Аннотация: Мақала XX ғасырдың бірінші ширегінде қазақ зиялыларының халқымызға өз атауын қайтаруда атқарған жұмыстары баяндалған. М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Тынышбаев және т.б, ұлтымыздың біртуар қайраткерлерінің баспасөз беттерінде және жеке еңбектерінде халқымызға «қазақ» атауын қайтару туралы көтерген мәселесінің нәтижесінде еліміздің «Қырғыз» Республикасының «Қазақ» деп аталуы 1925 жылы 15-19 сәуірде Ақмешітте болған Кеңестердің V съезінде көтеріліп жүзеге асырылды.
Түйін сөздер: қазақ, «қазақ» газеті, «қайсақ», «қырғыз», халық, қайтару, республика, зиялылар, ұлт.
Патша үкіметінің боданында болып, ұзақ уақыт «қырғыздар» атанып келген халқымыздың «қазақ» деген шын атауы 1925 жылы 15-19 сәуірлерінде болған Қазақстан Кеңестерінің V съезінде қалпына келтірілді. «Қырғыз» атанып келген халқымыздың өз тарихы атауына қайтып оралуына ұлт зиялыларының тигізген үлесі зор. Олар бұл мәселені шешуді XX ғасырдың басында қолға алған болатын.
Еліміздің бірден-бір алғашқы басылымы болған «Қазақ» газетінде бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, өз ойлары айқын түрде айтып, осы мәселе төңірегінде пікір де ұйымдастырылған еді. 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетінің бірнеше санында М.Дулатовтың «Түрік баласы» деген бүркеншек атпен жарияланған «Қазақтың тарихы» деп аталған мақаласында осы қазақ пен қырғыз атауының арасындағы айырмашылықтардың барлығы, орыс үкіметінің қазақты қырғыз атауының себебін «казактардан» айыру мақсатында деп көрсеткен болатын. Тарих ғылымында қаншама тарихи кітаптар жазылғанымен де «қазақ» сөзінің қайдан шыққанын анықтап бергендері болмағандықтан, арабша, түрікше, орысша шыққан кітаптарда «қазақ» сөзінің ақиқатқа қайшы жазылуын сынға алған. «Орыстардың әсіресе үкіметтің, қазақты қазақ демей, қырғыз деп жүргені рас, бірақ олар өздерінің атты «казачи» әскерінен айыру үшін, жаңылыс болсадағы қазақты қырғыз атап жүрді. Өзіміздің түрік қауымдарының, әсіресе басшыларының, қазақ пен қырғызды айырмағаны қате, кешпестік айып», — дей келе, қазақ атауын қайтару қажеттігін көтерген. «Қияметке шейін қазақ – қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы ғылым жарығындағы қазақ көзін ашып, бетін түзесе өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарық әдетіне ыңғайлы қылып «қазақ мәдениеті» (казахская культура) құрып, бір жағынан қазақ әдебиеті (казахская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы», — деп, қазақ халқы орыстар көрсетіп жүрген қырғыз нәсілінен еместігін, қазақ халқының руларының ішіндегі қыпшақ, арғын, керей, найман, қоңырат қырғыздармен қатар жүріп, қатар тұрған елдер екендігін, қырғызбен қатар жүрген найманды қалай бұрынғы қырғыздардың нәсілінен деуге болатындығын дәлелдей келе, ол барлық мекемелерде «қырғыз» деген атаудың орнына «қазақ» деп жазуды ұсынған.
М.Дулатов «қазақ» атауын қайтаруда орысша оқыған қазақ жастары жұмыла іске кіріссе, өздері істейтін мекемелерде «қырғыз» емес, «қазақ» деп атауды қолдану қажеттігін көтерді. «Қырғыз» бен «қазақ» екі ел екендігін, әр ел өз атымен аталу керектігін үндеді.
Газеттің келесі санында ол «қазақ» сөзінің түп-төркіні қайдан шыққандығын талдап берді. «Қазаққа» қатысты кейбір тарихи деректерде жаңылыс айтылған бес қателікті мысалдармен айқындады. Мәселен, орыстардың тарихында «қазақ» деген сөзді жазбай, «киргиз» деген бір жаңылыс сөзге малданып, сонымен бүкіл тарихын былықтырып отырғандығын, арабша және түріктің тарихи кітаптарында да «қазақ» сөзінің түп-төркіні туралы нақты айтылмай, әртүрлі ұйғарылып жүргендігін, мәселен, кейбіреуі «қазақ» «қашақ» деген сөзден өзгертілген деген тұжырымды жасауын, «Мустафар алахбар» кітабында «қазақ» атауы ноғайлармен арадағы келіспеушіліктерден жаңылыс жазылуын келтірген.
Ол қазақ сөзі «хайсақ» — «қайсақ» сөзінен өзгертіліпті дегенге де қарсы шықты. «Халисақ» сөзі қалмақшада граница күзетшісі (награнич, стражь) мағынасында-мыс, орыс тарихының кейбіреуі қазақ сөзі осы хайсақ дегеннен алынған деп өтірікті жазады. Осындай өтірікті малданып, орыс жазушыларының көбі қазақты (киргиз-кайсак) деп жазып жүрді. Мұның өтірік екендігі сөз ретіде соңына қарай айтылады. Осы күнде қалмақ-қытай қазақты қайсақ – хасақ деп сөйлейді екен – онысы тілі келмегеннен. Онымен қазақ сөзі хайсақтан өзгертілгендігі білінбейді. Осы күнде мишер халықты арабтан алынған «салам» сөзін «сейлам» деп сөйлейтіні бар. Сол секілді, қалмақтар қазақ сөзін «хайсақ» деп бұзып айтады деуге болады», — дей отырып, халықты шатастыратын кейбір аңыз, шежірелерге де сақтықпен қарауды талап ету қажет. Осындай қисынсыз шикі сөздерден ада болып, нағыз тарихи дәлдікпен сөйлеу қажеттігін көтереді.
Көп жағдайда қазақтың қайдан шыққандығы туралы сөз болғанда жалпы жұрт арасында түрлі аңыздарының айтылатындығын, ал қазақтың түркі халықтарынан айырылып, «қазақ» деген атауға нақты қашан ие болғандығы жөнінде мәліметтің жоқтығынан көмескі болып тұрғандығын мойындай отырып, нақты дәлелдерге сүйенбей, ақылға сыймайтын кейбір аңыз-оқиғаларды дерек ретінде қолданудың қисынсыз екендігін келтірді.
М.Дулатов «қазақ» мәселесі туралы тұжырымын «Қызыл Қазақстан» журналына басылған келесі «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы» деген мақаласында да талай көрсетті. Ол «қырғыз» атауы мен қазақ халқының шығу тегіне тоқтала отырып, қазақтардың ұзақ уақыт бойы «қырғыз», ал нақты қырғыздар «қара қырғыз» немесе «тағы қырғыз» атанып, қытайлар оларды «юрвут» деп жүргендігін, қазақтың өзін қырғыз емес, бұрыннан қазақ санап, қырғыз өзін қырғыз деп келгендігін, қазақ пен қырғыздың арғы тегі бір болғанмен, екі атаның баласы, біріне-бірі туыс, жақын түркінің екі руы екендігін растайды.
Қайраткер қазақтың қырғыз атануының себебін ол орыс қазағы қазақты шатастыра бергеннен кейін, қазақты қырғыз деп атауды жөн көруінен деп тұжырымдап, осы уақытқа қазақтың тарихи атауы бұрмаланып «қырғыз» болды деп тұжырымдаған. Қырғыз бен қазақтың тілдік, тұрмыстық жағынан өзге түркі руларына қарағанда жақындығы, сондықтан екі елді өзге ұлт өкілдері шатастырып алып жататындығын мысал ретінде айта келе, ол «қазақ» атауы халқымызға қайтарылу қажеттігін үндеген.
XX ғасырдың басында қазақ шежіресіне қатысты бірнеше тарихи еңбектер жарық көрді. Оның бірі Шәкәрім Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деп аталатын тарихи еңбегі. Шәкәрім қазақ шежіресіне тереңнен бойлай келе, түркі халықтарының шежіресін қамтуға тырысқан. Адам Атадан бастап, пайғамбардың балаларынан таралғандардың барлығына жеке-жеке тоқталып, түркілердің шығу тарихын анықтайды. Бұл кітап жарық көрісімен «Қазақ» газетіне Ә.Бөкейханның осы кітапқа қатысты пікірі жарияланып, Шәкәрімнің қазақтың түп шығу шежіресін талдауға алды. Ол Шәкәрімнің «Алаш» сөзін қайдан шыққандығын талдаған тұжырымына да келіспейді.
«Қазақ» сөзінің төркініндегі айтыстар 20-жылдары тағы да көтерілді. Бұл сөзінің төркінін М.Тынышбаев «Қырғыз-қазақ халқының тарихына материалдар» деген кітабында көтеріп, түрлі деректерді келтіре отырып, оның түп негізін ашуға тырысты. Ол да қазақтың шығу тегіне келгенде аңызға сүйенді. Еңбектің «Қырғыз-қазақтардың шығу тегі және Қазақ хандығының құрылу тарихы» деп аталған қосымшасында «қазақ-қырғыз» атауына өзіндік тұжырым жасаған. Ол араб, орыс және тағы басқа зерттеушілердің жазғандарын саралай отырып, қазақ сөзінің ежелден бері қолданылып келе жатқандығын айқындай көрсетеді. Мәселен Н.М.Карамзиннің орыс жылнамасында «қазақ» сөзінің ұшырасатындығын, сондай-ақ осындай мәліметтер араб жазушылары Ибн-Әл-Варди мен Масудидің еңбектерінде де аталатындығын нақты түрде дәлелдеп берді.
Сөйтіп, ол жалпы «қазақ» ежелден келе жатқан атау екендігін, патша үкіметінің орталық саясаты тұсындағы «қырғыз» болып кемсітіліп, «қазақ» атауын жоққа шығармақ болғандардың әрекеттеріне осылайша дәйекті түрде соққы беруге тырысты.
«Қазақ» атауын қайтару жолында ұлт зиялылары арасында 20-жылдары қазақ мерзімді баспасөзі беттерінде ұлт зиялыларының қазақ пен қырғыз арасындағы айырмашылықтар туралы пікірлері жарияланды. Қазақ атауын қайтару мәселесі қызу талқыға алынды. Еліміздің «Қырғыз» Республикасынан «Қазақ» деп аталуы 1925 жылы 15-19 сәуірлерде Ақмешітте болған Кеңестердің V съезінде көтеріліп, онда: «Қырғыз халқының тарихи дұрыс атын қалпына келтіру үшін Советтердің Бүкілқазақстандық V съезі: бұдан былайғы жерде қырғыз деген атау қазақ деп аталсын», — деп қаулы етті. Мұнымен бірге съезд Қырғыз Республикасын Қазақ Республикасы деп атауға, ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атау жөнінде шешім қабылдады.
ҚАКСР Орталық Атқару Комитеті призидиумының 1936 жылғы 9 ақпанындағы қаулысы бойынша қазақтар, Қазақстан деген неғұрлым дәл атау деп қабылданды. Сөйтіп ширек ғасыр бойы «қырғыз» атанып келген халқымыз ұлт зиялыларының, қазақ оқығандарының, қайраткерлерінің өткір талаптарының нәтижесінде тарихи атауымызды қайтарып алды.
Ғасырлар бойы орыс бодандығында болып «қырғыз» деп кемсітіліп келген қазақ халқы, егеменді болған 30 жылдан астам уқыттың ішінде дүниежүзіне саяси, экономикалық және әлеуметтік жағынан толықтай танылып, Қазақстанның көк байрағын желбіретіп келеді. Тәуелсіздік идеясы мен мұратын егемендік, дербестік, азаттық аясында көтеріп, мемлекетіміздің жарқын болашағы жолына ұстануда.
Шахтинск қаласының әкімшілік құқық
бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған
сотының сот Әкімшісінің басшысы Е. М. Мусенова


