Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды.
Биылдан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігі биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланатынын мәлімдеді. Яғни 14 наурыздан бастап әр күнге ат беріліп, айдар тағылып, сол атау бойынша наурызды тойлату жоспарланып отыр. Мәселен
14 наурыз — Көрісу күні — Амал мерекесі. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Қазір бұл мерекені барлық аймақта тойлау ұсынылды.
15 наурыз — Қайырымдылық күні. Бұл күнді ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнаймыз.
16 наурыз — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр.
17 наурыз — «Шаңырақ күні». Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.
18 наурыз — Ұлттық киімдер күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара өткізу ұсынылып отыр.
19 наурыз — Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
20 наурыз — Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурызды — Ынтымақ күні. Оның басты мақсаты — жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
22 наурыз — Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. 14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өтеді.
23 наурыз — Тазару күні. Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде етіп жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.
Мұндай шаралардың ұлтымыздың ұйысуына ықпал етіп, ұлттық рухымыздың да көтерілуіне әсер етері анық. Осы орайда еліміздің сот жүйесі де мұндай бастамадан қалыс қалмақ емес. Мәселен сот жүйесінің қызметкерлері ұлттық киім күні, ұлттық киімдерімізді киіп, салт дәстүрімізді барынша дәріптеуге көңіл бөледі. Бас қосып, ынтымағымызды арттырып, салт дәстүірімізді дәріптеуге де назар аударады. Сондықтан ұлттық мереке елімізді мекендеген барша ұлт пен ұлысқа ортақ ұлық мереке деп айта аламыз.
Абенова Жанат Тлеубаевна, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының төрағасы


