САЛЫҚ ТӨЛЕУ САЛМАҚ ЕМЕС, САУАТТЫЛЫҚ

Қымбатшылық қос бүйірден қысқан уақытта жалғыз жалақымен жан бағу қиын. Қарашаның көбі негізгі жұмысынан бөлек тағы да бір істің ұшын ұстауға мәжбүр. Көлігі барлар кешкілік такси жүргізушісі болады. Енді біреулер қолдан келгенше сауда-саттық жасап бағады. Осылайша табысына табыс жамап, күнелтіп жатқаны жасырын емес. Дені бұл кәсібін заңдастырмай шұғылданады. Сәйкесінше елде «қара кәсіп» көп. Қаржы мамандары бұл ел дамуына кедергі келтіреді дейді. Себебі, табысын жасырып, кәсібін заңсыз жасайтындар ешқандай салық төлемейді. Алайда, жақында бұл үрдіс жолы кесіліп, елде салық түсімі артуы мүмкін. Оған ақша аударымдары тексеріледі деген заң себеп болмақ.

Иә, өткен жылдан бастап қазақстандықтардың жеке шоттарындағы мобильді аударымдары тексеріліп жатыр. Атаулы бақылау екі кезеңнен тұрады. Бірінші жылы халық дүние-мүлкі мен тапқан табысы туралы декларация тапсырады. Сол жинақталған ақпарат бойынша жеке шоттар бақыланады. Қандайда бір кәсіпкерлік бағытта табыс көзі анықталған шот иелерінің мәліметі Мемлекеттік кірістер комитетіне жолданады. Осылайша сізге келіп түскен ақша аударымдарының қайдан және қандай мақсатта түскенін түсіндіруіңізге тура келеді. Кәсіппен айналысқаныңыз анықталса, оны заңдастырып, салық төлейсіз. Түсінікті болу үшін тағы да тәптіштеп тарқатайық. Бір дүниені түсіну керек, барлық жеке шоттар тексерілмейді және әрбір аударым үшін салық салынбайды. Тек, кәсіп жасап, оны жасырғандарға қатысты, бұл өзгеріс. Осы тұста ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаевадан кімдердің аударымдары бақыланады, кімдер салыққа міндеттелгенін сұрадық. Ол «Егер бір азаматтың жеке шотына 1 айда 100 әр түрлі адамнан мобильді аударымдар түссе және бұл үрдіс 3 ай қатарынан қайталанса, сол жағдайда ғана атаулы азаматқа бақылау жүргізіледі», – деді. Норма осылай. Яғни, 100 аударым түспесе алаңдайтын дәнеме де жоқ. Заманына қарай адамы. Техниканың дамып, жаңашылдық қарқын алған уақытта кей дүниелердің де мазмұны бірге өзгеріп келеді. Мысалмен түсіндіріп көрейік. Қазақ халқында қуаныш пен қайғылы оқиғалар болса, елде жылу жинайтын дәстүр бар. Бұл психологиялық демеуден бастап, қаржылық қолдауға дейін ұласады. Түсінікті тілмен айтқанда қазалы үйдің қара дәптеріне көңілқос ақша жаздыру мен қуаныш иесінің мерекесіне тойана беру ғұрпы бар. Уақыт өте келе бұл амалдар да онлайн жасалатын болған. Барған жерде «голд» іздеп жүреміз ғой. Ондайда адамдар 100 емес, кейде мыңнан асып жатады. Ол жағдайда қалай болады? Бұл кәсіпкерлік аударымдарға жата ма? Одан салық ұстала ма? Осы сауалдардың жауабын білмекке Мемлекеттік кірістер комитетіне сұрақ жолдадық. Айтуларынша көңіл айтып келген қараша мен қуанышқа ортақтасқан бұқараның берген ақшасы кәсіпкерлік бағыттағы табысқа жатпайды. Салық та сұралмайды. Тек шотыңыз бақылауға алынып, аударымдар туралы сұрағанда отбасыңызда қайғы орын алғанын немесе қуанышты оқиға болғанын дәлелдей алсаңыз болғаны. Мобильдік аударымдарды тексеру бір уақытта жаппай халықтық белең алмайды. Әлеуметтік статустарына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік қызметкерлер мен жұбайларының шотына сұрау салынды. Биыл мемлекеттік мекемелердің жұмысшылары және отбасы мүшелері тексеріледі. 2025 жылы кәсіпкерлер мен жұбайлары жайлы ақпарат бақыланады. Ал, қалған қазақстандықтар 2026 жылы есепшотындағы аударымдар туралы түсіндіруге міндетті. Осы жерде мен алғашқылардың санатына жатпаймын, менің жеке шотымды 2026 жылға дейін тексермейді деп түсінуге тағы болмайды. Мысалы, сіз такси жүргізушісі болып еңбек етсеңіз, басқа ешқандай жұмыс орныңыз болмаса сіз 2026 жылға кіресіз. Бірақ сіздің заңды жұбайыңыз мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуі мүмкін. Мұндайда сіздің ақша аударымдарыңыз зайыбыңызбен бірге осы жылы бақыланатын болады. Тексеріс басталды дегеннен жоғарыда айтқан кәсіп иелері тек қолма-қол есептесуге көшті. Онысы халықты әбігерге салып, бұрын мобильдік аударым арқылы төлейтін бұқара қазір тиын санап жүр. Алайда, сіз тұтынушы ретінде кәсіп иелерінен банк қосымшалары арқылы сауда жасауды немесе қызмет түрін пайдалануды талап ете аласыз. Егер кәсіпкер бұдан бас тартатын болса, құзырлы органдарға арыз тастай аласыз. Бұл үшін бірінші кезекте ескерту беріледі. Екінші мәрте тағы елге қиыншылық тудырған жағдай анықталса, кәсіпкерге 147 мың теңге айыппұл салу көзделген. Бұл жайлы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Қош, кәсіп көзін заңдастырмаған қараша түбінде жаппай салық төлеуі мүмкін. Бірақ, мәселенің екі ұшы барын да ескерейік. Халық уақытының көптігінен, не болмаса етер ермектің жоқтығынан қосымша жұмыс істеп жүрген жоқ! Барлығында бір арман. «Тұрмысым жақсарсын, қарыз қамытынан құтылайын. Бала-шағам жоқшылық көрмесін» деп талай әкелер еңбек етіп, аналар қосымша жұмысқа амалсыздан жегіліп отыр. Солардың бірі Азамат есімді астаналық тұрғын. Бала-шағаның нәпақасын такси қызметі арқылы тауып жүрмін дейді. Ерінбей еңбек етсе, тапқаны күнделікті күнкөріске жетеді екен. Алайда, мобильдік аударымдар тексеріледі дегеннен көңіліне қаяу түсті. Шотында кәсіпкерлік бағытта табыс көзі анықталса, салық салынатындығын уайымдайды. Себебі, халықтан алатын азмаз жолақысынан ұсталатын төлемдер онсыз да көп көрінеді. «Яндекске пайызын бір береміз, индрайвермен жолаушы тасымалдасақ та төлемнен пайыз ұсталып қалады. Оған қоса автобан ақысы, машина салығы тағы бар. Оның пайызын әр кезде төлей берсек, бала-шағамызға не қалады? Қазір амалсыздан тек қолма-қол төлеуге мәжбүрміз», – дейді. Біздікілер ғана заң жасап, өзгеріс еңгізуге құмар екен деп бар кінәні мемлекетке арта салуға тағы болмайды. Бұл шетелдерде де бар тәсіл. Сарапшы мамандар осылай дейді. Кәсіпкер саны көбейсе, мемлекетке түсетін салық көлемі артатыны белгілі. Осы тұста халықтың жайы мен салықтың жайын сұрап, қаржы мамандарының пікірін тыңдадық. Оларды заңдастырып, салық мәдениетін қалыптастыруымыз керек дейді. «Біздің салықтың мөлшері 3 пайыз ғана. Жеке кәсіпкер ретінде тіркел, тапқаныңның 3 пайызын төле. Оны көрсетпей, тығып, артынан жауапкершілікке ұшыраудан ешқандай пайда жоқ. Өзге мемлекеттерде салық пайызы тым көп. Оның қасында біздікі су тегін», – дейді Қазақстан салық кеңесшілерінің басқарма төрағасы Сәкен Қарин. Маман айтса біліп айтады. Болашақта ел дамуы үшін елдік танытуымыз керек-ақ.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Бүгін Алматыда жалпықалалық сенбілік өтеді

23 наурыз – Тазару күні аясында Алматыда жалпықалалық сенбілік өтеді.

Бүгін барлық өңірде дауылды ескерту жарияланды 

"Қазгидромет" 23 наурызға арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер Астана, Шымкент қалаларында, 16 облыста, сондай-ақ Алматы тауларында қауіпті ауа райы құбылыстары күтілетінін ескертті.

Иран әуе кеңістігін жабу мерзімін ұзартты 

Иран билігі елдің әуе кеңістігіндегі ұшуларға қойылған тыйымды 29 наурызға дейін ұзартты.

Дәстүрдің экологиялық бейнесі: Алматыда қайта өңделген материалдардан жасалған ер-тоқым көрсетілді

Алматыдағы «Атакент» көрме орталығы алдындағы алаңда Бостандық ауданы әкімдігінің қолдауымен Funk креативті агенттігі ұйымдастырған «Наурыз Береке Мереке» атты ауқымды фестиваль өтті.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады