Ауылына қарап азаматын таны!
Туған жерінен қол үзбей, ауылының аманатына адалдық танытып жүрген жандар қаншама! Елдің азаматына айналған саңлақтардың өскен өлкесіне деген жанашырлығының, сүйіспеншілігінің арқасында талай шалғайдағы ауылдар өркениеттен сырттан қалмай, замана көшіне ілесіп келеді. Алматы облысындағы талай ауылдың тамырына қан жүгіртіп, талантты өрендерінің көпшілікке танылуына, кәсіп ашып, қабылетін сынауына көмектесіп жүрген қамқор жандардың еңбегін де айтып, жазып көрсеткен орынды. Осы ретте Күрті ауданындағы келелі істер туралы айтқанда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетовтің есімі қатар аталады. Жақында Серік ағамыз туған жеріне атбасын бұрып, ауыл ақсақалдарының басын қосып, ел ертеңіне қатысты келелі жиын өткізуге мұрындық болған еді.
Аудан орталығы болған Ақши ауылына апаратын жол да тақтайдай тегіс. Ауыл шетіне іліккенде көкпеңбек болып алыстан көз тартатын Күрті тоғаны аймақтың ажарын келтіреді. Көпшілік қолымен жасалғандықтан ғана тоған аталғанымен, орта деңгейлі өзенге бергісіз су қоймасы қасиетті топырақты нәрлендіріп, Алматының айналасын қауын, қарбыз, асқабақ секілді сан түрлі көкөніспен қамтып отыр. Тынымсыз тірлік еткен Күрті ауданы дихандарының халыққа ұсынған өнімдері әр отбасының дастарханын толтырып, ел игілігіне жарауда.
Әулие Белағаш ата мен 130 жыл өмір сүрген емші Құртқаның мекені болған бұл аймақты халық киелі жер деп санайды. Қасиетті мекенді Серік Үмбетов бастаған азаматтар көркейте біліпті. Тұрғындар тіршілік нәрі ауыз судан бастап, табиғи газбен толық қамтамасыз етілген. Көше шамдары самаладай жарқыратып тұр. Автокөлік пен жаяулар жолына стандартқа сай төселген асфальт қалыңдығы, тазалығы кім-кімді болсын тамсантады. Жарнамасы мықты шетелдерден де мұндай реттілікті кездестірмейсіз. Оның құпиясын «Бұлақ басынан тұнады» деген қазақы даналық ашып береді.

Ақшидің төріне жиналған ақсақалдардың дені – кезінде ел басқарған, республика халқына танымал болған, көпке жол көрсеткен азаматтар. «Ауылға сағыныш» атты кездесуді ұйымдастырып, алдыңғы буын мен кейінгі буын арасындағы алтын көпірді жалғаған Серік Үмбетовтің есімін халық ерекше қадірлейді. Кезінде Жамбыл, Алматы облыстарының әкімі болған, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде де елге қызмет етіп, республикада бірқатар жоғары лауазым атқарған Серік ағаның туған жерге деген сүйіспеншілігі зор. Ауылына күнде келіп, табан тіреудің сәті түспесе де, ағамыз мұндағы жұртты жақсы таниды. Өзінен көмек сұраған, өзінен кеңес күткен жандарға ағамыздың қандай кезде де уақыт тауып, қол ұшын созуға, қолдау көрсетуге дайын екеніне осы жолы да көзіміз жетті. Үлкен-кіші қаумалап, жан-жақтан тілек, ұсыныс жасап жатқанда ағамыз бәрінің сөзін ыждағаттылықпен тыңдап, бауырына басып, жылы сөзін арнап жатты. Өз еңбегімен биікке жеткен адамның жақсы лебізі – жарты бақыт екенін осы сәтте анық ұғынғандай болдық.
Игі шарада сөз бастаған Серік Әбікенұлы: «Бүгінгі кездесуіміздің мәні зор. Күрті ауданы құрылғанда партия комитетінің 1 хатшысы болып Тұрысжанов Бекболат келген еді. Ол кісі бүгінде 90 жасқа толыпты. Содан кейін тізгінді алған Тоқсейітов Тастан ағамыз да сексеннің сеңгіріне шықты. Ол кісіден соң Нұрманбетов Нүсіпжан ағамыз ел үшін қызмет етті. Бұл кісі денсаулығына қарамай, біз құрметтеп шақырған соң ортамызды толтырып отыр. Осының өзі ағамыздың «Халықтан үлкен ешкім жоқ» деген тәмсілді өмір бойы бағдар еткенін көрсетеді. Ел басқарғандар қатарында болған Сатыпалдиев Жұмаділ ағамыз да қиындыққа қарамастан, еліне, жеріне келіпті, – деп Ақши халқының шақыртуымен арнайы келген азаматтарға алғысын білдірді.
«Менің әкем екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Сол кісі «Бізде ел үшін, жер үшін деген екі ғана ұран болды» дейтін. Осының өзі соғыста идеологияның мықты болғанын көрсетеді. Ал, идеология жоқ жердегі қозғалысыңыз құдды ескексіз қайықпен айдын көл бетінде қалқып жүрумен тең. Идеология көпшілікті біріктіре алғанда құнды. Идеологияны мықты ететін – алдыңғы буын ағалар. Мысалы Ызғарбек Бектұрсынұлы секілді азаматтар талай жастың түзу ұшып, дұрыс қанаттануына жол сілтеді. Болайын деген балаларды алыстан танып, қабілет-қарымын шыңдауға атсалысты. Арамызда жүрген Бекайдар Егінбаев, Әмір Құлмаханов, Балтағұл Молдақасымов та тегіне тартқан текті ұлдардың қатарында. Ауданды көтеруде әйелдер қауымының да еңбегі зор. Алтынсара Өмірзақова – сондай ел алдында жүрген ананың бірі. Бұл кісі кезінде ауданның бас экономисі, аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Қазақ қыздарының қандай қайсар, қандай сауатты, әмбебап болатынын көрсеткен осындай аналардың жолы кейінгі қарындастарымызға жұғысты болғай» – деп Серік Әбікенұлы сөзін түйіндеді.
«Көргені көп көш бастар» дейді халық даналығы. Сол айтпақшы, кезінде Серік Үмбетовтің тәлімін көріп, тәрбиесін алған бірқатар жастар бүгінде елге қызмет етіп, халықтың алдында жүр. Соның ішінде Махабат Бигелдиев пен Ерғазы Қошанбековтің есімі жұртшылыққа жақсы танымал. Ауыл, ауданның әкімі болып қызметін бастаған қос азамат та республикадағы маңызды қызметтерде өзін көрсете білді. Осының өзі Серік Үмбетовтің кадр таңдауда, жастардың бойынан көшбасшылық, даралық қабілетті анықтауға шебер екенін көрсетсе керек. Әскербек Абаев, Жолтай Балтабеков, Ержанбек Нұрбеков секілді замандастары да өзіне жүктелген сенімді абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленген. Қай лауазым тапсырылса да, жауапкершілікпен атқаратын бұл азаматтарды елге елеулі еткен де еңбекқорлығы мен адалдығы десек шындықтан алысқа ұзай қоймаймыз.

«Ауылға сағыныш» деген атпен ұйымдастырылған кештің түпті мәні тек ауданды көтеруге, халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеуге атсалысқан азаматтардың басын қосып, алғыс айту емес. Бұл кеш ең алдымен ел басқарған ағалардың тәжірибесін бөлісуге, алдағы уақытта ауданнан талантты да талапты жастар шоғырының қалыптасуына жол ашуды көздейді. «Көргені көп көш бастайды» демекші, көштің алдында жүрген азаматтармен дидарласу, тағылымды жолына үңілу, парасатты сөзін тыңдау – жастарға үлкен сабақ, тағылымды мектеп болары анық.
– Ауданның атауы не себепті Күрті деп аталған? Оның мағынасы не? Осы сауалды талай танымал тарихшыға қойдым. Өзім де талай шежірені ақтарып, сөздің түпкі мазмұнын табуға тырыстым. Түйгенім, Күрті – ежелгі бабаларымыздың бірінің аты. Ауданның атын сол атамыздың құрметіне орай қойған секілді. Елдің басын біріктіріп, ел аузында сақталған осы баба есіміне көлеңке түсірмау – баршамыздың перзенттік піндетіміз. Ауылға деген сағыныштың тамырында елге деген құрмет, туған жерге деген тағзым жатыр. Біз қай кезде де ауылды сағынып тұрамыз. Ұрпағымыз да ауылдан ұзамай, туған жерге туын тіксін десек, елге деген сүйіспеншілігімізді дара істерімізбен, өз әрекеттерімізбен көрсетіп, жадыларына сіңіруіміз керек. Сонда ғана Күрті облыстан асып, республика көлемінде үлгі тұтар, мақтана айтар ауылға айналады. Ауыл – алтын бесік. Ауыл – біздің басымызды біріктіретін алтын тірегіміз. Сондықтан да бүгінгідей басқосулардың саяси-әлеуметтік мәні зор. Біздерден бастау алған ұлағатты үрдіс бұдан әрі де жалғасты болады деп сенеміз, – деді Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбеков Бектұрсынов.
Расында, ауыл азаматтарының басын қосып, әдемі кездесу өткізу арқылы Серік Әбікенұлы туған жерге деген құрметті еселейтін тағы бір шараның қалыптасып, орнығуына ұйытқы болып отыр. Біздің еліміз осындай өзгеше ойлайтын, ұлттық рухты ұстын еткен, соңынан елді ерте алатын азаматтармен мықты. Үмбетов осындай озық идеяларымен көпке үлгі.
Нұрбол Әлдібаев,
«Заң газеті»


