жоғары жерлерде тұратын 2,8 миллиард адамның тек 8 пайызы кондиционерге қол жеткізе алады екен. Бұл ретте, кедей аудандардың тұрғындары ыстықтан көбірек азап шегеді. Олардың салқын жасыл аймақтарға қолжетімділігі де жоқ.
Бұл жайт тәуекел тобындағы адам денсаулығының ауыр асқынуларына себеп болады. Ол жайлы «Жасыл архитектура» және «Қалалық жылу аралы» тақырыбында Алматыда өткен халықаралық семинарда сөз болды. «Жаһандық жылынуды тежеу құралдарының бірі – қалалардағы жасыл архитектураны дамыту. Бүгін біз шетелдік әріптестеріміздің пікірлерін тыңдап, презентацияларымен танысып, әлемдік тәжірибе туралы көбірек білгіміз келеді», – деді «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Садуов. Бахрейн университетінің архитекторы, PhD профессоры Ислам Хамди Элгонаимның айтуынша, жасыл архитектурадағы «ақылды» технологиялар суды, электр қуатын үнемдеуге және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Осы технологияларды интеграциялауда, ресурстарды бөлуді оңтайландыруда және қалалық көгалдандырудың тұрақтылығын арттыруда ландшафт сәулетшілерінің рөлі ерекше. Көгалдандыру учаскелері эстетикалық құрамдас бөлікке ғана емес, сонымен қатар өнімдерді өсіру бойынша қалалық фермаға айналуы мүмкін. «Жасыл стандарттар бойынша құрылыс Алматыда сейсмикаға төзімді ғимараттар салу сияқты өзекті. Біз бүгін салып жатқан барлық нәрсе болашақ ұрпақтың меншігі болады. Біз олардың өмір сүру жағдайын жақсартатын ғимараттарды жобалап, тұрғызуымыз керек», – дейді Қазақстандағы Cushman & Wakefield серіктесі Гүлшат Сариева. «Алматыбасжоспар» ҒЗИ басшысы Асхат Садуовтың сөзіне қарағанда, көкейтесті мәселелерді шешу үшін қала барлық заманауи құралдарды қолданады. Бас жоспар бойынша олар жасыл желектердің санын бір адамға шаққанда 12 шаршы метрге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Полиорталықтардың ЕЖЖ-де жасыл (саябақтар, скверлер, бульварлар және т.б.) және сулы аймақтар (күрделі құрылысқа жатпайтын су қоймалары айналасындағы аймақтар), арық жүйесін құру және тағы басқалар қарастырылған. Сонымен қатар, қоғамдық көлікті дамытуға және оның экологиялық таза болуына (ЛРТ, метро) баса назар аудара отырып, көлік қаңқасын қалыптастыру жеке автокөлікті пайдалану қажеттілігін азайтады. Бұл экологияға оң әсер етеді. Дизайн-код шеңберінде қасбеттер мен кіру топтары бойымен ықшам ағаштарды немесе бұталарды отырғызу ұсынылады. Қабырғаларды тік көгалдандыру құпталады және қолданылады.
Е. ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


