Шілденің аптап ыстығы қайтар емес. Қызылорда қаласы бейне балқып тұрғандай, үп еткен жел жоқ. Елуден асса да, Жақсыбайға тыным жоқ, шебер ұста екенін білетіндер бірінен соң бірі кезектесе шақырып, тапсырыс береді. Отбасының қажеті де ойдан шықпайды, сондықтан ол міндетіне алған шаруаны тиянақты атқарады. Биыл қала шетінен үй салушылар көбейген, сондай үй салушының бірі, сірә, ауқатты болса керек, жаңадан салынған үйінің барлық есігін оюлата ағаштан салдырмақ екен. Қыс айларында мұндай жұмыс бола бермей, арасында түрлі жалдамалы жұмыс та жасайтын ол мына тапсырысқа бар ынтасымен кірісті. Өзінің үйі қаланың екінші шетінде болғандықтан, Жақсыбай әлгі үйге түнеп жұмыс жасаймын деп шешті. Өйткені жолға біраз уақыт кетіп қалатын. Мұны тапсырыс беруші де құп көрді. Үстіне қара футболка, қара қоңыр шалбар, басына ақ кепка киіп, құрал-саймандарын рюкзак-сөмкесіне салып үйінен шыға бергенде, Жақсыбайдың жүрегі жаншып кеткендей болды, көңілі қобалжыды. Апыр-ай, не болды екен? Мұндайы жоқ еді бұрын. Әлгі үй иелері өте жақсы адамдар екен, тамағы мен сусынын дереу даяр ете қояды. Бұған да керегі сол – жұмысқа жанын сала кірісті де, үш күн өткенде үйдің барлық есігін ағаштан оюлап салып болды. Үй иесі уәделескен ақшаны қолына ұстатқанда, мұның көңілі өсті. Қомақты қаржы алса, сөйтпегенде қайтеді. Үй иесіне Жақсыбайдың жұмысы ұнағаны соншалық, артынша ауласына ағаштан орындықтар мен үстел жасап беруді сұрады. Немерелерін сағынған ол ойланып қалды. Ақша да керек, бұлардың келіскен соманы төлейтіні де көрініп тұр, дегенмен анда-санда осындай қолына қомақты қаржы түскенде бір-екі саптаяқ сыра ішетіні де бар еді, көңілі демалысты қалады. Жақсыбай екі күннен соң келуге келісті. Шыға берісте оның көңілін алаңдатқан тағы бір оқиға болды. Үнемі құралдарымен бірге жүретін, өлшеу-кесу, бекіту-ұстау кезінде пайдаланатын, жергілікті ел «құсқанат жіп» атап кеткен полипропилин жіп арқасындағы рюкзак-сөмкеден шумақтала сыртқа шығып қалған екен, сол темір есіктің шошайып тұрған сымына ілініп қалғаны. Не екенін түсінбей әуеліде шошып кеткен Жақсыбай жүрегін басып, қолымен сипай көріп, өз жібі екенін білді. Сонан соң тартқылап көріп еді – болмады, жіп жіберер емес. Айқайлап үйдегілерді шақыруға намыс жібермеді, әйтеуір, итшілеп, темірге қиқалай егеп барып, күшке сала жіпті үзді… Адам баласының құпия тылсым күштердің бар екенін мойындағанымен, тура көз алдында болып жатқан жәйттарға мән бермейтіні бар ғой. Үйдің өзі Жақсыбайдың кетуіне қарсы болған сынай танытты ма, әлде жіп абайсызда ілініп қалды ма, тек Аллаға мәлім. Бес күн өткен соң Жақсыбайдың әйелі Ботагөз апа полиция басқармасына келіп, күйеуінің үйіне келмей, із-түзсіз жоқ болып кеткені туралы арызданған еді.
Жоғалған ұста
Оның арызы бойынша іс тергеуші Ерлан Жұмаевқа тапсырылды. Алайда, ол «Жоғалған адам арақ ішіп кеткен» деген болжамға сенімді болып, табылады деген оймен бұған немқұрайлы қарады. Екеуі сөйлесіп отырғанда кабинетке кірген аға тергеуші, капитан Әзиз Сапар әңгімеге құлақ түре қалды. – Күйеуім қайда кетсе де маған ескертіп отыратын, тіпті, арақ ішіп отырса да жөнін, мекен-жайын хабарлап, маған ескертетін. Ұялы телефонын жанынан қалдырмайтын, енді хабарлассам – өшірулі. Бұл тегін емес қой… Ойпырмай, аман болса жақсы болар еді, жүрегім бір жамандықты сезетіндей. Әй… Балам! Сендер күйеуімді іздейсіздер ме өзі… – Ой… Апа…Қайда кетер дейсіз… Күйеуіңіз арақ ішіп жатқан шығар бір жерде, біздің уақытымызды босқа алып отырсыз ғой… Тергеуші Әзиз Сапар ой ұшқырлығымен, тиянақтылығымен көзге түсіп жүрген, үздік тергеушілердің бірі бола тын. Ол шыдамай әңгімеге араласты: «Неге олай дейсің? Саған адам тағдыры ойыншық па, бұл кісі күйеуін іздеп келіп отырған жоқ па?» Бұған Ерлан шырт ете қалды. – Менің жұмысым ұнамаса, арызды өзің алып, қалай жұмыс жасағың келеді, солай жұмыс жасай бер. Әзиз арызданушыны тастап кете алмады, кабинетіне әкеліп, мән-жайды сұрастыра бастады. Күйеуінің атыжөні мен ұялы телефонын ақ параққа түсірді. Ер адамның ерекше белгілерін сұрап, үйінен шығу мақсатын, үстінде қандай киім болғанын, жұмыс жасауға кеткен жерін, үй иесінің ұялы телефонын жазып алды. Күйеуін іздеп келген әйелді «Хабар болып жатса, айтамын» деп кабинетінен шығарып салысымен, дереу Жақсыбайдың ұялы телефонын нөмірі арқылы табуға баянат жазып, қылмысты іздестіру бөлімінің жедел уәкілдеріне тапсырды.
Із кесу
Тергеу мен іздестіру жұмыстары басталып кетті. Жақсыбайдың жұмыс жасаған үйіне барған Әзиз оның нағыз ағаш ұстасы екенін ұқты. Шебердің қолынан шыққан оюлы есіктер көздің жауын алады. Өзін Алматов Ғалым деп таныстырған үй иесі Жақсыбай ұстаның шеберлігі туралы тамсана әңгімелеп, оны күтіп жүргенін, «Екі күннен кейін келемін деп еді, әлі жоқ. Сөзінде тұратын кісі көрініп еді. Иә, ол осыдан бес күн бұрын үйіне кеткен, қайтып келетін болған… Құрал-заттарының жартысын тастап кетті, керек болса көрсетейін» деп қосалқы болмеге бастады. Әзиз үй иесі көрсеткен заттарды қарап шықты, Жақсыбай шынымен біраз құрал-сайманын, кей заттарын тастап кеткен екен. Ойына күдік кірген тергеуші осы кез тосын сұрақ қойды. – Сізге не үшін құрал-сайманын тастап кеткен? Жұмысын бітірсе, заттарын алып кетуі керек емес пе? – Иә… Маған оның жұмысы ұнап, аулама ағаштан орындықтар мен үстелдер жасап беруін сұраған едім, ол келісті. Ақысын да уәделестік, бірақ «үйіме барып келейін» деді. Мен оның істеген жұмысы үшін келісімді екі жүз мың теңге ақшасын беріп жібердім. Бар білерім – осы. Үйдің іші мен ауласын толық қарап шығып, күдікті ештеңе таппаған соң, заттарын хаттама бойынша рәсімдеген Әзиз басқармаға бет алды. Кабинетіне келіп, қағазға түсіре отырып, ойын қорытты. «Егер Жақсыбайдың ақшасын бергісі келмей, араларында жанжал болса, Алматов оны үйінен қуып шығуы керек. Бірақ үйінен қуып шықса, ұста заттарын тастап кетпес еді. Сонда оны… Жо-жоқ, олай емес шығар».
Күдік
Әрине, тергеуші ойында Жақсыбай тірі емес болуы мүмкін деген пайымдар болды, бірақ мұны ойлауға да, сыртқа шығарып айтуға да болмайтынын түсінді. Дереу Жақсыбайдың суреттерін әлеуметтік желіге, теледидар арқылы іздеу салуға, барлық ауруханалар мен мәйітханаға сұраныс жасауға ұсыныс жіберді. Алғаш күдікке үй иесі Ғалым Алматов ілінгенмен, дәлелдер жеткіліксіз еді. Арыз тіркелгеннен бері он күн өтті, Алматовтың көршілері мен видеокамера бар жерлерді қарау да нәтиже бермеді. Күні бойғы жүріс те шаршата бастады, ілік етер ештеме жоқ. Шөл қысқан Әзиз сусын сатып алуға сол маңайдағы дүкенге кірді. Ой… Алла-ай… Тергеуші дүкенге кірген бойда-ақ олжаға кезіккенін түсінді, сатушы қыз жанындағы анасына ұялы телефонын көрсетіп: «Мама! Мынаны қараңыз… Мына адам анада дүкенге келген кісі емес пе… Иә, иә… Дәл өзі ғой… Жоғалып кетіпті дейді…» – деп жатқан еді. Анасы да дереу назарын ұялы телефонға аударып, түсі бұзыла: «Иә…сол… Дәл өзі» – деді. Көздері телефондағы суретте, әңгімелесіп тұрған олар бұл кезде қастарында жақын тұрған өзге адамды аңғармай да қалған болатын. Әзиз бірден іске кірісті, өзін таныстырып, әлгі әңгімедегі адам туралы сұрай бастады. Сатушылар әлеуметтік желіде көрсетілген ол адамның дүкенге осыдан оншақты күн бұрын келіп, екі бөтелке сыра алған соң, шығып кеткенін айтты. Тергеуші тағы да күдіктене бастады. «Е…Енді Алматовтың қатысы жоқ сияқты. Із дүкенге келіп тірелді. Мыналар бірдеме жасырып тұрған жоқ па екен. Әйтпесе, күніне бұл дүкенге қаншама адам кіреді…». – Дүкенге күніне келуші көп, неге осы адам естеріңізде қалды, әлде денесінде жарақаттар бар ма еді, бәлкім бұрыннан танитын шығарсыз? Бұл сұрақты қойғанда тергеуші екі мақсат көздеген болатын, біріншісі – ұста Алматовпен төбелесіп, дүкенге содан соң кірді ме, ондай жағдайда дене жарақаты болуы керек, екіншіден – ол мыналармен бұрыннан таныс па екен. Олай болған жағдайда осы тұста бір гәп бар боп шығады. – Жоқ, ешқандай да жарақат болған жоқ, оның иығында қара түсті сөмкесі болды, екі бөтелке сыраны соған салып жатқанда сүргі, қашау, кішкене балғаны көріп қалған болатынмын. Өзінен сұрағанымда ұста екенін айтты. Солай тілдесіп қалған соң есімізде қалды. Тергеушінің Алматовқа қатысты күдігі сейілді, егер Алматов ұстаны ұрып, қуып жіберсе немесе өлтіріп алса, ол бұл дүкенге келмес еді және келсе, жарақаттары да көзге түсер еді. Бұл жерде Алматовтың қатысы жоқ секілді. Бірақ дәл нақты айтуға әлі де ерте. Тергеуші тағы да із кесуге шықты…
Куәгер
Тамыз айының да ортасы ауды, бір ай бойғы іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. Бастықтардың қабағы салыңқы, тіпті, «Іздеу не боп жатыр?» деп сұрауды да қойды. Жақсыбайдың туыстары да енді қаралы хабар күтіп отырған секілді. Әзиз сонда да іздестіруді жалғастыра берді, басшылардың «Бұл да құрдымға кеткен іс болды. Іздеуді тоқтат!» дегеніне де қараған жоқ. Сондай күндердің бірінде кезекші бөлімнен телефон соғылды. Біреулер келіп тұрған көрінеді. Бұл кабинетке жіберуін сұрады. Келген әйел Жақсыбай сыра сатып алған дүкеннен үш жүз-төрт жүз метрдей жердегі жанармай құю бекетінің қызметкері екен. Орындыққа отырар-отырмастан әңгімеге кірісті. – Әлгі…Ана…телевизордан көрсетіп жатқан еркекті мен көргенмін. Осыдан бір айдай бұрын бізге келген. Біздің жанымызда дүкен бар ғой. Содан екі бөтелке арақ алды. Анадай жерде бір жігіт күтіп тұрды…
– Екі бөтелке арақ алғанын қайдан білдіңіз? Бір жігіт дегеніңіз кім? – Шырағым! Осы сен маған сенбей отырған сияқтысың ғой. Дүкен біздің заправка конторының ішінде емес пе? Менен үш метрдей жерде тұрып, арақ алды екі бөтелке, сосын оны рюкзак па, әйтеуір, соған ұқсас қара сөмкесіне салып, иығына асынды да шығып кетті. Сол кезде ыстықта мына қасқа ана арақты ішсе өледі ғой деп ойладым. Біздің терезе үлкен, содан қарап тұрғанмын, әлгі анадай жерде тұрған жастау жігітке барып қосылды. – Олардың қайда кеткенін білмедіңіз бе? – Қайда кетуші еді. Күн ыстық, не үйлердің көлеңкесіне барады, не қарсы беттің барлығы бос жатқан, қамыс өскен жер емес пе… Сол жаққа барады да… Әзиз ойланып қалды. «Апыр-ау, сол қамысты айнала қарай беріппіз, неге ішін аралап көру ойға келмеген. Мейлі сор болар, мейлі су болар, қарауымыз керек еді ғой. Негізі «Масаға таланғысы келген біреу болмаса, сол қамысқа кім кірер дейсің» деген учаскелік инспектор сөзінің жетегінде кетіпті-ау». Ол тез ойын жиып, келушіге тағы да сұрақ қойды: – Басқа бір өзіңізге оғаштау көрінер ештеңе байқаған жоқсыз ба? Ол адамның денесінде жарақат болмады ма? – О не дегенің… Ешқандай жарақат жоқ. Тек аздап пиво исі шығып тұрды. Ол құрғырдың исі ыстықта анадайдан ұрады ғой. Айтпақшы… Тұра тұр… Ол сөмкесіне бөтелкелерді саларда, бір шумақ құс қанат жіп алып соны шынылардың арасына салды. Бөтелкелер бір-біріне соғылып, сынбасын дегені шығар… Сосын екі пластик стакан, бір кола алды… Куәгер кетісімен, тергеуші ойын қорыта бастады. Демек, ана алғашқы дүкендегілердің де бұған қатысы болмады. Сыра ішкесін мыналарға келсе, жарақаты болмаса… Иә, не болса да әлгі екі бөтелке араққа қатысты болып тұрған сияқты. Ана жігіт кім екен? Енді соны іздестіру керек болды, дүкеннен де бақылауды алмау керек.
Қамысты аймақ
Жұмыс бағытын басшылыққа ескертіп, Әзиз қала шетіндегі қамысты аймақты қарауға кірісті. Тағы бір күн нәтижесіз кетті. Тапсырылған басқа істерді жүргізе отырып, толастаған сәтте ғана қарағасын жұмыс өнсін бе?! Әріптестері бөлімге жақында келген жас тергеуші Болат Аббасовты қасына алуға кеңес берді. Болатпен сөйлесе келе, Әзиз оның қылмыс ашуға деген ынтасын, аңға құмарлығын, біршама деңгейдегі аңшы-балықшы екенін байқады. «Әкем бала күннен қасына ертіп, алтыншы сыныпта-ақ мерген атанғанмын», – деп күледі ол сөз арасында. Ертеңіне түске дейін басқа істермен айналысып, Әзиз түстен кейін Болатты ерте қала шетіндегі қамысты аймаққа барды. Болатқа өзінің қарап шыққан маңын көрсетті. Сол екен Болат күлкіге бассын. – Оу, не болды? – Ту… Әзеке! Ол тұстың қамыстары көлеңке болып қарық болмайтын аласа ғой. Босқа әуре болғансыздар. Егер адамға көлеңкелі жер керек болса, анау тұсқа барады. Қалыңға қарай… Әзиз өз олқылығын түсініп, жас әріптесіне: «Сенікі жөн, Болат. Не дегенмен охотниктің аты – охотник. Ал, онда енді баста жолға», – деді. Болат алда, бұл соңында, қалың қамысты жарып келеді. – Болат-ау, дұрыс келеміз бе? – Әрине, жолдас капитан. Адамдар салған жалғыз аяқ жолмен келеміз. Сәлден соң жағымсыз, күлімсі иіс сезіле бастады, алдыңғы жақтан қара құрым боп көк шыбын ұшты. Бұлар аздан соң бір мәйітке тап болды.
Белгісіз мәйіт
Бұлар шақырған оперативті топ сол маңды толық қарап, бейнетаспа, фотоаппараттарын іске қосты. Сол топ қызметкерлері әкелген медициналық маска мен резеңке қолғапты киген бұлар да іске кірісті. Әзизді «Мына мәйіт кімдікі екен, біреу өлтіріп кеткен бе, әлде өзі ажалынан қайтыс болды ма екен, мүмкін Жақсыбай емес шығар? Егер ол болса туысқандары тани ала ма?» деген сұрақтар мазалауда. Айнала қамыс өсіп кеткен, биіктігі шамамен үш-төрт метрдей, қамыс аумағы шамамен жиырма шаршы метрдей, ортасында сулы соры бар, ол тұс ойыла түсіп сай болып қалған екен. Ортасына түскен уақытта көше түгілі, айнала да көрінбей қалды. Тек төбеңде ашық аспан ғана, айнала қоршаған ну қамыс. Сор шетінде мәйіт етпетінен жатыр екен. Жақындай келе оның бас сүйегі ғана қалғанын, ал қалғаны толық шіріп кеткені, аяғының және қолдарының саусақтарынан дым қалмағанын, ал жанында түсі оңып, ағара бастаған қара сөмке мен ақ түсті кепка жатқанын көрді. Мәйітті шалқасына аударғанда көзі, мұрны, ауыздан ештеңе қалмағанын көрген Әзиздің тұла бойы денесі тітіркеніп кетті. Бұл мәйіттің Жақсыбайдікі екенін іші сезді, бірақ толық, нақты, сенімді қорытынды жасау үшін сот-сараптамалық және сот-молекулярлық генетикалық сараптама қорытындысы керектігін есіне алды. Мәйітті дереу медициналық сараптама орталығының сарапшысымен қарау жүргізуге мәйітханаға алып кетті. Мәйітхананың сарапшы маманы мәйіт жүрек тұсынан ұрылған пышақ жарақатынан қаза тапқанын және бас сүйегінің сынғанын, аяқ және қолдарының саусақтарын шибөрі және т.с.с. жеп кеткені жайлы алдын ала айтып, толық ресми қорытынды бір аптадан кейін дайын болатын мәлімдеді. Басқармада сапырылыс басталды, енді қылмыскерді табу керек қой. Дереу тергеу тобы құрылып, оның жетекшісі болып Әзиз тағайындалды. Топқа жедел тергеу тобындағы Болат та енді. Мәйіттің киімдері дәл Жақсыбайдың үстіне киген киіміндей және сөмкесін қарау барысында қашау, сүргі және кішкене балға табылды. Бұл мәйіттің Жақсыбайдікі екені нақтыланды. Бірақ оның ұялы телефоны табылмады. Әзиздің ойынан жанармай құю қызметкерінің айтқан «Құсқанат» жібі де кетер емес. Ол да жоқ.
Жаңа жол
Криминалистерден ешқандай саусақ ізін таппағаны жайлы қорытынды келді. Келесі күні Әзиз бен Болат мәйіт табылған орынға барып, қайталай тексеру жүргізді. «Капитан мырза. Бұл жермен дені дұрыс адам жүрмейтіні анық, бос жатқан жер болғандықтан, маскүнемдер мен бұзақылар осы жерге жиналатын секілді.
Ал, мәйіт жатқан тұсқа ешкім бармаған, бәрі айналып өтіп жатыр… Бұндай тоғандар біздің ауылымызда да көп, әкем екеуіміз аңшылыққа шығып, осындай қопаларға қақпан құрып, аңның ізіне түсетінбіз… Мынаны қараңыз, мына жерден екі жол түсіпті, бірі бұрыннан бар, себебі, қамыстар төселіп, сәл тапталған, ал, мына жерде қамысты сындырып біреу әдейі жол салған секілді, және мұнымен біреу бірақ рет жүрген…». Әзиз жас әріптесінің аңғарымпаздығына тәнті болды. Шынымен-ақ көне жол тұрғанда жаңа жол салу кімге керек?! Бәлкім қылмыскер із қалдырмас үшін осылай қашты ма екен? Болаттың бастауымен бұлар сол жаңа жолмен жүрді. Табылған жолмен жүріп келіп, сайдан көтерілгенде капитан қала шетіндегі өздеріне мәлім дүкен мен жанармай құю бекетінің тура қарсы бетіндегі асфальт жолға тап болды. Иә, бұл үлкен күре жол еді, қалааралық автобустар осы маңға тоқтайтын, сондықтан бұл жерді таксистер тұраққа айналдырған болатын. Дүкенмен ара қашықтық үш шақырымдай болар деп шамалады тергеуші. Анадайда тұрған екі-үш такси көрінеді, шамасы автобустарды күтіп тұр. Екеуі таксистерден қылмыс жайлы естігендерін сұрай бастады. Әзиз бұл әрекетіне де толық сене алмай тұр, өйткені – бұл жерге таксистер көп аялдамайды, тек автобустар өтетін шамада ғана келіп кетеді. Сол ой қамшы болды да, Әзиз таксистермен шаруаны Болатқа тапсырып, өзі басқармаға қайтты.
Телефондағы құпия сыр
Кіре берісте оны жауапты кезекші тоқтатып: «Сіздің тапсырмаңыз бойынша ұялы телефон табылды, бір әйел ұстап жүр екен, оны қазір сізге алып келе жатыр…» деді. – Келсе маған жіберерсің. Он бес минуттан соң жедел уәкіл ұзынша, әдеміше, қара торы, отызға жете қоймаған әйелді кабинетке кіргізді. Жауап алу басталып кетті. – Аты-жөніңіз… Қайда тұрасыз? – Айғаным Шәрментаева, тұратын жерім – Қазанғап көшесіндегі жетінші үй. – Ұялы телефонды қайдан алдыңыз? – Сатып алдым өз ақшама. – Кім сатты және қашан сатып алдыңыз? – Ұялы телефонды Зәкір деген жігіттен сатып алдым. – Ол жігітті танисыз ба, адресін білесіз бе? – Жоқ, таныс емеспін… Бұрын бір рет көргенмін, қайда тұратынын білмеймін. Өзімнің де телефоным бар еді, бірақ, мынау арзандау екен, екінші телефон артықтық етпейді ғой… Және маркасы да жақсы. Әзиз ұялы телефонды ашып тексере бастады. Бірақ, ілік боларлық ештеңе таппады. Сосын Айғанымнан өзінің ұялы телефонын беруді сұрады. Тергеуші осы сәт әйел өңінің сәл құбылғанын байқап қалды. Оның телефонында Зәкір есімді адаммен хат алысу бар екен. Онда Зәкірдің Айғанымға өз сезімін білдіріп, кездесуге шақырғаны белгілі болды. Оны көрген тергеуші дереу криминалисті шақыртты. Осы кезде әйелдің түрі бұзылып, сасқалақтап қалғанын байқаған тергеуші одан сайын күдіктене бастады. Ұялы телефонды криминалист қатысуымен қарау барысында әйелдің Зәкір есімді адаммен бір жарым айдан бері сөйлесіп келе жатқаны анықталып, жігіттің сезім шынайылығының куәсі ретінде ұялы телефон сыйлайтынын айтқаны белгілі болды. Енді күдік Айғанымға ауды. Оның шындықты жасырып отырғаны анық. Әзиз Айғанымды көрші кабинеттегі жігіттерге тапсырды: «Оған қатысты тіл қатушы болмаңдар. Ойлансын». Олар да бұл әдісті түсіне қойды. Тергеуші ой үстінде. Не істеу керек? Қалай сөйлескен жөн? Қатты сөйлесе – тұйықталып қала ма, әлде ашуланар ма екен? Жылы сөйлесе, мұны әлсіз біреу деуі мүмкін ғой?!. Сасқалақтауы тегін емес, іштарта сөйлегені дұрыс болар. Ойына тағы да «құсқанат жіп» түсті. Бір іске бекінді іштей. Ол бір қызметкерді жаңа базарға жіберіп, жұдырық көлеміндей полипропилин жіп алдырды да, куә айтқандай бірнеше жеріне қара пламастермен белгі салып, оны бірден көзге түсетіндей етіп үстел үстіне қойды да, Айғанымды шақыртты. Айғаным үстел үстіндегі шумақ «құс қанат» жіпті көргенде «Мыналар бәрін біледі екен» деген ойға келді, өңі құбылып, көз шарасы үлкейіп барып қалыпқа келді. Тергеуші үнсіз. Әйел қобалжи бастады. Әзиз де осы сәтті күтуде еді: «Тыңдашы қарындасым! Бұл ұялы телефонның шын иесін біреу өлтіріп кеткен, сенің Зәкір туралы толық айтпай отырғаныңды білемін. Бірақ көзің шындықты айтып тұр ғой. Ана жіпті оның үйінде көрдің ғой. Оның бұған қатысы болса, ол ашылса – сен қосақ арасында кетесің ғой… Ойлан…
«Құс қанат»
Сәлден соң Айғаным жылап жіберді: «Ағай! Менің еш кінәм жоқ. Телефонның қандай жолмен келгенін білмедім. Оны Зәкір өзімдікі деді. Маған сыйлады… Алдым. Сезімі шынайы екенін айтты. Сендім. Екеуіміз әлеуметтік желі арқылы таныстық, оның қайда тұратынын білмеймін. Әлеуметтік желі арқылы таныстық. Біздің үйдің маңына кездесуге келді. Дене бітімі мығым, спортсмен сияқты. Кездескен бойда ол мені жақсы көретінін айтып қоймады. Маған да Зәкір ұнады. Мені саябаққа серуендеп қайтуға шақырды, алайда, сол кез анам үй терезесінен мені үйге шақырды. Оның дауысы Зәкірді үркітіп жібергендей болды, ол селк ете қалып, тездете менімен қош айтысып, кетіп қалды. Одан кейін Зәкірді көрген емеспін. Тергеуші мамандарды шақырып, Зәкір есімді адамның ауызша портретін салдырды. Сурет дайын болғанда қара шашты, қыр мұрынды, көздері қысыңқы, қалың ерінді, оң құлағы ішке жымырылған суық түсті жігіт бейнесі бұған тесіле қарағандай болды. «Құлақ жымырылуы не күрес, не бокстан болар» деп түйді іштей бұл. Бұл суретті әлеуметтік желіге таратуға тапсырма берді. Айғаным бір шумақ «құс қанат» жіпке қараған күйі кімге айтқаны белгісіз: «Оны ұстаған екенсіздер ғой», – деді. Тергеуші тіл қатпады. Әйел қозғалақтап кетті. Тамағын кенеп: «Западта пәтерде тұрамын» деген еді, – деді. Үшінші үйде… Жіпті соның қолынан көргенмін… Қол добындай… Соны қысып жаттығамын деген… Тергеуші жұрт «Запад» атап кеткен «Ақмешіт» және «Мерей» деп аталатын екі мөлтек аудандағы үшінші үйдің маңын бақылауға алуға тапсырма берді. Айғаным Қарағанды қаласына оншақты күнге қыдырып қайтпақ екен, бұл онысын құптады, тек белгісіз телефонды көтермеуді қатаң тапсырды.
Тапсырма
Бір апта уақыт өтті. Сараптама қорытындысы дайын болыпты. Мәйіттің жүрек тұсына пышақ кірген, бас сүйегі сынған, үстіндегі киімдері физикалық қатынас арқылы жыртылғаны көрсетілген. Бірақ, ең соңында өлім алдында инсульт алғаны көрсетілген. Тергеуші ойланып қалды. Инсульт?! Инсульті несі тағы. Әзиз телефонмен Тергеу бөлімі бастығына хабарласты. – Алло! Саулығыңызды тілеймін, полковник мырза. Жақсыбайдың сараптама қорытындысы дайын болыпты, бір түсінбей тұрғаным өлер алдында инсульт болыпты. – Не дейді! Инсульт. Қайдағы инсульт?! Дереу маған кел… – Құп болады! Тергеу бастығы Өзенов Жасұлан көпті көрген, тәжірибелі, тергеу саласында жиырма жылдан аса қызмет еткен жан еді. Сараптама қорытындысын оқи келе: « Е… е — е… Сонда марқұм Жақсыбай инсульт алған сәтте қылмыскер ақшасы мен ұялы телефонын тартып алмақшы болған, бірақ ол қасарысып жатқан сәтте басынан ұрып, болмағасын жүрегіне пышақ сұғып өлтірген болса керек. Е… адамда аяушылық қалмаған заман-ай… Капитан, бұл іс басында адам жоғалу бабымен тіркелген, одан адамды қасақана өлтіру бабына дәрежеленді, іс облыс басшылары бақылауында. Еш нәрсе назардан тыс қалмасын, қылмыскерді табуға күш салыңдар, ол жауызды ұстау керек дереу. Түсіндің бе мені…» – деп сөзін қорытты. – Дәл солай, полковник мырза! Бар күшті саламыз. Қылмыскердің өз ізін жасырып, қашып жүргеніне қарағанда көше бұзақысы еместігі, оның айлалы және қатыгез екені байқалады. Кабинетте Әзиз бен Болат тығырыққа тіреле ойлануда. Іздеуден әлі нәтиже жоқ. Жақсыбайдың туыстары қылмескерді табуды сұрауда. Іс облыс көлемінде шу көтерді. Қылмыскердің осы уақытқа дейін табылмай жатқаны полиция беделіне нұқсан келтіретіні анық. Осы кезде телефон соғылды. Қала сыртында тұрар таксистердің бірі екен. Өзінің есімі Болат екенін айтқан адам қарлығыңқы дауыспен такси тоқтар жерде электр бағанына жапсырылған суреттегі адамды көргенін, оны бір адреске апарғанын баяндады. Оның сол жерде күте тұруын өтінген тергеушілер асығыс көлікке отырып, қала шетіне бағыт алды. Бұлар жеткенде әлгі таксист күтіп тұр екен. – Жігіттер, тездетіңдер, қаншама уақытым кетті, сендерге бекер хабарластым ба деп қалдым… Кешіктіңдер ғой… – Көшедегі жол жөндеу кедергі боп… Айыпқа бұйырмаңыз. Көп уақыт алмаймыз. Бізге ол адамды қай жерден көрдіңіз, қай жерге алып бардыңыз, сол ғана керек. – Ол адамды мен осы жерден көлігіме отырғыздым, осы қамыс арасынан шықты. Мен неге оның жолмен шықпағанына қарап күмәнданған болатынмын. Артынша спальный райондағы вулканизацияға алып бардым. Ақшамды төледі. Әзиз бен Болат дереу көлікке отырып жұрт «Спальный район» атап кеткен, ылғи көп қабатты үйлер орналасқан, қала шуынан алыс, тыныш аймаққа келіп таксист айтқан дөңгелек үрлеу-желімдеу мекемесіне келді. Екеуін де бір ой мазалайды: «Вулканизацияда істей ме екен… Құдай- ау, қылмыскер қалада, көз алдымызда жүріп қылмыс жасап жүргені ме…»
Қақпан
Олар келген кезде аталған мекеме жабық тұр екен. Тұрғындардан сұрастыру барысында оның жабық тұрғанына біраз уақыт болғаны белгілі болды. Көп қабатты үй тұрғындарының дені жұмыста, азанда кетіп, кешке бірақ келеді. Адам жасырынуға ыңғайлы жер де, жертөлелер де көп. Осы кезде патрульдік қызметтегілер хабарласып, іздеудегі адамға түрі ұқсайтын жігіттің бір қызбен бұларға жақын тұста қыдырып жүргенін айтты. Тергеушілер тез шешім қабылдады, не болғанда да қылмыскерге сездірмей бақылап, ұстау керек. Патруль шақырса – оның жасырынып қалуы мүмкін, полиция көлігі бірден көзге түседі ғой… Оның үстіне, айсыз түн де қараңғы… Жас тергеуші әріптесіне: «Қылмыскерді ұстап, кім екенімді көрсеткім келеді. Әке-шешем мені мақтан етсе екен деп ойлаймын», – деген арманын айтып келе жатқанда, анадайдан екі адамның сұлбасы көрінді. Екеуі қол ұстасып келеді, қаншама қараңғы болса да, үй терезелерінен түскен әлсіз жарықтардың өзі біреуінің талдырмаш, жас қыз екенін анық көрсетеді. Жігіт кекселеу. Бұлар келесі бір үйдің кіре берісі алдындағы жарық тұсында әлгілермен қатарласты. Жігіт сезімі жайлы, ұнатқаны туралы айтып келеді. Таныс сөздер сияқты. Әзиз бен Болат оларға тақай келіп, үңіле қарағанда жігіттің Зәкір екенін таныды. Ол сезіктенді, қызды тастай сала қаша жөнелді. Әзиз оның алдын орай жүгірсе, Болат тура соңынан қуды. Тергеушілердің «Тоқта! Полицияданбыз!» дегеніне мойын да бұрар емес. Осы кезде оны қуып жеткен Болат желке тұстан соққы жасады. Зәкір жерге құлады, қыз шыңғырып жіберді. Болат Зәкірдің қолын артына қайырмақ болып жатқан кезде, ол қалтасынан пышағын алып, Болаттың бүйіріне сұғып-сұғып алған болатын. Осы сәтте Әзиз де жетті. Мұның барлығының қас пен көздің арасында болғаны сондай, былайғы жұрт не болғанын түсінбей де қалды. Әзиз қылмыскерді тұтқындады. Бірақ, көңілі алаң, Болаттың пышақ жарақаты қандай екен деп уайым шегуде. Дабыл қаға жедел жәрдем оны алып бара жатқанда құлағында «Қылмыскерді ұстап, кім екенімді көрсеткім келеді. Әке-шешем мені мақтан етсе екен деп ойлаймын», – деген Болаттың үні тұр еді.
Тұзақ
Бір апта бойғы тергеуде Зәкір тек Болатқа пышақ сұққанын ғана мойындаумен болды. «Қорқып кеттім. Бандиттер екен деп ойладым. Не істегенімді өзім де білмей қалдым. Менікі қорғаныс қой. Тым жақсы қызбен қыдырып жүргеніңде біреу бетіңе үңіле қарап, «Тоқта!» десе, қорқып кетесің ғой. Кім болса да сөйтеді» – дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Көңілге медеті – Болаттың сауығып келе жатқаны. Бүгін Әзиз өткенде Айғанымға қолданған әдісті байқап көрмек болды. Зәкірді кабинетке кіргізген кезде оның өңінде масаттану басым болса, сәлден соң, оның көзі үстел шетіндегі шумақталған «құс қанат» жіпке түсті. Қылмыскердің еңсесі түсіп кетті. Әзиз оны байқамаған болып, қағаз жазу үстінде. Он минут өте Зәкір сыр бере бастады. – Әй, жігіт! Сұрағың болмаса, мені қайтар. Мен шындықты айттым. Уақытымның есептеулі екенін білесің ғой. Асып кетсе – өзіңе қиын ғой. Әзиздің санасында «Мынау біраз нәрседен хабары бар кәнігі қылмыскер ғой» – деген ой атойлай жөнелді. Тағы да қулыққа басты. Телефонды алып, кезекшімен сөйлесті. Оның жауабына үлгіртпей, тездете өзі сөйлеуде: – Дұрыс… «Құс қанат» жіптегі отпечатка нақтыланды ма, екі адамның саусақ ізі бар ма екен. Дұрыс. Енді салыстырулар жасаймыз. Западтағы үшінші үйді қарадыңдар ма? Осы кезде ыңырсығандай бір дыбыс шықты. Зәкір тісін қышырлатты. – Сволыштар… Праваларың жоқ… Ордер қайда, санкция қайда… Неге менсіз тінтесіңдер. Сотқа берем… Әзиз қылмыскерді тұзаққа түсіргенін сезді. Әуелі Айғанымның үнтаспаға жазылған сөзін тыңдатып, сонан соң дүкен сатушыларын, жанармай құю бекеті операторының сөздерін тыңдатты. Жақсыбайдың әйелінің зарлы дауысынан кейін Зәкірдің басы салбырап кетті. Келесі күні бүкіл айғақтар, куәлар сөзі жазылған хаттамалармен таныстырған Әзиз Зәкірдің Алматы облысынан келгенін, мұнда пәтерде тұрып, оны-мұны жұмыс істеп күн көретінін анықтап үлгерген болатын. – Ал, азамат! Қылмысқа қалай барғаныңызды, Жақсыбайды қалай өлтіргеніңізді айта беріңіз? Одан кейінгі ісіңіз белгілі ғой… – Жоқ. Мен оны өлтірген жоқпын… – Оған сұғылған пышақ та, тергеушіге сұғылған пышақ та – бір пышақ боп шықты. Міне, сараптама қорытындысы. Онымен танысып шықты, бірақ ашылар емес. Әзиз енді басқа қырдан келуді ұйғарды. Ондағы тірегі: Бұл мұнда неғып жүр. Алматыдан қашып жүрген болуы керек. Ол жақта да қылмыс жасаған болар… – Айтпасаңыз – өзіңіз білесіз. Одан сізге жеңілдік жоқ. Алматыдан запросыма жауап келгенде сөйлесемін сізбен. Сосын «құс қанат» жіпті ұмытпаңыз… Міне, сол сәт… Зәкір қинала ыңырсыды. – «Әй бала! Жаз! Бірін қалдырмай жаз. Әйтпесе, айнып қалуым мүмкін». Ол барлығын айтты. Жақсыбаймен бұрын бір жерде жалданып жұмыс істеген екен. Ол сыра алып, ішкелі тұрғанда бұл кезіге кетеді ғой. Бұл басы ауырып тұрғанын, ақшасы жоқ екенін айтады, ол айлық алып келе жатқанын айтады. Міне, арам ой осы тұста туған еді. Зәкір оны бұрын бір рет көрген, адам таппас қамыс арасына апарады… Үйді тексеру Зәкірдің бұдан да басқа біраз қылмысы барын көрсетті. Екі сақшының жетектеуімен пәтеріне барған Зәкір төсек үстінде жатқан шумақталған «құс қанат» жіпті көрді де, басын ұстап отыра қалды. Тағы да бір жиіркенішті, тағыға тән ырыл естілді. Бірақ, ол кезде қылмыскер сол жіп арқылы өзі қолын байлап, зорлаған әйелге қатысты, ғашықтығын айтып алдап, бір қыздың үйін тонаған қылмыстары ашыларын білмеген еді. Оның бар ойы Алматы облысындағы қылмыстары ашылмай тұрып, мұндағы қылмыстарымен сотталып кету болатын. Бірақ, жаратушым, сол шумақталған үзік жіпті әділдіктің салтанат құруына кілт еткен еді.
Бекмухамбет ӘБДРАСУЛЛАЕВ
Қызылорда қаласы, Тасбөгет кенті