Алматы Орталық Азиядағы тау туризмінің көшбасшысы бола алады. Бұл «Almaty Mount Fest – 2023» халықаралық тау фестиваліне келген шетелдік сарапшылардың бағасы. Оған көршілес Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан ғана емес Андорра, Грузия, Испания, Түркия, Франция және тағы басқа алыс шет елдердің 2 мыңға жуық спортшылары мен тау туризмі саласындағы ұйымдардың өкілдері және халықаралық сарапшылары қатысты. Фестиваль аясында тау туризмін насихаттауға және ілгерілетуге арналды спорттық және бұқаралық іс-шаралар өткізіліп, «Тау туризмнін дамытудағы жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыппен халықаралық форум ұйымдастырылған болатын.
Форумның жұмысы – «Үздік халықаралық және жергілікті тәжірибелерге сүйене отырып, таулы жерлерде тұрақты туризмді қалай дамытуға болады»; «Креативті индустрия – тау туризмін дамыту драйвері»; «Таулы аймақтағы инклюзивті туризм – тау туризмін барлғына қалай қолжетімді етуге болады»; «Тау гидтері: әлемдік тәжірибе және оның Қазақстандағы бейімделуі» деген тақырыптағы панелдік сессиялар бойынша жүрді.
– Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Пандемиядан кейін креативті туризм мен туризмнің тұрақты дамуының өзектілігі арта түсті. Әлемнің көптеген елдері, әсіресе Еуропа мен тау туризмі дамыған елдер пандемиядан кейін оны қалай жылдам қалпына келтіруді ойластыруда. Өйткені ол жергілікті экономикаға серпін беретін сала. Кейде халық арасында туристер ағынынан қорқтындар кездеседі. Егер бәрін жүйелі түрде ұйымдастырса оның пайдасы көл-көсір. Мәселен, Андорраның жер көлемі шағын. Бізде бір тұрғынға 100 туристен келеді. Жер көлемі үлкен және 1 шаршы шақырымға шаққанда халық тығыздығы айтарлықтай төмен Қазақстанда зор әлеует бар. Сіздердің тұрақты және кретивті туризмге зор көңіл бөліп жатқандарыңыз қуантты. Өйткені оған барлық елде көзқарас бірдей емес, – деді Андорра туризм министрлігінің кеңесшісі Вероника Каналс.
Халықаралық сарапшы, Самарқанд туристік форумының негізін иқараушылардың бірі, өзбекстандық Михаил Шамшидовтың айтуынша, туризм саласында армандау бір бөлек, әрекет ету мүлде бөлек. Бәрі шетелден саяхатшыларды көбірек тартқысы келеді. Халықаралық туризм картасында енді қалыптасып жатқан ОрталықАзия елдерінің бұл аймаққа бірден көп саяхатшы тартуы мүмкін емес. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанда туристік ұйымдардың туристік бағыттарды бірлесіп жасауға мүмкіндігі бар. Әлемдік нарықта өзімізді таныту үшін мұндай альянстың маңызы зор. Өйткені туризмде бәсекелестік өте жоғары.
– Ерекше мәдениеті, бірегей тарихы, әсем табиғаты және қолайлы бизнес-климаты бар еліміздің туристік саланың әлеуеті өте жоғары. Биылғы жартыжылдықта Алматыға 972 мыңнан астам адам саяхаттап келді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнің көрсеткішінен төрттен бірге арты боп тұр. Биыл Германия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және араб елдерінен келетін туристер ағыны өсті. Таулы соқпақтарды абаттандыру, жаяу маршруттар құру және жаңа кемпинг-аймақтарды ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туристік саланың серпінді дамуына ықпал етеді, – дейді Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова. Оның сөзіне қарағанда, туризм басқармасы тау инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөледі. Бүгінгі таңда Ақбұлақ және Мыңжылқы кемпинг-аймақтарын орнату жұмыстары аяқталды, онда шатырлы орындар, орындықтары бар үстелдер, ұлттық үлгідегі алтыбақан орнатылды. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 150 шақырым болатын 12 тау бағытын абаттандыру және Үлкенн Алматы өзенінде кемпинг-аймақ орнату бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»


