ЖАҒДАЙ ӘЛІ КҮРДЕЛІ

Еліміздің батыс өңірінде су деңгейі шамалы төмендегенімен, елдің орталық, солтүстік және шығыс бөлігінде өзен сулары көтеріліп жатқаны байқалады. Әзірге кейбір облыстарда жағдай әлі де күрделі.

Апта басында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар қаласында болды. Мұнда су басу қаупі бар нысандар жоқ емес. Мысалы, осындағы №1 орта мектебі бірнеше жыл бұрын тасқын астында қала жаздаған. Аудан әкімі Аманбек Қалжановтың айтуынша, мәселе 2021 жылы ұзындығы 465, биіктігі бір метрден асатын бетон қоршау тұрғызылған соң шешілген. «Атбасар ауданына су тасқыны қаупі жойылған облыстың басқа өңірлерінен қажетті күштерді тартуымыз керек. Қолданыстағы бөгетті инертті материал толтырылған қаптармен нығайту керек. Өзендегі су деңгейінің жай-күйін тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету, қосымша инженерлік және су айдау техникасы дайындалуы тиіс», – деді М.Ахметжанов.

Өзендегі су деңгейіне мобильді бекеттердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Мұз кептелісіне жарылыс жұмыстары жүріп жатыр. 375 адам, 122 техника тартылған. Сонымен қатар, аудан аумағына Ақмола және Жамбыл облыстарының ТЖД күштері жұмылдырылған. Қазір мұнда судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қолға алынған. Сонымен бірге Жабай өзені жағасындағы топырақтан тұрғызылған жасанды бөгеттер нығайтылып, көшелердегі су сорылып жатыр. Еске салсақ, 8 сәуір таңғы сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Атбасарда Жабай өзеніндегі су қауіпті деңгейден 8 см асып кеткен еді. Бүгінде қауіпті аймақтағы тұрғын үйлерден 150-ден астам адам эвакуацияланды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 сәуірде бөгет арқылы жағалау аймағын су басу және Жабай өзеніндегі су деңгейінің ұлғаюына байланысты су тасқыны болуы мүмкін аймақта тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізіліп жатыр. «Жағалауға жақын орналасқан 24 тұрғын үйден 77 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелген жоқ», – деп хабарлады ведомство. Сандықтау ауданы да қауіпті аймақ. Айта кету керек, аудан аумағында қар баяу еріп жатыр. Ал жергілікті атқарушы органдары ТЖ қызметтерімен бірлесіп, қауіпті барынша азайтуға қажетті шаралар қабылдауда. «Елді мекендерді су басқан жағдайда эвакуация пункттеріндегі 10 әлеуметтік және коммерциялық объектілерде 117 адамды орналастыру көзделген. Биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізілді. Сандықтау, Балкашино, Спасское және Каменка өзендерінің арнасындағы бұталы өсімдіктер мен құмды шөгінділерді жою жұмыстары уақытында жүргізілді», – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков. «БВР Техносервис» ЖШС ауданның су объектілерінің 10 учаскесінде мұз қабатын ұсақтау үшін 4 500 шаршы метр аумақта жарылыс жұмыстарын жүргізген. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін 115 адам және 51 инженерлік және арнайы техника дайындалған. Қосымша әртүрлі қуаттылықтағы 10 мотопомпа дайын тұр. «Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап, еріктілерді даярлау, ақпараттық іс-шаралар өткізіп, халыққа іс-қимыл алгоритмін жеткізе отырып, біз бәріне дайын болуымыз керек», – деді ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі М.Ахметжанов. Төтеншеліктердің айтуынша, Сандықтау ауданында қардың еруінің белсенді кезеңі сәуір айының ортасына дейін созылмақ.

Айтпақшы, Ақмола облысы әкімдігінің ресми парақшасында көрсетілгендей, 6-16 сәуір аралығында аймақтағы жыл бойы жұмыс істейтін «Жас дәурен» лагері су тасқынынан зардап шеккен Целиноград ауданының 6 ауылынан 81 оқушыны қабылдаған. 5-9 сынып аралығындағы оқушылар 4 отрядқа бөлінді. Облыстық білім басқармасының бас маманы Марина Лидің айтуынша, балаларға 5 мезгіл тамақтану, түрлі ұжымдық іс-шаралар, таза ауада сауықтыру жұмыстары ұйымдастырылған. Сондай-ақ, оқушылар қашықтан білім алатын болады.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарсылығынан кейін Құрылтай депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңды қайта қарады 

Депутаттар Президенттің ұсынысын қолдап, мемлекеттік наградалар туралы заңның жекелеген нормаларын жаңа редакцияда қабылдады.

Қарапайым суық тиюге ұқсайды: Дәрігерлер қауіпті инфекцияның таралып жатқанын айтты 

Инфекциясы бастапқыда суық тиюге ұқсап, кейін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Елімізде 870 мың адам баспана күтіп жүр. Биыл қанша үй салынады?

Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 870 мыңға жетті. Бұл туралы құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтегі брифиңде айтты.

Қазақстанның АҚШ-қа экспорты күрт өсті 

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2,89 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,4%-ға көп.

Қазақстанда ҰБТ форматы өзгереді: Талапкерлерді қандай жаңалық күтіп тұр 

Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу емтиханының жаңа форматы әзірленіп жатыр. Ол талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын және ақпаратты талдау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.