12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

СОТТАРДАҒЫ РЕФОРМА ҚОҒАМДАҒЫ ЗАҢДЫЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУДЫҢ КЕПІЛІ

Сот жүйесін жетілдіру мәселесі бойынша мемлекеттік саясат тұжырымдамасын іске асыру әрбір азаматтың сот арқылы қорғалу құқығын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл негізгі қағида, ең алдымен, сот процесінің бәсекелестігін бекітіп, әділ сот үкімін шығару арқылы қамтамасыз етіледі. Қолданыстағы іс жүргізу заңнамасы кассациялық сот ісін жүргізу сатысында азаматтардың өз мүддесін қорғауға қолжетімділігін іске асыруды толық көлемде қамтамасыз ете алмайды.

Кассациялық сот азаматтар құқығын қорғауды толық қамтамасыз ете алмайды

Еліміздің кәсіпкерлік қоғамдастығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы сот жүйесінің ұсынысы бойынша алғаш рет кассациялық соттар құру туралы идеясын ортаға салды. Президент дербес кассациялық соттар құру мәселесі бойынша заң және кәсіпкерлікте қоғамдастықпен талқы өткізу қажеттігін атап өтті. «Бұл мәселенің жедел шешілгені дұрыс және егер ортақ пікірге қол жеткізілсе – қаржылық қамтамасыз ету жағынан да ешқандай шығын әкелмейді» деді. Сонымен қатар, бұл инстанцияны құру бастамасын сот жүйесінің өзі көтеріп отырғандықтан, және бұл реформа азаматтардың құқығын жақсырақ қорғауға ықпал етері анық. Жоғарғы Сотта мұндай сатының жұмыс істеуі Жоғарғы Сотқа Жоғары сот сатысы ретінде Конституциямен және соттар туралы Конституциялық заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындауға мүмкіндік бермейді. Қазақстанда сот актілеріне шағымданудың үш буынды сатысы бекітілді, алайда ол іс жүзінде өз тиімділігін көрсетпеді. Іс жүзінде барлық істер аудандық, қалалық және мамандандырылған соттарда бірінші сатыдағы соттың ережесі бойынша қаралады. Облыстық соттарда істер апелляциялық, ал Жоғарғы Сотта кассациялық тәртіппен қаралады. Осылайша, облыстық соттардағы кассациялық алқа заңнамалық тұрғыдан жойылып, Жоғарғы Сотта құрылды. Алайда, сот процесіне қатысушылардың өтініші бойынша істі қарау туралы мәселені судья алдын ала жеке-дара шешеді және практика көрсеткендей, судьялардың басым көпшілігі істі кассациялық алқа қарауына беруден бас тарту туралы қаулы шығарады. Соның салдарынан шарасыз азаматтар кассациялық алқаға сот актілерін қайта қарау туралы ұсыныс енгізу құқығы болғандықтан Жоғарғы Соттың төрағасына шағымдануға мәжбүр болады. Осыдан көріп тұрғанымыздай, қазіргі уақытта Жоғарғы Сотта кассациялық алқалар деп аталатын шағымданудың екі кезеңі қалыптасқан, сонымен бірге Жоғарғы Сот төрағасының ұсынуы бойынша және ҚР Бас прокурорының наразылығы бойынша дауды шешу кезеңі жұмыс істейді. Жоғарғы Сот судьясына кассациялық өтінішті жеке-дара қарау құқығын беру сот төрелігін бәсекелестік негізінде жүзеге асыру қағидатына қайшы келеді. Өйткені, процеске қатысушылар өз ұстанымын жария ету мүмкіндігінен айырылады. Шын мәнінде, кассациялық алқа шағымдану сатысы ретінде жойылды, ал Жоғарғы Сотта кассациялық алқа қадағалау және кассациялық алқалардың аралас функцияларын орындайды.

Жоғарғы Сот судьясына кассациялық өтінішті жеке-дара қарау құқығын беру сот қағидатына қайшы Тараптар өз ісінің сот отырысында қаралуы үшін мемлекеттік баж төлейді, сондықтан шағымының сот отырысында қаралуын талап етуге құқылы. Ал оның орнына сот процесін жүргізбей-ақ, судьяның қолы қойылып, жеке-дара шығарған қаулысын алады. Осылайша, ол өзінің позициясын көпшілік алдында қорғау мүмкіндігінен айырылады. Дәл осы күрделі мәселе азаматтардың наразылығын тудырады, оның соңы наразылық акцияларына ұласатынын көзіміз көріп жүр. Соның салдарынан, сот құрылымының қағидаттары бұзылады. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін кассациялық сатыдағы сотқа шағым берген әрбір адамға өз дәлелін тыңдату құқығы беріліп, әрі оның ісі толық алқалы құрамда және жариялы түрде қаралуы тиіс. Осы ретте шығарылған сот актілерінің тек бес пайызына ғана кассациялық тәртіпте шағымданатынына Президенттің назар аударуы бекер емес. Өйткені, жеке және заңды тұлғалар арасында шағымдар ашық сот процесінде жария түрде қаралмайды деген теріс стереотип қалыптасқан. Қалыптасып отырған жағдайды шешу мақсатында судьялар мен отставкадағы судьялар Жоғары кассациялық сот құруға қатысты екі ұсынысымен бөлісіп отыр. Ол үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық алқаны біріктіретін бірыңғай Жоғары кассациялық сот құру керек. Немесе дербес үш кассациялық алқа құру маңызды. Азаматтарды сот төрелігіне жақындату үшін бірнеше өңірде кассациялық алқа құру да артықтық етпейді. Мысалы, Астанада немесе Қарағандыда солтүстік және орталық облыстар үшін кассациялық орталық құруға болады. Алматыда немесе Қонаевта оңтүстік облыстар үшін, Ақтөбеде немесе Қызылордада батыстағы облыстар үшін және Семейде немесе Павлодарда шығыстағы облыстар үшін орталық құрған орынды. Бірыңғай Жоғары кассациялық соттың құрылуы Жоғарғы Сот маңдайшасындағы жазудың өзгеруі емес Судьялардың көпшілігі екінші тұжырымдаманы қолдайды. Өйткені алқалар сот төрелігін дербес және автономды жүзеге асырады, сонымен қатар, бұл сот жүйесінің мамандануы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Бірыңғай Жоғары кассациялық соттың құрылуы дегеніміз тек Жоғарғы Соттың маңдайшасындағы жазудың өзгеруі емес, мұның соңы екеуінің арасындағы тартысқа ұласуы, бәсекелестікке алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайдың қалыптасуынан сот процесіне қатысушылар зардап шегеді. Сондықтан біздің ойымызша, барлық ұсыныстарды мұқият зерделеп, мәселені тек еліміздің азаматтарының мүддесіне сай шешу керек. Егер жаңашылдықпен бір мезгілде қолданыстағы іс жүргізу заңнамасына өзгерістер енгізілмесе және толық кассацияның жұмыс істеу тетіктері қамтамасыз етілмесе, Жоғарғы Соттан кассациялық алқаларды бөлудің және дербес алқаларды құрудың ешқандай пайдасы болмайды. Жеке және заңды тұлғаның азаматтық және әкімшілік істер бойынша жарыссөздік қағидат негізінде мемлекеттік баж төлей отырып берген кез келген өтінішхатқа тараптардың қатысуымен тиісті шешім шығарыла отырып, кассациялық алқаның отырысында қаралуға тиіс. Қылмыстық істер бойынша да осындай тәжірибе қолданылуы керек. Бүгінде қылмыстық істер бойынша судьяның өтінішхатты алдын ала шешуі туралы норма бекітілген. Жоғарғы Сот қадағалау тәртібімен сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуі керек. Ал төмен тұрған соттар бұл қағиданы бұзған жағдайда қадағалау функцияларын орындауға тиіс. Қазіргі уақытта талап қою талаптарының мөлшеріне байланысты жеке және заңды тұлғаларға қатысты дауларға кассациялық тәртіппен шағымдануға шектеу бар. Мұндай шектеу қылмыстық істер бойынша да қойылған. Бұл өз кезегінде сот төрелігін жүзеге асыруға теңдей қол жеткізу қағидатын бұзады. Сондықтан қолданыстағы іс жүргізу заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасын әзірлеу қажет. Отставкадағы судьяның әлеуетін пайдалана алмай отырмыз Судьяның жасына қатысты мәселе де өзекті болып табылады. Судьялар шеберлігін енді шыңдап, тәжірибесін молайтқан тұста отставкаға кетеді. Бізде ол 63 жылды құрайды. Дегенмен, Жоғарғы Сот төрағасының ұсынысы бойынша кейбір судьяның қызмет ету мерзімі 65 жасына дейін, ал ерекше жағдайларда 70 жасқа келгеніне дейін ұзартылуы мүмкін. Мұндай шектеулер қабылданғаннан кейін кейбір судьялардың қызмет ету жылы себепсіз ұзартылды, ал біреулерге бұл мерзім ұзартылмады. Бұл судьялар арасында түсінбестік тудырғаны рас. Басқа елдерде қалай? Өркениетті елдердің көпшілігінде отставкаға кету мәселесін денсаулық жағдайына немесе басқа себептерге байланысты судьяның өзі шешеді. Ал біздің елімізде сот төрелігін жүзеге асыруда білімі мен мол тәжірибесі бар, мінсіз беделге ие судьялар нағыз қызмет етер кезінде отставкаға жіберіледі және оның кәсіби әлеуетін судьялар корпусы пайдаланбайды. Сонымен қатар, отставкадағы судьялардың әлеуетін судьялардың кәсіби деңгейін арттыру, сот қызметі мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі басқа да мәселелер сияқты маңызды жұмысқа сирек тартылады. Ел Президентінің бастамасымен «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі» туралы заңда отставкадағы судьялардың төлемін 109 айлық есептік көрсеткішпен шектейтін 35-баптың редакциясына өзгерту енгізу мәселесі оң шешімін тапты. Аталмыш заң жобасы қабылданғаннан кейін судьялық қызметке орналасқысы келетін заңгерлер саны міндетті түрде артады, өйткені судьялар үшін отставкаға шыққанда берілетін төлемнің көлемі өте маңызды. Сонымен қатар, бұл соттардағы сыбайлас жемқорлық индексін төмендетуге де пәрменді. Жалпы, қоғамда сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі судьяның шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ұзақ уақыттан бері талқы тақырыбына айналып келеді. Судьялар сыртқы ықпалдан ешқашан сақтандырылмаған. Әрі мұндай келеңсіздіктен судьялардың қорғалмағанын да айта кетуіміз керек. Соған қарамастан, судья заңды және негізделген сот үкімін шығарады. Осыған байланысты сот жүйесінің өзіне терең реформа қажет. Әрбір сот сатысында судьяларын тәрбиелеуге тырысатын «бастықтар» өте көп және мұндай ықпал ету формалары да әртүрлі. Жоғары тұрған инстанциялар ең өзекті істерді бақылауға алып, судьяларға кейбір «маңызды» істер бойынша жазбаша анықтамалар дайындауды мәжбүрлейтін мысалдар да бар. Ал бұл үлкен жүктемемен жұмыс істейтін судьялардың көп уақытын алады. Мұның соңы қаралатын істердің сапасына тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Тіпті, кейбір соттарда судьяның істерді сот төрағасына, алқа мен оның төрағасына алдын ала баяндауын міндеттейтін тәжірибе қалыптасқан. Өкінішке қарай, судьяға басқа құқық қорғау, фискальдық органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан қысым жасау тәжірибесі әлі күнге жойылған жоқ. Сондықтан біздің ойымызша, судьялар үшін осы маңызды мәселе бойынша жаңа заң жобасын әзірлеу қажет. Өйткені, қолданыстағы заң декларативті сипатта жазылған. Жоғарғы Соттың тікелей міндеті – бірыңғай сот практикасын қамтамасыз ету Әкімшілік-командалық жүйе кезінде де сот практикасының біркелкілігін қалыптастыру мақсатында судьялардың кәсібилігін арттыруға қадамдар жасалды. Тоқсан сайын облыстық соттар өз аймағындағы сот практикасын қорытындылап, соттардың жіберген қателіктерін көрсетті, материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын қолданудағы кемшіліктерді атап өтті, мұның бәрі судьяның кәсіби деңгейін көтеруде баға жетпес капитал болды. Семинарлар мен біліктілікті көтеретін дәріс түрлері жүйелі түрде өткізілді және сот төрелігін жүзеге асыруда жақсы көрсеткішке қол жеткізген судьялар жартыжылдық және жыл қорытындысы бойынша өтетін кеңестерде марапатталды. Бұл белсенді жұмыс істеуге ынталандырғаны сөзсіз. Өкінішке орай, кәсіби шеберлікті арттырудың бұл түрін бүгінде әсері жоқ жиналыстар, конференциялар, пікірталастар алмастырды. Соның кесірінен бүгінде азаматтар бірыңғай сот практикасының бұзылғанына жиі куә болады. Жоғарғы Соттың тікелей міндеті – бірыңғай сот практикасын қамтамасыз ету. Алайда қазіргі уақытта ол кассациялық сатыдағы шағымдар мен өтініштерден аяқ алып жүре алмай отыр. Соның салдарынан сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылған. Судьялық лауазымдарға кадрларды іріктеуде және таңдауда елеулі олқылықтар бар. Біліктілік емтиханын тапсырып, конкурсқа қатысқан үміткер өзін судья етіп тағайындау туралы өтініш жазады. Бірақ оның тағайындалуы Жоғары Сот Кеңесінің субъективті пікіріне байланысты. Өкінішке орай, бұл сүзгіден сауаты төмен, қолы таза емес үміткерлердің де өтіп кеткені белгілі. Кейіннен мұндай мамандар сыбайлас жемқорлық және басқа да жағымсыз істері үшін қызметінен босатылды, бұл қоғамда резонанс тудырды. Осы тұрғыдан алғанда судья лауазымына кадрларды іріктеу сот төрелігін қамтамасыз етудегі ең маңызды мәселе болып табылады. Ендеше, өмірлік тәжірибесі мол, сауатты заңгерлерді судья болуға ынталандыруға қалай қол жеткізуге болады? Біздің елде мұндай ұмтылыс жоқ. Дамыған елдерде судьялар ең жоғары жалақы алатын шенеуніктер қатарында. Олардың әлеуметтік пакеті және басқа да артықшылықтары бар. Сондықтан, мұндай елдердегі адвокат үшін судья лауазымына орналасу жоғары мансаптық өсу болып саналады. Соңғы жылдары біздің елімізде судьялардың, әсіресе облыстық сот пен Жоғарғы Сот судьяларының айлығы айтарлықтай өсті. Алайда істердің ауқымды бөлігі қаралатын және судья кадрларының ең көп тапшылығы сезілетін аудандық сот судьяларының айлығы әлі төмен. Дегенмен, дәл осы аудандық соттарда судья өмірлік және құқықтық тәжірибе жинақтайды және негізінен облыстық соттар мен Жоғарғы Соттың судьялық кадрлары дәл осы буында қалыптасады. Сондықтан, азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттыру үшін мемлекет тарапынан осы буынды нығайтуға дұрыс көңіл бөлінуі керек. Жеке детективтік агенттікті бекіту туралы заңды қабылдау кезек күттірмейді Сот төрелігін қалыпты жүзеге асыру үшін сот процесіне қатысушылардың теңдігі заң жүзінде қамтамасыз етілуі керек, ол үшін адвокаттың дәлелдемелер жинау құқығы туралы норма бекітілгені дұрыс. Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарының қызметінде айыптау үкімі басым, айыптау дәлелдерін жоққа шығаратын дәлелдер тергеу тарапынан да, сот тарапынан да қабылданбайды. Сондықтан ақтау үкімдері өте сирек шығарылады. Елде жеке детективтік агенттікті бекіту туралы заңды қабылдау кезек күттірмейді. Ол үшін ел басшылығының қолдауы қажет. Жақын және алыс шетелдердің кейбір елдерінде мұндай агенттіктер бұрыннан бар және олар өте тиімді жұмыс істейді. Дәл осы институттар дамыған азаматтық қоғамның негізгі белгісі болып табылады. Президент экономикаға шетелдік инвестицияларды тарту қажет екенін талай рет айтты. Ол үшін арнайы инвестициялық сот құрылды. Дегенмен, инвесторлар экономикаға капитал салудан әлі де қорқады. Мұндағы негізгі себептің бірі сот жүйесінің ашық жұмыс істемеуі мен сыбайлас жемқорлыққа байланысты. Демократиялық мемлекеттердің даму тарихында сот тармағы әрқашан лайықты орын алады және ала да береді. Ал өз кезегінде әр мемлекет соттың дұрыс жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасайды. Өйткені, сот бүкіл қоғамды заң мен құқықты құрметтеу рухында тәрбиелейді. Біз әлемнің алдыңғы қатарлы елдеріне бірнеше рет барып, олардың сот жүйесімен танысуға мүмкіндік алдық. Егер сот ісін жүргізу мен сот құрылысында алдыңғы қатарлы бастамалар біздің елімізде енгізілер болса, онда әрине, Президенттің өз жолдауында қоғам алдына қойған міндеттері алдымен іске асырылатын еді. Демек, азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттыру және сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау үшін сот реформасы толықтай, жан-жақты жүргізілуі керек. Осы ретте «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бірлескен комиссия құру маңызды. Отставкадағы судьяларды зейнетақымен қамсыздандырудағы шектеуді заң жүзінде алып тастап, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету, олардың сот жүйесінің қызметіне қатысуы туралы норманы бекіту керек. Соттардың жұмысын сөзбе-сөз түсіндіру және жеңілдету үшін салалық құқық нормаларын жетілдіру маңызды. Сондай-ақ, «Адвокатура туралы» заңына өзгеріс енгізу, басқа елдердің үлгісі бойынша жеке детективтік агенттік құру туралы мәселені заңнамалық тұрғыдан шешу қажет. Судьяның отставкаға кету жасын алып тастап немесе 70 жасқа толғаннан кейін отставкаға кету мерзімін белгілеу керек. Бұл сот саласындағы біз назар аударып отырған проблемалардың бір бөлігі ғана. Аталмыш мәселелерді шешу сот қателіктерін азайтады, сыбайлас жемқорлық көрінісінің деңгейін төмендетеді және сот жүйесіне деген сенімді арттырады.

Р.МАМЫРБАЕВ, «Жоғарғы Соттың отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы

Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан Ана» ескерткішіне құрмет гүлін қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев "Отан Ана" монументіне гүл шоғын қойды,

Елімізде қанша ҰОС ардагері бар?

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының қанша ардагері бар екені белгілі болды.

ҰОС ардагерлерінің құрметіне Алматыда қандай көшелер аталған?

Алматыда 110 көше Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімімен аталады. Оның ішінде 94 көше Кеңес Одағының Батырларының есімімен аталған.

Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті

Астанадағы "Қазақ елі" монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад ұйымдастырылды.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері ешқашан ұмытылмайды — Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадта қазақстандықтарды құттықтады.