12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алматы әкімге жарымай-ақ қойды

Кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі болып жарытпаған, ақырында «қорқақ» шенеунік атанған Ерболат Досаев әсем Алматыны әбден былыққа батырып барады. Бұған дейін жасалған «Шетсіз қала» бағдарламасын қазіргі әкім өз деңгейінде атқара алмай отыр. Өткен жылы шаһар басшысы атанған Досаев қаланың шеткі аудандарына назар аударар емес. Бір сөзбен айтқанда, әлсіз әкім – Досаев істің емес, сылдыр сөздің «деятелі» екен. Сондықтан Тәуелсіздіктің алтын бесігі атанған Алматыға қызыл сөзбен емес, іспен дәлелдейтін әкім керек-ақ болып тұр.
Қанша айтсақ та Досаев қаланың шеткі аймақтары тұрғындарының жанайқайын естімей келеді. Мұнда халық үніне құлақ асатын билік жоқ. Президент Қ.Тоқаев мына Досаевқа деген сенім кредитіңіз қашан таусылады? Қаланың шетінде отырып, өркениеттен өгейлік көрген Алатау ауданы «Теректі» ықшамауданының тұрғындары әлі күнге дейін қыста белуардан батпақ кешіп, жазда шаң жұтып жүр. Көшелеріне асфальт тұрмақ, тас та төселмеген. Жол азабын тартып келе жатқан теректіліктер жарыққа да жарымай отыр.


Дым бітірмейтін Досаев алматылықтарды ашындырып бітті. Алатау ауданы «Теректі» ықшамауданының тұрғындары 15 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Алматы үлкен қаржы орталығы бола тұра айналдырған екі шақырым көшеге (Квартал КазМИС көшесіне) дені дұрыс жол жасата алмай отыр. «Шетсіз қала» бағдарламасын Досаев нақты іс жүзінде емес, әшейін сөз жүзінде «жүзеге асырып» отыр. Жолдар лай-батпақ, көше жарық болмаған соң, ұрылар да білгенін істейтін болды. Қала әкімі бос белбеу, сылбыр болғандықтан, айналасына өңшең сөзінде тұрағы жоқ ынжықтарды жинап алған. Қашанғы қарапайым халық қолынан түк келмейтін әкімқаралардың кесірінен зардап шеге береді?! Айналдырған екі шақырым жолды жөндей алмаса, тұрғындардың суы мен жарығын шеше алмаса, онда ол несіне ірі мегаполисті басқарып отыр?


Есесіне, олардың қала ішіндегі тақтайдай теп-тегіс жолдарды қырып (биыл Әл-Фараби, Райымбек, Абай т.б. даңғылдардың жолдарын қырып, қайта жасады), қайта асфальт төсеуі зығырданыңды қайнатады. Құдай-ау, қаланың шет жағы лай-батпаққа айналып тұрғанда, олардың қала ішіндегі тегіс жолдарды қырып, қайта жасауы еш ақтауға жатпайтын тым өрескел іс емес пе? Мұндай бассыздық қашанға дейін жалғасады? Бүтін тұрған жерді бұзып не керек? Қалада әлі тас төселмеген жолдар жетіп артылады емес пе? Жылда осылай қала ішіндегі жолдарды қопарып, қиратады да, жаңадан салады. Бұлардың істеген істерін көрсең, жылағың келеді. Бұлай ақшаны босқа шашатын шенеуніктерге тосқауыл бола ма өзі?!.
Алатау ауданында қолынан түк келмейтін әлі оң-солын танымаған жас бала (Азамат Қалдыбеков) әкім болып отыр. Ол өзі Президенттік жастар кадрлық резервінен келген екен. Ол келгелі халықтың жанайқайын тіптен ескермейтін болды. «Семіздікті қой ғана көтереді» демекші, жас бала әкім бола сала мұрнын шүйіріп, қарапайым халық тұрмақ, журналистердің өзін әкімдікке аттап бастырмайды. Кезінде үлкен даумен әкімдікке кіріп кеткен журналисті күзетшісі көтеріп шығарып жіберген еді. Бұл үшін әкімге ешқандай жаза қолданылған жоқ.
Мәселе қанша көтерілсе де, жазылса да жас әкім бізді естімейді, ескермейді, менсінбейді. Бір сөзбен айтқанда, Досаевтың командасында халықтың шағымын түсініп, мәселесін шешетін ешкім жоқ. Сонда халық қайда барады, жұртшылықтың үнін кім естиді?..
Қазір Алатау ауданы «Теректі» шағынауданының жолдары быт-шыты шығып, ойдым-ойдым шұрқ тесікке айналды. Жолдың шаңы шығып, борпылдап жатыр. Жаңбыр жауса былшылдап, жүруден қаламыз. Досаев сылдыр сөз, қызыл тілмен халықты қашанғы алдай береді? Тіпті ақпарат құралдары, теледидардан талай рет мәселеміз айтылды. Бірақ бұған назар аударатын әкім жоқ. Халықтың талабы қашан ескеріледі?


Ерболат Досаев Алатау ауданында ашылған Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына келіңіз. «Теректі» ықшам ауданынан орын тепкен бұл аурухананың айналасы қазір қоқысқа толып жатыр. Оның артындағы жол ми батпаққа айналды. «Шетсіз қала» бағдарламасы бұл аумақта тіптен орындалып жатқан жоқ.
Негізі «Шетсіз қаланы» жүзеге асыру Алатау немесе Наурызбай ауданының орталығын жөндеуден басталмауы керек. «Шетсіз қала» аты айтып тұрғандай, қаланың ең шетінен бастап реттелуі тиіс емес пе? Ал бізде қаланың шеті қараусыз қалды. Әкімдердің «Шетсіз қала» тұжырымдамасын дұрыс түсінбегені өте өкінішті…

Құрметпен,

Алатау ауданы, «Теректі»
ықшамауданының тұрғындары:

Марат АУЕЗХАНОВ,
Марат САМАТОВ,
Ляззат САБИРОВА,
Алтынбек ЖЕКСЕНБАЕВ,
Турсын ЗАУРБЕКОВА,
Бакыт АУЕЗХАНОВ,
Адилжан АГЖИГИТОВ,
Асланбек КАДЫРОВ,
Зейнельден КЕНЖЕБУЛАТОВ,
Гульнара СЕЙКЕТОВА,
Мусахан ТАСЫБАЕВ,
Арсен БУРКУТБАЕВ,
Сабит ЖУСУПОВ,
Оразқан НУРАЛИНОВ,
Денис ЯЗОВСКИЙ,
Виктория ЯЗОВСКАЯ,
Асылбек СЕЙТКАЛИЕВ,
Жанабек АБДИКЕРИМОВ,
Марпуга БЕГИМБАЕВА,
Ажар БАРАШОВА,
Сакен АГАБЕКОВ.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – әділетті қоғамға бастар жол

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері...

Полиция басшылығы 500-ге тарта жеке қабылдау өткізіп, 1500-ге жуық тұрғынның мәселесіне ден қойған

Полиция департаментінде азаматтарды қабылдау шаралары жүйелі түрде, белгіленген кестеге...

Заң факультетінде мықты маман дайындау-басты міндет

   Әділетті қоғам құрудың негізі-сапалы құқықтық жүйе, ал оның тірегі...

ҚазҰУ-білімнің биік шыңы

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманы,...