Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші ретінде де саналады. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн.
Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді.
Мемлекеттік тіл саясатын жеделдете іске асырудың басты шарты – оны балабақшадан бастау қажеттігі. Қоғамда қай саланы болсын мемлекеттік тілден хабардар, салалық мамандар басқарғаны абзал. Себебі, тіл білгеннің тамырында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдіктің қаны мен қасиеті болады. Ұлттық болмысты ұғатын рух, қоғамдық бағытты аңғаратын, ерекшелігін түсінетін, елжандылық асқақ сезімі басым жандар ғана көсегемізді көтертеді.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттікті айқындайтын факторлардың бірі, әрі бірегейі. Еркіндік пен теңдік берілгендіктен, өзге тіл білгің келсе де, қазақ тіліне деген басымдықты естен шығармауымыз керек. Өйткені, қазақ тілі басқа елде қолданылып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола алмайды. Оның Отаны – Қазақстан.
Жаһанданудың бүгінгі кезеңінде де, бұған дейін де еліміз батысқа еліктеп, сол үлгімен күн көруге, жүруге көшкені жасырын емес. Олай болса, тілге де сол елдерше мән бере, баршаға ортақ тіл етіп, құрметтеп, неге қолданбасқа.
Конституция мен “Тілдер туралы” Заңда көрсетілгендей, мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың борышы. Тілдің негізгі қызметі – халықты біріктіру. Демек, мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару орындарында негізгі тіл ретінде қолданылуын қалыптастырған жөн. Қызметке аларда мемлекеттік тілде ойлайтын, сөйлейтін, терең сусындаған, қазақтың болмысын ұғатын қарымды да қабілетті жастарды алып, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жазуға баулу шарт.
Қазақ тілі – егемендіктің табыстырушы алып бұтағы, бәйтерегі. Тек оның жапырақ жаюы күтіміне байланысты болып тұр. Тіл білігі – мәдениеттілігіміз бен елжандылығымыздың нышаны. Осы орайда, әрбір ісіміз мемлекеттік мүддені жастарға ұғындыратын ұлттық ерекшеліктерді ұлықтап, халықтың абырой-беделін көтеретін, рухы биік, мәдениеті мәртебелі ұрпаққа берілетін ұлттық тәрбиемен бағытталғаны дұрыс. Болашақтың іргетасы бүгіннен бастап қаланатынын ұмытпайық.
Жезқазған қаласының тергеу
сотының әкімшісі басшысы
Жарылқасын Ж.Ж.


