«Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң небір алуа шекер балдай татитын нәріне, әрине әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне… Осындай әрі сұлу, әрі бай тілді қалай өгейсітуге болады…» Иә, кезінде қазақтың біртуар қайраткерлерінің бірі осылай толғаған еді.. Сол ағалар бірнеше жылдан соң мемлекеттік тіл дәрежесіне дейін көтерілетін туған тілінің мәртебесін көтеру мәселесі күн тәртібінде тұратынын сезді ме екен?! Сезген де болуы ғажап емес. Жалпы тіл тарихына көз жіберсек… Жер бетіндегі 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие екен. Соның бірі 1989 жылы «Тіл туралы» заң қабылданғаннан бері мемлекеттік тіл дәрежесін иеленген біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Бұл — егемендік алғаннан кейінгі халқымыздың қол жеткізген үлкен жеңістерінің бірі еді. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл. Сондықтан сол мемлекетте жүргізілетін барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Ата заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп көрсетілген. Десек те осы мемлекеттік тілдің тағдыры – барша саналы қазақ азаматтарын толғандырып, кейде тіпті қынжылтып жүрген мәселе екені жасырын емес. Соның ішінде әсіресе мемлекеттік қызметкер ана тілінде сөйлеп, сауатты жаза білуге, өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге болуы тиіс еді. Алайда тіліміздің мәртебесі керемет, шырқау биікте тұр деп айта алмаймын. Бұл жерде мәселе – қазақ тілінің мәртебесін мойындаса да күнделікті тіршілікте ресми тілді пайдаланатын саясат, билік, бизнес, мемлекеттік қызмет салаларындағы орыс тілді азаматтардың мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге деген ынталарының жоқтығында. Бұл жағдай «орыстілділер мемлекеттік тілді түсінбейді, соларға түсінікті болу үшін…» дейтін аурумен ауыратындар да бар. Өзіме еңбек етіп жүрген салам білім саласының өзінде осындай жағдайлар бірнеше рет кездесті. Кейбір республикалық деңгейде ұйымдастырылатын семинарлардың, курстардың ақпараттық хаттары мекемеге мемлекеттік тілде келгенмен, барған кезде қатысушылардың жартысынан көбі мемлекеттік тілді түсінетіндер болса да, қазақ тілінде басталып, орыс тілінде жалғасып кететінің куәсі болып жүрміз.
Тіл деген – алып мұхит түбі терең, Піспегі толқын шашқан күні ерен. Қадірін тілдің сұра, сақаулардан Көзіне жас алып бір күбірлеген. Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы Арманның қиял жетпес баспалдағы. Қадірін тілдің сұра мылқаулардан, Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы. Тіл деген адастырмас темірқазық Өрісі магнитінің өмірге азық. Қадірін тілдің сұра кереңдерден Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып, деген өлең жолдарының мән-мағынасын ұғынғандар мемлекеттік тілдің мәртебесін ойсыратпасы анық. Қаймағы бұзылмаған осынау ана тілімді орынды пайдаланбай, қаспақ түбін қырғыштап, шүлдірлеп жүргендер, ана тілінің тірлік үшін, мемлекеттік тілдің бірлік үшін қажет екенін де есте сақтағаны жөн. Тіл тағдыры ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық!
Шымкент қаласының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының жетекші маманы
Нұрғалиұлы Нұрсұлтан


