12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҮКІМ БҮГІН ОҚЫЛАДЫ…

Таң бозынан Текелі қаласы тұрғындарының табынын өзен жағасы бойымен өрістете жайып келе жатқан екі бақташы жаға бойына біткен тал-терек арасындағы жантүршігерлік көрініс көздеріне түскен сәтте, ат үстінен ауып қала жаздады. Арасы алты-жеті қадамдай екі шоқ талдың астында екі бірдей әйел жатыр. Екеуінің де не өлі, не тірі екені белгісіз. Әйтеуір анадан жаңа туғандай тыр-жалаңаш, қозғалыссыз қалған. Көз тоқтатып қарауға дәті бармай, көзін алып қашқан екеудің ересегі: – Болат, шапшаң қалаға шап… Милицияға, өлі-тірісі белгісіз екі әйелді көргенімізді тезірек хабарла. Байғұстар шала-жансар күйде, татар дәмі таусылмаса, доқтырлар мүмкін құтқарып қалар. Ұш шапшаң…! Жас жігіт атын тебініп қалып еді, жануар ышқына шаба жөнелді. «Кім болса да, тірі болса екен, әйтеуір деп жанұшыра күбірлей тілеп келеді. Оқиға орнына кешікпей екі полиция қызметкері мен «жедел жәрдем» машинасы дабылын айқайлата жетті. Әлі аузынан ана сүтінің уызы кеппеген жап-жас қыздар. Екеуі екі шоқ талдың астында ес-түссіз жатыр. Үсті-басы мен бет-ауыздарының сау тамтығы жоқ, көкала қойдай. Аяқ-қолдары екі жаққа кетіп, екеуінің де аяғының арасына қан қатып қалған. Қызыл қан бурыл тартып кеткеніне қарағанда, оқиғаның болғанына біраз уақыт өткен сияқты. Әбүйір болғанда, екеуінің де демі бар екен. Полиция қызметкерлері зорлыққа ұшыраған бейбақтарды, оқиға болған аумақтағы іздерді, тиісті тәртіптері бойынша өлшеп, тездетіп әр қырынан суретке түсіруге кірісті. «Жедел жәрдемдегі» одеял, көрпемен лыпаларын қымтай жапқан дәрігерлер тағдыр тәлкегіне түскен бейкүнә, шарасыз жандарды көліктеріне салды да, жеделдетіп ала жөнелді… * * * …Көрген, естіген адам жанынан түңіліп, күңіренетіндей жантүршігерлік бұл сұмдық қылмыстық оқиға қалай болып еді өзі… Бір сағаттан бері кісі бойындай айна алдында сыланып-сипанып, бет, тырнағын бояп, шырттай киініп алған қос бикеш өз түрлеріне өздері сүйсіне қызығып, еліктің егіз лағындай ойқастап, айна алдын босатар емес. Қызыл күрең кофтасы мен сол түстес юбкасы қызылшырай, сұлу өңіне бек жарасып тұрған қыздың киім сыртынан бұлтиып, көрер көзді қызықтырған қос анары кофтасын тесіп жіберердей керіп тұр. Биік өкшелі қоңырқай туфлиі мен төбесіне түйіп қойған қою қара шашы былайша да бойшаң қызды сұңғақтата түскен. Бойы аласалау болғанымен, қолаң шашын, қазіргі жастар арасында мода болып тұрған «карэ» түрімен қысқа етіп қидырған екінші қыз алдыңғысының сіңлісі екендігі айтпай-ақ білінеді. Ол да әпкесіндей қызылшырайлының әдемісі, екеуінің түрлері қос тамшыдай ұқсас. Кішісі сәл жасырақ демесең, екеуін егіз деп ойлап қаларлықтай. – Катя, тездет, мен дайын болдым. Вечерге кешігіп қалмайық. Любаның әпкесінің аспай-саспай, тым бейқам жиналғанына көңілі толмаған сынды. Әй, ана-ай, десеңші! Бой жетіп қалған қыздарына жартылай ашық тұрған есіктен: «Боже мой, прости и сохрани их грешних» деп қызыға да сүйсіне қарап, артынша бөлмеге сөйлей кірді: – Не, бикештер, тағы да бір жаққа кеттіңдер ме? – Мама, біз Талдықорғанға дискотекаға баруға жиналып жатырмыз. – Түһ, сендердің-ақ дискотекаларың таусылмайды екен, осы. Алдыңғы күні ғана барып, түн жарымына шейін билеп, қыдырыстап келмеп пе едіңдер? – Ну, мама – Мария, өзіңіз де жас болып көрдіңіз. Сізді әкеммен таныстырып, махаббаттарыңызды оятып, жарастырған осындай би кеші емес пе еді? – деп, анасына еркелей «мама – Мария» деп, әзілдесіп жүретін Люба анасының бетіне қулана, күлімсірей қарады. – Үйде омалып отыра бергеннен күйеуге шыға алмай, кәрі қыз атанғанымыз сізге керек пе? – Ауыздарыңнан ана сүтінің дәмі кетпей жатып күйеушілін өздерінің. Вечерлетіп, дискотекалатып жүрулерің көбейіп кетті. Ойнақтап жүріп, от басып жүрмеңдер… Мұндайда қыздардың ынтымақтық танытып, бірін бірі қорғаштап, шаң жуытпайтын әдетімен әпкесінің сөзін сіңлісі Люба дереу қоштай жөнелді: – Қайдағы сүттің дәмін айтасыз, мама. Катя күзде он алтыға толады, менің жасым он төртте. Болашақ күйеуді осы бастан таңдап, мойындарына ноқта кигізіп қоймасақ, дұрыс жігіттер осы күні қат екенін білесіз ғой. Сондықтан, дискотекаға жиі барып жүргеніміз дұрыс, – деген ол, анасының иығына асыла кетті. Сықылықтай күліп, екі бетінен кезек сүйіп жатыр. – Алаңдамаңыз, мама. Біз түн жарымына қалмай ораламыз. – Катя да шешесін еркелей құшақтап, әжімденген маңдайынан өбіп қоштасты. «Құдайым-ай, жүрегі құрғыр неғып лоблып кетті. Қос қарлығашымды пәле-жаладан сақтай гөр» – деп, қыздарының соңынан үш саусағын біріктіріп шоқынып алған анасы терең ой құшағына бата берді. * * * …Кеңес Одағы ыдырап, немістер Германиясына, еврейлер Израиліне, орыстар Ресейіне үдере көшкен тұста, Текелінің ортасынан ойып тұрып, кең сарайдай етіп салып алған зәулім үйін арзан бағаға сатып, бұлар Пономоревтар әулеті де көп дүрмекпен бірге, Ресейдің Барнаул қаласының түбіндегі Покров ауылына қоныс аударды. «Тарихи отанымыз» деп, жүректері лүпілдей, алыпұшып жеткенін қайтейін, ол жердегі қандастары бұларды әзірейіл көргендей, тыжырына қарсы алды. Азды-көпті жүктерін контейнерден түсіріп, үйге енгізген кезде, «нелері бар екен» дегендей, қызығушылықпен ентелей қарап тұрған көршілерінің көздері шарасынан шыға жаздады. Төбемен тілдескен биік «бирюса» тоңазытқышын, ине-жіптен шыққандай жап-жаңа ұйқы бөлмесінің гарнитурын, залдың кісі көңілі тоятындай әдемі жихаздарын, тағы басқа үй мүліктерін көрген келешек ауылдастарының көзі атыздай болды. Жеккөрінішті сезіммен таң қалысып, «вот, настоящие казахские буржуи» дескен олар жақтырмай сырт айналып кеткен. Қазақстандағы сияқты, көршілердің бірі-біріне қол ұшын берісіп, көмектесу, қуанышына ортақтасып құтты болсын айту, өзіміздің қазақ ағайындардікі сияқты қонақжай қасиеттер бұлардың салтына жат екен. «Көршілер құтты болсын айта келгенде, біздің қазақтың ұлттық тағамы ретінде, үстелге мақтана қойып, сыйлап жіберерміз» деп, сап-сары боп сүрленген қазы мен қарта, жал-жаясы мен ірімшік, құртын бір қап қылып ала келген болатын. Танысын, танымасын, келген адамға дастарқанын жайып, сыйлап жіберетін қазақ түгіл, Текелідегі орыс, неміс пен кәрістердің өзі тілдерін бұрай қазақшалап «ерулик» (новоселье) деп, көшіп келген көршілерді кезек-кезек қонаққа шақырысып, аралас-құралас болып жатпаушы ма еді?! Бұларда құдайы көршілердің бірімен бірі араласып, кіріп-шықпайтын, қуанышқа ортақтаспайтын салты қызық екен… Қазақстаннан көшіп барған Пономоревтардың жағасын ұстатып, аса бір таңқалдырған нәрсе: мұндағылардың үлкен-кішісі жаппай, жатып тұрып арақ ішуді салтқа айналдырған сияқты. Ішуден қазақстандық орыстар – өзіміз де кенде емеспіз. Бірақ, той-томалақта, әлдебір мереке, салтанатта орнымен, өз шамаңды біліп ішу бір бөлек те, бұлардағы сияқты, ес-түсті білмей, есіре жұтып, артын дау-дамай, төбелеске айналдыра ішудің айырмасы көп қой… Тіпті, кейінгі кезде қазақ тойларының «сухой закон» деп арақ-шарапсыз, қымыз, шұбатпен ғана өтіп жүргенін де көрдік қой. Ештеңе жоқ, онсыз да әнді шырқап, қоймай-қоймай билеп, әзілдесіп бәріміз де көңілді отырушы едік. Тағы бір таңдай қақтырып, таңдандырған жағдай: бұларда тұрмысқа қажетті дүние-мүлік жинап, заман ағымына орай, мәдениетті, өркениетті өмір сүру дәстүрі қалыптаспапты. Жұмыста киген шоқпыт-шоқпыт, ескі киімін үйде де үстіне іле салып, жүре беру еш ерсілік саналмайды екен. Он бес күн бойы бел жазбай еңбек етсе, артынша, міндетті түрде, апта бойы жата-жастана арақ ішеді. Бұл бір бұлжымас салт іспетті. Аса сөкеттігі – сары ауыз, мұрты да тебіндеп үлгермеген мектепте оқитын ұлдар мен жап-жас қыздар әке-шешесімен бірігіп, жарыса ішеді. Олары ұят, жат қылық деп саналмайтын сияқты. 13-14 жастағы жасөспірім ұл-қыздардың ата-анасының көзінше сүйісіп, құшақтасқан күйі тоғай аралап кетуі де қалыпты жағдай. Тіпті, Қазақстанға қайтадан көшер алдында, көшенің қарсы бетінде тұратын Сергейдің он үштен енді ғана асқан оқушы қызы балпанақтай ұл тауып қойғанын қайтерсің. Оның алдында келесі көшеде тұратын Алексейдің де он төрт жастағы Галя атты қызы жүкті болып, милиция араласқан соң, сотталудан қорыққан ата-анасы кәмелетке толмаған оқушы ұл мен қызды қосып, үйлендіріп тынған… Ата-анадан көргенін істеп, соларға еліктеп, балалардың да соны жасайтын әдеті бар емес пе? Ресейге көшіп келген Пономоревтардың мектептегі осы екі қызына да қатарластары күн бермей, «отырса опақ, тұрса сопақ» қылды. Бірде күнделіктерін жыртып тастаса, екіншіде кітап, қаламдарын тығып тастап, бермей қан қақсатты. Ұл балаларының қызды сыйлау деген әдептен жұрдай екендігі сол – Любасы мен Катясы екі күннің бірінде мектептен жылап келетін. «Балалар ғой, ұрсысар да татуласар» деп, пәлендей мән бермей жүре берер ме еді, былтыр жаздағы ең соңғы, шыдамның шегіне жеткізген оқиғалар болмаса… Күйеуі Максимнің ерінбейтін, жанкешті еңбекқорлығы мен өзінің жоқты бар етіп, ұқсататын ұқыптылығының арқасында, Ресейге табан тіреген төрт жылдың ішінде бұлар шошқа асырап, мал, құс-құрт ұстап, бір адамдай-ақ қоңданып алған болатын. Ал деп көшіп келгенде сатып алған екі мегежін, ала сиыр мен торы биенің жыл сайынғы төлдері арқасында, төрт жылдың ішінде ауласы кішігірім шаруашылыққа айналған-ды. Үйрек-қаздары қоқилана қаңқылдап, тауықтары «жұмыртқа таптым» деп мақтана, ауылды басына көтере қыт-қыттағанда, көрші-көлеңдері қызғаныштан жарылып кете жаздайды. Тіпті, ол қылықтарын жасырмай: «вы куркули», «назарбаевские буржуи» сынды кекесін сөздермен, мұқатып отыруды әдетке айналдырған. Максимді де мұжықтар онша жақтыра қоймай, сыртқа тепті. Себеп – біреу: олармен бірігіп, құлағанша арақ ішпейді. «Жанұям, балаларым, жұмысым» деген сылтаумен, бір-жар құмыра арақтық пұлды «угощаю» деп орталарына тастайды да, сырғақтап кете барады. …Өткен жылдың көктеміндегі мегежіндері жаппай төлдеп жатқан кез. Түн қараңғысын пайдаланып, шошқалардың астауындағы жемге әлдебіреу, қандай екенін қайдам, у тастап, қабандары да, мегежіндері де торайларымен қоса, бірі қалмай қырылып қалды. Алыстан ат арытып жау жетті дейсің бе, көршілерден келген кесапат екенін білгенімен, «ұсталмаған ұры емес» дегендей лажсыздан үнсіз көнген. Арада екі ай шамасы өткенде, ауладағы қора-қопсысы, ішіндегі малдарымен қоса өртеніп кетті. Әйтеуір, әбүйір болғанда, Максим түтінге қақалып, шашалып жүріп, екі сиырды от құшағынан суырып шығарды. Соның бәрі көршілерінің ішін тырнаған «қызғанышының қызыл иті» екендігін білгенімен, қолдан келер қайыр жоқ. Милицияға шағымданудың еш пайдасыз екендігін білгендіктен, ешқайда бармады да, арызданбады да. Қыздарының оқу жылы аяқталысымен, өрт құшағынан аман қалған екі сиырын, баспанасы мен азды-көпті дүние мүлік терін арзымайтын арзан бағаға сатты да: «енді көрмегенім «тарихи отаным» болсын» деген сөзді іштей айтып, «Где ты, мой родной Казахстан» деп, қолда бар азды-көпті киімдері мен буылған көрпе-жастық, матрастарын бір контейнерге тиеп, үдере көшті де кетті. «Историческая Родинасы» болмаса да, туған Отаны болып кеткен, елдің, жердің иесі – қазақтардан еш шет қақпай көрмей, бір туғандай сыйласып жүрген, айналайындардан ұят болды-ау деп қояды өзара. Онымен қоймай, қандас орыстарына: «Шет елге көшіп, аузы күйіп, ол жаққа енді мылтықпен айдаса да бармастай болған біздің көрген құқайларымыз бен қорлықтарымызды Құдай сендердің бастарыңа бере көрмесін» деп ескертіп те қояды. * * * «… Құлындарым-ау, сол. «Қазақстанда тұратын әр азамат мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі тиіс» деп, Катя мен Любаның мектеп бағдарламасы бойынша оқығанынан бөлек, «қазақ тілін үйренейік» атты кітап пен басқа да көмекші сөздікті тауып, өз бетінше үйреніп жүргенін айтпайсың ба?! Ресейге көшпей тұрғанда тіл мәселесіне онша мән бере қоймаушы еді, ондағы орыстардың жасаған қысастығы мен әділетсіздігін көргеннен кейін: «мама, папа, әлемдегі ең қонақжай, бауырмал және басқа этнос өкілдерін алалап, бөлмейтін ұлт – қазақ. Біз – орыс, неміс, күрт пен кәрістер соны бағалай алмай жүрміз. Қазақстанда туып, өніп-өсіп отырсаңдар да, әлі күнге шейін бір ауыз қазақша білмейсіңдер. Бізге де үйренуге қозғау салмадыңдар. Бұл дегенің елге, жерге, ұлтқа қиянат» – деп, әр жерде, кезі келген сәттің бәрінде айтып жүргендері. Пәлекеттердің, өзара құпия сырларын біз түсініп қоймауы үшін, қазақша сөйлесетіндерін қайтерсің. Ынта қойып, берілгендігі сонша, Ресей жерінен оралған бір жылдың ішінде қазақшаға төселіп, кәдімгідей-ақ, сөйлесе алатын дәрежеге жетті. Алтындарым менің! Біз ғой мұнда, қазақшаға үдірейе қарап, әліпті таяқ деп білмейтініміз. Дегенмен, «ештен кеш жақсы» деп, қазақ тілін үйрену керек екен. Әйтпесе, қос құлыным айтқандай, мұнымыз шынында да, елдің, жердің иесі – қазақ ұлтына қиянат» деп, ой құшағына оранған Мария Петровна қыздарының кешігіп жатқанына алаңдап: «Құдай-ау, құртақандай қошақандарымды пәле-жала, қастандықтан, қауіп-қатер мен жол апатынан сақтай көр!» деп, өз салт-дәстүрлері бойынша шоқынып алды. * * * …Ұрлықтан түскен арам ақшаға алынған «Жигули» машинасының рөліне масаң күйде отырған Генадий мен жанындағы Юрий Палкин өміріне дән риза. Аузындағы темекісін будақтата тартып, әңгімені соғып келеді. Әлгінде ғана, Текелі қаласында тұратын өздерінің ежелгі бір жемтіктесі – «хромой Семен» – Семен Сальковпен жақын күндері жүргізетін ұрлық операциясын талқылап, жоспар құрып шыққан беттері. Мұндай әңгіменің арақсыз сәні келуші ме еді? Үшеуі екі жарты ақмағамбетті бөліп ішіп, Қараталдың суы сирақтарынан келмей, дуылдаса күліп келе жатқанда, әңгіме тақырыбын «Гена крокодил» кличкалы Генадий Коркин өзгертті: – Юра, нам бы теперь баб наидти. А то я давно не разгружался… – Какой базар? «Пахан» сказал, будет сделано, – деп, Юрий езу жиғаны сол еді, қаланың шыға берісіндегі жол жиегінде тұрған екі қызға көзі түсті. – Во, молодые тёлки. Сейчас их зацепим. Көлік асфальт жолдың шетіндегі шаңды «бұрқ» еткізе шұғыл тоқтады. Машинаның есігін Катя қыз аша алмай, әуреленіп жатқанда, жүргізушінің оң жағында отырған жігіт ішкі жақтан артына бұрылып ашып жіберді. – Дяденьки, по пути до Талдықоргана довезите. – Базара нет. Садитесь. – Қыздар отыра салысымен, «жигули» орнынан жұлқи қозғалып, қою шаңды бұрқырата жүйітки жөнелді. Машина ішіндегілердің мас екенін басында аңдамаған қыздар арақтың күлімсі исі қолқаларын қауып, тұншыға жаздағанда бір-ақ білді. «Апырмай, ішіп алған адамдар екенін қалай аңғармадық. Байланысып, мазамызды алмаса жарады…» – деген қорқынышты ой Любаның да, Катяны да қалтыратып жіберді. Үрейленгенін білдірмеуге қанша тырысқанымен, қорыққандары соншалықты, жылан арбаған торғайдың балапандары құсап дірілдеп, үнсіз ғана бүрісіп отыр. Көне көк «жигули» Текелі қаласы мен Жетісу ауылының шамамен жарты жолына таяй бергенде күре жолдан оң жаққа қарай шұғыл бұрылғаннан-ақ бір сұмдықтың боларын сезгендей, екі қыз үрейленіп қосарлана шу ете қалды. – Ағалар, бізді қайда апара жатырсыздар? – Осы жерде қалдырып кетіңіздер! – Қорықпаңдар. Бір-екі жүз грамдатып, демаламыз. Одан кейін керек жерге апарып тастаймыз, – деген Генадийдің көзімен көзі ұшырасқан Любаның зәресі зәр түбіне кетті. От шашқан қысыңқы жанары киноларда көріп жүрген қорқау қасқырдың шырадай шақырайған жанарынан аусашы! Қып-қызыл ма, жасыл ма, әйтеуір біртүрлі, қорқыныш тудыра жанып тұр. – Біз ішпейміз, әлі оқушымыз. Тоқтатпасаңыз, қазір машинадан секіріп кетеміз – дегені сол еді, алдыңғы орындықта отырған Палкин, артқа бұрылған күйі Катяның бетіне шапалақпен салып қалды. – Қане, енді қимылдап көрші. Осы отырған жеріңде екеуіңді де буындырып, ол дүниеге өз қолыммен аттандырып жіберемін… «Мына арамза қасқырлар бір жерде тоқтап, арақтарын ішіп алған соң, бізге байланыспай, мүмкін Талдықорғанға жол жөнекей апарып тастар»… деген болымсыз үміттің жетегіндегі апалы-сіңілі екеуі үрей мен шарасыздықтан қимылдауға шамалары келмей қалшылдап отыр. Олардың солай ететіндеріне соншалықты сеніп те отырған жоқ. «Суға кеткен тал қармайдының» кері. Құйындатқан күйі Қаратал өзенінің жағасына жетіп, көліктен түскен Генадий Коркин жүк салғыштың ішінен басталып, сәл ғана ішілген бір шиша арақ пен жарты бөлке қара нан шығарды. – Қане, сұлу бикештер, сәтті кездесіп қалыппыз. Бүгін бір дүрілдетіп, гулянка жасайық. Қысылмай, емін-еркін отырыңдар… – Пәлі, бұларың айрықша шақыру күтіп отыр. Машинадан түсуіне мен көмектесіп жіберейін, – деген Юрий қыздардың қарсылығына қарамастан, оларды көліктен дырылдата сүйреп шығарды. Состиып, состиып, жылап тұрған қос қызға жақын келген Генадий: – Арулар, неғұрлым сезімтал, неғұрлым ұғымтал болсаңдар, арамыздағы түсіністік соғұрлым тез орнайды. Ұялмай, тартып жіберіңдер, – деп, Катяның аузына стақанды тақай берді. Ал Палкин шегіншектей берген Любаның шашынан ұстап, басын шалқайтқан күйінде, қыздың аузына ащы суды құйып жіберуге әрекеттенді. Еріндерін жымқырып, қарсылық танытқан қыздардың жағынан, екеуі ақылдасып алғандай, бір мезгілде шапалақпен аямай тартып-тартып жіберді. – Қарғыс атқырлар, бұл істеріңе әлі жауап бересіңдер! – деп жыламсырай айқайлаған Любаның қарсыласқанын шыбын шаққандай көрмеген Палкин қыздың білегінен қыса ұстаған күйі өзен жағасындағы шоқ талға қарай сүйрей жөнелді. – Жауап береміз бе, бермейміз бе, оны көре жатармыз. Біздің жауап берер сәтімізді сендер көргенге шейін кім бар, кім жоқ…

Тал арасына апарысымен, Гена да Катяның киімдерін жыртқылап, шешіндіре бастағаны сол еді, алысып, жандалбаса қылған қыз зорлықшылдың сіңірлі, тарамыстай білегін оңдырмай қыршып алды. Қорқау қарақшының білегінен қою, қара қошқыл қан зу ете түсті. – Ах, ты… За это сейчас с тобой отквитаюсь! Бір сәт босаңсып қалған Генадийдің шеңгелді қолынан сытылып шыққан қыз жартылай жалаңаш күйінде қаша жөнелді. Жанталаса жүгіріп келе жатып: – Люба, вырвись. Убегай! – деп, арпалысып жатқан сіңлісіне айқай салды. – Вырвишься… Я тебя сейчас по швам разорву… Ұзын сирақты Коркин қойсын ба, жанұшыра далбасалап қашып бара жатқан қызды оншақты қадамнан соң-ақ қуып жетіп, аяғынан қырқа шалды. Қалпақтай ұшып түсіп, ауырсынғаннан сұлқ жатып қалған бейбақтың шашынан сығымдай ұстап, әлгіндегі тал түбіне қарай сүйрей жөнелген зорлықшылдың әрекеті – қорқыныштан дірілдеп дәрменсіз күйге түскен лақты тартқан қорқау қасқырды көзге елестеткендей еді. – Керегі жоқ. Керегі жоқ, ағатайлар. Сіздердің де біз сияқты қарындастарыңыз бар шығар… – Екеуміз де әлі пәкпіз. Ағатайлар, аяй көріңдер! – деп, қосыла шырқырай жылаған қыздардың құлындағы дауысы екі аяқты хайуандарға шыбын шаққандай да әсер етпеді. – Біреулердің ластап тастап кеткен қалдығы емес, пәк болғандарың бізге тіптен жақсы. – Жемтікке үймелеген қара қарғаларша қарқылдап, дарақылана күлген қайырымсыздардың дауысы неткен қорқынышты еді… Шамаларының жеткенінше арпалысып, жандалбасалап қарсылық танытқан қыздардың үстіндегі киімінің парша-паршасы шығып, әр жерде шашылып қалды. Енді бір сәтте екеуінің де: «мама, мама, спаси! Ой, больно…» – деп еңірей жылаған дауыстары бірі-бірінен оншақты қадам ғана қашықтықта біткен екі шоқ талдың түбінен қатар шықты. – Повезет, так повезет, старина. Кто подумал, что при старости нарвемся на цельных тёлок, – деп, қарқылдаған Коркиннің сөзіне Палкин да қосыла, дарақылана күлді. – Давай, это дело отметим. Братан, разливай… Арсыз, жымысқы күлкілері мен өздеріне өздері бек риза түрлерінде, бейкүнә, шарасыз сәбилердің арына дақ, жүрегіне жара салу қиянаты емес, ата жауымен қан майданда жан алысып, жан беріскен соғыста жеңіп, сол жеңісіне масайрап, шалқыған кейіп бар. …Ертеңінде таң бозынан Жетісу ауылының табынын жаюға шыққан екі бақташы өзен жағасындағы жантүршігерлік оқиғаның орнын көргенде, көздері шарасынан шығып, шалқаларынан түсе жаздады. Қайырым, мейірімнен жұрдай, «адам» деген аты болмаса, екі аяқты мақұлықтан еш айырмасы жоқ қос малғұн, балалық шақтың бал қызығына тойып та үлгермеген, шарасыз жатқан балғын бүлдіршіндерді ұзақ түн бойына бірнеше реттен «давай обменимся» деп кезектесе ауыстырып қорлаған еді. Жабайы, айуандық құмарлары тояттаған соң, ес-түссіз, тыр-жалаңаш қалпында жатқан қос бейбақтың екеуін де сол жерге тастап, жарықтан қорқатын қасқырларша, таң біліне қарғыс атқырлар өз жөніне кеткен болатын. Ата-анасының үміт етіп, әлпештеп отырған қос тал гүлі мезгілінен ерте умаждалып, лас аяқтардың астына тапталып қалды. * * * …Ал зорлыққа ұшырап, ес-түссіз жатқан қос қыз аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызылды. Арада алты күн өткен соң Катя жалпы палатаға ауыстырылды. Ол жаңа палатаға шыға салысымен, тәжірибелі психолог-дәрігер Айман Асқарова келіп қыздың жанына отырып, сөзге тарта бастады: – Менің атым – Айман. Катюша, денсаулығың қалай? Әжептәуір дұрысталып қалды ма, айналайын? – деп, маңдайынан аялай сипап, сөзін әрі жалғады. – Температура жоқ сияқты, басың ауырып тұрған жоқ па? – Жақсы апай. Тек сұмдық оқиға ойыма түскен сайын, денем қорқыныштан қалтырап, жүрегім атқылап кетеді. – Жағдайыңды түсінем, жаным. Ол туралы ештеңені есіңе түсірмеуге тырыс, ойыңа да алма. Ол бір қорқынышты түс деп ойла да, сонымен шектел… Өткен істі зәбірленушінің есіне түсірмей, тезірек ұмыттырып, қалыпты жағдайға келтіру мақсатында, әңгіме әуенін өзгерте қойды. – Катюша, сен нешінші сыныпта оқып жүрсің? – Сегізінші сыныпта оқимын. Сіңлім Люба жетінші сыныпта оқиды. – Сонда екеуіңнің жас аралықтарың бір жыл ма, жаным? – Жоқ, апай. Арамыз екі жас. Любаша менен екі жастай кіші. Бірақ, мектепке алты жастан барған. Соның өзінде өз сыныптастарының алды. Өткен жылы математика пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып, ең жоғары балл алды. Тек, тезірек сауығып кетсе екен, Любашам… – деп, сөзінің соңын кемсеңдеп бітірді. – Жаман ойлама, жаным. Құдай бұйырса, сіңілің жазылады. Әлі талай олимпиадаларға қатысып, жеңіске жетіп, бәрімізді қуантатын болады… Ертелі-кеш осындай психолог-дәрігердің тренинг-жаттығуларының нәтижесінде, Катя Пономореваның беті бері қарап, сауығуға бет бұрды. Ал, Любаның жағдайы онша болмай тұр. Көзі ілініп, кірпігі айқаса бастаса болды, еңірей жылап, шошып оянып кетеді. «Мама спаси…», «Катя, скорее убегай…» деп үрейлене шыңғырып, жатқан орнынан атып тұруға талпынады. Күндіз-түні қасында болатын кезекші дәрігермен бірге, оның анасы Мария да қызының аузына су тамызып, көз ілместен күзетіп отыр. Әйтеуір, құдіреті күшті құдайдан үміттеніп: «О, боже! Спаси мою дочь!» деп, күніге неше шоқынудан жалықпайды. Енді қайтсін, қай ана болмасын, барлығы ұрпағының аман-сау өсіп, жетіліп, өркендеп кеткенін тілейді ғой… …Келісілген жоспар бойынша, учаскелік инспектор капитан Ермек Ахметов басқарған шұғыл топтың жігіттері Текелі қаласының «екінші кардон» аталатын, тау бөктері аумағындағы әрбір үйге кіріп, тұрғындарға сұрау салуға кірісті. Өйткені, зорлыққа ұшыраған Пономоревтар әулеті тұрған үй сол «екінші кардонда» және ол бойжеткендер қылмысқа қатысты машинаға сол маңдағы орталық көшеден отырған болатын. Қас қылғандай, ол машинаны да, қарғыс атқыр көлік иесін де ешкім көрмеген болып шықты. Зәбірленуші Катя психологиялық күйзелістен сәл тәуір бола бастағанда, капитан Ахметов қыздан сұрақ алуға барған. Әбден зәрезап болып шошынып қалған бейшара қыз анандай жан күйзелісінен кейін, көрген-білгенінің бәрін есінен шығарып, ұмытып қалыпты. Капитан қойған сұраққа: – Біз отырған көлік – сыры кете бастаған ескі көк «Жигули» машинасы. Ішіндегілер қабағы қатулы, түсі суық екі адам. – Катя, шамамен олардың жасы нешеде деп ойлайсың? – Анығын білмеймін, үлкені отыз-отыз бестердегі, жастауы – одан кемінде он-он бес жас кіші, орта бойлы сұмырай. – Екеуінің қандай да бір ерекше белгілерін байқамадың ба? – Білмеймін… Мүмкін байқаған да шығармын, бірақ есімде жоқ… – Жақсы, айналайын. Ерекше белгі, немесе бір жағдай есіңе түссе, маған шұғыл телефон шал. Елеусіз көрінген нәрсенің өзі қылмыскердің кім екенін әшкерелеп, құрықтауға себеп болады, – деп, телефон нөмірі мен өзінің аты-жөні жазылған бір парақ қағазды қыздың қолына ұстатты. …Текелі қалалық ІІБ-нің бастығы майор Еркін Уәлиұлы Сіләмов әр саладағы жауапты офицерлермен қаладағы орын алып отырған қылмыстық жағдайға байланысты өз ойын, версияларын ортаға салып, ұзақ талқыласты. Ара-арасында бірі бірінің пікірімен келіспей, дауласып та қалады. Ондай сәттерде Еркін Уәлиұлы әріптестеріне: – Ау, сонша дүрілдеспей, сабыр сақтаңыздар. Өз ойларыңызды кезекпен айтсаңыздар, жігіттер, – деп басу айтып қояды. Майор Сіләмов оперативтік топ мүшелерінің айтқан уәждерін мұқият тыңдап: – Айтқандарыңызды тыңдасам, барлығыңыз қауырт қимылдап жатырсыздар. Бірақ, нақты нәтиже көрінбейді. Бұл сонда қалай болғаны? – деп, залдағы әріптестерінің бетіне сынағандай, кезекпен бажайлай қарап шықты. – Аудан тұрғындарымен тығыз жұмыс жасаңыздар. Олардан түскен болмашы деректің қылмыстың ашылуына көмегі тиетінін әсте ұмытпаңыздар. Қай қылмыскер «бұл істі мен жасап едім» деп мойындай қойсын. Көше-көшені аралап, бұрыннан жасырын ақпарат беріп жүрген агенттермен тығыз байланыста жұмыс жасаңыздар. Әркім өз ойларын білдіріп, талқылау аяқталғанда, майор Еркін Сіләмов қылмысты іздеу бөлімінің бастығы капитан Эрик Намға: – Эрик, бөлім бастығы ретінде сіз не айтасыз? – Жігіттерім күн-түн демей шапқылап жүр. Қылмыс болған жерден із кесу, заттардағы саусақ таңбасын түсіріп, базадағы таңбалармен салыстыру, көше тұрғындарымен сөйлесіп, бұрын сотталғандардың тамырын басып көру сияқты жедел іздестіру жұмысын жүргізудеміз. – Нәтиже қайда? Нәтиже түгіл, қолдарыңда бір ілік жоқ. Масқара болдық. Көшеге шығып, елдің бетіне қараудың өзі ұят. Сөзге шұғыл топтың жетекшісі Ермек Ахметов араласты. – Табамыз, майор мырза. Түн қанша қараңғы болса да, таңның атпасына күн қоймайды. «Асамай жатып құлдық» айтпай-ақ қояйын, қолға іліктің бір ұшы ілінді. Бұйырса, енді бір-жар операцияны сәтті өткізсек, күндіз-түні шапқылаған еңбегіміздің нәтижесін көретін боламыз, – деген капитанның осы сөзінде, өзіне ғана емес, әріптестеріне деген нық сенім жатыр еді. Оның: «Қылмыскерді кешікпей құрықтаймыз» деуінің өзіндік себебі бар болатын… … Жалпы палатада екі апта жатқан Катя кеше ауруханадан шығарылған. Түсте Ермек Сәкенұлы оның хәлін білмек болып, екіншіден, «қылмысқа байланысты әлдебір фактінің шеті шығып қала ма?» деген оймен Пономоревтардың үйіне келген. Қолындағы өрттей қызыл бір бума раушан гүлін қызға күлімсірей ұсынды. – Сәлем, Екатерина Максимовна. Сауығып шығуыңызбен құттықтаймын! – Ой, қандай тамаша құрмет! Мен мұндай сыйлықты ешкімнен алып көрген емеспін. Сізге рақмет, Ермек аға! – Міне, тосын сый! Катя, сен қазақша таза сөйлейді екенсің ғой. Қашан, қай кезден бастап үйреніп алдың, айналайын? – Люба екеуміз де қазақша білеміз. Былтыр Ресейден келісімен үйрене бастағанбыз. – Мемлекеттік тілді сыйлап, үйренгендерің үшін сендерге рақмет, – деп, хәл сұрасып, оны-мұныны әңгімелеп отырғандарына сүт пісірім уақыт өтті. – Ермек аға, өткенде қылмысқа байланысты кішкентай бір деталь болса да хабарлас, – деп едіңіз. Мен бүгін өзіңізге телефон шалмақ болғам… – Иә, Катя, бір жаңалық бар ма? – Сол сұмдық жағдайды көз алдымнан, ауыр болса да жиі өткізіп отырып кеше есіме түсті: Біз Люба екеуміз сол қарғыс атқыр көк машинаны тоқтатқанымызда, көліктің арт жағында қыстырылған «878» деген нөмірге көзім түскен еді. Сол мезетте: «8» саны менің, ал «7» Люба оқитын сыныптың цифры ғой» деген ой миыма сап ете түскен. Анандай стресс жағдайында ол факт тарс есімнен шығып кетіпті.

Кеше тағы да әдеттегідей ойланып отырғанымда, көз алдыма сол сурет сумаң етіп келе қалғаны… – Ой, айналайын, мынау өте маңызды деталь ғой…! – А, айтпақшы, біз отырмақ болған «Жигулидің» оң жақтағы артқы есігінің тұтқасы сырттан ашылмайды екен. Мен ашпақ болып әуреленіп жатқанымда, жүргізушінің оң қапталында отырған жауыз арт жаққа бұрылып, есікті іштен ашып жіберген. Сол мезетте оның оң жақ білегіндегі «Не забуду мать родную» деген жазуға көзім түскен болатын… – Айналайын, Катюша, сен бізге қаншалықты маңызды көмек көрсетіп отырғаныңды білесің ба! Рақмет, саған, – деп қуанып кеткен капитан үйден тезірек шығып, «темірді қызған кезінде соғуға» асықты… * * * …Сержант Ермек Ахметов екі жылдық әскери міндетін Ресей жерінде өткізіп келісімен, қалалық әскери комиссариатқа есепке тұруға келген. Майор шеніндегі әскери комиссар Келімбетов Ермектің құжаттарын көріп: – Бәрекелді, сержант Ахметов, біздің құқық қорғау саласына өзіңіз сияқты іскер, жауапкершілікті жақсы сезінетін патриот жігіттер керек, – деп, аудандық Ішкі істер бөліміне қызметке келуге ұсыныс жасаған. – Сеніміңізге рақмет, комиссар мырза! Бірақ, мен биыл жоғары оқу орнына түсуді көздеп, соған іштей бекініп жүрген едім… – Ол талабыңыз өте дұрыс. Органда қызмет істеу арманыңыздың орындалуына кедергі болмайды. Қайта болашақта біз беретін жолдама арқылы институтқа түсу жеңіл болады. Ойланыңыз, – деп шығарып салған. Материалдық қиындық көрген жігіт анасымен ақылдаса келе, осы құқық қорғау қызметіне баруды жөн деп шешкен. Басында қалалық ІІБ кезекшісінің көмекшісі болып қызметін бастап, еңбегінің нәтижесінде тасы өрге домалай бастады. Бүгінде беделді учаскелік инспектор. …Атышулы қылмыстан соң, кардондағы тұрғындардың үлкендерін ғана емес, жасөспірімдерін де түстеп танитын, тіпті, қай жанұя қанша, қандай мал ұстайтынын да білетін капитан Ахметов аумақтағы әр үйге кіріп, шым-шымдап сыр суыртпақтаған. Ермек Сәкенұлы тап сол қылмыс жасалған тұста, бұрын үш рет сотталған, «хромой Семен» кличкалы Семен Сальковтың тамырын басып көрген. Бірақ, Сальков сыр бермеді. Шынында, Семен араққа тәуір қарағанымен, Ахметовтың өзімен бір-жар рет өткізген профилактикалық әңгімелесуден соң, сақтық танытып жүретін. Аяғын аңдап басып, бұйырған арағын үйде ішіп, көшеге шығып көлбеңдеуді қойған. …Енді, міне, Ермек тағы да Семен Сальков шаңырағының табалдырығын аттап тұр. Өйткені, кардондағы әр тұрғынның ауласын аралап, сұрау салу кезінде, қылмысқа қатысты көне көк «Жигулидің» сол Семенның үйіне келгенін біліп алған болатын. Оған қоса зәбір көруші Екатерина Пономореваның есіне түсіп, қолмен қойғандай етіп көрсеткен бүгінгі дәлелдерден соң, бұл қылмыстық жағдайдың толық көрінісі айқындалған. Тек, фактілерді салыстыру мен куәгерлерді беттестіру шаралары ғана қалған. – Азамат Сальков, тұрыңыз! Ұйқыңыздың уақыты аяқталды! – деген зілді дауыстан, кешегі ішістен кейін ес-түсін білмей қорылдап жатқан Семен ұйқысынан шошып оянды. «Қорыққанға қос көрінер» демекші, үстіне төне түсіп тұрған әлдебір көмескі сұлба өзінің жанын алуға келген әзірейілдей көрініп кетті. Көзін уқалап жіберіп анықтап қарағанда, қарсы алдындағы капитан погонындағы полиция қызметкерін көрді. Бір сұмдықтың тақалғанын сезіп, сасқалақтап қалған ол: – Не болды? Сіз мұнда не істеп жүрсіз? – Тез жиналыңыз. Бөлімге барып сөйлесеміз. Басында абдырап қалғанымен, сол арада өзіне-өзі келіп үлгерген Семен «қорғаныстың ең тиімді түрі – шабуыл» қағидасы бойынша қырыл аралас дауысымен айқайға басты: – Тұтқындау үшін қолыңызда прокурордың санкциясы бар ма? Жоқ екендігіне нық сенімдемін. Мен прокуратураға шағымданамын! – Заңды көп оқыған болсаңыз, міне: Қылмыстық процессуалдық кодексте: «Полиция қызметкері 132-баптың 1-тармағы негізінде, күдікті адамның қылмысқа қатыстылығын анықтау мақсатында, оны ішкі істер бөлімінде үш тәулікке дейін ұстауға құқылы» деген бап бар. Сальков, көп қиқаңды қойыңыз да, дереу киініңіз. Бос байбаламмен уақыт алмай, аудандық Ішкі істер бөліміне жауап беруге жүріңіз… «Сезікті – секірер» деп, қазақ айтқандай, капитанның қайта оралып соққан келісінен секем алған «хромой» сырт көзге сыр бермеуге тырысқанымен, жүрегі зу ете түсті. «Біткен жерім осы, ертеңгі барар жерім баяғы қапас түрме болады» деген сұмдық ойдан тамағына өксік тығылып, жанарына үйірілген жасты капитанға көрсетпеу үшін жүзін теріс бұра берді. Сол қорқынышты ойдың жетегіне еріксіз бойлай еніп, ұнжарғасы түсіп кеткен «хромой Семенның» тарамыс қолдары қалтырап, шарасыздық күймен әр кимін бір ұстап, сөлбіреген қалпында жәйлап киіне бастады. – Сонымен, Сальков, өткен жолы «Гена – крокодил» кличкалы Генадий Коркин туралы берген сұрағыма: «ондай адамды танымаймын да, білмеймін» деп, жауап бергенсіз. Қылмыстық кодекс бойынша жалған жауап беру арқылы тергеу ісіне көрінеу кедергі келтірген адам – заң жүзінде жазаға тартылатынын да жақсы білесіз… Енді ешқандай сылтау мен ойдан құрастырған қитұрқы бұлтақтың бармақ ұшындай да көмегі тимейтінін күдікті Сальков анық сезді. – Бастық капитан, мен бар көрген-білген шындықты түк қалдырмай айтып беріп, тергеу ісіне көмек көрсетейін. – Жақсы. Бұлтақтатпай, баяғыда әңгімені осыдан бастау керек еді. Бұл сіздің мойныңыздағы кінәні жеңілдететін заңды құқыңыз, – деген капитан Ермек Ахметов өз сейфіндегі дайын бланкіні шығарып, арнайы протоколды толтыруға кірісті. Арада екі жарым сағат өткенде, Талдықорғаннан қанішер жауыздар Генадий Коркин мен Юрий Палкиннің қолына кісен салынып, Текелі ІІБ-нің алдын ала қамау (КПЗ) камерасына тоғытылды. Артынша кезекші бөлмеден темір торлы тұраққа «хромой Семен» – Сальков та қамалды. Басқы кезде ешкім көрмеген, білмеген, тұйық тығырыққа тіреп, ешқашан ашылмастай көрінген жан түршігерлік қылмыстық істің түйіні көп кешікпей, ұршықтағы жіптей бірте-бірте тарқатылып, шешіліп сала берді… * * * Күдіктілер мен куәгерлерді беттестіру, опыр-топыр болып, ойраны шығып жатқан қылмыстық оқиға болған аумақтың және айқыш-ұйқыш іздердің суреті, көне көк «Жигулидің» «878» мемлекеттік нөмірі мен сол машинаның артқы есігіндегі құлыптың (замоктың) ақауы – қос күдіктінің бұлтақтауы мен сырғақтауына жолды жауып тастады. Зәбірленуші Екатерина Пономорева мен күдікті Юрий Палкиннің беттесу сәті үш куәгердің қатысуымен өтіп жатыр. – Азамат Палкин, оң жақ білегіңізді жалаңаштап, куәгерлерге көрсетіңіз… – Менің білегімнің іске қандай қатысы бар, – деп Юрий Палкин бұлтақтамақ болып еді, Ермек Ахметов оны тыйып тастады. – Сіздің тәніңізді қызықтап тұрғамыз жоқ. Қасарыспай тезірек көрсетіңіз. Палкин амалсыздан жеңін түріп, білегін жалаңаштағанда, иықтан сәл төмен тұсындағы «Не забуду мать родную!» деп, инемен піскілеп жазылған көкшіл жазу сопаң етіп шыға келді… Осы сәтте Катя қыздың беті көгере дірілдеп, әлі құрыған ол денесін ұстай алмай: «Будь ты проклят, фашист» дей берді де, сөзінің соңын айтуға шамасы келмей, сылқ ете түсті. Әбүйір болғанда, куәгердің біреуі қызды дер кезінде құшақтай алып, еденге құлап түсуден сақтап қалды. … Қылмыстық оқиға болған күні «Жедел жәрдем» машинасы ағайынды Пономореваларды қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызған кезде, сот медициналық экспертиза дәрігері зорланған қыздардың жатыр қынабынан анализ алған болатын. Кеше сот медициналық экпертиза дәрігері қос күдіктіні қамаған сәтте олардың да ұрығын анализге алған. Күдіктілер мен зәбірленуші қыздардан алынған ұрықтың сараптама қорытындысы сәйкес, талдама бірдей болып шықты. Тергеу толық аяқталды. Қылмыстық іс Текелі қалалық прокуратурасына жіберіліп, көп кешікпей прокурордың Айыптау қорытындысы күдіктілер Семен Сальков пен Юрий Палкиннің, екінші данасы Пономоревтар әулетінің қолына табыс етілді. Арада он төрт күн өтті. …Міне, кеше – бүгін алдын ала сот тергеуі өтіп, күдіктілердің қылмысы толық дәлелденіп, мойнына қойылды. Қала прокуроры Симакин, адвокаттар: Мақашев пен Сорокин, сот отырысының хатшысы Сақан Әлпейісованың қатысуымен, судья Ғалия Беркімбаева төрағалық еткен процесс мәресіне жетіп, сот кеңесуге кетті. Түстен кейін сот Үкімі оқылады. Әттең, жәбірленуші Любовь Пономорева қос зорлықшы қарақшыларға тағайындалатын әділ үкімді ешқашан ести алмайтындығы өкінішті. Ата-анасының аялы алақанында, махаббат пен сүйіспеншілікке бөленіп өскен ерке қыз, аяушылықты білмейтін, екі аяқты қатыгез қос қорқаудың жүрекке салған жарасынан күнәдан пәк, жаны нәзік Люба осыдан тоғыз күн бұрын есін жимаған күйі дүниеден озған еді.

Ғабдул – Сәбит ЮСУПОВ, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қаратал ауданының Құрметті азаматы

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...