Әділетті Қазақстан қалыптастырудың формуласы қарапайым. Оның кілті – елдің бірлігіне, халықтың ынтымағына байланысты. Ал халықты татулыққа үндейтін, табысқа жетелейтін – ел алдында жүрген адал, жауапты азаматтар. Сырым Датұлы бабамыз айтпақшы «Азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы». Осындай үндестікте жұмыс істеген елдің еңсермейтін биігі жоқ. Мұны өз ісімен дәлелдеп келе жатқан айтулы азаматтың бірі – Досжан Әмір. Досжан Сарманқұлұлы қай өңірде қызмет етсе де, жақсы істердің, жаңа жобалардың басында жүреді. Ақмола облыстық сотының төрағасы болған кезде елдің құқықтық сауатын арттыру бағытында еңбек етіп қана қоймай, өңірдің тарихын түгендеп, рухани байлығын бүтіндеудегі атқарған арқалы істерін аймақ жұртшылығы әлі де аңыз етіп айтып жүр. Расында, Досжан Әмірдің Ақмола өңірін дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Соның ішінде осы аймақтан шыққан би-шешендердің мұрасын тірілтіп, оны көпшілікке насихаттауда да Досжан Сарманқұлұлының қолтаңбасы сайрап тұр. Бүгінде Жоғарғы Сотта қызметін жалғастырып жүрген білікті судья, ел аманатына адал азаматпен әңгімеміз осы тарихи құндылықтарды дәріптеуге байланысты өрбіді.
– Досжан Сарманқұлұлы, сіздің тіл жанашыры екеніңізді, ұлттың тарихын ұлықтауды басты орынға қоятыныңызды білеміз. Расында тарихын білген ел – тамырынан ажырамайды. Ал бүгінгідей Әділетті Қазақстанды қалыптастырып, еститін мемлекет құру бойынша іргелі жұмыстар жүріп жатқанда руханиятқа, тарихи құндылықтарды насихаттауға қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
– Саяси-қоғамдық құбылыстар тұсындағы, әсіресе, кеңестік тоталитарлық кезеңдегі керітартпа көзқарастың ықпалы демесеңіз, біз өткенінен сабақ ала білетін, ата-бабаларымыздың жүріп өткен ғибратты жолынан қорытынды жасап, ұлағатын жайып отыратын, ұрпағына сіңіре білетін халық өкілдеріміз. Ең ғажабы сол, империя тасқа басылған құндылықтарымызды, тарихи мұраларымыздың көзін, мүмкіндігінше, қолдарынан келгенінше, қаскүнемдікпен жойып отырды. Бірақ соған қарамастан, жады берік, санасы сара, кеудесі бұлақ, құйма көкірек жұртымыз ұлтының ұлағатын қастерлеп, сақтап, ұрпағына ауызба-ауыз жеткізе білді. Еуропа елдеріндегідей, зәулім салтанатты сарайларын, тарихи ескерткіштерін мықтамаса да, орыс жұртының Эрмитажындай мұражай-архивтерін тұрғызбаса да, дана халқымыздың, ата-бабаларымыздың жүрегінде аялап келген асыл мұрасы, аяулы қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа шашауы шықпай жетіп отырғаны таңдай қақтырарлық ғажайып тағылым. Абайдың заманында тағдыр айдап, қазақ сахарасына кез болған Еуропалық ғылым мен мәдениеттің ірі өкілі, поляк халқының ұлы перзенті Адольф Янушкевич Семей, Қарқаралы өңірлерін кезіп жүріп, Құнанбайдың айналасында болған аз ғана айлардың ішінде жергілікті елмен етене араласа жүріп, осынау жұрттың шексіз даналығына, сұңғыла шешендігіне, кісілігі мен мәрттігіне таң қалып, тамсанумен болған. Кейінірек, өз ортасына жетісімен, байтақ даладан алған әсерін таңбалап, кітап қылып жазуға асыққан, кешіктірмей жариялаған. Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың Қытайды билеп тұрған заманында еуропалық әйгілі венециандық саяхатшы Марко Полоның оған он жеті жыл бойы қызмет етіп, түркі-шығыс елдерін зерттей жүріп, өз еңбектерінде далалық көшпелі халықтар туралы, /біздің ата-бабаларымыз деп қабылдаңыз/ олардың өнегелі салт-дәстүрі, дарын-қабілеті, шешендігі туралы тамсана жазған жазбалары дүние жүзі елдеріне кеңінен тараған. Әрине, өзіміздің тануымыз бір басқа, ал мәдениеті алға озып кеткен жұрттардың ең үздік, алдыңғы қатарлы, танымал өкілдерінің біздің дала халқы туралы көзқарастарының құндылығы бір бөлек. «Сырт көз сыншы» демекші, әрине, бір ауық сырт көз арқылы, осылайша баға беру, өзгелердің даналық биігінен үңілу – ақиқатқа жақындата түсер. Міне, билер институтының біздің өміріміздегі алар орнына, әсіресе, өзіміздің заң мен сот істеріндегі маңыздылығы мен құндылығына тоқталмас бұрын, осылайша даналық өлшеміне қилы-қилы тұрғыдан, тарих мінбесінен көз тастап, бағыт-бағдар жасап алған орынды.
– Ел дамуында билердің рөлі жоғары. Ал осы Ақмола өңірінен шыққан билерді жұртқа таныстырып, бітімдерін насихаттауда көп еңбек сіңіргеніңізді білеміз. Дауды өршітпей, келіспеушілікті келісіп шешуге үндеген билер дәстүрін жаңғырту қаншалықты пайдалы?
– Қырық жылға жуықтаған қызметтік бағытымда, біздер үшін, тіпті, өз саламыздың жұмысы үшін ғана емес, байтақ халқымыз үшін, сан ғасырлық тарихымыздың ішінде қазақ даналығының жиынтық қазынасы дерлік билер институтына қатты ден қоюмен келемін. Халқымыздың көне мұраларына сүйенбей, ешбір қолға алған ісім алға басқан емес, онсыз заңгерлік мұрат-мүддемді елестете де алмаймын. Өткеннің бәрін мансұқтай беруге де болмас, өздеріңіз білесіздер, бүкіл еліміз болып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алдық, бұл бастама ежелден рухы биік, мұраты асқақ халқымыздың өміріне зор серпіліс әкелгендігін мойындауымыз керек. Осы тұста көне мұраларымызға қатты көңіл бөлінді, әсіресе, билер институтының өткен замандардағы ықпалы мен бүгінгі орны көп айтылып, қазіргідей жаһандану белең алған қоғамда халық даналығының бүгінгі өмірімізге көптеп енгізілуі қажеттілігі баса айтылып, мемлекеттік мәні зор бағытымызға айналғанына халық куә. Осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іс-шаралар елімізде жаппай қолға алына бастағанда мен Ақмола облыстық сотының төрағасы ретінде Көкшетау қаласында қызметте едім. Үш жүздің басын қосып, бір мүддеге жұмылдырылған қасиетті Абылай ханның Қазақ Ордасының байрағы тігілген, қазақтың соңғы ханы Кенесарының қасиетті күресі бастау алған, халқымызға әйгілі Қанай, Саққұлақ, Бапан билердің, Арыстанбай, Шөже, Орынбай сияқты дүлдүл ақын-жырау, шешендердің, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты атақты сал-серілердің ізі қалған бұл тарихы бай өлкеге қызмет бабымен келуім де менің құлшынысымды оята түсті. Сондықтан өлкенің тарихын танып, тұлғаларын зерттеуге айрықша күш-жігермен кірісіп, осы билер институтының қызметін өрістету, заң мен сот салаларында неғұрлым қолданыс аясын кеңейте түсу бағытында бірқатар шараларды қолға алып, елмен қоян-қолтық жұмыс істегенімізді бүгіндері разы көңілмен еске аламын. Осы аймақта атқарылған ілкімді істер құнды төрт жинаққа топтастырылғанын да айта кеткенім жөн.
– Билердің даналығын дәріптеу, рухани саланы жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қарқын алып, өріс жайған кезеңде сот және заң саласы маңызды міндеттерді мойнына алып, белсене еңбек еткендігін ешкім жоққа шығара алмас. Сол кездегі ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізіп, онда осы бағдарламалық мақалада көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланған болатын. Сонда Қайрат Әбдіразақұлы: «Бұл бастаманы «мың өліп, мың тірілген қазақ» елі үшін жанын аямаған ата-бабаларымызға деген құрмет деп бағалаймыз» деп атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарымыздың жандануына үлкен еңбек сіңіріп, тікелей бақылауына алып, қадағалап отырып еді. Осы бастамамен Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен бірлесе отырып, және қаладағы зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен билер институтының ел өміріндегі алатын орны, мән-маңызы турасында ауқымды шара өткізген едік. Осы бір сүбелі шара барысында, осыдан кейінгі қолымызға алған талай-талай жоспарлы жұмыстарымызда, билер институтының маңыздылығы аясындағы тақырыптық кездесулерде, сондай-ақ, аудан орталықтары мен ауылдарда билер мерейтойларын өткізу, ескерткіштер ашылуының салтанат-шараларында, тек аға буын өкілдері ғана емес, жас буынның да, оқытушы жас ұстаздар мен білім алып жүрген шәкірт-жастарымыздың да ел тарихына, оның ішінде, билер институтының тағылымына деген қызығушылығына, би-шешендеріміздің ұлағатты мұраларына ден қоюына қатты сүйсіндік. Сондай сәтте «даланың дара ділмар даналарын танытудағы азды-көпті еңбегіміз, билер даналығын жастарымыздың сана-сезіміне сіңіре беруге деген талпынысымыз зая кетпеген екен, келешек ұрпағымыздың бойында ел тарихын тануға, билер танымына бойлауға деген құлшыныс оянған екенау!» деген ойдан айрықша қуаттанып, жігерленген едік. Әрине, осындай нақты нәтижелері алақанға салғандай танылған шаралар шабыттандырады, ел келешегінің мерейі арта түсіп, алға, даму жолына түсетініне деген сеніміңді оятып, өз ісіңе деген сеніміңді еселей түсетіні анық. Сол кездерде, өз көкейімде: «билер институтының ұрпақ үшін маңыздылығын арттырып, осы бағытымызды жалғастыра беруіміз, жандандыра, түрлендіре түсуіміз керек!» деген ниет оянып еді. Иә, осы бағытта, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, ел өміріне серпіліс әкеліп, ұрпақ болашағы үшін сіңіріп жатқан еңбегіміз зая кетпейтініне көзімізді жеткізгендей болсақ, демек, ісіміздің алға басқаны да!
– Ақмола өңірінен шыққан би-шешендердің төрелік етудегі тапқырлығын, танымын көрсететін жазбаларды әлеуметтік желілерде тұрақты жариялап отырғаныңызды білеміз. Сондағы билердің бітпес дауды бір ауыз сөзбен түйіндеген шеберлігіне тәнті болатын едік. Осы жазбалардан да ұлт болашағына, ұрпақ тәрбиесіне деген жанашырлығыңыз анық байқалып тұратын.
– Ұлт мұраты, ұрпақ болашағы – елге қызмет еткен азаматтардың қай-қайсысын да алаңдататыны анық. Қазір халықтың көбі ақпараттық ғаламтордан, әлеуметтік желіден алады. Сондықтан, билер мұрасын әлеуметтік желілер арқылы дәріптеуді қолға алғаным рас. Өз заманында халық мойындап, білімі, көрегендігі, шешендігі, әділдігі үшін ел ілтипатына ие болған билер үлгі етуге, өнеге тұтуға әбден лайық. Ғаламтордағы алаңды танымдық бұрышқа айналдыруымның да мәні осында. Академик С.Зимановтың төрт тілде шыққан: «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабындағы: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қолжеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» деген сөзі ел тыныштығын, татулығын сақтаудағы билерге жүктелген талап пен жауаптылықтың жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан да, дәл сол ата-бабаларымыз өрлеген биіктерден табылмасақ та, «болмасаң да ұқсап бақ» деп дана Абай айтқандай, осы межелерге талпыну, мұрат-мүддемізді барынша осы құндылықтарымызды пайдалана білуге жұмылдырып, жас ұрпағымызға тәлім-тәрбиелік бағыт беру, осы ұлы мақсаттар жолында қажыр-қайрат жұмсау біздің азаматтық парызымыз болмақ. Сандаған ғасыр бойы адамзаттың ажырамас серігіне айналып, бірге жасасып келе жатқан кітап атты қасиетті дүние, егер біздің дәуірімізде де тасқа басылғандай қымбат қазыналы мұрамыз деп санар болсақ, менің әлденеше облыс өлкелерінде сот төрағасы қызметіндегі азды-көпті жасаған істерімнің қорытындысы іспетті, сол Көкшетау топырағындағы алпыс жылдық мерейтой қарсаңында баспа бетін көрген «Ой-толғаныс», «Бекзат болмыс», «Жиһанкез заңгер» секілді, қажырлы да қарқынды еңбек жылдарымыздың жарқын нәтижелері жинақталған туындыларда да халқымыздың даналық қадір-қасиеті танытылған, билер институтының маңызын арттыру жолындағы жарқын істеріміз тілге тиек болған еді. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демекші, азды-көпті еңбегімізді бұлдау, көзге шұқып көрсету мұрат емес, негізгі мақсат – ата-бабамыздың даңғыл жолына деген құрмет, өткен тарихымыздың ғибратты іздерінен ұлағат іздеп, ұрпақ санасына сіңіре беру, осы мүдделермен өмір сүріп, болашаққа сеніммен қадам басу екенін баса айтқымыз келеді. Әділетті Қазақстан қалыптастырудың формуласы қарапайым.
– Осы жылдары Ақмоладағы бірталай көшеге қазақ билерінің аты берілді. Өңірді қазақыландыруға қатысты ұсыныстарыңыз жүзеге толық асты ма?
– Ұлылардың ізі қалған Ақмола өңірін қазақыландыру ісіне барша халық атсалысты. Сол тұста біз ұсынған 53 ұсыныстың бәрі қабыл болмағанымен, өлкеміздің бір кенті мен он үш көшесіне би-шешендеріміздің есімдері берілді. Бұл да болса елге еткен еңбегіміздің, төгілген маңдай теріміздің нәтижесі. Басып өткен топырағымызда таңбаланып осындай іздеріміз қалып, жосылған жолдарымыз жатса, текке өмір сүрмегеніміз болар, әке үмітін, ана сүтін ақтағандығымыз шығар деген сенім көкейімізге ұялап, көңілімізді марқайтады. Жас ұрпаққа танытар, көрсетер өнегелі ғибратымыз, ұлағатымыз да осы болмақ.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет! Өзіңіз сияқты ел үшін есепсіз еңбек ететін адал азаматтарымыз көп болғай!
Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»


