ҰСТАМЫ БӨЛЕК ҰСТА

Темірден түйін түйген ұсталық қызмет қазіргі таңда кез келген шаруашылықта аса қажет болғанымен, білікті маман кадрлар қасқалдақтың қанындай қат. Ежелден келе жатқан кәсіпті бес саусағындай меңгерген, өз ісінің майталман мамандарының саны өкінішке орай азайып кеткен. Дегенмен мүлде жоғалып кетті деу де қисынға келмейді. Өз өмірін шойын балға мен ауыр темір-терсексіз елестете алмайтын, бар жан-тәнімен ұсталық кәсібіне берілген мұндай мамандар бірлі-жарым болса да кездеседі. Солардың бірі – Бурабай ауданына қарасты Златополье селосында ежелгі кәсіптен нәсіп тауып жатқан Иван Киселев.

Иван Киселев «АФ «Burabay2007 GCK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің машинатрактор шеберханасының ұстаханасында ондаған жылдардан бері қызмет етіп келеді. Темірден түйін түйген шеберді осы атыраптағы елдің бәрі таниды десек артық айтқандық емес. Өйткені, ұсталық кәсіпті серік еткен Иван Васильевичтің қолынан шыққан кез келген темір-терсек жаңа бұйымға айналып, жалтырап шыға келеді. Сынып қалған ауыр техникаларды бастан-аяқ тексеріп, бұзылған жерін тап басып танитын, дереу қалпына келтіруге кірісетін ұстаның қызметіне жүгінбегендер де кемде-кем. Өз ісін үндеместен жүргізіп, бұзылып қалған техниканың бөлшектеріне екінші мәрте жан бітіретін қасиеті бар ұстаның көмегінсіз механизаторлар да, ауылдың тұрғындары да тіршіліктерін елестете алмайтын болған. Қазір жаз ортасы ауған тұста ауылдағы ағайын үшін қарбалас қауырт тірлік көбейген. Ауыр техникалармен бетегелі беткей, ой мен қырдағы пішен шөпті шабу, парға қойылған қара жердің баурайын аударып-төңкеріп жырту, егістік алқапты зиянкес жәндіктерден арылту үшін химиялық дәрі-дәрмек себу сияқты шаруалар шаш-етектен. Мұндай тұста ұстаның да шаруасы көбеймесе, азая қоймайды. Тіпті, керісінше күн сайын еселене көбейіп, ұстаханаға ұзынсонар кезекке тұратын халықтың қарасы да молаяды. Өйткені техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Ал тәжірибесі мол ұстаның қолына түскен техниканың бөлшектері қайтадан жап-жаңа күйге түсетіндіктен ұстаға сан түрлі бұйымтайын айтып келетін жандар көп-ақ. Әрине, шағын ғана ұстаханада ауыр техникалар мен барлық құрылғыларды тұтастай қайта жаңғырту мүмкін де емес. Дегенмен, ұсақ құрамды бөлшектерін қайтадан қалпына келтіріп жаңадан істеп шығуға әбден болады. Ұста ескі тот басқан іске асуы күмән тудыратын темір-терсектердің өзін баппен жөндеп, әп-сәтте жап-жаңа бұйымға айналдырып береді. Майысқан темірді түзеп, сынғанын ауыстырып салатын Иван ұстаның қолынан шыққаны техникадан бірден аңғарылады. Кеңестік дәуірдің күркілдеген ескі техникасының орнын шетелдік жаңа техникалар толқыны алмастырған тұста шаруашылықтар үшін аса қиындау кезең басталды. Өйткені, жаңадан келген техникалардың қосалқы бөлшектері іс жүзінде мүлде болмайтын. Бірақ Иван ұстаның көңілін кірбің шалмады. Керісінше өзі бұрын-соңды істеп көрмеген жаңа техниканың бөлшектерін мұқият өлшеп-пішіп жүріп сынып қалған техниканың бабын тауып өз қолымен талайын орнына қайта қондырған. Ұстаханасындағы ауыр шойын балғасымен қызған темірді төске соққылай ұрып, қажетті формаға лезде-ақ келтіре қояды. Бірнеше мәрте сәтсіздікке ұшырайтын кездері де болғанымен, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын төзімділігі мен алған бетінен қайтпайтын қайсарлығының арқасында шетелдік техникалардың да қажетті бөлшектерін еш қиындықсыз жасау қолынан келе беретін. Міне егістік даласында Buhler себу кешені сынып қалған соң, шлангасына реставрация жасау үшін ұстаханаға фитингтер енгізілді. Кәнігі ұста үшін мұндай жұмыс түк те емес. Дереу іске кірісіп әп-сәтте жасап шықты. Қауырт тұста жұмысы тоқтап қалған ауыр техника бірден егістік алқабындағы жұмысына кірісіп те кетті. Жалпы Иван Васильевич тек ұста ғана емес, мыс шебері, аккумуляторшы, сонымен қатар гидравликалық шлангтерді өз қолымен жасай беретін сегіз қырлы, бір сырлы маман. Бірнеше кәсіпті емін-еркін қатар игеруі кез келген күрделі дүниені бастағанда оп-оңай жасап шығуға өз септігін тигізіп келеді. Бесаспап ұстаның шағын ұстаханасында уақыт сонау ерте күндердің бірінде тоқтап қалып қойғандай әсер қалдырады. Ұстахананың дәл орта тұсында шағын ғана ауыр темір төс пен ұстағышы бар шойын балға тұр. Оның айналасы толған қысқаштар мен тістеуіктер, қысқыштар мен басқа да темір-терсек құрылғылар орналасқан. Кәдімгі ескі фильмдер мен кітаптардағыдай көнерген бейнелер көз алдыңда. Дегенмен, ескі тері мен ұста көрігінің орнын ауа айдайтын үрлегіші бар желдеткішті арнайы қондырғы алмастырған. Жұмыс кезінде барлық қоюланған көк түтін арнайы сорғышпен сыртқа шығып кетеді. Мұнда айналадағы шашылған қалың күл ғана ұста көрігінде от ұшқынының бір сәт те үзілмей жұмыс тың қайнап жатқанын айғақтай түседі. Шаруашылықтың машинатрактор шеберханасының меңгерушісі Михаил Горбенконың айтуынша шебер ұста – Иван Киселевсіз мұндағы жағдайды елестету қиын. Барлық қолда бар техникалар мен тіркемелі қондырғылардың бәрі де бұзылып қалса ұстаның қолынан өтеді. Ұста бар біліктілігі мен ерік-жігерін жұмсап, сынған дүниелерді жөндеп береді. Дәл қазір де Иван Васильевич ескі соқаның темір тістерін ұстаханасының ішінде қыздыра отырып жөндеп, шойын балғасына салып түзеп отыр. Мыс шебері болғаны да шаруаны басқаның көмегінсіз өзі-ақ жайғастыра салуына себепші болған. Мәселен, тозып кетуіне байланысты тесіле бастаған радиаторды, Buhler себу кешендерінің тұрбаларын дәнекерлеп жалғап тастайды. Ол 20 жылдан астам уақыт механизатор болып та жұмыс істеген. Ал сонау 2002 жылдан бастап ұстаханада еңбек ете бастапты. Көзі қырағы жас жігіт көп нәрсені өзі үйренген. Сол тұстағы ауыл ұстасы Николай Николаенко ұсталық кәсіптің қыр-сырын түсіндіріп, бар көрген-түйгенін бөліседі. Ұстазы жұмыстан босап зейнетке шыққан соң, одан әрі Иван Киселев бәрін өз қолына алады. Бала кезінен түрлі құралдар мен техникаға қызығушылық оның ой-санасын жетілдіруге ықпалын тигізе түседі. Өз бетімен темір-терсекті дәнекерлеп, қалайылау қолынан келе беретін болды. Уақыт өте келе бәрін оп-оңай жөндей беретін баласына әкесі «Балам, саған ұста болу керек» деп өз ойын да білдіріпті. Әкесі айтқандай-ақ Иван ұсталық кәсіпті игеріп тіпті енді ауылдағы жұрттың бәрі жүгінетіндей халге жетті. Маңайында қоңсы отырған үш ауылдың халқына кемпірауыздан бастап, сүймен темірлер, балталар тіпті көсеуге дейін соғып береді. Иван Васильевичтің темірден соққан құралдары әлі де бірнеше ұрпаққа қызмет ететіні анық. Ауылдарда көнеден бері келе жатқан ескі тәсілмен темірдің шетелдік техниканың қажетті бөлшегіне айналып шыға келуі көп нәрседен хабар береді. Тіпті, ұстаның қолынан шыққан көп дүние заманауи техникалық аппаратпен, электр дәнекерлегіш немесе токарлық станокпен жасау мүмкін болмайтыны да рас. Иван Васильевич көп сөздің емес, таза істің адамы. Әдеттегідей жұмыс орнында темір дайындамасының ұшын көрігінде қыздырып, қысқышымен ұстап төске салып соға бастайды. Мұндай қарбалас кезде әрбір секунд аса маңызды. Қыздырылған металлды ойлаған қалыпқа келтіру жылдам әрекетті қажет етеді. Суып қалса қажетті формаға келмей қалуы кәдік. Ұс-та көріктен жаңа шыққан темірді шойын балғасымен ұра береді. Әрбір қозғалысы кәдімгі автоматты түрде жасайтындай күйге жеткен. Алда бір он жылда ауыл ұстасы зейнет демалысына да шықпақ. Алайда шебер ұстаның осы уақытқа дейін тәлім алған шәкірті пайда болмапты. Ұста жергілікті жастардың өкінішке орай ұсталық кәсіпке қызықпайтынын айтады. Жұмысы аса ауыр болғанымен, кәнігі ұста бір сәт те болса мойыған емес. Керісінше әрбір жасаған дүниесінен ләззат алады. Қазір ұстаханаға 14 жастағы ұлының жиірек бас сұға бастағаны қуантып жүр. Жас жігіт ұстаханадағы көрікпен де, төспен де жұмыс істей алатын болған. Болашақта әке жолын жалғап ұста болуы әбден мүмкін…

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...

Судьялардың әдеп стандарттары

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби...

Апостиль: халықаралық құжат айналымының кепілі

Халықаралық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты бір мемлекетте берілген ресми...