Аудан орталығы болған елді-мекен, елордаға қосылып, қала мәртебесін алды. Бұрынғы қиқы-жиқы көшелер жөнделе бастады. Бірде-жанып, бірде жанбай тұратын элект жарығы да күндіз-түні жарқырап тұратын болды. Айналасы төрт-бес жыл ішінде жаңа мектеп салынып, аурухана да күрделі жөндеуден өткізілді. Емхана ішінара жаңа техникамен жабдықталып жатты.
Әсіресе, елорда мен екі ортаға тақтайдай түзу асфальт салынғаны бәрінен ең қажеттілікті өтеді. Жұрттың ризалығында шек жоқ. Жеке көліктерімен орталыққа қатынап жұмыс істеуге мүмкіндік туды.
Бұрын әржерде төбе көрсетін дүкендердің есіктері жабылмасқа амалы қалмады. Өйткені екі қабатты үлкен жаңа сауда орталығы тез арада салынып, пайдалануға берілді де, халық бар керегін осыдан тапты. Мұндағы сөрелерде заманауи жаңа бұйымдар сатыла бастады. Мебель аласың ба, радиотехника керек пе, төсек орын ба, әсемдік дүниелер ме, бәрін халық алысқа бармай осы сауда орталығынан алып, мәре-сәре болды.
«Шіркін ақша болса бір күнде Меккені де салуға болады екен-ау» деп үлкендер жағы күн сайын бой көтеріп жатқан басқа да жаңа құрылысқа таңданысын білдірді. Сөйтіп қала мәртебесін алған аудан күн сайын түрленіп қанатын кеңейтті. Халық саны да көбей бастады. Ауқаттылар қатарының да қарасы көбейді. Олар іргедегі Нұрадан тартылған жаңа құбыр жағынан ағын су жақсы келетін шұрайлы жерден үйлер, коттеждер салып, «мыналар байдың көшесі мен үйлері» деп соқырға таяқ ұстатқандай айыратын аймақ етті.
Бұрын аудан кезінде басшылар, активтер, белсенділер тұрған Ленин атындағы көше болған. Кейін бұл көшеге осы жерде бірінші колхоз бастық болған Жұмабек Жақсылықов деген ардагердің есімі берілді. Осы көшенің де ақ шатырлы үйлері жұрттың көзіне бірден түсетін. Енді жарқыраған қос қабатты коттеждер көбейген көмескілене бастады. Тек ертеректе отырғызылған биік- биік көк теректер, ақ қайыңдар мен емендер, шыршалар мен жиде тектес өсімдіктер көктем мен жазда жапырақтары жайқалып, жол жиегінде бұрынғы қалыппен көз тартып тұрды.
Аудан кезінде мемлекеттік авто инспекцияның бастығы «кімсің ГАИ Ризабек» болған, полковник Ризабек Иманқұловтың ақ шатырлы үйі де активтер тұрған көшеде болды. Кәсіптік режиммен зейнетке ерте шыққан Ризабек басқа жерге қызметке бармады. Әйелімен екеуі мамыражай өз тіршіліктерімен өмір сүріп жатты. Ұлдары, қыздары бәрі жақсы қызметке жан-жақтаөз орындарын тапты. Бірақ, олар жұмыс басты боп ата-анасына сиректеу қатынайтын.
Ризабектің әйелі Нафиса Қостайқызы аралас ұлттан. Әкесі қазақ болғанмен нағашы жақтарынан татар да, башқұрт та, тіпті орыс та болған. Сондықтан ба, жалпы қазақтардай қонақжай емес. Үйлеріне ешкім себепсіз бас сұға қоймайды. Өзге аталас ағайын-жұртпен де араласы сиректеу.
Нафиса Кеңес үкіметі кезінде паспорт столында төлқұжаттарды рәсімдеу бөлімін басқарды. Сондықтан аудан жұртшылығына оның беделі МАИ бастығы Ризабектен кем болған жоқ. Әсіресе, ел тәуелсіздік алған жылдардан кейін төлқұжаттарын ұлттық тілде өзгертуге көп сұраныстар болды. Біреу арғы атасын, біреуі бергі атасын, енді біреуі өз әкесін қазақша есімге ауыстырып, «ов»- «ова» дан құтылып, тектеріне «ұлы» мен «қызы» дегенді қостырған. Осы кезде Нафисаның «түп!» дегенде түкірігі жерге түспейтін.
Ризабек МАИ басшысы болғанда автокөлікті жүргізуге құқық алғысы келетіндер емтихан тапсыра алмай құлап, қызмет кеңсесінде Ризабекке жолыға алмаса, паспорт столын немесе Ризабек үйі маңын төңіректеп, Нафиса арқылы да қол жеткізетіндері де болған. Немесе сол уақыттарда автокөлікті ішімдік ішіп алып ұсталатын басшылар да аз болмайтын. Жер-жердегі автоинспекцияның қатардағы қызметкерлері бастықтығын қайтсін, айыппұл салып, көлік жүргізу құқығынан айырып, құжатына белгі қойып береді. Ал, енді жүргізіп көр көлікті? Кейін мұны жөндету үшін Ризабекке шығу керек. Ал, Ризабек жұмыс басты, қолы тимейді. Уақыт болса зуылдап кетіп барады. Құқықтық құжатты алу керек. Осындайда Нафисаның бастық сымақтарға көп көмегі тиген. Ризабек Иманқұловтың беделі аудан әкімі беделінен кем түспесе, Нафиса Қостайқызының беделі Ризабектен кем түспейтін.
Нафиса тұратын көшенің арғы беттегі көршісі Татяна Петровна Петрова болды. Ол 1995 жылы отбасымен күйеуінің тұрғылықты елі болған Германия мемлекетіне көшетін болып автомобиль жүргізуді үйренді. Сол жақтағы атам: «Германияда міндетті түрде әйелдерде автомашина болуы керек екен. Өйтпесе істеген тірлігіңде береке болмайды»-деп хабарлады. Сондықтан осы жақтан автомашина жүргізуді үйреніп, қолыма құқық алуым керек» деп Татяьна автомектепке құжат тапсырды. Сол Татяна жалғыз болмай Нафисаны үгіттеп, екеуі 4-5 ай оқып, автомобиль жүргізуді үйренді. Кәдімгідей емтихан тапсырып автомобиль жүргізу құқығына екеуі ие болған-ды.
Машина ролі Нафисаға да өте қызықты болды. Ақыры Ризабек жинастырған бар ақша қорына Нафиса КСРО-ның жаңадан шығып жатқан жол таңдамайтын « Москвич 21-41» ақ сұр түсті жеңіл машинасын сатып алды. Машина жүргізген соң аудандағы басқа дөкейлердің әйелдерінің алдында Нафисаның бұрынғыдан да беделі арта түскен еді.
Нафиса сұңғақ бойлы, ажарлы әйел. Жас күнінде мүлде көрікті болғанын кез келген жан байқайды. Оның үстіне сәнқойлығы тағы бар. Көшеге дүкенге бір зат алуға шыққанның өзінде жәй киіммен шыға салмайды. Және бүгінгі киіп барған киімін ертең тағы киіп бармайды. Киімдерін әркезде өзгертіп, жан-жағындағы өзге таныс әйелдерді таңқалдыруға құштар. Көпшіліктің «Ой, Нәфиса Костаевна, модамен киінесіз-ау, мына киімді қайдан алдыңыз, Сізге қатты жарасады екен» десе болды. Жұрттың өзіне тамсанғаны оған үлкен құрмет көрсеткендей көрінеді. Жас кезінде аудандағы актив келіншектері арасындағы ең сұлу әйел көрсеткісі келіп, барлық сәнді киімді Мәскеу жақтан алдыратын. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Енді автомобиль роліне әйелдер арасында тұңғыш рет өзі отырып, тағы таңқалдырды. Бұл өзіне де қолайлы болды. Енді ешкімге, әсіресе өмірі қызметтен босамайтын Ризабекті күтпей-ақ, қай жерге барам десе, өз машинасымен жүре беретін мүмкіндікке жетті.
Ризабек тұратын ақ шатырлы үйдің ат шаптырым ауласы да басқалардан бөлек. Үлкен гаражында қатарласып екі машина тұрады. Нафисаның арқасында гаражға тақау есік алдында алқызыл гүл шоқтары өсіп тұрады. Сырттағылар тек дарбаза ашқанда ғана көріп қызығады. Бақшалары да сондай. Мұнда елде жоқ жеміс-жидек ағаштары майысып тұр. Нафиса өзі өсірген жеміс ағаштары мен гүлдерінен ерекше ләззат алып, сүйсінеді.
Нафисаның Ризабек дегенде де жүрегі бөлек жан. Қатты жақсы көреді. Бас қосылған отырыстарда бөтен әйел әзілдеп болса да Ризабекті мақтап, не басқаша көз салып қойса, онда «бомба» жарылды дей бер. Бұл-бір. Екінші, күйеуіне қызығып қараған әйелді оңдырмайды. Ретін тауып оңашаға шығарып алып, тықсырып мәселені дереу шешіп тастамай көңілі көншімейді.
Ризабек зейнетке шыққаннан кейін поштаға жиі баратын болды. Өйткені зейнет ақысын осы жерден алады. Сосын поштада газет-журналдар сатылады. Жаңа басылымдар «Жұлдыз», Жалын»», «Парасат» «Простор» «Вокруг света» журналдарын, қазақ басылымдарын, бұған қоса орыс тілді басылымдарын да түк қалдырмай сатып алып, үйде оны бір апта оқып, рухани жан дүниесін байытып отырғанды әуелден жақсы көреді.
Ризабекті теларнаның сан түрлі жаңалықтары қызықтырмайды. Небір қызық деп көрсетіліп жатқан «корей», «түрік» сериалдарын көруге де көңіл хошы жоқ. Тек кешкілік бір мезгіл «НТВ» арнасынан жиі берілетін полиция өмірлерінен кино көреді. Кино көріп отырып, заманның қылмыстық сипаты кең етек алып бара жатқанына ішінен қынжылады. «Адам жақсыдан гөрі жаманға тез бейімделгіш. Осы «НТВ» көрсеткен кино жасөспірімдер үшін мүлде қайшы. Кино нақты өмірдегі болған уақиғаны көрсететін шығар, ал беретін тәлімі «міне, сен мынадай қылмысты үйрен, үйрен.» деп тұрғандай көрінеді. Өзі қызмет еткен уақытпен осы кезді салыстырып болашақ ұрпаққа алаңдап отырады. Мейірімділік, қайырымдылық дегеннің ауылы алыстап бара жатқандай ма, мүлде түсінбейді.
Ал, кейде үнсіз қалпы ойға шомады. Жастарға үлгі етіп кітап та жазғысы келеді. Оны қалай бастарын білмейді. Ұрпақтарға көпнәрсе айтқысы келеді. Көкірегінде бәрі сайрап тұр, бірақ, қолына қалам ұстай бастаса, барлық ойы шашырап кетеді.
Өткен жылы сөйтіп алпысқа толды. Биыл енді алпыстан асты. Мүшел жас. «Лезде қарттық келіп қалды ма осымен» деп Ризабек 61-ге толғанда ішінен біртүрлі болғаны бар. Сөйтсе, олай болмай шықты…
Осы жердің орталық поштасына жаңа бастық әйел келіпті. Поштаның бұрынғы қызметкерлері де жаңарып, олардың орындарына басқа қыз-келіншектер келе бастапты. Кәрі-құртаң көп келетін зейнетақы алатын бөлімге оқу бітіріп келген жас бойжеткендер төбе көрсетті. Бұрын бұл бөлімде орыс ұлтының жуан сары әйелі отыратын. Ол кетіпті.
-Кетсе, құрысын. Зейнетақы алуға келгенде тұздалған шошқа етін жеп, аузы босамай сасып отыратын еді. Зейнетпұлдың кейбір тиын-тебендерін бергісі келмей, беті бүлк етпестен «сдача нету.»-дейтін. Сол майда тиынды кім күтіп тұрады. «Қойшы, жоқ болса..» деп кетіп қалатын едік. Жаңадан келген бастық пошта қызметкерлеріне талапты қатты қойса керек, мына жастар 3 тиын, 5 тиын болса да қайтарым ақшаны түгел тауып береді. Сол тиыннан ешкім байымайды, не кедейленіп кетпейді ғой. Адал ниетті болғандарын айтсайшы. Кейде зейнетақы алып жатып:
— Айналайын-ау, сол тиынды бермей-ақ қойшы.Қалтамыздан да түсіп қалады, -десе поштадағы жаңа қыздар:
— Ағай, апай, бұл сіздердің өз еңбектеріңіз. Бастығымыз Парасат Әмірқызынан бұл үшін сөгіс алатын жәйіміз жоқ,- деп қайтарып беріп отырғаны-деп риза болысты зейнетақы алатындар.
Бір күні поштадан журнал сатып алып жатып Ризабек жаңа келген пошта бастығы әйелді көріп қалды. Кәдімгі қазақтың қара торы қызы. Жасын мөлшерлей алмады. Ісіне ширақтығы бірден аңғарылып тұр. Автоинспекцияны ұзақ жыл басқарған басшы Ризабек те адам таниды емес пе. Ішінен «жаман басшы емес екен» деген де қойған. Кейін зейнетақы алушылар:
-Поштаға бастық боп келген бұл келіншек, сырттан келмепті. Өзіміздің тұрғылықты осы аудандікі болып шықты. Өз әке-шешесі Павлодар жақта екен. Бұл қызға ата-әжесі мұрагерлікке бір үй қалдырыпты активтер көшесі жағында. Таза еменнен салынған үй бар еді ғой. Көпестердің үйінің үлгісімен. Сол үйге Парасат Әкімқызы көшіп келіпті. Күйеуі жоқ-ау. Жалғыз ұлы бар көрінеді…- деп су жаңа ақпарат таратты.
-Ойпырым-ай, Әкімқызы дейді. Баяғыда 30 жыл бұрын «Жедел жәрдем» станциясында Әкім Тұрсынбеков деген бас дәрігер болып еді. Соның немере қызы болса, онда мен атасы мен әжесін де, тіпті әке-шешесін де білем ғой. Бәрі жақсы адамдар болатын,-деп ойланып қалды Ризабек. Кешегі көрген қараторы жүзді пошта бастығы әйелді көз алдына тағы бір елестетті. Ия, ия бұл қыз тура атасына ұқсап тұр.
Сол бірінші ақпарат құлағына сіңіп кетті ме, жоқ басқаша ма Ризабек Парасатты көргеннен бірден көзін ала алмай қалды. Тіпті түріне қарай бергісі келгенін айтсай. Оның себебін өзі де білмеді.
Ризабек бір күні елордаға бір шаруамен көлігімен барып келуге жол бойынан бұрыла берген. Үлкен тас жолдың бойында өткінші таксиге қол көтеріп тұрған Парасатты көрді. Тұсына тоқтай қалды.
— Қала жаққа ала кетесіз бе?,- деді Парасат. Ризабектің қуанышында шек жоқ.
-Қай жаққа апар десең де, апарам , қарындас, отырыңыз-деді әзілдеп.
— Ой, жақсы болды ғой. Халық банкісіне баратын ем.Енді зейнетақыны қолмен санап бермей, әр клиентке карточка арқылы аудару жаңалығы енгізіледі. Соған байланысты банкке өзгертілетін құжаттарды алуға бара жатыр едім,-деді Парасат. Ризабек «қайда барасың?» деп сұрап тұрғандай.
— Қайтарда да алып қайтайын. Көп боласыз ба, онда?
— Иә.. иә жарты сағаттан артық болмайтын шығармын. И-бай, мұны неге айтып отырмын Сізге..,- деп күліп алды да, қайта сөзін жалғастырып:
-Маған бола алаң болмаңыз, өзіңізде бір шаруамен шыққан шығарсыз. Тағы жолдан көлік ұстаймын ғой.. Машинам бар еді. Ескілеу. Соны жөндетіп сатпақшымын да, жаңа машина алайын деген ниет бар…
— О, О. Ол дұрыс.. Машина сатып аларда маған айт, қарындас. Бірге барып таңдасайын. Автокөлік жағынан хабардар біреу болу керек. Жаман машинаға ұрынып қалмас үшін. Және біреулер ұрланған машинаны сатады. Құжаты жалған болып шығады. Сосын ол үлкен проблема.,-деді Ризабек шын пейілімен көмектесуге ықылас білдіріп.
Парасат қуанып кетті.
— а, е.. сондайы бар ма. Бұл жағын білмеппін. Ой, сізге көп рахмет. Кездестіргеніме қуаныштымын, Алдымен ана машинамды сатып алайын.-деді.
— Сатуыңызға да көмектесейін. Хабарландыру беріп пе ең?
— Жо-жоқ, алдымен жөнделіп алсыншы..
-Жөнделіп болған кезде де мен көрейін..- деді Ризабек.
— а а. Сізді көп жұмсап қоймаймын ба, ағай?!
— Сендей қарындас жұмсаса айып емес..,- деп күлді Ризабек тағы әзілдеп. Парасат үндемей қалды.
Шамалы үнсіздікті қайтадан Ризабек бұзды. Сұрақтар берді. Қысқаша жауап алды. Қалаға да келді. Парасатты банктің қасынан түсірген Ризабек Жарты сағаттан кейін өзінің де қайтатынын, осы жерден күтетінін айтып, әрі кетті.
Неге екенін белгісіз жаңағы екеуары диалог Ризабекті қанаттандырып, қуанышқа бөледі. Өмірі машинасындағы ішкі айнаға қарамайтын ол, айнаға қарап маңдай шашын саусағымен түзеп қойды.
Қайтар жолда Парасат бағанағыдай емес, ашылып сөйлесіп, кейде ақжарыла күліп Ризабекпен көптен таныс адамдай әңгіме өрісін кеңейтті. Сұраса келе Ризабек білетін Тұрсынбековтың немересі болып шықты. Ризабек Парасаттың әжесі мен атасы жайлы білетіндерін айтты.
-Сол үйде мен барып жүргенде тұлымы желбіреп 10-12 жасар қыз жүгіріп жүретін еді. Сен сол емессің бе?- деп сұрағанда Парасат мүлде қуанды.
— Ия, менмін, менмін ағай,-деп атасы мен әжесі тіріліп келгендей әсерде орнынан қозғалып қойды. Осы әңгімеден соң Парасат та Ризабекке іш тарта бастады.
Жол бойында бір-бірінің телефон нөмерлерін алысты. Астанға барып-қайтқан жарты сағаттық жол екеуіне де жақсы әсер қалдырды. Екеуіне де өздеріне аян болғандай, ішкі сезімдеріне бір қозғалыс түсті.
Сол кездесуден кейін олар Парасаттың ескі машинасын сатты. Одан соң жаңа машина көруге көлік сататын базарға бір-екі мәрте бірге барды. Көліктің жәй –жапсарын жақсы білетін Ризабектің қасында болғаны қандай жақсы болды. Әйтеуір бір күні Парасат көлік базарынан ең әдемі, ең жаңа модельді «Toyota Camry» автокөлігін таңдады. Ризабек оның бөлшектерін жеке-жеке тексеріп, құжаттарының өтірік расын анықтап, сатып алған соң Парасаттың жаңа көлігіне байғазы да берді.
-Қой, ойбай бұныңыз не? Онсызда Сіз маған көп көмек жасадыңыз, алмаймын! Рахмет!- деп Парасат азар-безері шыққан. Оған Ризабек көне ме, көнбеді Қолмен ұстап алмайтынын біліп жаңа автомобильдің ішкі жағы қапталынына қойды.
— Мен сенің атаңның көмегін көп көрдім Менің жол апатына ұшыраған бір кезім болған. Өзім МАИ бастығы болып жүргенде жастығым болар, қолпаштаған жігіттермен көп ішіп қойыппын. Жолда апатқа ұшырадым. Жамбасым сынды. Бірақ, әйтеуір өзім аманмын. Сонда атаң Әкімнің «Жедел жәрдем» станциясының барлық қызметкерлерін аяғынын тік тұрғызып, менің ішіп алған себебімді білдіртпей, ауруханаға дабыра қып жатқызбай үйден емделуіме көп көмек көрсеткен. Сен онда кішікентайсың.
Ризабек пен Парасат жастарына қарамастан екеуі бір-бірін көптен бері білетін адамдарша тіл табысып, бір-біріне жақындай түсті. Тіпті ұната бастаған сыңайда ма, оны өздері байқады да. Бірақ араларындағы қарым-қатынас шегі телефонмен сөйлесуден аспады. Қалта телефоны екеуін жақындатқан үстіне жақындата берді. Телефон арқылы таң атқанша ұзақ сөйлесетін түндер болды. Арасында күндер де аз емес-тін. Екеуі екі жақта, екі үйде тұрса да «Қайырлы түн!» деп айтпастан жастыққа бастары тимейтін жағдайға жетті. Бұрын Ризабектің қалта телефоны кез келген жерде жата беретін. Енді бұл телефонды қолынан мүлде тастамайтын, бақылауда ұстатын әдетке тап болды.
Ризабек осылай Парасатқа күн сайына жақындап берді, жақындай берді. Жақындағаны сондай Парасат оның ішкі дүниесін жаулап, сірестіріп тастады. Жасының егделігіне қарамай Ризабектің көкірегіңдегі сан ойлар бір бірімен шатасты. «Бұл дұрыс, жоқ бұл дұрыс емес» деп өз өзімен арпалысты. Дастандарда, хикаяттарда, аңыз-жырларды оқығанда кездесетін, көзсіз махаббатқа қалай жолыққанын сезбеді. Ауырмай-сырқамай есінен айырылып бара жатқандай ма, қалай? Білмейді. Ризабек өзінің осындай қалыппен жүргенін ешкім аңғармайды, Нафиса да сезбейді деп ойлады. Осы ойымен ол қателесті. Сол себепті өзіне жүктелген қарапайым отбасы тірлігіне араласпай, үйдегі атқаратын кейбір жұмыстарды да күннен күнге әдірем қалдырып, оқшаулана бастады. Істеген әрбір ісінен береке де кетті.
Нафиса болса Ризабектің бұл әрекетінен бірден күдіктенді. Айқай-ұйқайға баспай, зерделеп зерттей бастады.Тұрып жатқан көше аумағын, айналаны түгел шолды. Ақыры бір күні білді. Анық сезді. Қатты күйінді, қан қысымы да көтерілді осы үшін.
«Е, мен қартайдым. Бұрынғы ажарым жоқ. Ризабек жас кезімде соңымда барын салып жүгірген кезін ұмытты. Алпыстан астым. Ризабек ер адам, әлі жас көрінеді. Еркектік күш- қуаты өзінде. Әрине.. ол әйел бұған немесе бұл сол әйелге қатты құмартып жүр. Не істеуім керек? Қалай жолдарына бөгет болам?» — деген ойлар Нафисаны да күндіз-түн қинады. Солай бола тұра Ризабекке әдеттегі мінезімен ашу шақырып, айқайламауға, ұрыспауға өзін ұстап, тежеді. Түк білмейтіндей қалып көрсетті.
Ризабек өз машинасымен сыртқа шыққан күні Нафиса да өз машинасымен байқатпай соңында жүрді. Пошта бастығы әйелді қасына отырғызып қалаға тартқанын бірнеше мәрте көрді. Күдік осыдан барып күшейді. Дәлел өз көзімен анықталды.
Ризабек кейде мелшиіп бір орнынан қозғалмады. Аяқ астында жатқан күрек, тырнаны көрмей, оларға оңбай сүрінді. Ол да ешнәрсе емес. Кейде өз-өзімен сөйлесті. Түн болса ұйқысы қашты. Сықырлаған ағаш төсекте дөңбекшіді. Көз алдыңа бір ғана кейіп, бір ғана Парасат бейнесі ғана тұрды. Сол бейнемен күбірлесті. Оны ойша өпті. Ойша құшты. Таң қылаң бергенше осылай жанталасты.
Күндіз оңаша бөлмеде телеарнаны көріп отырғандай қосып қойды. Шынында ондағы қым-қуыт хабарға қарамады. Тележүргізушіні көрмеді, тыңдамады. Өстіп өзін алдарқатты.
Біреумен кездескенде тіл қатып сөйлескісі келмеді. Қораның арғы бетіндегі 30 жылғы көршіні «мені көрмесе екен» деп онымен әңгімелесуден аулақтанды. Оңаша, жеке, бір ғана өзі болуды қалады. Қасыңда қырық жыл отасқан жалғыз жары Нафисаны жақтырмады. Одан не болса соған кінәрат тапқысы келді. Бір дастархан басында реті келсе бірге отырмауға тырысты. Еш жазығы жоқ оның «мынаны ішсейші, мынаны жесейші» деп өбектегені Ризабекке шаншудай қадалды. Қабақ тыржитты. Іштей оған айтары «көрінбеш, көзіме!» Бірақ, мұны сыртқа шығарып айту қайда? Бәрінен үндемей құтылды. Үнсіздігі Ризабекті күн сайын біртүрлі ете берді. Нафиса болса алғашқыда Ризабектің бойыңдағы өзгерісті «ауырып жүрме екен» дегенге жатқызып, одан сайын қамқорлық пейілін көбейте түскен. Кейін Парасат екеуінің қалаға бірнеше барғанына көзі жеткен соң, ашуы қозып, өз кезегінде бүлініп жүрген күйеуіне:
-Риза! Понимаешь Ты больной? Или с ума сошел? Есің ауысты ма?! Айтсайшы, саған не болып жүр? Жын айналдырып жүрсе жындыханаға жат! –деді әдейі «не айтар екен?» деп намысына тие.
Бұл сөзге Ризабек жауап қатып, бірнәрсе десе ұрысты бастайын деген. Ризабек жауап қатпады. Тіпті Нафисаның бар жоғы белгісіз сияқты үндемеді. Ашуланбады.. Тек күрсінді.Сосын барып «Ым..м.м» деді. Сөз таластырмады.
Бір күні есік алдына шығып бақшаға беттеді. Бұл бақша негізінде тынымсыз еңбек еткен Нафисаның еңбегі. Осы маңайдағы жеке үйлердің ішіндегі өнімді мол беретін ең түсімді бақша Ризабектікі. Мұны жұрттың бәрі баяғыдан біледі. Бұтақтары көкініс жеміске майысқан көк алма, қызыл алма, қара өрік, қызыл жиде, қоңыр жиде, алмұрт, қызыл шие дейсің толып жатыр. Қараған жанның көзі тоймайды. Ризабек солардың бірінің түбіне тоқтады. Ойы әлі аласапыран, тереңде. Сол жерде ол қанша уақыт тұрғаның білмеді.
-Әй! Риза!- деді ана жақтан Нафиса қаты айқайлап. құлақты жара,- Боже мой! Сол өріктің түбінде неғып сілейіп қалдың, а?! Бір сағат болды ғой, тұрғаныңа! Тәпішкесін сүйреткен күйі Нафиса Ризабекке жақындады.
— Саған дұға оқып тұрмын!- деді Ризабек осы жолы қырсығып, тіл қатып. Бұрын мұндайы мүлде жоқ-тын.
— Қашаннан бері дұға білетін болып қалдың. Менде нең бар? Оқысаң өзіңе оқы! Жынды болып жүрген! Білдің бе, білмедің бе көршінің картобына колорад қоңызы келе бастапты. Капусталарына да қызыл қоңыздың қонып жүргенін байқапты. Көршілерден бізге жетіп келмесіне кім кепіл. Ана керсенге сабынды су ерітіп дайындап қойдым. Соны аямай картоп пен капустаға себеле. Айтпақшы, ана алманың түбін әкпен ағартам дегенің қайда? Әлі сол күйінше тұр. Күн жылына бастаған соң құрт-құмырсқа өрмелей бастайды. Көрдің бе, ана қанатты қоңыздарды. Пәлелерді құрту керек! Сен тіпті қолыңды ешнәрсеге тигізбейтін болдың ғой! Осыны бүгін орындап таста!
Нафиса нұсқау беріп, кері қайтты. «Екеуін ұстап алып масқара ету керек! Бірақ бұларды мен қалай ұстаймын. Ризабек күндіз-түні үйде, қасында. Қалаға да шықпай қалды. Қой мен ана қатынға барып бір айқайды салайын. Хватит мое терпение енді! Кімді басынады?! Нафисаны ешкім басынбаған. Қарай гөр өзін. Тымпиып алып, түрі де жетісіп тұрса бір сәрі. Қап-қара қатын…» Нафиса тез-тез киініп үйінен шығып кетті
«Дұрыс болды кеткенің!» деді Ризабек өзіне өзі күбірлеп. Поштаға барып бүкіл көпшілік көзінше Парасатқа тиісетінін білген жоқ.
Ризабек орнынан жылжып, шет жақта асқабақтың енді ашылып келе жатқан сап-сары гүлдерін көрді. Өзі тіреу қойған ағашқа алақандай сары гүл ерекше сән беріп жоғары өрлей түсіпті. Бір жағымды иіс сезілгендей. Қызыл бұрыш, ақ бұрыш, қияр мен қара қарбыз олар да гүлдерін енді жара бастапты. Нұраның жоғары сілемдерінен бақшаға тартылған ұзын құбырдан төмен қарай, күн көзімен ақ күмістей тұнық су сылдырай ағып, бұралаңдайды келіп.
Шымшықтар, боз торғай, қаратөс торғай, әрі кідікте шиқыл қаққан жемсаулы қызылтұмсық жағалай қатарласқан бал қарағай мен аққайың, теректердің бұтақтарына ұшып қонып жүр. Дәл осы жазда торғай тектес құстар балапандарын басып шығарса керек. Ризабектің қорасының аумағында көбейген сияқты.
«Құстарда махаббат жоқ. Рахат! Бұлар сүймейді. Күймейді. Қанаттары бар ұшады. Қалаған жағына кетеді. Рахат! Біз адамдар нағыз сорлымыз. Сүйеміз. Күйеміз. Бірақ, ұша алмаймыз. Ешқайда кете алмаймыз. Бір орында айналшақтап жүргеніміз. Осы кімге және неге кім үшін керек?
Мен құс болсам осы жерден бәрін тәрк етіп ұшып кетер едім, қасыма Парасатты алып…. Құс болсам, тым болмаса мына кішкене торғай болсам ғой…» деген ой келді Ризабектің басына.
Құс махаббатын ойлап жүріп Ризабек тапсырған жұмыстың біразын тындырды. Қашан, қалай бітірді оны білмеді. Білгені, біршама уақыт өтіпті. Ендігі бітпей тұрған басты жұмыс- қалтаңсындағы үнсіз тұрған телефонға қарау. Уатсапты ашу. Телефон ішінде өзін «жынды» қалыпқа түсірген Парасаттың не жазғанын білуі еді. Абажадай саусақтары дірілдеп ол телефонды ашты. Уатсапты қарады. Уатсаптан күлімсіреп Парасат шықты. Ризабек телефондағы суретті ерніне тақап ұзақ сүйді. Сосын барып жазылған жазуды көрді. Оқыды.
-Кешір!.. .Бұл сөзден кейін ретті ме, ретсіз бе ұзақ көп нүкте қойылыпты. Содан кейін барып: «Бүгін сағат 17:00-ден кейін Сізге уатсап жабық. Кешір…Ендігі тілдесудің еш реті жоқ.. . мен үшін…Сіз үшін де Хош..» тағы да көп нүкте қойылған.
Ризабек есеңгіреп қалды. Бірден ішіне біреу қанжар сұғып алғандай «Уай! Бұ несі? Неге?!» деп айқайлап жіберді. Екі көзі шарасынан шықты. Кеше ғана су жіберілген, балшықты арыққа кеп етпетіңнен бар пәрменіңмен құлап түсті. Дауысы епетейсіз жарықшақтанып шығып жатты. «Ақыры осылай болды ма, ақыры осылай…»— деді өкіріп. Ризабектің үсті-басы түгел балшыққа малынды. Осы кез оның қасына ентіккен күйі Нафиса келді. Ол Ризабектің бұл қылығыңа еш таңқалған жоқ.
-Әй, оңбаған! Ризабек! Бұл жатқаның әлгі қатынның қайғысы ма? Қарай гөр жасың жер ортадан ауғанда! Құтырған неме! Ол қатын енді саған жоқ! Болмайды да! Мені пәлен айдан бері ештеңе білмейді, сезбейді деп жүрсің бе?! Мен сендердің араларыңда не болып жүргенінің бәрін білем. Сол қатынға машина алып бергеніңе дейін… Я не дура! Дурой остаться не хочу! Ты прекрасно знаешь! Мен жаңа ғана поштаға барып айқайды салдым. Бастық болсаң бастық болыпсың дедім. Жұрттың байында нең бар дедім. Байыңмен ажырасып кетсең, мен кінәлімін бе дедім. Жоғарыға арыз жазам, бір күн срок, кет! -дедім. Кетпесең не поштаңды, не тұрған үйіңді өзіңмен қоса өртеймін дедім. Тағы айттым: Сайқал неме! Уатсапыңды қазір тез жап! Сөзім сөз. Өртеймін дедім бе, өртеймін! Саған беретін тірідей бай жоқ дедім, Ал, қайтесің маған?.. –дедім ..дедім.. дедімдер әрмен қарай айтыла берді, айтыла берді.. Нафиса ішінде көптен бері сақтап, барлық жиналып жүрген запыранды аямай төкті келіп, төкті келіп…
Ризабек бұдан әрі еш сөзді есітпеді. Батпаққа малынған күйінде арықты жұдырығымен ұрғылай бастады, ұрғылай бастады. Басын шайқай берді. Ақыры сол түні осы батпақты арықта жатқан күйі бозала таңды атырды.
Денесі тоңазыған сыңайлы ма, орнынан тұрды. Тұра сала қолыңа телефонды алып кешегі жазылған сөзге тағы бір қарағысы келді. Бірақ, телефон да батпаққа малыныпты. Оны ішкі жақ көйлегімен сүрткіштеп, уатсапты ашып, қайыра көз жүгіртті. «Кешір!……» (..көп нүкте) «Ендігі тілдесудің еш реті жоқ…..( ұзақ көп нүкте) «Хош…. тағы да ( көп нүкте).Сол кезде оң жақ қапталдан көршісі Серік айқайлады.
-Мына жақта өрт шығып жатыр. Өрт! Беті жаман, біздің көшеде! Риза, көрдің бе ана түтінді? Жүр, барайық!
Ризабек есіне Нафисаның «Өртеймін!» деген сөзі басына сап ете қалды. «Ойпырым-ай!», «Қайда?», «Қайдан?» бар айтқаны. Қаусырулы кең дарбазаның есігіне қарай шығуға атылды. Ия, дәл өзі Парасаттың үйі өртеніп жатыр. Ризабек көршісіне де қарамастан алға жүгіре берді. Даусы жер жарған «Жедел жәрдем» тұсынан зуылдай өтіп кетті. Бағыты өрт шыққан жаққа қарай. Ризабек іштей «Ойпырым-ай, аман болса екен, ойпырым-ай… дей берді өкпесі өше жүгіріп. Бүкіл көше тұрғындары, бүкіл халық өрт шыққан жаққа қарай ағылуда. Көбі жиналып қапты.
Өрт сөндірушілер әдеттегідей кешігіп жеткен. Әбден күйген қара қошқыл әйел денесін есік жақтан шығара бергенде Ризабек алға ұмтылды.
-Парасат, Парасат, Айналайын, Парасат!…,— дей берді үсті басы сірескен батпақ қалпы алға ұмтылып. Ауданда аты мәлім, дырдай МАИ бастығы болған полковникті білетіндер мына көрініске таң қалды. Ешқайсысы ешнәрсе түсінбеді. Алайда, полиция капитаны Жомарт Хамзин полковник Ризабекті күйік денеге жібермеді. «Сізге болмайд, болмайд! Кейін.. кейін..» деді жеңінен кейін қарай ысыра. «Жедел жәрдем» дәрігерлері бірден күйік дененің бетіне жайма жауып, алып кете барды. Ризабек болса есеңгіріп тұрып-тұрып, Парасатты алып кеткен емхана жаққа бет бұрды. Аяқтан да, денеден де әл кеткен .
Сол күні түске жетпестен-ақ полиция қызметкерлеріне Нафиса қылмыстық істі тексерушілерге «үй өрті қашан шықты, қайдан, неден, кімнен болды?» деп зерттеу жатқызбастан өзі келді. Ол боянып, сыланып, жұпар иіс суын үстіне сеуіп, өте әдемі көйлегін, ең әдемі жақсы туплиін киіп, қолына ап-пақ сөмкесі мен құс қанатты желпуішін ұстап, 1992-2002 жылдар арасында бүкіл ән сүйер қауымға, жалпы халыққа хит болған Анатолий Розановтың әніне, Татяна Назарова сөзін жазған «Ах, какая женщина!» деген әнді мәнерлеп айта есік ашты. «Фристайл» тобындағы әнші Сергей Дубровин орындайтын осы әнді Нафиса өте ұнататын. Үйде де, бас қосқан отырыста да жиі айтатын. Таң қалып тұрған полиция қызметкерлеріне «Бұл ән менің өзіме өзім жасаған шашуым» деп түсіндіріп, сосын одан әрі қолындағы құжатын көрсетті.
— Мен Нафиса Костаевна Иманқұлова 1946 жылы туғанмын. Өз еркіммен келдім. Үйді мен өртедім! Сенесіңдер ме, мына мен өртедім! Бензинді үйге жағалай құйып… Үйдің есігін сырттан шыға алмайтындай жауып қойдым! Мен ішім өртеніп екі ай жүрдім. Почему, мен өртенем?! Айтыңдаршы? Неге мен оданда оны өртемеймін? Я ее, ясно предупреждала! Сосын сендердің тілдеріңмен айтқанда қасақана, әдейі, қастандықпен, алдын ала ойластырып өртедім!
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекс бойынша 96 или 99 статья- моя! Даже я законды білем. Правильно говорю да? Мен пошта бастығы, түрі қара қатынды өлтірдім. Почему, өртедім? Ол сол түрімен, Ризабекті менен алғысы келді. Ал, Ризабек ше, который со мной прожил 40 лет, безсовестный предатель, представляете, мендей әйелі бар, бала-шағасы бар. Мені тастап оған барғысы келді.
Кажется у них любовь! Понимаете, я ни как, не сожалею! Барсын енді! Оның өртенген өлі денесін өз көзімен көрсін!… Может быть, и он тоже умрет, от страдания! Пусть! А, я — Нафиса, хотя я в тюрьме, я останусь жива на этой земле. Ах, какая я женщина.. Была такая женщина… Любовь закончилась. Для всех нас. И все!… -деп әндетті.
Екі айдан кейін Нафиса өзі мойындаған қылмысымен, өзі біліп келген үкімімен 10- жылға бас бостандығынан айрылды.
Өріс Яшүкірқызы