Бас қалада өтетін жиналысқа барғанда тергеуші Таңат өзінің қатаң сөгіс алатынын іштей сезді. Бір-екі күнде қашып кеткен күдіктінің табыла қоятынына сенім жоқ. Үміт тым әлсіз. Жедел уәкілдің оның ізіне түскеніне бір жылдың жүзі болса да жіптің ұшы шықпады. Қылмысты жасырды деген айыппен ұсталғандар жазасын алғанымен, нағыз қылмыскер әлі табылмады. Жоғарыдан еститін сөгістен бұрын төрт баланы жетім, жап-жас келіншекті жесір қалдырған қатігездің бостандықта жүргені тергеушінің жанына қатты батады. Осы уақыт аралығында оның тағы бір жазықсыз жанды жазым етпесіне кім кепіл?.. Жүрдек пойыз болса жүйткіп келеді…
Жүрдек пойызға кешігіп қалып, осы бір қылмысқа ұрынған Ернардың да соры қалың екен деп ойлады. Ата-бабаларымыздың «Аяқ асты жазадан сақта» деп тілейтіні де осындайдан қалған екен ғой…
Қас қарайып қалған. Жамбыл облысынан Алматыға емделуге келген Ернар нән қаланың кептелісінде пойызға кешігіп, қонатын жері болмағасын сыныптасы Қайратқа хабарласады. Ол да мектепте бірге оқыған Дәуренмен бірге жүргенін, вокзалдан алыс емес Гүлдала ауылындағы «Динара» кафесіне отырғандарын айтады. Үш сыныптас бір-бірін көргеніне қуанышты еді, қуаныштың буымен сыраны да суша сімірді.
Бұл кафеде Жамбыл облысындағы әскери бөлімшеден қашып кеткен солдатты іздеп, күні бойы аяғынан тозған капитан Сабыр да отыр еді. Қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға жігіттің әскери бөлімге орналасқанына бір-екі жыл болған. Үйдің жалғыз ұлы болғасын ауылдан ұзай алмай, төрт баласын асырау үшін жаны қаламаса да әскери қызметке орналасқан еді. Енді-енді бөлімшедегі міндетін толық меңгеріп келе жатқанда боркемік сарбаз аса қиындық көрмесе де, әскерден қашып, соны іздеуге шыққан. Асығып жүріп, бөтен облыстан қонатын жер де сайлап алмапты. Күні бойы нәр татпағасын, тамақтанып алған соң, кафе қызметкерлерінен сұрап тауып алармын деп «Динараға» бас сұққан.
Сыралатқан сыныптастар мұны әңгімеге тартып, бір облыстан екенін білгенде бірге отыруды ұсынды. Ойына ештеңе алмаған сабырлы жігіт біраз уақыт бірге отырып, сосын тұрып кетермін деген.
- Бұл ауылға қайдан жол түсті, – деді Қайрат.
- Бір солдат қашып кетіп, осы ауылдың тумасы болғасын соны іздеп келгем. Ертең тағы іздеймін. Ауылына бір келер…
- Ооо, бауырым, сен әскери адам болдың ғой, шенің қандай?, – Дәуреннің мына сұрағы біртүрлі кекесінмен естілді.
- Капитан.
- Жасырмаймын, әскерде болғанда шенділерді аса жақтырмайтынмын.
Дәуреннің бұл сөзі бір шикіліктің басы болмасын деп секем алған Қайрат
- Қазір әскерде емессің ғой, бауырым, – деп, бір-біріне тістене қараған жігіттердің қабағын жазбақ болып, екеуінің арқасын қаға берді. Дәурен жібіген сыңай танытып
- Бірақ біз жерлеспіз, ғой, Жамбыл облысының жігіттері жасасын, жасасын!!!, – деп айғайлады. Әскердегі шені жоғарыларға кеткен кегі ішінде қайнап тұрғанын жасырғысы келсе де жасыра алмай, екі көзімен Сабырды ішіп-жеп бара жатты.
Ол кезде дәл осы жалынды айқайының қылмыстық іздестіру тобының жігіттеріне жол көрсетерін Дәурен білген жоқ.
Гүлдала жылдан жылға кеңейіп бара жатқан, жан-жағында саяжайы көп ауыл. Шалғайдан келіп қоныстанғандар бірді –екілі мал ұстап, бадаға қосады. Таңертең малын өріске шығарған Ақназар қария күнде өтіп жүрген жерінен бөтен бірдеңенің қарайып жатқанын көріп, әлденеден секем алғандай жылдам барғанда қан-жоса болған ер жігіттің мәйітін көреді. Тумысынан сергек ақсақал бірден «102», «103» нөмірін тереді.
Әмиян бос. Құжат қалтада қалған. Соған қарағанда қылмыскер әккі болмаған сыңайлы. Сабыр Тілеуқабылов бұл ауылға іссапармен келгесін, мұнда оның таныстары болуы неғайбыл. Қылмыстық іздестіру тобы Сабырдың суретін алып қоғамдық орындарды аралай бастады.
«Динара» кафесінің қызметкерлері Сабырдың ол кафеде алғашында жалғыз, сосын үш жігітпен бірге отырғанын, олардың біреуінің «Жамбыл облысының жігіттері жасасын!», – деп айқайлағанын айтты. Енді топ мамандары Жамбыл облысынан келгендерді іздеуге кірісті.
Қайраттың үйі кафеден алыс емес екен. Жеңгесі Әлима Жамбыл облысынан келіп, мұнда пәтер жалдап тұратынын, Қайраттың ауылға кеткенін айтты.
Шұғыл шығып кеткені тегін емес, қасында кім бар еді, деген сауалға жеңгесі «ешкім», деп жауап берді.
Алматы маңындағы Грес деп аталып кеткен ауылдан келген кинолог мамандарды мәйіт табылған жерден бірталай қашықтықтағы сайға әккі ит Ақтөс алып барды. Сайда шала пұла көмілген қан жағылған киімдер шықты. Киімнің төсқалтасынан табылған «Сыныптас Ернар…» деп жазылған номердің өшіп тұрарын білсе де тергеуші қоңырау соқты. Айғақ-зат ретінде тіркелген киімдерді бөлімшеге апарған Таңат номердің кімнің атына тіркелгенін білу үшін мобильді операторға хабарласты. Бұл кезде Жамбыл облысының жедел іздестіру тобы Алматы – Түркістан бағытындағы пойыз жолаушыларын тексеріп жатыр еді. Бетін бүркеп, жоғарғы төсекте жатқан Қайрат көп қарсыласпады.
Телефон Ернар Батырхановтың атына тіркеліпті. Құрылысшы, тіркелген мекен-жайы көрсетілгенмен, тұрғылықты мекені белгісіз. Қайрат екеуі сыныптас. Соңғы қоңыраулар жазбасы алынғанда тергеуші олардың қасында Дәуреннің болғанын білді. Көп ұзамай оның да толық аты-жөні анықталды.
- Қайрат Темірбеков, сізге Ернар хабарласқанда сіз қасыңызда Дәуреннің бар екенін айттыңыз. Үшеуің сыра іштіңдер, әрі қарай не болды?
- Иә, іштік біраз отырған соң, әркім өз жөнімен кетті. Ернар екеуміз біздің үйге қонып, ертесі Алматыға қайттық. Ернарды одан кейін көрмедім.
- Дәурен қайда?
- Ол кафенің қасында қалған.
- Сіз, сыныптасыңыз Дәуреннің бұрын сотты болғанын білуші ме едіңіз?
- Өз аузынан естімеген соң, өсек болар деп сенбегем.
- Оның қайда тұратынын білмейсіз?
- Жоқ.
- Ернар қайда?
Осы кезде конвой Ернардың табылғанын, Таразға ол пойызбен емес, таксимен шыққанын айтты.
Қайратты сұрақ астына алып отырған тергеуші кабинеттен дереу шығып Ернарға барды. Шошып қалғаны көрініп тұр. Ол бірден болған жайды баяндап берді. Оның айтуынша Алматыға жеткенде үш жігіт үш жаққа кеткен. Дәурен сол кезде енді ұсталса жаза қатаң боларын айтқан.
Бұл кезде Қайрат та, Ернар да қылмысты жасырғаны үшін жаза барын білмеген еді. Тергеуші осы ауылдан ұзамау керек екенін түсіндіріп, басшылыққа жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтып екеуін босатты. Дәуреннің бұларға хабарласарына сенімді еді. Сенімі ақталмады.
Сыраға сылқия тойған сыныптастарын «Әскери адамның ақшасы көп болады, ұрып-соғып, онысын тартып алайық», – деп азғырған да сол еді. Қайраттың үйіне қонуға келісіп, бұлардан бір-екі қадам алға жүріп кеткен Сабырды жон арқасынан жерде жатқан темірмен соғып құлатып, тепкілей бастаған Дәуренді тоқтата алмаған Қайрат пен Ернар оқиға орнынан кетіп қалады. Алайда, Дәуреннің Сабырды өлтіріп қойғанын білгенде, қан жұғып қалған киімін жасыруға көмектесіп, қылмысты жасырғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал, оларды арандатып, Сабырдың қалтасында екі мың теңге ғана болды, деп ызаланған Дәурен әлі табылмады.
Сол үшін тергеуші де, жедел уәкіл де сөгіс алмақ. Сөгіс алса бір жөн, қызметін төмендетуі де мүмкін. Талай-талай ауыр қылмысты ашқан тергеуші үшін бұл оңай соққы емес.
Жедел уәкілдің телефонның құлағында отырғанына кеше тура бір жыл болды. Жер жұтып кеткендей…
Күндегі әдетімен Өмірзақов Дәуреннің туыстарының телефонын тыңдауға кірісті. Солтүстік Қазақстанда тұратын нағашы әпкесі күнделікті күйбең тірліктің әңгімесін айтып, қызымен сөйлесіп жатты. Бір қолына немересін алғаны анық. Сөз арасында оның мазасызданып қолдан түспейтінін айтты. Бала жұбанбай кетті.
- Мама, қызуы бар шығар тартпада қызу өлшегіш бар, өлшеп көріңізші, – деді қызы.
- Қазір. Дәурен, мына баланы ұстай тұршы…
Бір сәт үнсіз қалған Өмірзақов құлаққапты шеше сала өзінің телефонына жүгірді. Ол кезде Тергеуші Таңат жиын болатын кеңсенің алдына жеткен.
- Табылдыыы!.. Жолдас, подполковник. Дәурен табылды!..
- Шын ба?.. Жедел сол қаланың қылмыстық іздестіру тобына хабарла, үйге адамдарын жіберсін. Қазір мен жоғарыға баяндаймын.
- Құп.
- Күн тәртібіндегі мәселелерден соң, кезек бір жыл бойы табылмаған қылмыскердің жайына келгенде, Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық іздестіру тобы Дәуренді ұстаған еді.
Таңаттың көз алдына жәутеңдеген, төрт бала мен кемсеңдеген кейуана келді. Өмірзақовтың бір жыл шұқшиып телефон тыңдаған еңбегі ақталды.
Назым Дүтбаева