ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІ ТІРКЕУДІҢ ТӘРТІБІ БАР

Соңғы уақытта елімізде үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарына көбірек назар аударылып жатқаны рас. Мемлекет үшін аса маңызды істерге түрлі үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық қорлар барынша үлес қосып, елдегі елең еткізер жаңалықтар мен өткір мәселелерге үн қатуда. Оның ішінде кейбір түйткілдер дәл осы қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың көтеруімен оң шешімін тауып жатқаны да шындық. Осы ретте қоғамдық бірлестіктерді құру және оның мәртебесі мен ерекшеліктері жөнінде Ақмола облысы әділет департаментінің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат ЖУВАРОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Демократиялық азаматтық қоғам құру кезінде елімізде қоғамдық бірлестіктердің қатары күн санап көбейіп келе жатыр. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Осы орайда қоғамдық бірлестіктердің құқықтары мен олардың қалай құрылуы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

– Қолданыстағы заңдарға сәйкес, қоғамдық бірлестіктер қоғамның ортақ мүдделеріне жауап береді және мемлекеттің қорғауында болады. Жалпы, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңның 2-бабында айқындалғандай. Қазақстан Республикасындағы қоғамдық бірлестіктер деп заңдарға қайшы келмейтін ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін ерікті негізде құрылған саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың басқа да бірлестіктер танылады. Қоғамдық бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша кемінде үш адамнан құрылады.

– Қоғамдық бірлестіктердің жеке бір аймақтың яки облыстың, сонымен қатар, тұтас республика бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын байқап жүрміз. Республикалық, өңірлік немесе жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер ашу кезінде оның құрылымдық бөлімдері қалай құрылады?

– Елімізде республикалық, өңірлік және жергілікті масштабта жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктер құрып, жұмыс істеуге болады. Республикалық қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында өзінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер кіреді. Өңірлік қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан азының аумағында өзінің құрылымдық бөлімшелері, яғни филиалдары мен өкілдіктері бар бірлестіктер жатқызылады. Ал жергілікті қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Республикасының бір облысының шекарасында ғана жұмыс істейтін бірлестіктер жатады.

– Азаматтар белгілі бір мақсаттарды көздейтін не мәселелерді шешуге ықпал ететін қоғамдық бірлестікті құру үшін не істеуі керек? Ол үшін әділет органдарында қандай құжаттар талап етіледі?

– Қоғамдық бірлестікті тіркеу үшін тіркеуші органға оны құру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай мерзімде белгіленген нысандағы өтініш беріледі. Мұнымен қоса, қоғамдық бірлестікті құруға ниеттенген азамат аталған қоғамдық бірлестіктің пайда болуына әрі оның алдағы уақытта жұмыс істеуіне мүдделі тұлғаларды жинап, арнайы құрылтай съезін өткізіп, онда қабылданған жарғыны әзірлейді. Жарғы қабылданған құрылтай жиынының хаттамасы толтырылып, оған төраға мен хатшы қол қоюы тиіс. Бұған қоса, қоғамдық бірлестікті құрушы азаматтың тегі, аты және әкесінің аты (бар болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, үйінің мекенжайы көрсетіліп, құрылтай жиналысын өткізген яғни қоғамдық бірлестіктің құрылуына бастамашы болған азаматтардың тізімі жазылып, сонымен қатар, қоғамдық бірлестіктің орналасқан жері туралы мәліметтер көрсетіледі. Сондай-ақ аталған құжаттарды әзірлеген соң, жаңадан құрылатын қоғамдық бірлестік үшін мемлекеттік тіркеуге алынатын төлемнің бюджетке төленгенін растайтын түбіртек немесе басқа да құжатты өткізу керек.

– Қоғамдық бірлестікті құрып, оны тіркеуге ниеттенген азаматтар құжаттарын қандай мемлекеттік органға өткізеді? Жергілікті, өңірлік немесе республикалық қоғамдық бірлестіктерді құру және тіркетуде қандай да бір айырмашылық бар ма?

– Қазақстан Республикасында түрлі салалар бойынша қоғамдық бірлестіктерді құруға ниеттенген тұлғалар құжаттарын беру және тіркеу рәсімін аталған қоғамдық бірлестік орналасқан қала немесе аудан орталығындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалы арқылы жүзеге асыра алады. Әрине, бұл ретте жергілікті, өңірлік және республикалық масштабта жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерді тіркеудің бірақатар айырмашылығы да бар. Республикалық және өңірлік мәртебесі бар қоғамдық бірлестіктерді тіркеу және құжаттарын қабылдау рәсімі Әділет министрлігі арқылы жүзеге асырылады. Ал қоғамдық бірлестік жергілікті облыстық яки аудандық масштабта жұмыс істейтін болса, онда аталған қоғамдық ұйымды тіркеу және құжаттарын қабылдау рәсімі жергілікті мәртебесі бар облыстардың және Алматы, Астана және Шымкент қалаларының әділет департаменттері арқылы жүзеге асырылады. Алдымен құжаттар тізімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалында, яғни жұртқа етене таныс Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданып, кейін құжаттар әділет департаментінде қаралып, содан кейін қоғамдық бірлестік заңды түрде тіркеуден өтеді. Тіркеуден өткізілетін қоғамдық бірлестік жарғысының, құрылтай жиынындағы хаттамасының заңнама талабына сәйкес дұрыс толтырылғаны аса маңызды.

– Қоғамдық бірлестік тіркеуге өтініш берілген күннен кейін қанша уақытта заңды түрде тіркеледі? Ол еліміздің қандай заңдарымен реттеледі?

– Қоғамдық бірлестікті тіркеу мемлекеттік тіркеу туралы өтініш берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Сонымен қатар, қоғамдық бірлестіктің құжаттары заңға сәйкес болмаса, мемлекеттік орган оны тіркеуден бас тартады. Тіркеуге ұсынылған қоғамдық бірлестікті заңды түрде тіркеуден бас тарту негіздері «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңының 11-бабымен реттелген.

– Ақмола облысында қазіргі уақытқа дейін қанша қоғамдық бірлестік тіркелген?

– Еліміздің басқа аймақтары сияқты Ақмола облысында да демократиялық азаматтық қоғамды құруда түрлі үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар мен бірлестіктер құрылып, әділет органдары арқылы тіркеуден өткізілген. Олардың біршамасы өңір аумағында белсенді түрде жұмысын жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Осы уақытқа дейін Ақмола облысының аумағында 364 қоғамдық бірлестік тіркеліп, сонымен қатар аталған қоғамдық бірлестіктердің 424 филиалы мен өкілдігі белсенді жұмыс жүргізуде.

– Әңгімеңізге рақмет!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Когда справедливость требует времени

Вопрос справедливости судебного решения редко заканчивается на первой или...

Апостильдің маңыздылығы

Апостиль – елдер аумағында ұсынуға арналған құжаттың заңдылығы туралы...

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары

Сыбайлас жемқорлық – мәртебесі мен даму деңгейіне қарамастан барлық...

Кассациялық сатыдағы соттың маңыздылығы

Елімізде 2025 жылдан бастап сот саласына жаңашылдық енізіліп, кассациялық...

Соттағы қылмыстық істерді қараудың басты бағыттары: әділдік пен заңдылық кепілі

Қылмыстық істерді сотта қарау – адам тағдыры шешілетін, қылмыстық...