Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған жолдауында елді газбен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым көтеріп келе жатыр. Бұл бағытта Үкіметке нақты міндет де жүктелген. Оны жүзеге асыруда «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның қызметі ерекше.
Мәселен, бүгінгі таңда еліміздегі 20 млн-нан астам халықтың 11 миллион 700 мыңы табиғи газға қол жеткізген. Бұл компания 14 өндірістік филиалы арқылы еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындарын табиғи газбен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. «QazaqGaz Aimaq» АҚ абоненттерінің жалпы саны 2 млн 361 мыңнан асты. Газ мамандары тұтынушыларға табиғи газды жеткізетін 69 мың шақырым газ құбырының қалыпты жұмыс істеуін күні-түні қадағалауда. Газды өткізу көлемі 16,3 млрд м3 дейін ұлғайды. Компания тұрғындарға ыңғайлы болу үшін және өз қызметтерінің тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізу саласында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ газ саласын цифрландырудың халықаралық тәжірибесі де жан-жақты саралануда. Мәселен, 18 қаңтарда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары аясында QazaqGaz және Pietro Fiorentini ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат газ тарату саласында инновациялық шешімдерді әзірлеу және енгізу мақсатында деректерді қашықтан беру функциясы бар газ есептегіштерін орнату жөніндегі жобасын іске асыру, өзара ақпарат, тәжірибе және технологиялармен алмасу бағыттарын қамтиды. Pietro Fiorentini – табиғи газды дистрибьюторлар мен тұтынушылардың қауіпсіз пайдалануын арттыру мақсатында табиғи газды реттеу және есепке алу бойынша компоненттерді, жүйелер мен қызметтерді әзірлеу, өндіру және сату бойынша жетекші компания. Италияндық бұл компанияның өндірістік қуаттарымен танысу, ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында «QazaqGaz Aimaq» делегациясы Pietro Fiorentini компаниясында арнайы болды. Олар онда газды есепке алу аспаптары мен электрондық түзеткіштер өндірісінің толық циклімен танысты. Деректерді беру түрлері мен хаттамалары бойынша, сондай-ақ газды есепке алу аспаптарынан, қысым және температура датчиктерінен деректерді жинау схемасы бойынша ақпарат алынды.
Сондай-ақ Pietro Fiorentini топ-менеджерлерімен және техникалық мамандарымен кездесулер өткізіп, қазіргі және болашақ жобалардың мәселелері мен ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндіктерін талқылады. Бұл сапар «QazaqGaz Aimaq» мамандарының шетелдік әріптестерімен жемісті ынтымақтастық пен технологиялық алмасудың негізін қалады. Екі компанияның бірлескен жобалары газ саласындағы инновациялық шешімдерді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда отандық мамандардың да газ саласын цифрландыру бағытындағы жетістіктері аз емес. Олар былтырғы қараша айынан бастап, үйді не объектіні газдандыру үшін техникалық шарттарды (ТШ) беру процестерін жетілдіріп, автоматтандырды. Ал техникалық шарттарды алу газдандырудың алғашқы қадамы болып табылады. Енді Қазақстан азаматтары eGov.kz арқылы өздерінің тұрғын үйлері мен объектілерін газдандыру үшін техникалық шарттарға онлайн өтінім беріп, дайын техникалық шарттарды SMS түрінде алынған сілтеме бойынша жүктеп алады. eGov.kz порталы арқылы осы күнге дейін бұл қызметті 9 мыңнан астам тұтынушы пайдаланды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Басқарма төрағасы Бауыржан Асқаровтың айтуынша, газ саласын цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі газды есепке алу процестерін цифрландыру және «ақылды» есептегіштерді енгізумен байланысты. Бұл ішкі нарықта газды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта 90 мың данадан астам smart-есептегіштер бірыңғай жүйеге біріктірілген. Өнеркәсіптік кәсіпорындарда деректерді беру функциясы бар 108 есептеу құралы орнатылды. «Шымкент қаласында газ тұтыну дерегін цифрландыру бойынша 2023 жылы 10 мыңнан астам адам тұратын «Таскен» шағынауданын «ақылды есептегіштермен» толық қамтамасыз ету жүргізілді.
Бұл күнделікті тұтынған газдың көрсеткішін дәлме-дәл алуға, қарызы бар абонентті қашықтан өшіруге, қателіктер мен алаяқтық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді. Осы цифрландыру жобасының арқасында Шымкент қаласы бойынша газды есепке алудың сапасы мен дәлдігі артты, қала бойынша газ шығыны 34 пайызға төмендеді, сондай-ақ дебиторлық берешек 47 пайызға төмендеді. Алдағы уақытта «QazaqGaz Aimaq» цифрландыру жөніндегі жобаларды республиканың басқа өңірлерінде де жалғастырады», – деген Б.Асқаров компанияда тұтынушыларды ақпараттандыру және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өтініштерді жедел өңдеу мақсатында 5169, сондай-ақ WhatsApp 87771212626 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығы мен жедел желі жұмыс істейтін де атап өтті. Ай сайын бірыңғай байланыс орталығының операторлары тұтынушылардан түскен 3,5 мыңнан астам өтінімді өңдейді екен. Азаматтарды алаңдататын сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үйлерді газдандыруға қатысты болып келеді. «Абонент үшін тағы бір ыңғайлы нәрсе – тұтынылатын табиғи газ үшін төлем. «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның екінші деңгейдегі банктермен уағдаластығы арқасында абонент табиғи газды тұтыну қызметі үшін барлық қолжетімді тәсілдермен: пластикалық және виртуалды картамен, өндірістік филиалдардың кассаларында, банктердің терминалдары мен мобильді қосымшаларының көмегімен төлеуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, 2023 жылы «QazaqGaz Aimaq» АҚ газ маркетплейсін (https://market.ktga.kz) іске қосты, бұл тұрғын үйді газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыратын лицензияланған компанияларды іздеуді жеңілдетті. Сондай-ақ пайдаланушылардың портал арқылы бірден бірнеше компаниядан баға ұсыныстарын сұратуға және үйішілік газ жабдықтарын сату туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар. Енді компания процестерін одан әрі цифрландыру үшін «QazaqGaz Aimaq» АҚ мобильді қосымшасын іске асыру жоспарда тұр», – дейді компанияның басқарма төрағасы.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


