Бақытбек ХАМИТ, Respublica партиясы Орталық аппаратының басшысы: «БІЗДІ ӨСІРГЕН – ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛДАУЫ»

– Жұртшылық «саяси партиялар сайлау науқаны кезінде ғана белсенді жұмыс істеп, одан кейін сайлаушыларды ұмытып кетеді» деп ренжіп жатады. Сіздердің халықпен байланыстарыңыз қалай?

– Respublica партиясы сайлау науқаны аяқталғаннан кейін де сайлаушылармен байланысын тоқтатқан емес. Біз азаматтармен үнемі байланыста болуға тырысамыз, олардың қажеттіліктері мен мәселелерінен хабардар болу үшін көптеген іс-шара, кездесу, пікірталастар өткізіп отырамыз. Кеше ғана еліміздің батысы мен солтүстігін араладық. Бірқатар ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, уәждерін тыңдап, аманаттарын арқалап келген жайымыз бар. Біздің ойымызша, сіз меңзеп отырған жұмыстар сайлаудан кейін басталады. Партия бағдарламасын жүзеге асыруға, заң жобаларын талқылауға, өзекті мәселелерді шешуге және олардың орындалуын қамтамасыз етіп, барлық маңызды әрі күрделі процестерді бақылауда ұстауға тура келеді. Әрине, біз сайлау науқанында белсенді болуға тырыстық, бірақ бұл – біздің қызметіміздің бір бөлігі ғана.

– Партияның қоғамдық қабылдауы қазір қаншалықты белсенді жұмыс жасап отыр?

– Әр өңірдегі филиал үнемі халықпен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізіп отырады. Партия өкілдерімен кездесуге келген әр азаматтың мәселесі жіті қаралады. Тек осы жылы біздің қоғамдық қабылдауымызға 239 өтініш түсті, оның 23%-ы (59 өтініш) оң шешілсе, 77%-ына (180 өтініш) құқықтық кеңес берілді. Өтініштердің басым бөлігі партияның Орталық аппаратына, сондай-ақ Түркістан, Батыс Қазақстан, Абай, Қызылорда облыстық және Шымкент қалалық филиалдарына жолданған. Қоғамдық қабылдауда көтерілген өзекті мәселелер қатарында әлеуметтік, коммуналдық, шағын және орта бизнес саласы, денсаулық сақтау және білім беру, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешен және инфрақұрылымға қатысты мәселелер бар. Республика көлемінде жыл басынан 150-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізілді. Шалғайдағы елді мекендерде 10 көшпелі қабылдау ұйымдастырылып, азаматтар өздерін толғандырған түйткілді мәселелерге жауап алды. Мәселен, Маңғыстау филиалының ұсынысы бойынша біз «Кәсіпкерге қадам» акциясын бастаймыз. Партия өкілдері үйдің жанынан дүкен ашқан, түрлі қызмет көрсетіп жатқан, дәріхана, фитнес-орталық жүргізіп жатқан шағын кәсіпкерлерге арнайы жолығып, қандай проблемалар мазалайтынына анализ жасайды. Осында айтылған ұсыныстар жүйелендіріліп, қарау үшін Парламентке және Үкіметке жіберілетін болады. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне түсетін өтініштерді мүмкіндігінше шешуге тырысамыз немесе оларды алдағы жоспарымызға енгіземіз. Мысалы, Түркістан облысында Respublica партиясының Мәжіліс депутаты Динара Наумова 140 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балаға қызмет көрсетіп отырған №6 психикалық-медициналық-педагогикалық орталыққа жаңа ғимарат бөлуге ықпал етті. Сонымен қатар, «Рудный водоканал» ЖШС-нің өтініші оң шешілді. Партия көмегімен 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен кәсіпорынды жаңартуға қажетті қаражат бөлінетін болды. Бұл жетістіктер Respublica партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінің азаматтардың өзекті мәселелерін шешудегі және әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдаудағы ауқымды жұмысының нәтижесіз еместігін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – халыққа барынша жақын болу, ел пікірін тыңдау және қоғамға, оның қажеттіліктеріне сәйкес өзгерістер енгізу. Біз белсенді және жауапкершілігі жоғары партиялық құрылым болып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

– Саяси партиялар арасындағы бәсекелестік қандай?

– Саяси партиялар арасындағы бәсекелестік үнемі болған, алдағы уақытта да бола береді. Бәсекелестік бар жерде мәселелер оң шешімін тауып жататыны сөзсіз. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, кейде ел басына күн туғанда, мәселен биыл ғана еліміздің бірқатар өңірін су басқанда партиялар күш біріктіріп, бір жұдырық болып, жұмыс жасап, бірлік пен татулықтың үлкен күш екенін дәлелдеді. Respublica, басқа партиялар сияқты, өз сайлаушыларының мүдделерін білдіру, саяси процеске қатысу және елді дамыту бағдарламасын ұсыну үшін жұмыс істейді. Алайда мен бәсекелестік қазіргі уақытта дамудың бастапқы кезеңінде деп айтар едім. Бұл бірқатар факторларға байланысты. Мәселен, азаматтарымыз саяси өмірге қатысуда аса белсенділік таныта бермейді. Көпшілік саяси жүйенің тетіктерін түсіне қоймайды. Ал онсыз партиялар айтарлықтай қолдауға ие бола алмайды. Партиялық қаржыландыру жүйесіне байланысты да шектеулер бар. Ресурстардың жеткіліксіздігі партиялардың өз бағдарламаларын іске асыру мүмкіндігін шектейді. Дегенмен оң тенденциялар да жоқ емес. Белсенді және білімді жас ұрпақ саясатқа қызығушылық танытып келеді. Біздің партиямыздың қатарында жастар айтарлықтай көп. Елімізде демократиялық мәдениет дамып келеді, бұл біртіндеп бәсекеге қабілетті саяси ортаның орнығуына әкеледі деп сенемін. Біз өз бағдарламамызды дамыту, сайлаушылармен байланысты нығайту бағытындағы жұмысымызды тоқтатпаймыз. Орталық аппараттың, фракцияның және филиалдардың орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы нәтижесінде көптеген мәселелерді шешудің жолын табуға болады.

– Елге уәде еткен бағдарламаларыңыз қалай жүзеге асып жатыр?

– Партия Әділет министрлігінде 2023 жылдың 18 қаңтарында тіркеліп, аймақтық филиалдарды тіркеу бір уақытта басталды. ІІ съезде сегізінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттығына Respublica партиясынан кандидаттар ұсыну туралы шешім қабылданып, партияның Сайлауалды бағдарламасы бекітілді. VIII сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша Respublica партиясы 8,59 пайыз дауыс жинап, төменгі палатада алты мандатқа ие болды. Біз Парламентке өткен ең жас партиямыз. Фракция мүшелері Мәжілістің алты комитетінде (Экология және табиғи ресурстар комитетінен басқа) өкілдік етеді. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттарға Respublica партиясынан 57 депутат сайланды. Біздің басымдықтарымыз – бес негізгі бағыт. Оның ішінде білім беру жүйесін қайта жаңғырту, денсаулық сақтау саласындағы сапалы өзгерістер, халқымыздың мәдени-тарихи құндылықтарын насихаттау, азық-түлік қауіпсіздігі доктринасын әзірлеу және жүзеге асыру, экономикалық реформаларды жүргізу, оның басты мақсаты – әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру. Біз бастаған түзетулер кәсіпкерлікті жүргізу, балалар құқығын қорғау, кәсіби біліктілік, ақпараттық қауіпсіздік, әскери-патриоттық тәрбие және қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмірінің басқа да салаларына қатысты. Депутаттық сауалдардың жартысынан астамы экономика, бизнес, ауыл шаруашылығы, теміржол көлігі, жеке тұлғаларға вагондарды жалға беру мәселелеріне қатысты. Білім беру, денсаулық сақтау, құмар ойынға тәуелділікті, нашақорлықты азайту, отандық киноны дамыту, жол-көлік оқиғаларын азайту, паллиативтік көмекті дамыту, мүгедектігі бар тұлғалар үшін баспананың қолжетімділігі секілді әлеуметтік мәселелер де көтерілуде.

– Ауыл әкімдерін сайлаудағы халықтың ынтасы, белсенділігі қалай?

– Ауылдық округ әкімдерін сайлауға қатысу – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту және өңірлерде Respublica идеяларын іске асыру бағытындағы жұмысымыздың маңызды бөлігі. Партия мүшесі Тәубә Исабаев былтыр Қостанай облысындағы Федоров ауданының әкімі болып сайланған болатын. Бұл біздің идеяларымыздың халық пікірімен үндесіп жатқанының белгісі деп білемін. Біздің мақсат-мұратымыз қарапайым – әкім қызметіне партия құндылықтарымен келісетін, өз қауымдастығының игілігі үшін жұмыс істеуге дайын және жергілікті деңгейдегі мәселелерді тиімді шеше алатын үміткерлерді ұсынғымыз келеді. Ауылдық округтер әкімдерін сайлауға қатысу халықпен байланысты нығайтуға және жергілікті деңгейде өз идеяларымызды насихаттауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Сонымен қатар, облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттарда депутаттар қатарында Respublica партиясының мүшелері жұмыс істейді. Жергілікті мәслихаттардағы бос орындарға арналған сайлауға қатыса отырып, біз өзіміздің депутаттық корпусымызды кеңейтіп, өңірлердегі ықпалымызды күшейтудеміз. Мәселен, осы жылдың сәуір айында №14 сайлау округі бойынша Ақтау қалалық мәслихатының депутаты болып біздің партиямыздан Ержан Қожаев сайланды, ол Respublica партиясынан мәслихаттың 57-ші депутаты болды. Бұл партия орталық аппаратының және өңірлердің үйлесімді жұмысының арқасында жүзеге асырылып отыр. Ең бастысы, халық өз ауылының әкімін сайлау ісіне немқұрайды қарап отырған жоқ.

– Дәл қазіргі кезеңдегі атқарушы және заң шығарушы билік органдары арасындағы қарым-қатынасқа қандай баға бересіз?

– Атқарушы және заң шығарушы билік арасындағы қарым-қатынас мәселесі – кез келген демократиялық жүйенің маңызды негізі. Қазақстанда басқа елдердегідей биліктің осы тармақтары арасындағы өзара байланысты арттыру үрдістері байқалады. Алайда, бір жағынан, біз диалогқа ашық, өзара әрекеттесуге дайын жүйені көріп отырсақ, екінші жағынан, атқарушы және заң шығарушы билік арасында әлі де белгілі бір келіспеушіліктің бар екенін байқаймыз. Кейбір жағдайларда атқарушы биліктің заң шығарушыдан басым болу тенденциясын да көреміз. Ең қолайлы және тиімді механизм – бұл барлық мүдделі тараптар қатысатын диалогты реттеу. Осылайша, партия басшылығының, депутаттарының және партия активінің мемлекеттік органдармен, қоғамдық және салалық ұйымдармен, сарапшылармен өзара іс-қимылы нәтижесінде партия көптеген мәселелерді – соның ішінде ҚТЖ қызметі, ойын бизнесін шектеу, аграрлық проблемаларды шешу, вейптермен күрес, Құрылыс және Салық кодекстерінің жобаларын әзірлеу, ұлттық мәдени құндылықтарды ілгерілету және басқа да көптеген бағыттар бойынша пысықтайды. Бұл салмақты шешімдер жасауға мүмкіндік береді.

– Парламенттегі партиялық фракциялар жұмысына көңіліңіз тола ма?

– VIII сайланған Мәжілістің екінші сессиясы барысында біздің фракция 10 заң жобасына бастамашы болды. Ауыл шаруашылығы саласын реттейтін заңнамаға ұсынылған өзгерістер тұқым шаруашылығын қолдау, «Астық туралы» заңға өзгерістер және ауыл шаруашылығы қолхаттарына қатысты. Қабылданған заңдардың қатарында спорттық жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және көбейту заңын айтуға болады. Жұмыстың үлкен блогы ойын бизнесін шектеуге қатысты заң жобасына арналды. Құмар ойындарға тәуелділікті азайтуға, жарнамаға тыйым салуға және адамдардың құмар ойындарға қатысуын реттеуге бағытталған бірқатар түзетулер қабылданды. Адам денсаулығына қатысты тағы бір үлкен сала – вейпингке тыйым салу туралы заң. Бұл заңға жақында Мемлекет басшысы қол қойды. Фракция депутаттары мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша кешенді жұмыстарды жүргізіп жатыр. Өйткені бұл салада сыбайлас жемқорлық мәселелері жиі туындайды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңға, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, адвокаттық қызмет бойынша процессуалдық заңнаманы жетілдіруге бастамашылық жасалды. Парламент Мәжілісінің екінші сессиясының барысындағы жалпы отырыстарында біздің фракция 18 депутаттық сауал жолдады. Олардың алтауы әлеуметтік, 12-сі ел экономикасының өзекті мәселелеріне, шағын және орта бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығына қатысты болды. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар мәселелер қатарында мүгедектігі бар тұлғаларды қолжетімді баспанамен және жұмыспен қамту, қайырымдылық ұйымдарының қызметін құқықтық реттеу, паллиативтік көмек, отандық кинематографияны қаржыландыру, студенттік жатақханалар мәселесін реттеу бар. 1 маусымнан бастап партия «Халықтық Салық кодексі» акциясын жариялаған. Бұл шараның мақсаты – кәсіпкерлер мен шағын, орта бизнес өкілдерінің жаңа Салық кодекс жобасына қатысты ұсыныстарын жинақтап, соның негізінде партияның өз пікірін жасау. Депутаттар мен партия басшылығы өңірлерде партия белсенділерімен және аудан, ауыл тұрғындарымен кездесуде. Мұндай кездесулердің барысында заң шығару қызметінің негізін құрайтын фракция қызметінің бағыты қалыптасады.

– Мәжіліс депутаттарының сайлауынан кейін партия мүшелерінің санында қандай да бір өзгеріс болды ма?

– Әрине, мұндай өзгерістер сезіледі. Өңірлерге шығу, партия активімен, жұмыс ұжымдарымен кездесу барысында біз қазақстандықтардың қолдауын сезінеміз. Бұған дейін тек сайлауалды бағдарлама болса, бүгінде біз жұмыстың нақты аралық нәтижелері туралы айта аламыз. Біз көктемгі су тасқыны кезінде белсенді жұмыс істедік, зардап шеккен өңірлердің тұрғындарымен бірге бөгеттер салдық, эвакуацияланғандарды орналастыруға көмектестік, ТЖ режимі жарияланған облыстарға гуманитарлық көмек жібердік. Ел басына күн туған сын сағатта барлығы 11-ге жуық ауыр жүк көлігі мен бірнеше жүк Газелі жөнелтілді, гуманитарлық көмек көлемі 200 тоннадан асты. Партия басшылығы, Мәжіліс және мәслихат депутаттары қоғамдық қабылдау барысында, іскерлік кездесулер кезінде тұрғындармен жиі жүздеседі. Мұндай жүздесулер біздің партиямыздың халық арасында танылып қоймай, біздің қатарымызға қосылушылардың көбеюіне ықпал етеді. Тұрғындардың жай бақылаушы болумен шектелмей, өмірімізді бізбен бірге өзгертуге ұмтылатыны қуантады. Біздің идеяларымызды насихаттау және жаңа мүшелерді тарту бойынша белсенді жұмысымыз ақырындап өз жемісін беруде. Партия мүшелерінің қатары күннен күнге толып келе жатыр. Бұл біздің мақсаттарымыздың қазақ елінің ойымен үндесіп жатқандығын білдіреді. Ал мұндай сенім мен қолдауды сезінген сайын ел игілігі үшін жұмыс істеуге деген ынтаң өсе беретіні ақиқат.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Қазыбек Иса: Теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салатын уақыт келді

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Исаның Бас прокурор...

Жаңа технология отандық сотты жаңа биікке жетелейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Цифрландыру және жасанды...

​ҒЫЛЫМҒА СЕРПІН БЕРГЕН ОНКҮНДІК

2026 жылы 1 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық...

Когда справедливость требует времени

Вопрос справедливости судебного решения редко заканчивается на первой или...

Апостильдің маңыздылығы

Апостиль – елдер аумағында ұсынуға арналған құжаттың заңдылығы туралы...