Биыл сәуір айында алаяқтардан жапа шеккен жергілікті тұрғын Ақмола облысы, Ақкөл аудандық ішкі істер бөліміне үшбу хат қалдырған. Жәбірленушінің базынасына құлақ ассақ, үйіне келген екі жас жігіт су сүзгісін жөндейміз деп алдап кеткен.
Бейтаныс адамдардың бірі арнайы дерекқорға тіркелу керек деген сылтаумен арызданушыдан телефонын сұрап алыпты. Біраз уақыттан кейін мобильді құрылғыны үй иесіне қайтарып, сүзгіні ауыстыруға бір-екі күннен кейін келетіндерін айтқан. Алайда, кейінірек белгілі болғандай жәбірленушінің атынан банктен несие алынып, өзге шотқа аударылған. Келтірілген шығын көлемі 595 мың теңге. Ақмола облысы ПД мамандарының жедел іздестіру шаралары нәтижесінде алаяқтық жасады деген күдіктілер көп ұзамай анықталып, ұсталған. Жеңіл жолмен байымақ болғандардың бірі Жетісу облысының, екіншісі Семей қаласының тумасы болып шыққан. Аталған факті бойынша облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Облыстық Полиция департаменті киберқылмыспен байланысты қылмыстардың биыл айтарлықтай өскенін жеткізді. Өңірде төрт айдың қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықтың 500-ден астам фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,7%-ға артық (2023 жыл 350 факті). Басқарма мамандары аталмыш сандық көрсеткіштерге қатысты киберқылмыспен күресу бойынша жүйелі әрекет етіп, алаяқтардан қорғану әдістері туралы халықтың сауатын арттыру қажеттілігін жеткізеді.
ӨТІРІКТІ – ШЫНДАЙ, ШЫНДЫ – ҚҰДАЙ ҰРҒАНДАЙ …
Технологияның дамуымен алаяқтар жасанды интеллектіні белсенді түрде қолдана бастапты. Мысалы, олар дыбыс немесе бейне байланыс арқылы диалог құрып, әңгімелесушілердің дауыстарын ғана емес, сонымен қатар жүздерін де өңдейтіндей өнерді үйренген. Шабуыл жасаушылар өздерін полицияның, ұлттық банктің қызметкерлері, тіпті достары мен туыстары ретінде көрсетеді екен. Құрбандарын жаңылыстыру үшін «сіздің шотыңызда күмәнді банктік операциялар орын алуда» немесе «интернет алаяқтарды ұстау операциясын жүргізудеміз» деген желеулерді қолданған. Өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері, мектеп директорлары немесе ұялы байланыс операторлары ретінде көрсетіп «SIM картасының жарамдылық мерзімі аяқталды деген» сылтаумен СМС кодтарын талап ету оқиғалары жиі ұшырасқан. Ақмолалық мамандар деректеріне тұздық ретінде бірнеше шынайы оқиғаны да мысалға келтіріп берді.
ТАУАРЫ ЖОҚ – САУДАГЕР
Қосшыда тұратын жәбірленушіден 2023 жылдың 30 қаңтары мен биылғы 18 қаңтар аралығында Instagram желісі арқылы елордалық псевдо-саудагер 1 889 300 теңге көлеміндегі қаражатын жымқырған. Бұл ақшаға арызданушы Қытайдан жиһаз алмақ болғаны белгілі болды. Десе де, бұған дейін 60-тан астам адамды арам торына түсірген елордалық алаяқ, кейіпкерімізді де сан соқтырған. Тергеу аясында айыпталушы WhatsApp мессенджерінде топ құрып, онда көтерме бағамен түрлі тауарларды жарнамалағаны анықталды. Қызығушылық танытқандар киім-кешек, тұрмыстық техника, тұрмыстық заттар, жиһаз және басқа да қажетті тауарларды тартымды бағамен сатып ала аламыз деп ойлаған. Төлемнің бәрі толығымен алдын ала жүргізілген. Алайда, кейіннен сатып алушылар тауарды да, қаражатты да алмаған. Әйел сәлемдемелердің кешігуін түрлі себептермен түсіндіріп баққан. Шыдамы таусылған жұрт полицияға арызданды. Қазіргі таңда 63 адам жәбірленуші деп танылып, алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
БАЛАЛАРЫНА АЛАҢДАҒАН ЗЕЙНЕТКЕР
69 жастағы келесі жәбірленушінің депозитіндегі 5,5 миллион теңгені жымқыру үшін интернет алаяқтарға үш рет телефон соғу жеткілікті болған. Алғашқы қоңырау 26 қаңтар күні сағат 12:00 шамасында түскен. Өзін «ұялы байланыс компаниясының қызметкерімін» деп таныстырған алаяқ бір сағат ішінде нөмірді қайта тіркеу керектігін, әйтпегенде байланыс тоқтатылатынын жеткізген. Шетелдегі балаларымен байланысқа шыға алмай қалудан қорыққан зейнеткер келісіп, смс-ке келген кодты айтып беріпті. 15 минуттан кейін Халық банк өкілдерінің атын жамылып екінші рет қоңырау соғып, оны банк картасын жаңартуға көндірген. Алаяқтар картаның құлпын ашу үшін «Кенгуру» қосымшасын орнатуды ұсыныпты. Олардың нұсқауларын орындай отырып, арызданушы қосымшаны орнатып, хабарламалардағы кодтарды қаскөйлерге айтқан. Осы әрекеттерден кейін ертесіне ол депозиттен 5,5 миллион теңгенің жетіспейтінін байқаған. Десе де, уақыт оздырмай банктен мұны растап, полицияға арыз жазған. Ақкөл аудандық полиция қызметкерлері алаяқтарды анықтау мақсатында жедел іздестіру шараларын жүргізді.
CYBERPOL ТОБЫНЫҢ ЖЕМІСТІ ЖҰМЫСЫ
Жалпы елімізде мәселеге қатысты Ішкі істер министрлігі киберқылмыспен күресудің 2023– 2025 жылдарға арналған ведомстволық бағдарламасын әзірлеген. Бұл бағдарлама жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылатын 2024–2025 жылдарға арналған нақтыланған іс-шаралар жоспарын қамтиды. 2024 жылдың ақпан айынан бастап Көкшетау қалалық ІІБ базасында «CyberPol» мамандандырылған түпнұсқалы мақсатты соққы тобы құрылды. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған бұл топ Полиция департаментінің Ақпарат және коммуникациялар басқармасымен бірлесіп жұмыс істейді. 2024 жылы Киберқылмыспен күрес департаментінің және Аса ауыр қылмыстарды тергеу жөніндегі бас басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтық жасағаны үшін 44-тен астам айыпталушыны ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартқан екен. Есепті кезеңде интернетке жүргізілген мониторинг барысында заңсыз контенті бар 959 сайт анықталып, бұғаттау мақсатында «Cybernadzor» жүйесіне жіберілген. Бұл қауіптерді жылдам жоюға және пайдаланушыларды қажетсіз ақпараттан қорғауға мүмкіндік беріп отыр.
АҚПАРАТ АЛДЫҢ, ДЕМЕК, ҚАРУЛАНДЫҢ
Киберқылмыспен күресуде профилактикалық жұмыс маңызды рөл атқаратыны анық. Ақмолалық басқарма жәбірленушілер қатысқан интернет-алаяқтықтың әрбір оқиғасы бойынша бейнероликтер дайындап, әлеуметтік желілерде орналастырып, ескертіп бағуда. Мұндай шаралар халықтың сауатын арттыруға және алаяқтықтың жаңа жағдайларын болдырмауға көмектеседі. Өңірде полиция қызметкерлері интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлерін ашу мен тергеуде белсенді түрде әдістемелік және практикалық көмек көрсетуді жалғастыруда. Аталмыш істе ақпарат және коммуникация саласында, оның ішінде интернет-алаяқтық саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды дер кезінде есепке алу жүзеге асырылып жатыр. Қызметтің маңызды аспектісі халықты ақпараттандыру болып табылады. Халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында профилактикалық жұмыстар білім беру, мектепке дейінгі мекемелермен қатар ірі өндірістік нысандарды қамтып отыр. Олардың ішінде: ««Гормолзавод» АҚ, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «Ақсай нан» ЖШС, «ЕРЦ Кокшетау» ЖШС, «Скиф трейд» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Бижан» ЖШС және т.б. Мұндай жұмыс азаматтардың Интернетте қауіпсіз әрекет ету дағдыларын дамытуға жағдай жасамақ. Киберқылмыскерлердің құрбаны болмау үшін Ақмола облысының Полиция департаменті келесі нұсқауларды ұсынады: «Жеке және банктік ақпаратты үшінші тұлғаға бермеңіз; Құрылғыларыңызға қашықтан кіруге мүмкіндік беретін қолданбаларды орнатпаңыз; Белгісіз тұлғалардың өтініші бойынша ақша аударымдарын жасамаңыз».
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


