ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШАДЫ

Елдің экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерін көтеруде инвестиция тартудың маңызы зор десек қателеспейміз. Ірі стратегиялық нысандардың іс жүзінде жүзеге асырылуы қордаланған түйткілді мәселелердің шешімін табуға көмектеседі. Бұл орайда ірі инвесторлар мен қаржысы мол кәсіпкерлерді елдің ірі әлеуметтік және басқа да жобаларына тарту жергілікті билік органдарынан аса үлкен жауапкершілік пен тиісті мәселеде сауаттылық танытып мемлекет үшін тиімді тұстарын тап басып табуды қажет етеді. Өзара келісімге келіп, маңызды іске кірісуге негіз – тараптардың бір-бірімен ашық кездесіп, ортақ мәселені бірлесе қарастырып талқылау екені түсінікті. Жақында Ақмола облысының кәсіпкерлік палатасы ұйытқы болып Ақмола облысының прокуратурасымен бірлесіп өңірдің кәсіпкерлері мен инвесторлары үшін ашық есік күні ұйымдастырылған еді.

Тұтас мемлекет үшін маңызы аса зор елдің шетелдік және ішкі инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесі ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевпен тағы бір мәрте көтерілген. Мемлекет басшысы елдің әр түкпірінде талай жылдардан бері түйіні тарқатылмаған түйткілді жайттардың жедел шешімін табу әрі экономиканың алға басуының ұзақ мерзімді жоспарын жүзеге асыратын жүйелі тәсілді табу қажеттігін қадап тапсырған. Президент бұл орайда кейінгі кезде қасқалдақтың қанынан қат болып кеткен қаржысы мол инвесторларды тарту және жаңа инвестициялық циклді іске қосу мәселелеріне ерекше тоқталған. Аталған мәселе Ақмола облысында да әлі өзектілігін жоймаған аса өткір жайлардың бірі екенін атап өткен жөн. Тиісті инвестицияны тартуда жергілікті құзырлы мемлекеттік органдармен қатар құқық қорғау органдары оның ішінде прокуратураның рөлі де басым күшке ие. Бұл туралы облыс прокуроры Руфат Құттықов кеңірек баян етіп, өңірдегі инвестициялық ахуалды оңалтуда заң органдарының да алатын орны жоғары екенін атап өтті. Әсіресе инвестициялық іргелі жобалардың іс жүзінде толық күшінде жүзеге асырылып экономиканың өрлеуіне әрекет етуі үшін прокуратура органдарынан қорғалуы әрі тұрақты сүйемелдеудің маңызы зор екенін атап өтті. Ақмола облысында инвестициялық ірі стратегиялық жобаларды іске қосып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруда қауіпсіз кәсіпкерлік және инвестициялық тартымды ахуалды дамыту әрі қамтамасыз етуге баса назар аударылғанын айта кеткен жөн. Оған дәлел бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы сомасы 655 миллиард теңгеден асып жығылатын 55 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сабақты иненің сәтімен басталып, өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосатын инвестициялық қаржының тиісті салаға нақты беріліп әрі толықтай іске асқанға дейін қорғалуы прокуратура органдарынан да аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Аталған инвестициялық жобалардың облыстың әр аумағында жүзеге асырылуының арқасында 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болып, екі қолға бір күрек тапқан ақмолалық азаматтардың қатары өсті. Облыстың экономикасының айтарлықтай алға басуына ықпал еткен әлеуметтік маңызы жоғары жобалар бойынша қаржы көлемі 190 миллиард теңгеден асып жығылды. Қос тарапқа да тиімді болған инвестициялық жобаларды сүйемелдеу аясында облыстың прокуратура органдары инвесторлардың 21 проблемалық кейсін дер уақытында шешкенін атап өткен жөн, – дейді Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов. Ірі инвесторларды өңірдің экономикалық және әлеуметтік бағыттағы жобаларға тартуда жергілікті атқарушы билік органдарының да шеберлігі мен тиісті шешімді қабылдаудағы сауаттылығы, жауапкершілігі сынға түсетіні сөзсіз. Бұл орайда өңірдің бірқатар өндірісті аудандарында іргелі әлеуметтік маңызы жоғары жобалар мемлекетішілік және алыс-жақын шетелдерден инвесторларды тартудың арқасында іске асырылып келеді. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың айтуынша, Елорданың тап іргесінде орналасқан Аршалы ауданының аумағында республикалық маңызы бар ірі индустриялық аймақтық жоба қаржыландырылып, құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары өңірдің әлеуметтік және экономикалық әлеуеті мен инвестициялық ахуалды көтеру үшін ірі стратегиялық маңызды мәселелерді мемлекетке алақан жаймай-ақ инвестициялық компанияларды тартуға баса назар аудару қажеттігін алға тартты. Облыс аграрлы және сонымен қатар кейінгі жылдары индустриялды аймақтардың қатарына еніп, бірқатар инвестициялық іргелі жобалардың арқасында әлеуметтік түйткілді мәселелер өзінен-өзі шешімін тауып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар әрқашан да аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға мүдделі. Ірі инвестициялық қаражатты тарту және өңір халқы үшін маңызы зор жобалардың іс жүзінде дер уақытында іске асырылуына облыс әкімдігінен бастап барлық аудан және округ әкімдіктерінің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан қашан да болсын инвестициялық жобаларды қолдауға және қамқорлық танытуға дайынбыз, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов. Өңірдің экономикалық және стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларын сүйемелдеу мақсатында облыс прокуратурасы жанынан фронт-офис құрылған. Аталған кеңсеге облыстық кәсіпкерлік палатасы да кіріп, тиісті жобалардың шешімін табуына ықпалын тигізіп отыр. Облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек те инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына прокуратура органдарымен бірлесе әрекет етудің тиімді болғанын атап өтті. Облыстың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын, сонымен қатар инвестициялық ахуалды оңалту әрі заңдық тұрғыда әділдіктің қамтамасыз етілуінде өңірдің кәсіпкерлік палатасы мен прокуратура органдары бірлесіп үлкен әрі маңызды жұмыс жүргізілгенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, өзара тығыз іс-қимылдың арқасында осыған дейін түйткілді болып келген бірқатар маңызды мәселелер шешімін тауып жолға қойылды. Жалпы, бірлескен жұмыс ірілі-ұсақты кәсіпкерлік субъектілерінің талайдан бері қордаланып келе жатқан мәселелерін жылдам уақыт аралығында шешілуіне мүмкіндік берді. Мәселен, тек жыл басынан бері ғана өңірдің кәсіпкерлік палатасына кәсіпкерлер тарапынан 132 өтініш түссе, соның 69-ы яғни 52 пайызы прокуратура органдарымен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде оң нәтиже беріп, кәсіпкерлердің пайдасына шешілді, – деді Ақмола облысы Кәсіпкерлік палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек. Өңірде инвестициялық ахуал мен инвестицияны тартуға бағытталған жиын еркін форматта өтіп, құзырлы органдар мен кәсіпкерлердің және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің алдында бірқатар жобалар таныстырылды. Мәселен, «АВИКС ГРУПП» ЖШС-нің бас директоры Максим Зайцев жанармай материалдарын Орталық Азия мен Еуропалық нарыққа экспорттау, сондай-ақ кедендік рәсімдеуде көптен бері туындайтын кедергілер туралы сауалын қойды. Бұл орайда компанияның кедендік рәсімдеу кезінде отандық кәсіпкерлердің шетелге сатуға әзірлеген өнімдерін жеткізуде жылдар бойы шешілмей келе жатқан жайттардың салдарынан шетелдік компаниялармен келісілген бірнеше келісімшарттары бұзылған. Атап айтқанда, 2023 жылы «Қызыл дәлізге» екі кедендік декларация түскен. Кәсіпкердің айтуынша бекітілген кедендік рәсімге сәйкес өнімнің сыртқы экономикалық қызметтік тауарлық номенклатурасының кодтары орталық кедендік зертхана өкілетті орган ретінде өткізетін кедендік сараптама тағайындайды. Алайда аталған орталық кедендік зертхананың аталған сынақтарды өткізуге арналған материалдық-техникалық базасы да болмай шыққан. Сараптама өткізудің стандартты мерзімі он жұмыс күнінен жиырмаға дейін ұлғайтылады. Шетелдегі серіктестер үнемі күткісі келмейді. Өйткені, компанияның қызметі келісімшарт қатынастарымен реттеледі. Яғни, уақыт факторы шешуші рөлге ие, — дейді Максим Зайцев. Шара барысында «Неруд-Көкшетау» ЖШС-нің өкілі Думан Қалиев электр энергиясына қойылған жоғары тариф мәселесін көтерді. Оның айтуынша осы жылдың сәуірінде тау-кен өндірісі, тамақ, агро-өнеркәсіптік кешендер, құрылыс, сауда, өңдеу өнеркәсібі сияқты басқа да сан-алуан саладағы кәсіпкерлерге тариф мөлшері бірден екі еселенген бағада сатылған. Думан Қалиевтің пікірінше бұл өзгерістердің салдары өңірдегі өндірілген өнім құнының көтерілуіне, барлық салаларда көрсетілетін қызмет бағасының шарықтауына, тұтынушыларға коммуналдық қызметтер бағасының күрт артуына, жұмыс орындарының қысқартылуына әкеліп соғады. Кәсіпкерлер сонымен қатар тіркеу үшін қосымша құн салығының 50 мың АЕК-ке дейін меженің ұлғайтылуына қатысты мәселе көтерді. Сауда және қызметтің салалық кеңесінің төрағасы Садбек Ахмадиевтің айтуынша бұл мәселе жаңа салық кодексіне енгізілмеген. Бүгінгі таңда егер кәсіпкердің табыс айналымы 20 000 АЕК-тен яғни небары 73 840 мың теңгеден асса қосымша құн салығына тіркеу және қосымша 12 пайыз салық төлеу міндеті туындайды. Мұнымен қоса аталған талапты сақтамаған жағдайда фискальды органдар тарапынан қатаң санкциялар қарастырылған, – дейді Садбек Ахмадиев. Кездесу қорытындысында облыс прокуроры аталған мәселелерді жеке бақылауға алатынын атап өтті. Сонымен қатар аудан әкімдері әлеуетті инвесторлармен ынтымақтастыққа қол жеткізу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда оларға жағдай туғызуға әзірліктерін білдірді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...

Судьялардың әдеп стандарттары

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби...

Апостиль: халықаралық құжат айналымының кепілі

Халықаралық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты бір мемлекетте берілген ресми...