Шолпан РАХМАТУЛЛИНА, Ақмола облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «МҮГЕДЕКТІГІ БАР ЖАНДАР ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ»

Қоғам өмірінде өзіндік орны болғанымен, көп жағдайда қарапайым қажеттіліктерге қол жеткізе алмай шарасыз халде қалатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары көп. Тіпті бүгінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жәрдемақыларын көтеру әрі жұмысқа орналастыру жөнінде іргелі шаралар жүзеге асырылып жатқанымен, түйткілді мәселелер де азаймаған. Дегенмен заң шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен әлеуметтік қолдаудың сан-салалы түрлерінің қолданысқа енгізілуі бірқатар қордаланған мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп келеді. Ақмола облысында да тағдырдың бұралаң қалтарысында денсаулығы сыр беріп, мүгедектікке ұшыраған адамдарды қолдау бағытында әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Жалпы, өңірдегі аталған саладағы жай-күйді білу мақсатында Ақмола облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаны әңгімеге тартқан едік.

– Ерекше қамқорлықты қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты қолжетімді? Жалпы, облыстағы аталған саладағы әлеуметтік қолдау жайлы әңгімелеп берсеңіз.

– Иә, өкінішке қарай, денсаулығы сыр беріп яки оқыс жағдайлардан мүгедектікке ұшыраған жандардың қатары артып келеді. Бүгінде облыста барлық топтағы кембағал жандардың жалпы саны 29 мың адамнан асып жығылды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексі заңды күшіне енгізілген. Онда мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдаудың барлық шаралары көзделген. Кодекс шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен қамтамасыз етуге кепілдік беріледі – бұл тифлотехникалық, сурдотехникалық құралдар, кресло-арбалар, протездік-ортопедиялық көмек, санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекшінің және тіл маманының қызметтері, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер кіреді. Биыл мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бар 7 мың адамды қамтамасыз етуге әзірленген жеке реабилитация және оңалту бағдарламаларына 1,6 млрд теңге қаражат көзделген. 1 мамырдағы жағдай бойынша 6524 адам оңалту құралдарымен және қызметтерімен, оның ішінде 591 адам протездік-ортопедиялық, 157 сурдологиялық көмекпен, 415 адамға тифлотехникалық құралдар, 247 адам кресло-арбалармен, 528 адам санаторий-курорттық емдеумен, 83 адам жеке көмекшінің қызметімен, 241 адам ым-ишара тілі мамандарымен, 4262 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, кодекстегі өзгерістерге сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын жұмыс істемейтін отбасы мүшелері де жеке көмекші болаалатын болды. Яғни, жаңа өзгеріске сай, ол азаматтар да мемлекеттен жалақы алады. Сондай-ақ олар үшін әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналары да төленетін болды. Жеке көмекшінің қызметтеріне ақы төлеуді қалалық басқармалар мен жұмыспен қамту бөлімдері қызмет көрсетудің нақты уақыты үшін, бірақ күніне сегіз сағаттан аспайтын мерзімде жүргізеді.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдарды толғандыратын өзекті мәселелер көп. Оларға құқықтық кеңес беру және мүдделерін қорғау бағытында жұмыс қаншалықты жолға қойылған?

– Облыста мүгедектік мәселелері бойынша өңірдегі ауылдық округ әкімдері кеңесшілерінің институты іске асырылуда. Барлық өңірлерде кеңесшілер өз қызметін жүзеге асырады. Мәселен, Зеренді, Бурабай, Бұланды, Целиноград, Ерейментау, Атбасар, Ақкөл аудандары мен Көкшетау қаласында аталған институттар ауылдық әкімдіктер деңгейінде жұмыс істейді. Кеңесшілердің жұмысы мүгедектігі бар адамдардың проблемалық мәселелерін уақытылы және жедел шешуге бағытталған. Сондай-ақ басқарма әр айдың 10-ы күні (маусым айында 9-шы күні) мүгедектігі бар адамдардың мәселелері бойынша Ашық есік күнін өткізеді. Өңір аудандарының бәрі бейнебайланыс арқылы қатысады. Мүгедектігі бар адамдардың өзекті мәселелерін шешуге білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының, Ақмола облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің, аудандар мен қалалар әкімдіктерінің өкілдері шақырылады. Мамандар мәселелерді жан-жақты қарастырып, қажетті түсініктемелер береді, түйткілді мәселелерді жан-жақты сараптап шешуге көмектеседі.

– Қазіргі уақытта елдің бірқатар аймақтарында инватакси қызметі пайда болған. Мұндай қызмет Ақмола облысында қаншалықты жолға қойылған?

– Ақмола облысында «Инватакси» қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде көрсетіледі. Облыстық, аудандық және қалалық бюджеттерден жалпы көлемі 71,6 млн теңге сомасында қаржы көзделген. Бүгінгі таңда Инватакси қызметтері облыстың 7 өңірінде, атап айтқанда, Атбасар, Бурабай, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Көкшетау, Степногорск және Қосшы қалаларында көрсетіліп келеді. Осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша, 4 058 адам қызметпен қамтамасыз етілді, оның ішінде мүгедектігі бар балалар саны – 1115. Қызмет ҚР Көлік және коммуникация министрі міндетін атқарушының 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен мүгедек адамдарды тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес көрсетіледі. Инватакси қызметі жұмыс немесе оқу кестесіне сәйкес жұмыс істейтін және оқитын мүгедек адамдарға бірінші кезектегі тәртіппен ұсынылады. Мүгедектігі бар өзге адамдарға инватакси қызметі олардың жүгіну тәртібіне сай ұсынылады.

– Қоғамда, өкінішке орай, қартайған шағында жақындарынан жырақ қалып, бір жағынан, мүгедектігінің салдарынан қарапайым қажеттіліктерге қол жеткізе алмай жататын жандар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың көмегі ауадай қажет екені түсінікті. Өңірде осы бағыттағы әлеуметтік қызмет ету бағыты қалай жұмыс істейді? Қызмет көрсететін мамандар жеткілікті ме?

– Басқарма ведомствосында 10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Оның ішінде қарт адамдар мен І және ІІ топтағы мүгедектер үшін бес, психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдар үшін төрт, балалар психоневрологиялық патологиясы бар балалар үшін бір қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта аталған орталықтар 1348 адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар 965 адам мен 50 бала бар. Оларға үйдегідей жағдай жасау үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Биыл арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бірнеше әлеуметтік жобаларды іске асыру жоспарланды. Бүгінде облыс аудандарында жасалған келісімшарттарға сәйкес 18 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олар арнайы бекітілген талаптарға сәйкес, толық көлемде арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетеді. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен төмен тұрған бюджеттерге стационар, жартылай стационарлар, әлеуметтік оңалту орталықтары, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға арналған орталық, үй жағдайында, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен адам саудасының құрбандары үшін дағдарыс орталықтары жағдайында қызмет көрсетуге шамамен 633 млн теңге қаражат көзделген. Өңірлерден ұсынылған есептерге сәйкес, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін 582 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алған. Оның ішінде стационар жағдайында – 8 адамға, жартылай стационар жағдайында – 185 адамға, оңалту орталығы жағдайында – 23 адамға, үйде – 248 адамға, уақытша орталықта – 31 адамға, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 87 адамға қызмет көрсетілген. Бұдан басқа, биыл жеке сектор шеңберінде 2023 жылдан бастап Көкшетау қаласында психоневрологиялық аурулары және ОДА бұзылулары бар мүгедек балаларға арналған 15 төсекорынға арналған «сыйымдылығы аз үй» жартылай стационары жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджет қоржынынан 32 млн теңге қарастырылды.

– Ерекше қажеттілігі бар адамдардың екі қолға бір күрек тауып жұмыс істеуі де қоғамдағы аса түйткілді мәселелердің бірі екені рас. Өңірде осы бағытта мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты жүзеге асырылып жатыр? Еңбек адамдарының құқықтары мен мүддесін қорғау, жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту бағытына қаншалықты назар аударылған?

– 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде облыс бойынша биылғы жылы 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде міндеттер қойылды. Азаматтарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мәселелерін іске асыру үшін жыл сайын облыс әкімі өңірлік жұмыспен қамту картасын әзірлеп бекітеді. Оған ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар бойынша инфрақұрылымдық қамту шеңберінде жұмыс орындарын құру, бос орындарға жұмысқа орналастыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде жастар мен ауыл-аудандарға шағын несие беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, 10 мың адамға кемінде 100 жұмыс орнын құру, кәсіпкерлік бастамалар шеңберінде халықты жұмыспен қамту сияқты бағыттар кіреді. Жоғарыда аталған жобалар мен бағдарламалар шеңберінде өткен жылдың қорытын464 жұмыс орны, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 300 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгін «Электрондық еңбек биржасы» порталында құрылыс, күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау бойынша іске асырылып жатқан жобаларда облыстың 290 кәсіпорны 1997 бос жұмыс орнын ашты, соның арқасында 1284 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Өткен жылы 290 жобамен 5 810 жұмыс орны құрылған.

– Өңірде жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қандай нақты шаралар мен бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр? Олардың нәтижесі жөнінде азкем айтып кетсеңіз.

– Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда бірінші кезекте салмақ шағын және орта бизнес өкілдеріне түседі. Яғни, кәсіпкерлік бастамалардың мемлекетпен қолдау табуы өз кезегінде жұмыс орындарының да көбірек болуына ықпалын тигізеді. Бұл орайда өңірде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» индикаторы бойынша жұмыс орындарын ашу бағытында кең көлемді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы белгілеген кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде 8979 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 2 мыңнан астам (2354) жұмыс орны немесе 8979 жоспарының 26,2% орындалды. Бұл бағыттың басты ерекшелігі – бірегей ірі кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Салыстырмалы түрде айта кетсек, өткен жылы облыс аумағында 11 261 жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамтудың өзекті бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын қамту бойынша жұмыссыз азаматтарға мемлекеттік қолдау беріліп келеді. Мәселен, осы жылы жұмыссыздар арасынан 2420 азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Бүгінгі таңда жоспарланған адамның 1746-ы жаңа жұмыс орындарына қабылданды. Атап айтқанда әлеуметтік жұмыс орындарына 302, «Жастар тәжірибесі-не» 145, қоғамдық жұмыстарға 1013; «Бірінші жұмыс орны» бойынша 47; «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша 6; «Күміс жас» бойынша 232; мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік жұмыс орындарына бір адам орналасты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына барлығы 2 931 адам жіберілген еді.

– Жаңа жұмыс орындарын ашуда мемлекеттік грант алып өз ісін ашып, кәсібінен нәсіп тауып жатқан жандардың үлесі артып келе жатқаны рас. Бұл орайда облыс аумағында қайтарымсыз гранттың көмегімен кәсіп ашқандардың қатары өсіп келе ме?

– Иә, мемлекет шағын көлемді қайтарымсыз гранттардың да көмегімен халықтың өз кәсібін ашуына, екі қолға бір күрек тауып, жұмыс істеуіне мол мүмкіндіктер ұсынуда. Аталған бағытта Ақмола облысында да өзінің кәсібін ашу үшін қайтарымсыз гранттарға ие болған жандардың қатары ұлғайып келеді. Оның ішінде тұрмыс жағдайы төмен әлеуметтік осал топтағы азаматтар да бар екені қуантады. Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) арасынан 240,8 млн теңге сомасына (бір адамға 400 АЕК дейін) 167 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Салыстырмалы түрде айта кетсек, былтыр дәл осы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) арасынан 233,2 млн теңге сомасына 178 адам (170 адамға 400 АЕК дейін) өтеусіз грант алған еді. Қайтарымсыз грант алып, жағдайын азмаз болса да көтеруге мүмкіндік алғандардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендер, мүгедектігі бар, көп балалы отбасылар, қандастар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар, асыраушысынан айырылған адамдар бар. Биыл, әсіресе, өз кәсібін ашып дөңгелетуге ниеттенген жастарға да мол мүмкіндік ұсынылды. Жастарға кәсіпкерлік бастамаларын дамыту үшін 2,5%-бен 178 азаматқа 890 млн теңге сомасында жеңілдікті шағын несие беру жоспарланып отыр. Салыстырмалы түрде айта кетсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша, 185 адамға жеңілдікпен шағын несие берілген. Аталған азаматтар қызмет көрсету, азық-түлік және бөлшек сауда, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, жеңіл және ауыр өнеркәсіп бағытында өз кәсіптерін бастап кеткен.

– Биылғы су тасқынының салдары тұтас еліміз үшін аса ауыр болғаны рас. Бұл орайда тұрмыс жағдайы төмен әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде жәрдемақы беру жайы қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?

– Биыл 2,1 мың аз қамтылған отбасына атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 1017,3 млн теңге қаражат бөлінді. Жыл басында атаулы әлеуметтік көмек алуға 3334 өтініш қабылданып, 1423 отбасына 382,3 млн теңгеге тағайындалып, оның 283,8 млн.теңгесі төленді. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 2,2 мың баланы қоса алғанда, ай сайынғы қосымша төлемді қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 104,9 млн теңге сомасында қаражат бөлінді. Жыл басынан бері 1998 балаға 46,8 млн теңге төлем тағайындалса, 1853 балаға 34,2 млн теңге төленді. Салыстырмалы түрде айта кетсек, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек бойынша 1077,2 млн теңге төленді. Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алуға 7744 өтініш қабылданып, 2327 отбасына, оның ішінде 792 көп балалы отбасына 1075,1 млн теңгеге тағайындалып, 1077,2 млн теңге төленді. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 3,3 мың балаға ай сайынғы қосымша төлем жоспары 120,4 млн теңге болса, 120,3 млн теңге сомасында төленді. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуге 319 мүгедек балаға 10,6 млн теңге, ал 316 балаға 8,8 млн теңге төленді. Мемлекеттік қызметтерді көрсету шеңберінде, ағымдағы жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша, жергілікті өкілді органдардың шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек төлеу, АИТВ жұқтырған балаларға ең төменгі күнкөрістің екі мөлшері көлемінде ай сайынғы төлем 14 балаға 4805,2 мың теңге тағайындалып, төленді.

– Әңгімеңізге рақмет! Істеріңіз әрқашан оңынан болсын!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Қос дипломнан – жаңа белеске: Еуразия ұлттық университеті мен Наньнин педагогикалық университеті Қытайда бірлескен институт ашты

Қытай Халық Республикасындағы Наньнин педагогикалық университетінде Л.Н. Гумилев атындағы...

Профилактикалық тексеру

Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемесінде...

Сот отырысын ұйымдастырудың маңызы мен тәртібі

Сот төрелігін жүзеге асыру – кез келген құқықтықмемлекет жағдайында...

INTEGRA CITY представляет AI-технологии для экосистемы цифрового управления городами на GITEX Africa 2026

Международная группа компаний INTEGRA CITY принимает участие в выставке...