Бибігүл СҰЛТАНОВА, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
«ЖОО үздік оқытушысы – 2023» байқауының нәтижесі бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы үздік оқытушы деп танылған еді. Грант жеңіп алған үздік оқытушылар жақында Түркістан қаласында салтанатты түрде марапатталды.
– Бибігүл ханым, байқау жеңімпазы атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектің ақталуы – үлкен мақтаныш. Осы конкурс жайында айтып берсеңіз.
– Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастыратын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» сайысы республикадағы ең беделді конкурстар қатарында. Бұл сайысқа төрт жыл қатарынан қатыстым. Төртінші жылы ғана конкурс жеңімпазы атандым. Конкурс шарты бойынша білім, ғылым, сабақ беруде инновациялық технологияларды игеру, сабақ барысында оны қолдану, ғылымда шәкірт тәрбиелеу, кәсіби біліктілігіңді үздіксіз көтеру және оны көрсете алу тәрізді қырларың бойынша сарапқа түсесің. Конкурсқа ұсынған «Шетел әдебиеті» пәні бойынша дайындаған оқулығымды өзім де сәтті жұмысымның бірі деп білемін.
– Ғылымға деген қызығушылық неден басталды?
– 1985–1990 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетінде оқыдым. Оқу бітіре салысымен Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтына жолдамамен барып, жұмыс істедім. 2002–2003 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультеті, Қазақ әдебиеті кафедрасында іс-тәжірибеден өттім. Сол кезде жұмыстан қол үзбей-ақ ғылыми жұмысымды жазғым келді. Бірақ жетекшім профессор З.Бисенғали «бір жақтан жұмыс істеп, екінші жақта зерттеумен айналысамын деуге болмайды. Ғылым далада қалады. Ғылыми ізденіспен айналысқың келсе, не аспирантураға түс, не кафедрада іс-тәжірибеден өт» деген қатаң талап қойып, кандидаттық жұмысыма «ХХ ғасыр басындағы ұлттық драматургия» деген тақырыпты бекітті. Осы кезде жетекшімнің талапшылдығына шексіз риза болдым. Ұстазым менің жағдайыммен қоса, ғылымның мұратын көбірек ойлады. Сөйтіп 2004 жылы әл-Фараби атындағы университеттің Филология факультеті жанындағы Диссертациялық кеңесте кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. Көп жағдайда ғалымдар алғашқы диссертациясы қорғалғаннан кейін сол саланы тереңдете зерттей түседі ғой. Бұл күндері қазіргі драматургтердің еңбектері менің негізгі зерттеу нысанам. Тәжірибе барысында өз магистранттарыма, студенттерге ізденіс жұмыстарын жүргізуге тақырып бергенде де өзім шұғылданып, өзімді ойландырып жүрген мәселелерден туындаған, өз зерттеулерімнің бір саласы тәрізді тақырыптарды беріп отырамын. Магистрант іздену барысында діттеген межеден шыға алмаған күннің өзінде, менде тың идеялардың пайда болуына түрткі болады. Тіпті, кей жағдайда зерттеудің жаңа қырлары ашылып, тереңдей түседі. Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Роза Мұқанова, Жолтай Әлмашұлы, т.б. драматургтердің драмалық шығармалары негізгі зерттеу нысанамыз болып отырғаны сондықтан. Жалпы алғанда, бүгінге дейінге ғылыми еңбектерімді атап өтер болсам, «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (Оқу құралы), «ХХ ғасыр басындағы ұлттық драматургия» (монография), «Оқу сауаттылығы» (оқу құралы), «Латынша қазақ әліпбиі: талдау, таңдау, даралау» (ұжымдық монография), «Қазақ драматургиясы» (оқулық), «Қазiргi қазақ драматургиясындағы инновациялық iзденiстер (1991–2016 жж.)» (ұжымдық монография), «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркемдік үдерістер» (электронды оқулық,), «Қазақ прозасындағы метаморфоза» (Қ.Ысқақтың роман-эссесі бойыншы) (монография), «Сұлтан Бейбарыс» (комикстер сериясы, сценарий авторы), «Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің даму үрдістері» (1991–2021жж., ұжымдық монография) «Шетел әдебиеті» (оқулық) атты еңбектерім және бірнеше зерттеу-талдау мақалаларым еліміздегі және Scopus базасындағы ғылыми журналдарда жарық көрді.
– Оқулыққа қатысты қазір түрлі сын-пікірлер айтылып жүр. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Білім беру біздің елімізде ғана емес, бар әлемде алаңдатарлық жағдайда. Білім беру мен оқулық егіз. Кез келген ғалым, оқытушы оқулық мәселесіне бейжай қарай алмайды. Оқулық дегенде Алаш қайраткері, Санкт-Петербургтегі императорлық әскери-медициналық академияны үздік бітірген дәрігер Халел Досмұхамедұлының 1922 жылы жарық көрген тіл туралы «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» мақаласы еске түседі. Бұл мақаланы көркем шығарма оқығандай ерекше қызығушылықпен оқисыз. Ойландырды. Әр кез қайтара оқып отырамын. Жалықпайсың. Мақаламен алғаш танысқан бетте-ақ ғылыми мақалалар, оқулықтар осылай жазылу керек деген ойға келген едім. Жасыратыны жоқ, біздегі оқулықтардың тілі ауыр. Ұғу қиын. Бір бетте 4-5 құрмалас сөйлем. Сөйлемдердің соңына жеткенше басындағы ойды ұмытып қаласың. Екінші жағынан қаптаған түсініксіз қиын терминдер тақырыпты одан әрі қиындата түседі. Бірінші тақырыпқа көз жүгірткеннен кейін-ақ, әрі қарай мағынасыз парақтай бастайсың. Сол қалыппен соңғы бетті жабасың. Қайтып ол оқулықты оқымақ тұрмақ, көз салғың да келмейді. Оқулықтардың жайы солай. Бұл да ойландыратын мәселе. Сондай ойда жүрген кезімде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» бойынша таңдаулы оқулықтар баспадан жарық көре бастады. Бұл ұлт болашағы үшін атқарылған ең жақсы істердің бірі. 2017 жылдан бастап қазақ тіліне аударылған дүние жүзінің ең таңдаулы 100 оқулығы ұлтқа өлшеусіз пайдалы. Осылайша жер шарының маңдайалды университеттерінің оқу бағдарламасына кірген, әлемге белгілі ғалымдардың көп тілге аударылып таралған бестселлер кітаптары таңдалып, аударылды. Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Karen Armstrong «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Дональд Ф.Куратко «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Иерусалимдегі Еврей университетінің профессоры, 2015 жылы жарық көрген бетте-ақ әлемге әйгілі болған Юваль Ной Хараридің «Болашақтың қысқаша тарихы», т.б. оқулықтарын университет студенттері ғана емес, кез келген сала маманы, тіпті малшы, егінші, құрылысшы да ерекше ықыласпен оқиды. Бұлар дәріс материалдарын дайындауда үлгілік оқулығыма айналды. Халел Досмұхамедұлының бұдан бір ғасыр бұрын жазылған мақаласы да мына оқулықтардан еш кем емес. ХХ ғасырдың 20-жылдарында оқулық, ғылыми мақала жазудың жақсы дәстүрі қалыптасқан. Кейін сол дәстүрден ажырап қалғанбыз. Жапонның атақты жазушысы Рюноскэ Акутагава тек жапон әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне орасан зор ықпал еткен жазушы. Сол Акутагава Рюноскэ 24 жасында өз ұстазына жазған хатында А.Чехов әңгімелерін ағылшын тіліндегі аудармасынан оқығанын айтады. Дәл А.Чехов тәрізді жазу үшін, Чеховша жазуды үйрену үшін бүкіл өмірің, ғұмырың жетпейтін шығар деп армандайды. Небәрі 24 жастағы, бүкіл өмірі алдында тұрған А.Рюноскэнің еңбектері бүгінде Чеховтан асып кетпесе, кем түспейді. Сол Акутагава арманы тәрізді, кез келген адам қызыға оқитын оқулық жазу қолдан келер ме екен деген ой менің де көкейімнен кетпейді.
– Акутагава Рюноскэ демекші, жаңа жапон жазушыларын ерекше атап өттіңіз, шығармаларын талдап берсеңіз.
– Біз университетте бес жыл қазақ әдебиетін, қазақ әдебиетінің тарихын оқысақ, дәл солай шетел әдебиетін де бес жыл оқыдық. Бірақ біз негізінен еуропа әдебиетін оқыдық. Әсіресе жапон, қытай әдебиеті, мәдениеті мені ерекше қызықтырды. Оның үстіне, жазушы М. Мағауин нені оқу керек дегенде әлемдік классиктердің шығармаларын тұтас емес, ішінара теріп айтады-дағы, жапон әдебиетіне келгенде «көзге түскеннің бәрін оқу керек» дейді. Жазушы өте дұрыс айтып отыр. Соның ішінде Акутагава шығармаларының бәрін тұтас оқу керек. Оның «Тозық азабы», «Күз», «Өрмекшінің торы», т.б. кез келген шығармасы туралы жеке дәріс жүргізуге болады. Жоғарыда аталған «Расемон қақпасы» новелласын Акутагава 1915 жылы, 22 жасында жазған. Мұхтар Мағауин бір сөзінде «үлкен жазушылар шығармашылығын зерделегенде байқағаным, ең жақсы туындылар жазушының отыз алты мен қырық бес жас арасында жазылады екен. Толстойды, Тургеневті алып қараңыз. Әуезовтің өзін алыңыз», – дейді. Осы өлшеммен қарап Акутагаваның тырнақалды туындысының өзін шамалай беріңіз. Рюноскэнің «Расемон қақпасы» атты алғашқы новелласында қылмыс, жамандық туралы мәңгілік мәселені көтерген әңгімеде автор «соңғы екі-үш жылда Киотоны жер сілкінісі, дауыл, өрт, аштық сияқты апаттар бірінен соң бірі басты» дейді де Киото халқы «Будда мүсіні мен Будда құралдарын талқандап, лакпен боялған, алтын-күміспен қапталған ағаштарды жол жиегіне үйіп тастап, отын етіп сатқан деседі» деп Киото апаттарының себебін айтады. Тозығы жеткен кимоно киген құл ертеңгі күнім не болады деген сары уайыммен Расемон қақпасы баспалдағында отырады. Бір уақытта құл баспалдақ үстінде аласа бойлы, жүдеу, ақ шашты кемпірдің мәйіттің ұзын шаштарын бір талдап жұлып жатқанын көреді. Құл кемпірді жек көріп, тіпті жиіркеніп кетеді. Құл кемпірдің не үшін өлген әйелдің ұзын қара шаштарын жұлып отырғанын түсінбегендіктен, не істеп жатқанын сұрайды. «Иә, өлген кісінің шашынжұлу қалай болғанда да жаман іс. Мен шашын жұлған әйел жыланды кесіп, күнге қақтап, кепкен балық деп сарай күзетшілеріне сатқан. Жұқпалы аурудан өлмегенде қазір де сауда жасап жүрер еді. Бұл әйелдің сатқан балығын дәмі жақсы деп, қарауылдар сатып алатын. Мен бұл әйелдің істегенін бұрыс деп ойламаймын. Аштан өлмес үшін амалсыздан барды. Мен де мұны істемесем аштан өлер едім. Амалсыз істегенімді білсе, бұл әйел мені кінәламас еді» дейді кемпір құлға. Қараңыз, әйел елді алдап жыланды балық деп сатпаса, жұқпалы аурудан өлмес пе еді, кемпір өлген әйелдің шашын жұлмаса, құлға тоналмас па еді, құл кемпірді тонамаса, із-түзсіз кетпес пе еді. Автор құлды өлді демейді, із-түзсіз жоқ болды дейді. Таңқалдыратын жазушылық шеберлік. Адамзаттық мәселе көтерілген.
– Қазіргі қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиеттану ғылымының даму үрдісі, ғылыми жұмыстар туралы не айтар едіңіз?
– Бір қиындығы, әдебиеттану саласындағы ғылыми нәтиже химия, биология, медицина, т.б. ғылымдарындағы нәтиже тәрізді бірден көрінбейді. Әдебиет адамның санасы, сезімі, ойлауына ықпал ететін болғандықтан, оның нәтижесін анықтау мүмкін емес. Қазіргі адам – робот адамға айнала бастады. Бәрін біледі, бәрін істейді, бірақ мейірлену, шаттану, сезіну жоқ. Адамның сезімін дамытатын әдебиет қана. Адамзат алдындағы әдебиеттің ең ұлы миссиясы – адамды сезіне білуге үйрету. Қазіргі қазақ қоғамындағы физик, математик, химик, биолог берген нәтижені, өнімді әдебиеттанушы ғалым бере алмайды. Әдебиеттану ғылымының нәтижесі көзге көрінбейді, таразыға өлшенбейді. Ол адамның ойлауына, санасына ғана әсер етуі мүмкін. Бұл да бір ғылымдағы ерекшелік. Қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиеттану ғылымы бойынша зерттеулер саны (жобалар, қорғалып жатқан PhD диссертациялар саны) аз емес. Бірақ ғылыми еңбектер сапасына қатысты мәселе көп. Ғылыми зерттеулер, ғылыми мақалалар болсын «жаңалық аз, қайталау, таптаурын болған ізбен жүру көп» деген пікірді көп естиміз. Әдебиеттану ғана емес, жалпы гуманитарлық ғылым саласында айтылған пікір, теориялық тұжырымның басым көпшілігі орыс тілді ғалымдардың бұрын айтқан ой-тұжырымдарын аударып, өңін айналдырып қолдану, қайталау болғаны да рас. Мына бір оқиға есіме түсіп отыр. 2019 жылы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің 6 студенті академиялық ұтқырлықпен Алматыға келген екен. Сол студенттерге Қазақ әдебиетінің тарихынан сабақ бердім. Әр сабақта қазақтың ақын, жазушысының бір шығармасын оқып, талқылаймыз. Сабақ соңында келесі бір шығармасын оқып, сол туралы пікір, ойын жазып келуге тапсырма беремін. Сабақ берген бір жылдың ішінде қытайлық студенттің ешқайсысы бір сөйлем көшірмеді. Жақсылы-жаманды, қатемен, қатесіз 1 парақ, немесе 4-5 парақ жазса да, өз ойын өз сөзімен жазып отырды. Ал қазақстандық студентке де дәл сол тапсырманы берсем, негізінен интернеттен көшіріп әкеледі. Әрине, біздің студенттерді қабілетсіз дегім келмейді. Шындығында біздің система, бүгінгі талап осыған жеткізіп отырған секілді.
– Студент тек көшірумен шектелсе, болашақта ол қандай маман болады? Бұны түзетуге бола ма?
– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде осы қаптаған көшірулерге қарсы күнделікті сабақтан бастап ғылымдағы, зерттеу жұмыстарын жүргізудегі көшірулерге, қайталауларға қарсы соңғы уақытта кешенді жұмыс жүргізілуде. Университет ректоры Г.Қанайдың арнайы тапсырмасымен 2022–2023 оқу жылында «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританиядағы Ноттингем университетін бітірген Оспанов Еділбай Төлеубайұлы бір жыл бойы оқытушыларға Академиялық жазылым пәні бойынша курс жүргізді. Осы курсқа тұрақты түрде қатыстым. Е.Оспанов курста ғылыми зерттеудің неге қажет екендігін, тақырып таңдау, зерттелетін мәселені анықтау, ақпараттарды синтездеу, т.б. ғылым үшін өте құнды мәселелерді оқытты. Ғылыми зерттеу қоғамдық, әлеуметтік жағдайды жақсартып, мәселені шешуі керек екендігіне, нәтиже болу керектігіне көзімізді жеткізді. Еділбай Оспанов оқытқан ғылыми зерттеудің тәсілдерін, ғылыми жұмыстың құрылымын дұрыстасаңыз, тақырыпты дұрыс анықтасаңыз ғылыми зерттеу жүргізу барысында ештеңені де көшіре алмайсыз. Нашар болса да өзіңіз орындайсыз. Осы курсты оқығанға дейін ғылыми мақаланы жылдам жаза тын едім. Қазір олай емес. Бұрынғыша жазғым келмейді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіндегі екінші бір ғылым үшін аса маңызды жағдай қазіргі уақытта бітіруші курс студенттерінен «Lesson Study» бітіру жобасын орындап, эмпирикалық зерттеу әдісін жүргізу талап етілуде. Студент эмпирикалық зерттеу жүргізу үшін ештеңені де көшіре алмайды. Дәл осы талап сақталса, студент көшіргісі келсе де көшіре алмайтын жүйе берік қалыптасады.
– Әдебиет тарихы, әдебиеттану ғылымы дейміз. Ғылым әдебиеттің өзінен шығады. Ал қазіргі қазақ әдебиетінен бүгінгі қаламгерлер, олардың шығармашылығы жайлы не айтасыз?
– Қай кезде де әртүрлі ой, еркін пікір әдебиетте болды деп есептеймін. Кеңес кезеңінде де жан-жақты шектеу, цензураға қарамастан, қазақ қаламгерлері дәуір шындығын кейде көркемдеп, кейде астарлап айтып жатты. Қазіргі күні де айтылып жатыр. Әртүрлі формада, әртүрлі жанрда. М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, Т.Әбдік, Д.Исабеков, Т.Нұрмағамбетов тәрізді аға буынды атамағанның өзінде, С.Нұржан, Д.Рамазан, Ж.Байғанин, Ә.Балқыбек, Д.Амантай, М.Омарова, С.Сағынтай, Е.Әбікенұлы, А.Елгезек, т.б ақын-жазушылар тізімін жалғастыра беруге болады. Аталған ақын-жазушылар еңбектерінен жаңалығы бар кез келген шығармасын алып талдауға болады. Солардың бірі Ж.Байғаниннің «Ізің өшпесін» атты шағын әңгімесі қат-қабат иірімі бар туынды. Әңгімедегі Боран қария мен Күнжарқын әженің балажандығының астарында өмірге құштарлық сезімі жатыр. Екі қария жалғызынан өлідей, екі немереден тірідей айрылып орнынан тұра алмай қалады. Қария үшін ғана емес, қазақ үшін өмір – бұл бала. Қазақта атаның, әженің немереге деген махаббатынан күшті ештеңе жоқ. Жазушы кейіпкерімен бірге немере деп жүрегі езіледі. «Аула ортасында төңкерілген қара қазанның айналасына жиналған ағын суды күрекпен жырып жүрген көршілеріне «естері ауысып кеткен жоқ па екен» дегендей күдікпен қараған» қария «қазанды ақырын ғана көтеріп, астына шам жарығын түсіргенде, Аяз шалдың өн бойын аяз қарып өткендей болды. Із! Ардақтарының ізін» көреді. «Саз балшыққа қалыпқа құйылғандай боп ап-анық түскен сәби ізін, ең соңғы естеліктерін, «ең болмаса осыны жаңбыр шайып кетпесе екен» деген тілекпен қасиетті қара қазанының өзін соған төңкеріп, ізді сақтап қалмақшы!..» Баланың өзі тұрмақ оның табанының ізі де қастерлі, аяулы. Адам бәрінен де қымбат. Баласыздық қасіретінен асқан қасірет жоқ. Құртақандай немере екі қарияға өмір сыйлады. Бала, немере – өмір символы. Міне, кітап жетелейтін ой дегеніміз осы! Бұдан артық айту да мүмкін емес.
– Президент Атырауда өткен lll Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «… біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген еді. Сіз осы жолда қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Бізге жастарды, жалпы қоғамды кітап оқуға қызықтыру үшін әрбір қаламгердің жаңа еңбегіне жарнама жасап отыратын «Әдеби агенттіктер» қажет. Елімізде мұндай агенттер жоқтың қасы. Тіпті, мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан танымал ақын-жазушыларымыздың кітаптарының өзіне жарнама жасалып жатқаны шамалы. Ал кейбір қаламгерлер жазған мықты шығармаларын өз ақшаларына азғантай тиражбен тырбанып шығарып жүргенде, олар қалай жарнама жасай алсын. Қолынан келгендері шағын аудиторияда кітабына тұсау кесер жасайды. Мысалы, түрік жазушысы Орхан Памук әрбір еңбегін жарнамалауға отыздан астам әдеби агенттер жұмысын пайдаланады екен. Оның «Менің атым – Қырмызы» кітабы Нобел сыйлығын иеленді. Көркем шығарманы жарнамалаудың өзі әдеби агенттер қызметінің үлкен бір арнасы. Бұл өз алдына басқа әңгіме. Қазақ әдебиетіндегі, әлем әдебиетіндегі таңдаулы шығармалар қысқаша талданып, айтылып отырса жастар сөзсіз қызығады, бір жағы жарнама болады. Тәжірибемнен, сабақ барысында бір шығарма туралы пікірімді қысқаша айтып өтем де, «оқыңдар» дегенді айтпаймын. Сол шығарманың атын, авторын студенттер сұрайды және міндетті түрде оқиды.
– Сөз өнерін жетілдіріп, тіл мәдениетін арттырудағы еңбегіңіз жемісті бола берсін!
Ұлбала ТІЛЕУҚЫЗЫ, «Заң газеті»