Балалардың жазғы демалысын пайдалы да қауіпсіз ұйымдастыруға Ақмола облысының әкімдігі ерекше назар аударып отыр. Өңірде жаз бойы қала сыртындағы лагерлерде 14 500-ге жуық ақмолалық оқушының демалысы жоспарланған. Олардың бір жарым мыңнан астамы тегін демалады. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арнап «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан жолдама сатып алуға 121,5 миллион теңге қарастырылған.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында аймақта бірінші болып, Сандықтауда орналасқан «Жас дәурен» лагері алғашқы жазғы ауысымды қабылдаған болатын. Оған Шортанды ауданынан жүзге жуық бала келіп, жазғы демалысын осы лагерде бастап кетті. Аталған лагерде демалушылар үшін жанға жайлы барлық жағдай жасалған. Көңілді эстафеталар, сурет үйірмесі, ағаш өңдеу шеберханасындағы жұмыстар, би кеші, кешкі кинотеатр, көңілділер клубы сияқты шаралардың барлығы да балалардың демалысын қызықты өткізуге бағытталған. Стадионда отряд арасында футбол, волейболдан қызықты жарыстар жиі өткізіледі. Мұнда демалушы балалардың бес мезгіл тамақтанатанын да айта кеткеніміз жөн. Биылғы жылы қала сыртындағы лагерлердегі балалардың демалысы 15 маусымды құрайды. Сонымен қатар, «Балдәурен» және «Жас дәурен» сауықтыру орталықтары балалардың демалысын қамтамасыз ету мақсатында жыл бойы жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес, 15 маусымдық лагердің жетеуі мемлекеттік болса, сегізі – жекеменшік ұйым. Мемлекеттік лагерлер Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының табиғаты көрікті жерлерінде орналасқан. Жаз бойы балалар 7-10 күнге созылатын 6-7 ауысымда демалмақ. Әрі жаз кезінде облыстың 265 оқушысы «Балдәурен» республикалық орталығының филиалдарына барады. Бесінші маусымнан бастап әлеуметтік жеңілдікке ие 150 бала «Звездный» БСО базасында демалады. Оқу ағарту министрлігінде «Қазақстан халқына» қорының қаражатынан ауыл мектептерінің 5-8 сыныбында оқитын 1005 оқушыға тегін демалыс ұйымдастыру мәселесі де пысықталды. Соның ішінде шығармашылық, интеллектуалды, спорттық жарыстар мен фестивальдар жеңімпаздарына жолдама беру қарастырылған. Бұған қоса аймақтағы 198 мектептің жанынан құрылған лагерде 34 мыңнан астам баланың тамақтануына жол ашылған. Қосымша 56 мыңға жуық оқушы 290 мектеп жанындағы жазғы лагерде демалады. Айта кетерлігі, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жататын балалар да құзырлы орган назарынан тыс қалмаған. 47-ге жуық нысанда өлкетану жорықтары, экскурсиялар, шатырлар, киіз үйлер ұйымдастырылып, оған осы санаттағы 7 мың бала қатыстырылады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, өңірде демалыстың барлық түрімен 120 500 бала қамтылмақ.
«ДАНА БАЛА» ТУРИСТІК ЭТНОЛАГЕРІ БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕГІН ҚАРСЫ АЛДЫ
Көкшетауда «Алаш арыстары» паркі базасында күндізгі келушілерге арналған жаздық балалар лагері өз жұмысын бастаған болатын. Мектепшілік «Әулет» орталығының жұмысына Көкшетау қаласы әкімдігі мен қалалалық білім бөлімі қолдау білдіруде. Туристік этнолагерде екі ауысыммен қабылдайтын «Дана бала», әскери-патриоттық «Арлан» және спорттық «Каратэ шито-рю» лагерлері балалардың жазғы демалысын ерекше етіп ұйымдастырмақ ниетте. Ұйымдастырушылардың айтуынша, парк аумағында төрт бірдей қазақ үй тігілген. Жазғы демалыс кезінде балалар қазақ халқының салтдәстүрімен танысып, мәдениет пен тілді білуге талпынып, ата-бабаларымыздың ежелден бері қалыптасқан ұлттық қадір-қасиетін бойына сіңіріп, еліміздің мемлекеттік құндылықтарын жадыларына тоқуға мол мүмкіндік алады.
«БОЛАШАҚ САРАЙЫНДАҒЫ» ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ
Аймақтағы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қосымша білім беру ұйымдарына да үлкен жауаптылық жүктелген. Бұл мақсатта облыста жаз бойы 35 мың баланы қамтитын 51 ұйым өз жұмысын жүргізетін болады. Үйірмелер мен секциялардан басқа, демалыс кезінде жазғы алаңдар, клубтық бірлестіктер ашылып, онда балаларға шеберлік сыныптарына, туристік жорықтарға, экскурсияларға, жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріледі. Мысалы, маусым айынан бастап «Болашақ сарайында» балалар мен жасөспірімдерге арналған төрт маусымдық балалар лагері ашылды. Бес жасқа дейінгі балалар «Балапан» лагерінде уақыттарын көңілді өткізеді. Қатысушылар үшін планетарий, спорттық эстафеталар, фильмдер көру, медиа саласындағы тренинг және ғылыми эксперименттер ұйымдастырылған. ІТ бағыты бойынша балаларға лего, роботтармен жұмыс істеу де қарастырылыпты. Мектеп жасындағы балалар үшін бағдарлама жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Таңертең дене шынықтырумен айналысқан балалар ары қарай уақыттарын ғылыми бөлімнің зертханасында өткізеді. Эксперимент кезінде балалар микроскоппен өсімдік пен жәндіктерді зерттеуге қызығушылық танытады. ІТ бағыты бойынша әртүрлі ойын бағдарламаларын құрауды үйренеді. Медиа бағыты бойынша әлеуметтік желілерде өзін қалай дұрыс ұстау және интернет алаяқтардан сақ болу туралы шеберлік сыныптарынан өтеді. Ал шығармашылық бағытта балалардың өз қиялындағы кез келген суретті салуына қажетті құрал-жабдықтар беріледі. Балалардың практикалық дағдыларын қалыптастыру үшін «Болашақ сарайы» инновациялық орталығының базасында 2024 жылғы шілдеде облыс оқушыларының қатысуымен бағдарламалау, биотехнология, экология, медиа мектеп бойынша «Summer school» облыстық жазғы мектебінің қызметі ұйымдастырылуда. Бір апта ішінде балалар «Болашақ сарайы» инновациялық зертханаларында бірегей жабдықта тәжірибелік жұмыс жүргізетін болады. Бос уақытында оқушылар бассейнге түсіп, Көкшетаудағы мұражайлар мен театрларға экскурсияға барады. Айта кетейік, «Summer sсholl» жазғы мектебі екі жыл ішінде Атбасар, Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Степногорск, Көкшетау, Целиноград аудандарынан 55 баланы жазғы демалыспен қамтамасыз етті.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


