Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды құқықтық және әлеуметтік қорғау бойынша Жетісу облыстық «Жігер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАСАМ ЖАНЫМ РАХАТТАНАДЫ

Бүгінгі кейіпкерім ерекше. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды құқықтық және әлеуметтік қорғау бойынша Жетісу облыстық  «Жігер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ажар Қыдыралинамен бірге Талдықорған көшесіне шыққанымызда кездескен жандар ерекше ілтипат таныта амандасуы, әскери формада болса да  қыз-келіншектердің кішіліктері мен кісіліктерін көрсете   әйел затына тән инабаттылық пен ибалылық танытуы қандай ғаламат! Жарасымды, қатарыңда келе жатқан  жанға көрсетілген құрмет тәнті етіп, бұл адамның елге жақсылығы өткен сыйлы һәм құрметті жан екендігін аңғардық.

Ажар Сыдықбекқызы,  қалталы азаматтардың басым бөлігі  тартынатын жауапкершілігі зор жұмысты шағын қаражатпен-ақ бастауыңызға не әсер етті?

Қала көшелерінде, базарларда өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың киімдері нашарлау, көңілдері пәстеу жүретінін  көріп, іштей қынжылатынмын. Қынжылып, мүжіліп отыра бермей жерлестеріме қалай көмектесемін, тығырықтан алып шығатын қандай жол бар деген ой туғанда ұлы философ һәм ақын Абай Құнанбаевтың

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап»

деген ұлағатты сөзі санамда жаңғыра берді.  Көп ойландым. Түбі қаражатқа тірелгенімен аз ақшаны құрау, құнттау, мейірімділік деген мәселе бар емес пе?! Сондықтан мемлекеттік саясатқа сай кәсіпкерлік жұмысты  неден бастаймын. Талапқа сай дамыта аламын ба деп суыртпақтала шыға беретін сұрақтарды ой елегінен өткізіп, нартәуекелге бел будым.

 Негізі өз басым бала күнімнен дұрыс киініп, таза жүргенді жақсы көрем! Сонымен 2009 жылы наурыз айында арғы-бергіні, бар-жоқты есептей, сараптай келе қолжетімді бағамен мұқтаж жандарды тығырықтан шығаруды  мақсат етіп шағын дүкен ашуды қарастырдым. Ол үшін алғашқы қадамды, яғни киілген киімдерді жинауды жолдас-жора, туған-туыстардан бастадым. Сөйтіп, алдыма қойған мақсатымнан таймай, табандылық танытып, халық көп келетін  ғимараттардың бірінен  шағын бір бөлмені  жеке қаражатыма жалға алып,  алдын-ала дайындаған киім-кешектерімді тізілте ілдім. Instagram, Facebook  секілді әлеуметтік желілерден жеке парақшаларымды ашып, үзіліссіз хабарландырулар беріп отырдым. Бұл 2016 жылдың мамыр айы болатын. Құдай қолдап, облыс тұрғындарының  ойларын дөп бассам керек  алғашқы күннен адамдар тоқтаусыз келіп, сұраныс өте көп болды. Содан бері күні бүгінге дейін жылына 320-340 адам келіп таңдаған киімдерін алып, алғыстарын айтуда.

Заңнама шеңберінде әлеуметтік мәселелерді шешудің бір тармағы болып та саналатын осы жұмысты сұранысқа сай дамытуды ойластырдыңыз ба?

Әлбетте! Толассыз келген жандар алғыстарын ағытқанда көңіл шіркін жайланып, осынау игілікті істі үзіп алмауды Алланың маған артқан аманатындай сезініп, жауапкершілікті күшейттім. Нәтижесінде әрқандай әрекеттен  өзіндік ой түйе білгендіктен бе екен сұранысты адамдар көңілінен шығатындай етіп орындау үшін  киілген киімдерді уақыт талабына сай өзгертіп, әдемілеп қайта тігу туралы  тың идея туындады. Себебі, кей адамдар сатып алған киімін бірер рет киіп, сосын  көлемі үлкейіп, кішірейіп, тіпті жаңа үлгіге сәйкес келмей  қалады. Жап-жаңа әрі қымбат бағаға сатып алған киімді тастауға көз қимайды. Сөйтіп сандықтар мен киім ілгіштерде сықасып тұра береді. Сондай киімдерді келісімді бағамен сатып алып, шаң-тозаңнан тазалап, көрнекі жерге ілгенде  жарқырап, сұраным санын арттырды. Рас, кей адамдарға кішірейтіп қайта тігіп те беретінбіз. Нәтижесінде қарапайым тұрғындар, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар алғыстарын ағытты. Адал еңбегіміз үшін халықтың ақжарма тілектері, алғыстары Алланың құлағына шалынды ма екен жұмысымыз жүйесімен жүріп берді. Алдыға, тек алдыға жылжу, даму үшін  іздене білгендіктен облыстық ішкі саясат басқармасы арқылы «қоғамдық бірлестіктерді дамыту» мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысып, бәйгеге тігілген 500  (бес жүз) мың теңгені ұтып алдым. Алғашқы қатысқан байқауымда жеңген  жүлдемді жырымдамай толық тігін машинасы секілді атьелеге керекті заттарымды сатып алып, орнаттым. Екі -үш жұмыскермен бастаған жұмысымызды ел естіп, келіп жұмысқа қабылдауыма өтініштеріін білдіре бастады.

Жаңа жобаңыздың қандай нәтиже берді?

« Ескі киімдердің жаңа ғұмыры» деп аталған жоба алғашқы күнінен  өзіндік жемісін төгілтті. Жалға алған дүкенімізден адамдар нөпірі үзілмеді. Қазақта «Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» деген жақсы сөз бар. Екіұдай оймен келген адамдардың қуана, шаттана шыққандарын көрудің өзі бір бақыт екен. Осы көріністердің ерекше әсер еткендігі сол  халықтың алғысын ести жүріп дүкенді де ательені де ашып, жұмысымызды жүйеледік. Енді кір жуу қызметін көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың және жалпы жәмиғаттың алғысын еселей түссем қалай болар екен деген ой туып, сол ойды тереңдете  ойластыра тағы да облыстық ішкі саясат басқармасы арқылы ұйымдастырылған байқауға қатысып мақсатымызға жеттік.

Толысқан табыс жүрегіңіздегі мейірімдігіңізді ығыстырған жоқ па?

Ата-анамыздың айтатын ақылдарынан  санамызға сіңген бір ұстаным, «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» деген қазақы даналықпен астасқандықтан барды қанағат тұтып, бүгін болдым, толдым деп кешегі күнді ұмытып кететін жан емеспін. Жыл сайын қайырымдылық шараларынан тыс қалмай балалар мерекелері «мектепке жол» акциясына да үзбей қатысамыз. Республика көлемінде орын алған апаттық жағдайға да түсіністікпен қарап, бірнеше жыл бұрын Аякөздегі жағдайға орай  көмек көрсеттік. Өз тігіншілеріміз тіккен 80 кг киім-кешегімізді Арысқа да жібердік. Жалпы, ер, әйел  адам деп  бөлінбей тапсырыс аз кезде қол қусырып отырмаймыз.

Ұлттық менталитет, қолөнер бұйымдары, қазақы және тағы басқа киімдерді тапсырысқа сай тігу туралы не айтасыз?

Жүйеленген жұмыс ырғағын үзбей  бір бағытпен ғана жүре бермей тұтынушылар сұранымын өтеу үшін жұмыс ырғағында   жан-жақтылықты ойластыра отырып  Ұлттық киімдерді де тігуді қостым. Құрақ көрпелер де құрап, қазақы оюларды қиюластыра келтіре тігіп береміз. Өйткені, тігіншіілерімнің бірі құрақ көрпе құрау ісмері болса, екіншісі ұлттық көйлек, комзол, кимешек, тақия, қалпақ, тіпті сәукеле де тігіп, сәнін асыруға машықталған. Тігіншілерім әртүрлі санат шеберлері болғандықтан шектеу қоймаймын. Беріле істеген іс әрі өнімді әрі көңілдерден шығады. Сахналық киімдердің де сәнін асырып, көрген жанның көзі тоятындай тігеміз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы  жарияланатын тендерлерге қатысып, медициналық халаттар мен бас киімдерін де сұранысқа сай тігіп берудеміз. Былтыр төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің  арнайы үлгідегі формаларын тігіп бердік. Сөйтіп, әртүрлі байқауларға қатысып ұтып алған қаражатымызға жұмысымызға керекті заттарды сатып алып даму жолдарын аштық.Ұстанымыз  даму болғандықтан жүздеп, тіпті милиондап қаражат қолымызға түссе әуелгі кезекте қажеттіліктерді сатып алуға қалыптасқанбыз. Бұл әрекеттен ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық.   

Қолөнерін де дамытып мерекелік сан алуан гүл шоқтарын әртүрлі желімдерден  жасап қоямыз. Соның барлығы сұраныс болғандықтан істелінуде ғой. Түнгі шамдарды да сәнін келтіре сапалы жасап үлкен сұраныстарға жол аштық. Енді шайырдан кәдімгі желім бұйымдарын жасап сұраныстарды орындаудамыз. Ол дегеніміз, кәдімгі шайырды қалыпқа құйып оның үстіне сатып әкелген сағат механизмін орнатамыз. Картина,  кеңселік столдар үстіне қоятын қажеттіліктерді безендіріп береміз. Оңаша отырғанда ойды ой қозғап желімнен жасаған бір затымды қыздарыма көрсеткенде қағылез жандар іліп әкететіні қуантады. Бір затың көңіліңдегідей жасалғанда екіншісін жасауға құлшына кірісетінің тағы бар. Мұны даму баспалдақтары деп бағалаймын. Келешекте сан түрлі қалыптарды өзіміз ойып, сан алуан ыдыстарды  жасауды қарастырудамыз.

Қанша жұмыскеріңіз бар?

Бүгінгі таңда 18 адам жұмыс істейді. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі бес адам бар. Барлығымызға ай сайын 85 мың теңгеден жұмыспен қамту орталығы арқылы қаражат беріледі. Сол жұмыскерлеріміз  тігіншілер, қол өнер шеберлері, аити бағдарласы мамандары болып тізбеленеді. Ал әрқандай затты керемет сәнді де сапалы жасағанымызбен жарнамалатып, жарқырататын гид жоқ. Шыны керек, осы уақытқа дейін мемлекеттік тапсырыс алғамыз жоқ. Мемлекеттік тапсырысты талапқа сай орындауға әлеуетіміз жетеді. Сондықтан қажетті құжаттарымызды түгендеп тиісті орындарға өткізіп,  мемлекеттік тапсырысты алуға биыл қатысудамыз. Негізі жаңалық ашқанды жақсы көретіндіктен жыл сайын өңір өмірінің  өзгеріп, аршындай алға басуына құдды қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігімді тигізудің ұтымды жолдарын іздестіріп жүремін. Біздің қаламызда, облысымызда жоқ игілікті іс ашқым келеді.

2019 жылы Самұрық-Қазына акционерлік қоғамы жариялаған байқауға қатысып, үш милион теңге ұттық. Сол қаражатқа қолөнер бұйымдарына арналған сан алуан қалыптарды кесетін машина сатып алғанбыз. Кәдемізге жарап қажеттілігіміз өтелуде. Киіз үй жасауларын тігетін машинамыз да бар. Бұл құралдарға біз мемлекеттік саясаттың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Біздің жұмыскерлеріміздің басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен азаматшалар болса да олар жұмыстан тартындайды. Ешқашан қолымыз, аяғымыз жарамайды деген сөзді ауыздарынан  шығармайды. Өйткені, мен өзім сол санатқа кіремін. Тартынбаймыз. Мойымаймыз. Ренжімейміз. Тапсырыс көбейіп, орындауға үлгермей жатсақ уақытпен санаспаймыз. Пандемия кезінде  31 желтоқсанда  ел қатарлы мерекеге дайындалуды ысырып қойып 10 мың маска тігіп, тегін таратқанбыз. Осындай еңбегіміз мемлекет тарапынан бағаланып «Халыққа Алғыс» медалімен «Жомарт жүрек» төсбелгісімен марапатталдым. Жұмыскерлерімнің адалдығы сол жұмыс бабымен Астанаға және тағы басқа қалаларға жол жүріп кетсем де сегіз сағаттық жұмысын кідіріссіз істей береді.

Сөз реті келгенде айтып өтсем ниеттің дұрыстығы адами құндылықтың бір бастауы адамгершіліктерін сақтай алады. Өйткені,  адамдар  үміт артып  жұмысқа орналасуға келгенде әрнәрсені сұрап, қажап, жасанды сынақтан өткізуден аулақпын. Әр адаммен бетпе-бет отырып, адамгершілікпен сөйлесем, тігін машинасына отырғызам. Білмегенін үйретем. Намысына тию, кемсіту секілді жаман әдеттен адамын.Нәтижесінде дұрыс ниетпен келген адамдардың барлығын жасына қарамай жұмысқа қабылдаймын.Алдымен қолынан не іс келетінін сұраймын. Тоқымашылық өнері болса біз, жіп секілді қажеттіліктерін сатып алып беремін. Мысалы арбада отырған адам көп жыл тоқылған киімдер тапсырысын орындады. Сондықтан кім қандай жұмысты жақсы көреді сол жұмысын икеміне сай істеттім. Түк істей алмаймын деу бос сөз. Полиатрит бір қызды қолөнер бұйымдарын жасауға ыңғайлап жайымен үйреттім. Алғашында қолым икемсіз деген қыз біртіндеп үйрене келе түрлі-түсті жарық беретін шамдар жасауды жетік меңгеріп алды.Үнемі  мемлекеттік қызметкерлерді жамандап, мүгедектігін міндетсіп жүретін аяғы шолақ, психикалық ауытқуы бар, адамдармен де тіл табысып, қолынан келетін жұмысын істетуге  машықтандық.  Адамның істегенін адам істей алатындығына көздері жеткен жандар мүмкіндігім шектеулі екен деп ығыспайды. Жұмыс орнында өзін жақсы сезініп отыруына мүмкіндіктер тудырамын. Ондай адам жақсы жұмыс істейді деп ойлаймын. Жұмысқа қабылдар алдында қоятын талабым  — дауыс көтермей, түсіністікпен жұмыс істеу керек екенін ұжымның алдында ескертемін. Сол талап мүлтіксіз орындалуда.

Сіз басқарып отырған бірлестіктің аты айтып тұрғандай  мүмкіндігі шектеулі азаматтарға нақты қандай  құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілді ?

Мұқтаж жандарға көмектесу негізгі ұстанымымыздың бірі болып табылады.  Осында жұмыс іістейтін үш адамның мүгедектігі бар. Бір қызымның екі жамбасында темір тұр. Мемлекет тарапынан сол адамға көрсетілетін шағын көмекті  тоқтатып, медициналық-әлеуметтік сараптама мүгедектігін алып тастаймыз дегенде шарасыз жан маған жүгінді. Құзырлы мекемеге  барып « Ол автокөлікке әрең мінетін  адам. Мәжбүрлікпен қоғамдық көліктің бірінен екіншісіне ауысып мініп жұмысқа келеді.  Соның барлығын күн сайын көріп отырмын. Таза адамгершілік бойынша ол кісіні жыл сайын тексеруден өткізуді тоқтату керек. Екіншіден, тағайындалған топтықты мәңгілікке беру керек. Өйткені, 50 жасқа толды» деп шындықты сабырлылықпен айтып, дәлелдеп жұмыскерімнің құқығын қорғап бердім. Тиісті орындарда әділдікті айтып, сөзімді өткізе алатыным   Облыстық қоғамдық кеңестің және әртүрлі салалық комиссиялар мүшесімін. Сондықтан қарамағымдағы жұмыскерлерім ғана емес атымды естіп көмек сұрап келген адамдарға құқықтық көмек көрсетемін. Кей жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптама  дәрігер диогнозы бойынша біз топ бердік деп сытылып шығады. Сондықтан да дәрігерлермен де сөйлесіп, түйінделген мәселелерді бетпе-бет шешу үшін дөңгелек стол кездесулерін ұйымдастырып, өткіземін.  Жуырда Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз есте сақтау қабылеті нашар болғандықтан көп жерден меселі қайтып маған келіп тірелді ғой. Сол мәселеге орай тиісті орындарға хат жазып, арнайы кездесулер ұйымдастырып жұмыс жүргізудеміз.

Заңнамаларға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың ықпалы сіздерге тимей ме?

Пәтерге кезекке тұру қиын. Өйткені,  қандастарымызды, көп балалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бір санатқа енгізіп қойды. Соның салдарынан пәтер алу кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кезектері жылжымай қалды. Осы мәселені шешуді тиісті орындар құзырына ұсынып, хат жазудамыз. Өйткені, көп балалы аналарда  таңдау бар. Ал  мүмкіндігі шектеулі азаматтарда таңдау жоқ. Тумысынан мүгедек болғандықтан олар ел барған жерге бара алмайды.Түптеп келгенде адам өзіне өзі қастандық істеп мүгедек болған жоқ қой. Жаза.

Облыс әкімі тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай да қолдау, көмектесу болды ма?

Алматы облысын Амандық Ғаббасұлы Баталов басқарып отырған кезде үлкен бір жиында дүйім жұрттың алдында «мүмкіндігі шектеулі жандар өз күштерімен әрекет етулері үшін қандай да ғимарат- павилион салып бересіздер ме. Мен «Утилизация текстилия» деген жобаммен шағын зауыт ашайын деген мәселені көтерген едім. Шыны керек, мұндай өндіріс орны өркениетті дамыған елдерде нақтылай түссем  Австралияда бар. Соны іске қосатын құрал-жабдық қондырғылары Ресейде шығарылады. Осы қажеттілікті сатып алуға қаражат керектін айттым.  Қолдау көрсетілетіні ел алдында айтылды.  Талдықорғандағы өндірістік аймақтан шағын зауытты  салатын  орын белгіленіп, құрылысты жүргізетін демеуші  іздестіріліп жатқаны да айтылғанымен бос уәде болып қалды ғой. Ақыр аяғы кісіпкерлер басқармасына тірелгенде  «Жобаңыз Алматы облысына кетіп қалды» дегенді естіп қайран қалдым. Басқасын айтпағанда тікелей жұмыс жүргізетін қалалық әкімдер де ауыстырыла берді. Біле білсек, бұл жеке адамның пайдасы үшін емес мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықты жасау, мемлекет қаражатына, мүмкін жекелеген кәсіпкерлермен келісе отырып, заңға сәйкес шағын ғана жеке ғимарат жасап берсе дұрыс болатын еді. Реті келіп  салынынатын ғимарат мемлекет меншігі болып тұра берсін. Мүмкін қоғамдық көліктер үзіліссіз жүріп, жұмыскерлеріміздің келіп-кетуіне ыңғайлы мемлекет меншігіндегі ғимараттар бірінен тегін орындар табылып қалар. Ал жалға алу қажет емес. Керек болса өзіміз-ақ сөйлесе аламыз. Бізге керегі тірнектеп жиған азын-аулақ қаражатымызды сауда үйлерінен  жалға алатын бөлмелерге ай сайын төлемей өз қажеттіліктерімізге жұмсасақ жетеді. Міне, осы мәселені Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мырзаның назарына ұсынамыз.

Бұл мәселені қайта көтеріп отырған себебім, синтетикалық киімдердегі зиянды қоспалары  біраз уақыт өткен соң  ауаға ұшып кетеді екен. Сосын, қорықпай қажеттілігіңізге жарата беріңіз. Мен біреудің авторлық құқығын бұзып  отырғамын жоқ. Бар болғаны интернет желісі арқылы шет елден көргенімді мүмкіндігімізге сай дамыту, жағдайымызға қарап пайдалану жөніндегі өзіндік  идеям. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев өркениетті дамыған елдер қатарынан орын алып, халықтың жағдайын жақсартуға жол ашып отырғанда әркім өзіндік ойымен ел кәдесіне жарап жатса нұр үстіне нұр емес пе?!

Билік өкілдері туралы не айтасыз?

Шындықты ашық айта білу керек. Мемлекеттік саясатқа сай түрлі байқаулар өткізілмесе бүгінгі күні нәпәхамызды тауып жеуге, ең бастысы өмір сүруге, еңбек етуге құлшынтып, ұмтылтып отырған құрылғыларды қайдан алатын едім. Әкімдіктер назарларынан тыс қалтырмай жыл сайын Алғыс хаттарын, бағалы сыйлықтарын  құрметтеп беруі еңбек етуге деген құлшынысымызды арттырады. Өз ортамызда, балаларымыздың алдында мерейіміз тасып қалады. Маған көрсетілген құрметті, берілген сыйлықты жылдар бойы қасымда еңбек етіп жүрген жандар да көрсінші, сезінсінші деген ниетпен биылғы марапаттауға  қыздарымды ұсынып едім әкім тарапынан қолдау тауып әріптестерім де шаттанып қалды.

Әңгімеңізге рахмет!

Мәміленің жарамсыздығы және мәміленің түрлері

Азаматтық заңнамада мәміле нысанына белгілі бір талаптар бар. Осылайша, екі...

За два года в Казахстане модернизируют 124 железнодорожных вокзала: уже обновлены 36 объектов

В рамках реализации задач, поставленных Главой государства по развитию...

Твой голос — твои правила: почему референдум-2026 станет главным экзаменом для нового поколения

Политобозреватель Газиз Абишев в ходе экспертной платформы КИСИ «Конституционная...

Ұлттық орталық музейінде «Archive Exhibition 2023–2026» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде «Archive Exhibition 2023–2026» көрмесі...