Елімізде дарынды жастарды қолдау және мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында Президент Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында жастардың кадрлық резервін қалыптастыру міндеті қойылды. Бұл бүгінде белгілі деңгейде кадрларды іріктеу, оқыту және жоғарылату жүйелерін жетілдіріліп, персоналды басқарудың заманауи құралдарының енгізілуіне және мемлекеттік қызметкерлер сапасының артуына ықпал етті.
Ең бастысы, реформа бәсекелестік және іріктеудің ашықтығы қағидаттары бойынша мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін арттырды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке кірісу негізгі лауазымдардан басталып, қызметкерлер құзыреті мен кәсіби дайындығы негізінде жоғарылатылады. Реформа жүзеге асырылғалы бері еңбек жолын бастапқы кезеңнен бастағандар саны едәуір артты. Мемлекеттік органдарда қызметкерлердің мансаптық өсуіне жағдай жасалды. Ішкі конкурстар институты арқылы жоғарылатылған мемлекеттік қызметшілер саны 5 есеге өсті. Бұл шаралар еңбекке қарай жоғарылау мүмкіндігіне деген сенімді күшейтті. Бұған социологиялық сауалнаманың нәтижесі дәлел. Соңғы сауалнама мемлекеттік қызметшілердің 80% іріктеудің объективтілігін жоғары бағалағанын көрсетті. Ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында айтылған тәсілдерді іске асыру шеңберінде мемлекеттік аппараттың тиімділігі одан әрі арттырылды. Меритократия қағидаттарын нығайту, стратегиялық кадрлық жоспарлауды енгізу және мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыруды кеңейту мәселелері бойынша бірқатар жұмыс жүрді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтке айналуы керектігін атап өткен болатын. Іріктеуге түрлі сала өкілдері, түрлі мамандық иелері қатыса алады. Бұл міндетті түрде мемлекеттік қызметшілер емес, олар квазимемлекеттік сектордың, жеке сектордың, азаматтық қоғамның өкілдері болуы мүмкін. Резервке мемлекеттің ең жоғары басшылық лауазымдарына әлеуетті үміткерлер, өзгермелі еңбек жағдайларына тез және мақсатты бейімделуге қабілетті «жаңа формацияның» көшбасшылары деп аталатын тұлғалар жиналады. Іріктеу кезеңдерінің барлығынан өтіп, резервшілер тізіміне енгендер тағайындалуы мүмкін басшылық лауазымдардың ауқымы өте кең. Алайда, резервке жазылу фактісі мемлекеттік лауазымға тағайындауға кепілдік бермейді. Тиісті бос орын болған жағдайда, резервтегі адамды ұсыну Жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссия құзырында болады. Тағайындаулар Қазақстан заңнамасында белгiленген тәртiппен резервке алынған адамдар арасынан да, басқа адамдар арасынан да жүзеге асырылуы ғажап емес. Цифрландыру дәуірінде азаматтардың барынша ашықтығы мен ыңғайлылығын, ақпаратқа орталықтандырылған қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы pkrezerv. kz онлайн платформасы іске қосылған.
Платформаның өте қолжетімді интерфейсі бар. Сайтта резервке таңдау туралы барлық қажетті ақпарат қамтылған. Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатысушыларға қойылатын негізгі талап Қазақстан азаматтығы, жасы 35-ке дейінгі, білімі және жалпы жұмыс өтілінің 5 жылдан кем болмауы тиістігі. Конкурсқа Қазақстан Республикасының елдегі, шетелдегі азаматтары қатысып, pkrezerv. kz онлайн-платформасы арқылы барлығымен тең дәрежеде іріктеуден өте алады. Резервке іріктеуге Президент тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілерді қоспағанда, талаптарға сай келетін барлық азаматтардың қатысу мүмкіндігі бар. Үміткерлердің мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігі де яғни, әрекетке қабілетсіздігі, белгілі бір мерзімге мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыру туралы сот шешімінің баржоғы, сыбайлас жемқорлық қылмысының бар-жоғы, өтелмеген немесе алынбаған соттылық, қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасау және тағы басқа мәселелер жіті тексеріледі. Кезеңдердің бірі үміткерлердің құндылықтары мен құзыреттерін бағалауды қамтиды. Ол үшін ұзақ жылдар бойы ұқсас бағалау әдістерін қолданып келе жатқан адам ресурстарын басқару саласындағы сарапшылар тартылады. Топтық бағалауды аудио және бейнежазбаға түсіру жоспарланған. Бағалаушылар қатысушылардың жеке деректерін, атап айтқанда олардың аты-жөнін көре алмайды. Олар шифрланады. Нәтижесінде олар тек сандар мен әріптер жиынтығын көреді. Әрбір кезеңде сарапшылар алған идентификатор бірегей болады. Басқаша айтқанда, бағалаушылардың, мысалы, кімнің эссесін бағалайтынын білу мүмкіндігі жоқ. Президенттік резервті қалыптастырудағы басты мақсат – шығармашыл және дарынды жастарды іріктеу. Биыл Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуден өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың айтуынша, резервшілерді жұмысқа алуда түрлі қиындықтар туындауда. Кейбір мемлекеттік органдарда 10 резервші тағайындалды, басқа органдарда бірде-бір қызметкер жоқ. Әлеуметтік маңызы бар салаларда – денсаулық сақтау, энергетика, білім беру салаларында резервтердің саны мардымсыз. Қазіргі таңда өңірлерге дарынды жастарды тартуға көп көңіл бөлінуде. Еліміздің барлық аймақтарында өңірлік жастардың кадрлық резервтері құрылды. Оған тартылғандардың жасы 35тен аспауы тиіс, жоғары білімі, сондай-ақ кемінде үш жыл жұмыс өтілі болуы шарт. Бүгінгі таңда президенттік жастар кадрлық резервіне енгізілген жас мамандардың 75 пайызы қызметке тағайындалғаны белгілі болып отыр. Яғни, резервке енгізілген 350 адамның 262-сі мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік ұйымдарда әртүрлі лауазымдарға орналасты, оның ішінде орталық мемлекеттік органдарда – 131, жергілікті атқарушы органдарда – 41, ұлттық компанияларда – 54 және басқа да салаларда – 36. Оның 28-і саяси қызметке, ал сегізі «А» корпусының лауазымдарына тағайындалыпты.
А.ТҰРМАҒАМБЕТОВА, «Заң газеті»


