Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау тәртібі қандай?

Қоғам болған соң, онда түрлі даулардың туындауы заңдылық. Әсіресе бүгінде азаматтық істерді қарайтын соттардың жүктемесі өте көп. Құқықтық мемлекетте азаматтардың өз келіспеушіліктерін жұдырықтың күшімен емес, сот алаңында, заң аясында шешкені әрине дұрыс. Бұл зайырлы, тең құқықты мемлекеттің басты қағидаты.

Ал азаматтық іс жүргізу заңнамасы аясында азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, жер және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын дауларлармен қатар, ерекше жүргізілетін істер қаралады. Ерекше іс жүргізу қандай жағдайда қолданылады? Мұндай істерде сот заңдық маңызы бар фактілерді (әрекеттерін, оқиғаларын, жағдайларын) айқындау арқылы азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асырады. Оның жалпы тәртібі Азаматтық процестік кодекстің 4-кіші бөлімінде дәйектелген.

Ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерде азаматтар сотқа көбіне-көп бала асырап алу; азаматты хабарсыз кетті деп тану, азаматты қайтыс болды деп жариялау; азаматтың әрекет қабілетін шектеу, азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану, азаматты туберкулезден мәжбүрлеп емдеуге жіберу, азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыс еместігі бойынша заңдық маңызы бар фактілерді анықтау мақсатында жүгінеді. Мұндай істерде бірыңғай тәжірибе қалыптастырып, соттардың біліктілігін көтеру үшін Жоғарғы Соттың  «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы да қабылданған болатын.

Жоғарыдағыдай істердің туындауына құзырлы органдар тарапынан жіберілетін қателіктер аз ықпал етпейді. Азаматтарға құқық белгілейтін құжаттарды беру кезінде мемлекеттік мекеме қызметкерлері шалағайлық танытады, немесе деректі дұрыс жазбайды. Сондай-ақ азаматтардың жауапсыздығы мен салғырттығы құқық белгілейтін құжаттардың жоғалуына түрткі болып жатады. Осыдан келіп сотқа заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы арызбен жүгіну қажеттілігі туындайды. Себебі, мұндай жағдайларда соттың пәрменінсіз заңдық маңызы бар фактіні басқа құзырлы органдардың анықтауға, жазуға, түзетуге құқығы жоқ. Бұл фактілер тексеріліп, тиісті дәлелдемелермен расталуға тиіс.

Мәселен, зейнетке шығу үшін азаматтың жұмыс өтілі сұралады. Ал кейбір азаматтар құжатқа салғырт қарап, еңбек кітапшасын жоғалтып алады, кейде кітапшаға жұмыс істеген мерзімі жазылмай қалады, тіпті төлқұжаттағы деректер мен еңбек кітапшасындағы жазбаның сәйкес келмейтін кездері де орын алады. Кейбір жұмыс орындары тарап, архив құжаттары сақталмағандықтан, сот заңдық фактілерде анықтауда куәгерлер мен мекеме өкілдерінің көмегіне жүгінеді. Міне, осындай құқықтық тәртіпке сүйенген соттар жеке және заңды тұлғаларға заңдық маңызы бар фактілерді анықтап беретінін айта кеткеніміз жөн.

У.Абдиманап,

Алматы қаласы

Медеу аудандық сотының судьясы

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...

Судьялардың әдеп стандарттары

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби...

Апостиль: халықаралық құжат айналымының кепілі

Халықаралық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты бір мемлекетте берілген ресми...