12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ШЫҰ – МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ

Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, тең құқықтық және өзара қолдау негізінде мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналды. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мүшелері – мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысында мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, ШЫҰ аумағында үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға әлемнің ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалары кіреді, олардың үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің үштен бір бөлігі тиесілі. Бұл ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. ШЫҰ барлық мүше мемлекеттердің дауысы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін бірегей платформа ретінде көрінді. Осындай мызғымас демократиялық негізде біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастық құрылып, оның жаңа мазмұнмен нығаятынына сенім зор. Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалығы аясында өткен саммитте мәлімделген барлық мақсаттар мен міндеттерді орындады. ШЫҰ-ның барлық қатысушыларының белсенді қолдауының арқасында Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде цифрлық, туристік, энергетикалық және бизнес форумдарды, сондай-ақ ШЫҰ жастар кеңесін қосқанда әртүрлі деңгейдегі 150-ге жуық іс-шара өткізілді. Шарттық базаға Антинаркотикалық стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы сияқты 60 жаңа құжат қосылды. ШЫҰ-ның серіктес халықаралық ұйымдар шеңбері кеңейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валюталармен есеп айырысу үдерісі оң серпінге ие болды. Қазақстан Президенті осы шаралардың арқасында ШЫҰ аумағындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын зор қанағаттанушылық сезіммен атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның төрағалығы тұсында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға да ерекше назар аударылды. ШЫҰ форматын одан әрі тартымды ететін бірнеше іргелі жоба іске қосылды. Олардың қатарында ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары жобасы және бірінші халықаралық «Жібек жолы ШЫҰ» музыка фестивалі бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды. Тұтастай алғанда, Қазақстан алдыңғы саммитте көзделген барлық мақсат мен міндетті толық орындады. Сондықтан Президент Қазақстан тарапынан қолғаалынған бастамаларды іске асыруға белсенді қатысқаны үшін ұйымға мүше мемлекеттер басшыларына шынайы алғысын білдірді.

«Әділетті әлем, келісім және даму үшін жаһандық бірлік»

Мемлекет басшысы өз сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрамына кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар негізгі бағыттарды анықтап берді. Олардың қатарында қауіпсіздік саласында өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту, халықаралық қатынастар жүйесінің терең дағдарысының салдары ағымдағы күрделі жағдайда ШЫҰ халықаралық құқықтың эрозиясын еңсеру, геосаяси бөліністерге жол бермеу, кең жаһандық контексте бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін тұрақтандырушы және құрушы рөлін арттыру шаралары бар. Мемлекет басшысы осы орайда Шанхай ынтымақтастық ұйымының бүкіл Еуразия континентінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кепіл ретінде әрекет ету үшін ерекше мүмкіндіктерге ие екенін айрықша атап көрсетті. Қазақстанның ШЫҰ-ның «Әділетті әлем, келісім және даму үшін жаһандық бірлік» бастамасын жүзеге асыруды ұсынды. Мұны ұйым мүшелері бір ауыздан қолдады.

«Айыппұлдық текетірес» – әлемдік экономикаға елеулі соққы

ШЫҰ қатысушыларының алдында тұрған тағы бір өзекті міндет ретінде киберқауіпсіздікті нығайту аталды. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпарат алмасудың, озық тәжірибелерді қолданудың арнайы тетігін әзірлеуді ұсынды. Қазақстан Президентінің пікірінше, бүгін қабылданып жатқан халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жоспары аталған мақсаттарға жауап береді. Президент ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты ретінде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту қажеттігіне назар аудартты. Бұл ретте ол «айыппұлдық текетірестер» әлемдік экономикаға елеулі соққы жасап, одан әрі дамудың көкжиегін тарылтатынын айта келіп, сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың жағымды динамика мен әлеуетті арттыруға бағытталған біршама икемді стратегиясын құру қажеттігі көрініп тұрғанына назар аудартты. Оның айтуынша, ағымдағы кезеңде ШЫҰ мүшелері елдері экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі өсімнің жоғарғы қарқынын көрсетеді, қазірдің өзінде ШЫҰ мемлекеттерінің жаһандық жалпы ұлттық өнімдегі үлесі 30 пайызды қамтиды. Бүгінде қатысушы елдердің сыртқы саудасы 8 трлн доллардан асады. Бұл әлемдік сауданың төрттен бір бөлігіне пара-пар. ШЫҰ-да негізгі рөлді әлемдік экономиканың ЖҰӨ номиналды көрсеткіші бойынша Қытай, одан соң АҚШ ойнайды. Осы көрсеткіштерді ортаға сала келіп: «Әлемдік экономикада қолайсыз үрдістер күшеюде. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, биыл жаһандық экономиканың өсу қарқыны баяулайды. Әлемдік экономиканың жаңа өсу нүктелері мен мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан Шанхай ұйымының маңызды міндеттері – сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, капитал мен технологиялардың еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттық проблемалармен күресу деп санаймыз. Өзара сауданың өсуі ШЫҰ кеңістігі үшін ортақ үрдіске айналды. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ШЫҰ елдерімен саудасы 6,5%-ға өсті. ШЫҰ елдері берік технологиялық базаға және экономиканың барлық маңызды секторын дамыту үшін орасан зор нарыққа ие. Осы бағытта айтарлықтай алға жылжу үшін арнайы салық, кеден және көші-қон режимдерін әзірлеу қажет. Осыған байланысты Қазақстанның ШЫҰ экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы ұсынысы өзекті болып қала береді.

Инвестициялық жобаларды бекітетін бірыңғай алаң қажет

Инвестициялық жобаларды талқылау және бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажеттілігі айқын. Осыған орай Астана халықаралық қаржы орталығының негізінде жобалық қызметті қаржыландыру механизмін құру өзекті. Қытай, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан бұл алаңда белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, АХҚО резиденттерінің 20%-ы – ШЫҰ елдерінің компаниялары. Президенттің айтуынша, ынтымақтастықтың тағы бір бағыты ретінде – тиімді дәліздер мен сенімді жеткізу тізбектерін құру арқылы көліктік байланыстарды нығайту. Бұл істің маңыздылығын «Біз «Бір белдеу, бір жол» қытай мегажобасы, Транскаспий халықаралық көлік бағыты және «Оңтүстік – Солтүстік» трансевразиялық дәліздері, соның ішінде «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағытының одан әрі синергиясына ерекше мән береміз. Осы жоспарларды іске асыру үшін ШЫҰ аясында стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру бойынша практикалық шаралар қабылдау маңызды, – деп жеткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ШЫҰ-ны реформалау және жаңғырту қажеттілігіне арнайы тоқталды. Тоқаевтың айтуынша, жылдам жаһандық өзгерістер жағдайында ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіру өзекті міндетке айналуда. Ұйымды кеңейту процесі жаңа мүмкіндіктер ашып, оның дамуына серпін береді. Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық ете отырып, Ұйымды неғұрлым тиімді көпжақты ынтымақтастық механизміне айналдыру бойынша теңгерімді ұсыныстарын ұсынды. Еліміз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшысының рөлін күшейтуді қолдайды. Мұның барлығы ШЫҰ елдері бөлісетін ортақ ізгі мақсаттарға қол жеткізуге деген шынайы ұмтылыс сипатына ие.

Ресей бейбіт келісімдерге дайын

Өзіне сөз тиген сәтте Ресей Президенті Батысты сынға алып, осы орайда өз елінің Еуразияда ынтымақтастықтың әбден тозығы жеткен еурорталықтық пен еуроатлантикалық үлгісін алмастыратын жаңа жобасын құру жайлы ұсынысын ортаға салды. Украинадағы соғыс АҚШ-тың жосықсыз және авантюралық саясаты мен стателиттері салдарынан орын алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей бейбіт келісімдерден ешқашан қашпайды, қазір де оған дайын. Бұған қарсы болып отырған Украинаның өзі. Путин сондай-ақ Ресейдің маусым айында соғыс қимылдарын бір сәтте және созбай тоқтатуға мүмкіндік беретін жоспар ұсынғанын мәлімдеді.

Төрағалық міндеті – Қытайда

Шанхай Ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету Қытай Халық Республикасына өтті. Саммит жұмысының нәтижесінде ШЫҰ-ның Астана декларациясы қабылданды. Бұл құжатта Орталық Азия осы аймақтық қауіпсіздік блогының ядросы екендігі дәйектелді. Нақтырақ айтқанда, ШЫҰ елдері орталық Азия мемлекеттерінің өз елдерінде және тұтас аймақта бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ұмтылысын қолдайды және оларды одан әрі нығайтуда белсенді рөл атқарады. Мүше мемлекеттер, сонымен қатар, ШЫҰ мен Орталық Азия елдерінің стратегиялық даму мақсаттары өзара бір-бірін толықтыратынын атап өтті. Олар өз кезегінде Ауғанстандағы бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз ету жолындағы халықаралық ұмтылысты қолдауға дайын екенін білдіреді. Мұндағы жалғыз жол ретінде Ауған қауымдастығының барлық этносаяси топтары өкілдері кеңінен қамтылған инклюзивті үкімет құру екені атап көрсетілді. Декларацияда ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің лаңкестік пен экстремизмге жол ашатын барлық жағдайларды жою, лаңкестік мақсатта жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдануға қарсы тұру шараларын жүзеге асыруға дайын екені де атап көрсетілді. Саммитте сонымен қатар алдағы үш жылға арналған бағдарлама қабылданды. Ол сепаратизм, экстремизм, терроризм атты «үш зұлым күшпен» күрестің тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Трендтегі “Шайн мускат“ жүзіміне қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылмағанын мәлімдеді.

Қай облыстарда жаңа су қоймалары салынады?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Жедел желі" бағдарламасы қай облыстарда жаңа су қоймалары салынатынын айтты.

21 қарашада ауа райы қандай болады?

Қазақстан бойынша 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы белгілі болды.

Тоқаев пен Орбан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндерге белгілі бір жеңілдіктер беріледі.