Мемлекеттік тіл тәуелсіздік ұғымымен тікелей байланысты, өйткені ата-бабамыздан келе жатқан тілімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз.
Басқа ұлт өкілдерінің тілі өз ата жұртында тағында отыр. Тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі дәл солай тағында отыруы қажет. Әрине, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықтығы жоқ. Дейтұрғанмен, Қадыр Мырза Әлі атамыздың «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деп өлең жолдарында айтылғандай, ана тілі – халықтың болмысы, тарихы және тағдыры.
«Сәлеметсіздерме!» — деп сөз бастағандардың әрі қарай айтарын ресми тілде жалғастыруы үйреншікті көрініс. Бұған кім кінәлі? Әрине – өзіміз. Маңызды жиында оқитын баяндамасын алдын ала мемлекеттік тілде дайындап, тілін жаттықтырып, Қазақстанда тұрып жатқанын көрсетіп мінберде қазақша сөйлесе несі кетеді? Бір жиында басқа ұлт өкілі отыр екен деп, өтірік көлгірсіп, ресми тілде сөйлейтіндер де бар. Алайда басқа ұлт өкілі қазақ тілін сол қазақтан он есе артық біледі. Себебі ол Отаны деп қабылдаған Қазақстанның мемлекеттік тілін білуді өзіне парыз санап үйренді.
«Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген – адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді. Мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел — сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды», — деп Х.Досмұхамедұлы атамыз айтқан.
Бұл да еститін құлақ болса жеріне жеткізіліп айтылған сөз. Жоғарыдағы екі қайратты қаруға аса мән берілуі қажет. Тілі жаңа шығып жатқан бүлдіршіндердің көретіні «Балапан» телеарнасымен шектелмей, қазақ тіліндегі каналдар, бағдарламалар, оқу сабақтары, тіл үйрететін бағдарламалар көп болса, бүлдіршіндердің ойы да, тілі де дамиды.
Өз ойымды А.Байтұрсынұлының: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген сөзімен тұжырымдағым келіп отыр.
Расында бізде қазір мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге қажеттінің бәрі бар. Тәуелсіз еліміз, қазақтың саны жыл өткен сайын көбеюде. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің 90 пайызға жуығы қазақ тілінде білім алуды қалайды. Енді тек бұл маңызды іске баршамыз үлес қосуға тиіспіз.
М.К.Ташев, Түркістан облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы