12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ұстаз, ғалым, генерал Бәрімбек Бейсеновтің туғанына 100 жыл

Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды Академиясы айтулы азаматтың 100 жылдық мерейтойын қыркүйек айының 22-23 күндері халықаралық көлемде атап өтті

Ұлағатты ұстаз…

Ұлағаты мол ұстаз болып, жоғары білім беру ісінде ойып орын алып, өз қолтаңбасын қалдырған қалқан төңкергендей шоқтығы биік тұлғалардың құрамы еліміздің тарихында онша көп те емес. Оның үсітіне осындай ерен қаситеттері үшін кезінде өзі басқарған оқу орнына дүниеден өткеннен кейін есімі берілуі ше? Біздің топырақта мұндай дәстүр некен-саяқ, тіпті жоқ десе де болады. Бойына халқымыздың ізгілігі мен іскерлігін, дарқандығы мен кеңдігін, адалдығы мен жайсаң мінезін сіңіріп өскен абзал жанның бірі — Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсенов осы қатардан десек, шамадан шығып кетпеспіз.

Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсенов кім?

Көзі тірісінде Ішкі істер минитрлігіне қарасты Қарағанды жоғары мектебін (қазіргі Қарағанды академиясын) қаншама жыл басқарып, соның іргесін қалап, білім ошағының деңгейі мен абыройын биіктету жолында бар күш-жігерін аямай салған жан еді. Кеңес кезінде мектеп ашып, ол арқылы Қазақтан қалды бүкіл Орта Азия көлемінде Қарағандының абыройын аспандатты.

Дәрежесін тізбектей айтсақ, ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, құқық профессоры, әділет генерал-майоры, Қазақстан Республикасы Заң ғылымдары қоғамдық академиясының Вице Президенті. Өмір деректері Ұлы Отан соғыс жылдарындағы жауынгерлік ерліктері үшін 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «1941-1945 жылдарында Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Отанды абыроймен қорғап, 1 Украин майданы 70-ші бригадасының құрамында барлаушы болып, жеңісті 9-мамырда Прагада қарсы алғандығынан мағлұматтар береді.

Өткелектерге толы қарға адым ғұмырында ерен еңбектері, ұстаздық тәжірибесі мен ғылыми-зерттеуге ұмтылысы ескеріліп, билік Бәрімбек Сәрсенұлына Қарағанды қаласында жоғары заңгерлік білім беретін милиция кадрларын даярлайтын алғашқы оқу орталығын ашуын жүктегентұғын. Осылайша 1969-жылы КСРО ІІМ Москва жоғары милиция мектебінің Алматыдағы күндізгі-сырттай оқыту факультетінің негізінде Сарыарқа жерінде КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебі құрылды. Әскери бөлімнің аумағындай бүгінгі академияның келбетіне қарап, ол кісінің бойынан табылатын рухтың мықтылығы, намыстың биіктігі, ешкімнен ыға қоймайтын табандылығы, сенім беріктігі ойға оралады.

Қым-қуыт бейнетке толы осы жылдарда КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде еңбек еткен жылдарда Бәрімбек Сәрсенұлы «Халықтар достығы» орденіне, «КСРО ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері» атағына және басқа да марапаттауларға ие болды.

Үлкен жолдың кезеңдері…

Ол басқарған қазақстандық заңгерлердің қара шаңырағы іспетті болған Қарағанды жоғары мектебінің елеуге тұрарлық басынан өткерген өзіндік тарихы бар.

1969 жылы КСРО Министрлігі Кеңесінің 10-қазандағы №807-279 қаулысымен КСРО ІІМ Москва жоғары милиция мектебінің Алматыдағы күндізгі-сырттай оқыту факультетінің негізінде Қарағанды жоғары мектебі ашылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 1992 жылы №142 бұйрығы бойынша оқу орны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қарамағына көшті.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінінң 1996 жылғы 18 желтоқсандағы өкіміне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 22 мамырдағы №628 қаулысын орындауға сәйкес Қарағанды жоғары мектебіне тергеу және ішкі істер органдарына кадрлар даярлау міндеті жүктеліп, ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитеті органдары жүйесіне берілді.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 қарашадағы «Ұлттық қауіпсіздікті, ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі нығайту шаралары туралы» Жарлығына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 15 қарашадағы №1589-81 «с» қаулысын орындауға сәйкес Мектеп Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесіне берілді.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 6 мамырдағы Жарлығына сәйкес Мектеп Қазақстан Республикасы ІІМ органдары жүйесіне берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 қыркүйегіндегі №1427 қаулысымен жоғары оқу орны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды заң институты деп аталды.

2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 шілдедегі №1000 қаулысымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды заң институтына оның алғашқы бастығы және негізін қалаушы, құқық профессоры, әділет генерал-майоры Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсеновтың есімі берілді.

Ол жайында…

Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкідегі ішкі қызмет полковнигі Макин Шернияз Ісләмұлы былайша толғанады: «Мен Бәрімбек Сәрсенұлымен бірге жасаған жылдарымды өмірімнің алтын жылдары деп есептеймін, себебі 1970 жылғы тамыз айының аяғында «Орленок» пионерлік лагердің аумағында оқуға бірінші  курсқа қабылдау басталды, сол кезде мен Бәрімбек Сәрсенұлына оқып білгенім біраз бар, оқытушы болсам қалай қарайсыз дегенде, ол маған «жоқ, сен талапкерлерді қабылдайсың, өйткені сенің 10 жылдан астам құқық қорғау органдарында қызмет еткен тәжірибең бар, сен  осы лауазымға лайықсың» деп, мені  курс бастығы лауазымына тағайындады. Сол жылы біздің қуанышымызда шек болмады, өйткені Қазақстанның мүдделерін қорғай білетін, жоғары мамандарды даярлауда бірінші жол салдық. Сол кезде Б.С. Бейсенов маған мақтанышпен біздің түлектеріміз келешекте биіктен көрінетін болады деген сөздері әлі есімде. Арада көп жыл өтпей, біздің түлектеріміз мемлекет басқарудың жоғары лауазымдарында, ғылым докторлары, профессорлары, заң ғылымдарының кандидаттары, генералдары  шендеріне тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар ТМД елдерінде беделді лауазымдарды атқаруда. «Күнделікті қызмет Сіздерден рухани, адамгершілік тұрғыда  мобилизациялануды, төзімділікті және жан-жақты дайындықты қажет етеді. Бұл қатал, қиын және ауыр жұмыс. Жұмыс орындарында  көптеген нәрселерді қайта үйренуге тура келеді. Мектепте алған білімдеріңіз өмір бойы жетеді деп ойламаңыз. Осында  нашар баға алуға болар еді, ал  өмірде қайтадан емтихан тапсыруға болмайды»,- дейтін  Бәрімбек Сәрсенұлы  мектеп түлектеріне айтқан ұмытылмас сөздері бар». 1973-1976 жылдары аралығында екі жатақхананың, қойма бөлмелері, гараж және типографияның ғамиарттарының  құрылысы  толықтай  аяқталып болғаннан кейін Бәрімбек Сәрсенұлы  енді, асхана мен спорт кешенін салып бастау керек деген соң біз  құрылысты бастап кеттік. Академияның мұражайында сақталып тұрған Бәкеңнің жұмыс күнделігін қарасақ, ол жерден оның сызбаларын, есептеген кірпіштерін, цементтердің қаптарын және басқа да құрылыс үшін керек жарақтарының есептерін көре аламыз…»

Биік төрде…

Оқу орнына бастығы болып тағайындалған өткен ғасырдың жетпісінші жылдары – бүкіл Кеңес Одағында коммунистік идеология кеңінен өрістеп, коммунистік саясат жалындап-жалаулап тұрған кез еді. Сол сәтте перефериядағы көмірінен басқа Қарағандыны кім білген. Бүкіл Орта Азия өңіріне әйгілі милиция мектебін ашу екінің бірінің қолынан келе бермейтін игілік іс. Міне, осындай жауапты шақта аталған оқу орнының алғашқы жетекшісі Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсенов аса үлкен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оқу орнын замана талабына бейімдей алды. Ертеңін ойлай білген сұңғыла азамат оқытушы-профессорлар құрамын құрап, ұжымды сақтай білді. Өмірінің соңына дейін қоғамдық және мемлекеттік қызметке белсенді араласты.

Осылайша Бәрімбек Сәрсенұлы  көптеген адамдардың есінде өшпес із және орасан зор мұра  ретінде өзінің  ғылыми еңбектерін, шәкірттерін және ең маңыздысы – Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды Академиясын қалдырды. Енді, міне, айтулы азаматтың 100 жылдық мерейтойы қыркүйек айының 22-23 күндері халықаралық көлемде аталып өтті.

Академия басшылығы кейінгі ұрпаққа өнеге болу үшін генерал-майор Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсеновтің туғанына 100 толуы қырсаңында ол туралы мол материалдарды жинақтап, өмірі мен қызметін әспеттеген кітап басып шығарды. Ізгі ниет жүзеге асып, сүбесі сере шыққан кітапта еліміз бен алыс-жақын шет елдердің ішкі істер органдары мен мемлекеттік заң шығарушы органдарында қызмет атқарған, әлі де атқарып жүрген белгілі тұлғалардың ардагерлердің, академия түлектерінің Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсенов жөніндегі естеліктері жинақталды.

Қайыспас қара нардай бейнесі қазір ҚР ІІМ Қарағанды академиясының биік төрінен көрінеді. Мейрейтойдың алғашқы күні арнайы жасалған бағдарламаға сәйкес, алыс-жақын шетелден келген қонақтардың Б.Бейсенов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Бәрімбек Бейсеновтің 100 жылдығына арналған «ІІО қызметкерлерін даярлау: мұра, тәжірибе және преспаективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. КонФеренцияда ведомстволық білім берудің тарихы мен болашағы; білім алушылармен тәрбие және идеологиялық жұмыс; қазіргі жағдайда арнайы жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесін жетілдіру; жалпы заңгерлік және арнайы пәндерді оқытудың заманауи тәсілдері тақырыбында мәселелер қарастырылып, бұл конференцияға арнайы қонақ ретінде шақырылған арысы Сауд Арабиясы, Үндістан, берісі Украина, Ресей, Белорусь, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары бүгінгі күні өзекті деген өз ойларымен бөлісіп, көпшіліктің талқысына салды. Кеш қазақ, орыс, ағылышын тілдерінде жүргізілді. Шетел қонақтары үшін алдын ала құлаққаптартар таратылып, үш тілде іліспе аудармалар жасалып отырды.

Форумды Қарағанды академисының бастығы, полиция генерал-майоры Ақынғали Дәуітбайұлы Дәрменов ашты. Одан кейін құттықтау сөздерімен Сауд Арабиясы Корольдігінен арнайылап ат басын бұрған Король Фахда қауіпсіздік колледжі бас директорының орынбасары генерал-майор Dr. Халед Саад Алсархани, Раштрия Ракша — университетінің халықаралық ынтымақтастық, қауіпсіздік және стратегиялық тілдер мектебінің директоры (Үндістан), Калиниченко Игорь Александрович — Ресей ІІМ В.Я.Кикот атындағы Мәскеу университетінің бастығы, полиция генерал-лейтенанты, Васильев Александр Павлович — Беларусь Республикасының ІІМ академиясының бастығы, милиция генерал-майоры, Рустамбаев Мирзаюсуп Хакимович — Өзбекстан Республикасының Қоғамдық ққауіпсіздік универститетінің бастығы, полиция полковнигі, Абитов Тариэл Таштанович — Қырғыз Республикасы Е.Алиев атындағы Академияның бастығы, полиция генерал-майоры сөз сөйледі. Оларға мерейтой иесіне арнап шығарылған мерекелік төсбелг мен кітап тапсырылды. Өз елдерінен өз сияпатымын келгендер де Академия бастығына табыстап жатты.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде шетелдік, әрі Б.М. Нұрғалиев, М.Ч. Қоғамов, И.Ш. Борчашвили, Е.А. Оңғарбаев, А.Н. Ақпанов сынды елге танымал отандық ғалымдар шығып сөйледі.

Екінші күні Академия аумағында қонақтардың қатысуымен Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің ашылуы туралы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы басылған стелланың ашылу салтанаты болып өтті. Сондай-ақ ел мен Академияға еңбек сіңірген тұлғалар А.Тұмарбеков, Р. Қайдаров, К. Мұқашевтің атаулы аудиториялары, генерал-майор Д.Т. Кенжетаев атындағы кітапхана ашылды.

Осы мерекелік іс-шарада 1-курс курсанттары ІІО-ның антын қабылдады. Мерекеде көпшілік қауымға әскери-тактикалық ойындар көрсетілді.

Елеужан Серімов,

отставкадағы полиция полковнигі

Заң факультетінде мықты маман дайындау-басты міндет

   Әділетті қоғам құрудың негізі-сапалы құқықтық жүйе, ал оның тірегі...

ҚазҰУ-білімнің биік шыңы

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманы,...

Аумақтан тыс соттылық

         Аумақтан тыс соттылық турасында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне...

Сот тәртібімен банкрот деп тану ерекшеліктері

Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы...

Судьялыққа адал қызметтің айшықты үлгісі

  Биыл Қазақстан Республикасының сот жүйесінде абыройлы еңбек етіп,...