– Күлзайра Жұмабайқызы, Мемлекет басшысы қоғамымызда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау үшін тиісті шаралар қабылдауға үнемі назар аудартады. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстардың қайсысын ерекше атар едіңіз?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, төрт министрліктің бірлескен бұйрығы негізінде 2021 жылдан бері Ақмола облысында «Мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу, қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызмет көрсету бойынша пилоттық жобасы сырттай форматта, автоматтандырылған режимде іске асырылуда. Мүгедектік тобын және еңбек ету қабілетінен айырылу пайызын белгілеу мақсатында пациенттерді куәландыру екі режимде жүргізіледі. Осы пилоттық жоба аясында сырттай куәландыру жүргізілетін 12 нозологиялық бірлік (аурулар) енгізілген. Бұл ретте шешім пациенттің жеке қатысуынсыз, электрондық форматта берілген медициналық құжаттардың негізінде ҚР Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы аумақтан тыс қағидат бойынша қабылданады. Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дайындауымен Инклюзивті саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданбақ. Аталған тұжырымдама әрбір азаматты дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құру мақсатын көздейді. Бұларды ескерсек, мемлекетімізде мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, кемсітушілікті болдырмау, инфрақұрылым қолжетімділігін арттыру, еңбек нарығындағы теңсіздікті жою, арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасын көтеруде цифрландыруды енгізуде қолға алынып жатқан кешенді жұмыстардың қай-қайсысы да жағдайды жақсартары анық.
– Денсаулығына байланысты еңбек қабылетінен айырылғандар мүгедектік алу үшін алдымен қайда баруы керек, медициналық әлеуметтік сараптама қалай жүргізіледі?
– Жоғарыда айтқанымдай, бұл үшін адам ең алдымен тұрғылықты немесе тіркелген жердегі емханаға барып, қажетті диагностикадан өтеді. Диагнозы мен функционалдық бұзылулары нақтыланған соң төрт айдан кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі. Бірақ, бұл мерзім анатомиялық кемістіктері, жазылмайтын аурулары бар, т.б. науқастарға қолданылмайды. Медициналық-әлеуметтік сараптамада мамандармен адам ағзасы қызметінің бұзылу, еңбек қабылетінің шектелу дәрежесi қаралып, бағаланады. Құжаттардың негізінде алқалық сараптамалық қорытынды жасалады.
– Адамның мүгедектігін танудың қандай міндетті шарттары бар?
– Адамды мүгедектігі бар деп танудың бір мезгілде болуы тиіс шарттарының бастысына ағза қызметінің тұрақты бұзылуынан денсаулықтың бұзылуы, адамның өздігінен жүріптұра алмауы, сондай-ақ, мінез-құлқын қалыпты жағдайда ұстай алмауы, оқу, жұмыс істеу қабылетін толық немесе ішінара жоғалтуы, т.б. жатады. Сонымен қатар, бұған әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттігі негіздеме болып табылады. – Өзіңіз жетекшілік ететін бөлімнің жұмысына тоқталсаңыз. – Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі болғандықтан, бізге азаматтардың мүгедектігі мен еңбекке деген қабілетін жоғалту деңгейін анықтау міндеті жүктелген. Мұндай жағдайға тап болудың себептері, оған қай уақытта ұшырағаны, көмек пен күтімнің қандай түрлері қажеттігін айқындау бағытында жұмыс істейміз. Негізгі міндетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарға және мүгедектікті алатындарға көмектесу болғандықтан, оңалтудың жеке бағдарламаларын әзірлеп, олардың тиімділігі мен орындалуын бақылаймыз. Медициналық ұйымдардың ДКК төрайымдары мен дәрігерлеріне медициналық-әлеуметтік сараптамаға, мүгедектігі бар жандарды оңалтуға қатысты кеңестер береміз. Шипайжайлық ем шараларды ұйымдастырамыз. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды ақпараттық қамтамасыз ету, патерналистік және тәуелді қарым-қатынастарды азайту, қоғамда оларға ерекше құрмет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыда қолдау шаралары бізде үздіксіз жүргізіледі. Барлық жұмыс заң актілерінің аясында жасалады.
– Ақмола облысында мүгедектігі бар адамдарды қоғамдық өмірге белсенді түрде араластыру, оңалту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда, мысалы, олар спорттық шараларға тартыла ма?
– Менде денсаулығыма байланысты бала кезімнен III топ мүгедектігі бар. Сондықтан, бұл жұмысты өте жақсы білемін әрі пациенттерді жақсы түсінемін. Олармен қоян-қолтық жұмыс істеймін. Әртүрлі санатта мүгедектігі бар адамдардың «Ақниет» қоғамының басқарма мүшесімін. Біздегі мүгедектігі бар адамдар спорттық, мәдени, ағарту шараларына белсене атсалысады. Мысалы, аурулардың әртүрлі санаттары бар қоғамдық бірлестіктердің арасында жыл сайын «Надежда» спартакиадасы өткізіледі. Мұндай спартакиадалар Степногорск пен Щучинск қалаларының спорт кешендерінде ұйымдастырылып келеді. Өзім спартакиадаға талай мәрте қатысып, жүлделі орын алдым. «Бірлік» деп аталатын Ақмола облысының мүгедектер одағы ЗТБ түрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдардың мәселелерімен айналысады. Бірлестік Шоқан Уәлиханов атындағы институттың Психология-педагогика кафедрасымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға тренингтер өткізеді. Бұған қоса психологиялық, құқықтық, заңгерлік көмектер береді. Сондай-ақ, мұнда психологиялық көмек көрсететін арнайы желі жұмыс істейді. Қандай да бір жәрдем қажет жандар желі қызметіне жүгінеді, мұндағы мамандар оларды жұмысқа орналастыру мәселелерімен де айналысады. Сонымен қатар, олардың арасында неше түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Мысалы, «Мерген» клубы, ақысыз әлеуметтік бағдарламалар аясында жүзу бассейндері мен жаттығу залдары жұмыс істейді. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақмола облыстық департаментінің ұйымдастыруымен «Жақсылық жаса» челенджі 2023 жылы өтіп, оған елуге тарта мекеме мен ұйым тартылды. Нәтижесінде Республика көлемінде өмірдің қиын жағдайына ұшыраған жүз шақты адамға нақты көмек көрсетілді. Биыл өңірде қардың көп жаууына байланысты өзендер тасып, ауылдарды су басқаны баршаға мәлім. Департамент тарапынан соларға материалдық тұрғыда көмек берілді. Көп балалы отбасыларға азық-түлік себеттері тарту етілді. Аталған мекемеде еңбек еткеніме 30 жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде байқағаным, біздің басшылық өз қызметкерлерін ұмытпайды. Тұрмыстық жағдайы төмен қызметкерлерге, кейбір зейнеткерлерге материалдық тұрғыда көмектеседі. Сондай-ақ, қызметкерлерді грамоталармен, алғыс хаттармен және медальдармен марапаттап, қолдап отырады.
– Сараптама саласындағы еңбегіңіз, ата-анаңыз жайлы да айтып өтсеңіз?
– Көкшетеу қаласының жанындағы Станционный ауылында үлкен отбасында дүниеге келдім. Ата-анам тоғыз баланы жеткізіп-өсірді. Әкем темір жол вокзалында станция басшысы болды. Анам үй шаруашылығымен, біздің тәрбиемізбен айналысты. Мектептен кейін Қарағанды медицина университетіне оқуға түсіп, терапевт мамандығын алдым. Щучинск қаласының орталық аруханасында интернатурадан өтіп, сонда жұмыс істедім. Бірақ, денсаулығыма байланысты Курган қаласына қоныс аудардым. Осында төрт жыл емделдім. 1995 жылы медициналық-еңбек сараптамасына жұмысқа тұрдым. Қазіргі күні бұл медициналық-әлеуметтік сараптама деп аталады. Содан бері осы салада еңбек етіп келемін.
– Әңгімеңізге рақмет.
Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»


