Түркістан облысында 100 млрд теңге болатын күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметіндегі есептік кездесуде мәлім етті, — деп хабарлайды Zanmedia.kz порталы.
Зауыттың құрылысы 2024 жылы басталады.
«Бүгінде облыс өнеркәсібінің негізін тау-кен өнеркәсібі яғни уран өндірісі құрайды. «Қазатомөнеркәсіп » ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жер учаскісі анықталып, компания тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. 2024 жылы зауыттың құрылысы басталады. Жобаның құны – шамамен 100 млрд теңге», — деді Дархан Сатыбалды.
Ал журналистердің: «Түркістан облысында күл-қоқыс таситын полигон мәселесі күрделі болып тұр. Ауылдарда заңсыз алаңдар пайда болып, жазық даланы қоқыс қаптаған деген шағымдар көп. Бұл мәселені шешу мүмкін болмай тұр?», — деген сұрағына облыс әкімі күл-қоқыс полигоны бойынша мұндай мәселе бар екенін айтты.
Облыста қазір 159-ға жуық белгіленген полигон орындары бар. Санитарлық-экологиялық департаменттерімен кездескен кезде олардың 70% сол талаптарға сай келмейді дейді. Олар бойынша әрқайсысын анықтап, қосымша қандай жұмыстар керек екенін зерделеп барып, жергілікті бюджеттен жобалық-сметалық құжаттарын дайындағаннан кейін қаржыландырып сәйкестендіреміз. Жылына екі рет спутниктік түсірілімдерді алып отырамыз. Сол жерден ретсіз күл-қоқыс тастап кеткен жерлерді анықтап, күнделікті тазалап, полиция департаментімен бірге айыппұл салып жатырмыз, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


