12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ДАУЫ

Кіші лейтенант шеніндегі жас жігіт алыс түкпірдегі ауылға «учасковой» болып келгенде, балаңдығын көрінеу көзтүрткі ғып, «осы не істей қояды» дегендей мұрнын шүйіре қараушылар болмады деймісіз! Болды, әрине. Тек әнебір жайттан кейін ғана ондайлар аяғын тартып басты емес пе? Мұқтаждықтың өзін бас пайдасына жарата қояр пысықайлардікі не, осы? Олардыкі де «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кері, жиренерлік-ақ тірлік. Тіпті, мұнда тұрған ештеңе жоқтай көрінер. Бірақ, қара халықтың қанын сүлікше сорғандардың ұятты жиып тастап, қапталдаса қасыңда жүріп-ақ арам пиғылын жүзеге асыруы үйреншікті жайға айналды. Мына оқиға соның бірі ғана. Бәрі де ойда жоқта болды. Қарақия ауылының зейнеткерлері бір күн емес, екі күн емес, табаны күректей екі ай бойы пошта алдын бермей, алашақ зейнетақысын ала алмай сабылысып жүрді де алды. Мұны әдеттегі жайдың біріне сайып, көңіл аударып, назар жыққан пенде болсайшы! Енді ше… пошта бастығы «Дүкендерден осы күні ақша аз түседі. Қайсыбіріңе жетсін ол!» деп аузын қу шөппен сүрте берген соң, қарақиялық қариялар мұны қымбатшылық қаумалап келіп қалған тұстағы өтпелі кезеңнің әлегі ғой десіп, көнбістік танытқан. «Е-е, бүгін болмаса, ертең болар – ақырын күтелік» десіп сабыр сақтаған сыңайлы. Бәрі де осылай жалғаса берер ме еді… Әлгі… Қайда барса да сыртында «пресса», ал ішіне «аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі» деп жазылған, шет-шеті жырымдалып, әбден тозған қызыл куәлігін жылтыңдатып, базбіреулерге доқ көрсетіп, одан қалды жоқ жерден дау іздеп, жұртты қырықпышақ қырқыстырумен жүретін Кемелбек «Менің Шопақбайдан қай жерім кем? Көзім қитар ма, мұрным қисық па, әлде… Ол неге алдыңғы айдағы «пенсиесін» түп-түгел алады?» деп шу шығарған жоқ па? Осы сөзіне «Поштада жемқорлар отыр» дегенді қосып, салбыраған ұзын мұртын бипаздай бір сипап қойды. Бүгін де байланыс бөлімшесінің маңына ертемен жиылған жұрт Бошай мілисаның төбесі көрінгеннен бір жақсылық болар деп үміттеніп, жапырыла қозғалысып, тұс-тұстан дауыстап мұң шаққандай әлпет танытқан. Кіші лейтенант не десін? Істің анық-қанығына көз жеткізбей жатып, «пәлен» деп кесіп айту, «жарылқаймын» деп жарияға жар салу оның да бойына шақ ғадет емес-ті. Әйтсе де, осылай кезекке ошарылудың (жер-жерде жиі орын ала бастаса да) түбінде бір «кәкір» бардай көрінген. Не нәрсеге де көнбіс ауыл адамдарының кем-кетігін, жоқ-жітігін түгендеп, мұқтажына ынта-шынтысымен қарайласу орнына пошта бастығының «беттен алып, төске шауып» тұрғаны да Бошайдың күдігін қоюлата түскен. «Кембағал қарттарға қолдан келіп жатса, ең алдымен жәрдем етеміз» деген секілді жылы сөзін арнап, жайдары қабақ таныта салса, не етеді. Ал ол болса «Ақша жоқ, өл дейсіздер ме маған. Тіпті, мына тұрған өз жақындарыма да, оны қойып өз еңбек ұжымыма да айлыққа ақша жоқ болып тұр. Сіздер дүкеннен түскенін түскенінше қақшып алып отырсыздар ғой…» дегенді жиі айтады екен. Шынында да пошта бастығы Бідірәлінің зейнет жасындағы әкесі де, жақын туыс болып келетін басқа қарттар да сол төңіректі айналшықтап шықпай жүргені былайғы елге едәуір тоқтам салғандай-ды. Бідірәлінің жанындағы жүзіктің көзінен өткендей Мәкен деген монтер жігіттің өзі ешкім тақымдап сұрап жатпаса да, «Мен де осы жерде істей тұра жалғыз шешемнің зейнетпұлын үш ай бойы ала алмай жүргенім жоқ па?» – деп көрінеу дызалақтаған болды. Сөйтсе де, оның жүзінде қаражатқа мұқтаждықтан туған қиналыстың нышаны да жоқ еді. Мұның барлығы да сергек, сезімтал Бошайды ойландыра түсті… Аға лейтенант осы бір ойына күдік алған ісінің түйткілін тарқатуға ілік боларлық бірдеңені қалай тапсам деп күн-түнін сарп етіп, ізденуге көшкен. Байқатпай Мәкеннің анасының зейнетақысын айма-ай үзбей алып жүргенін анықтап алды. Бідірәлінің әкесі де құр қол емес екен. Осылай күн артынан күн өтіп жатты. Алайда, жағдай әлі де бәз қалпынша. Шал-кемпірлер таң атар атпастан байланыс үйіне бірдеңеден құр қалардай әр тараптан андыздай жетіп, саудадан түсер азын-аулақ қаражатты қылдай бөлісіп, бұйырғанын алады да кетеді. Үлгермегеніне түк те жоқ… Бірде оншақты кемпір пошта үйінен әлденеге шәт-шәлекейі шыға бүлініп, даурығыса шықты да, сол тобымен ауылдық кеңес үйін бетке алып, аяғын жеделдете басты. Әдеттегі жайға айналып, мұндайға әбден еті үйреніп, көзі қаныққан соң ба, көше қиылысында ошарылып тұрған ер-азаматтар «Әне, кемпірлер тағы да көтеріліске шықты» деп бір ду етісіп басылды. Әдеттегі жайтты әзілге айналдырған сыңайлары. Десе де, әлгі топтың екпіні қатты еді. Олар кеңсеге кіре берісте сәл аялдап, өзара әлденені пысықтап, ауылдық кеңес басшысына не айтып, не қоятындарын ойлап тұрғанда, анадай жерден Бошайды көріп қалды. – Әй-и, мілиса бала, бермен келші, – деді орталарындағы жасы үлкендеуі. – Есіттің бе? Зейнетақыны тамыр-танысқа үлестіру деген не сұмдық тағы… Одан өкімет те «нәлөк» алмайды. Қариялардың өмір бойғы еңбегінің жемісі ол. Ал мынау не? Бұған қаржы тапшылығы ғана сылтау болса, бір сәрі… Иә, рас, мұның бір шикілігі бар. Оны бұрыннан беймәлімдеу түйсікпен зерделеп жүрген Бошайға мына жайт түрткі де болды. Мұның анық-қанығын білуді кешіктіре берсе, «көрікті қызған кезінде» соға алмай қалары анық. Әлгі кісілерді кабинетіне шақырып, оңаша әңгімелесіп, біраз жайды анықтап алды. Қалай әрекет ету керегін де ойласты. Енді барлығы алақанға салғандай айқын болды емес пе? Бүгін де… поштаға кіреберісте қарақиялық зейнеткерлер бәз-баяғы қалпы иін тіресіп тұр. Олар осылай қатары онша сетінемей, үш-төрт ай кезегін күтісіп, «ескерткішке» айналып кеткендей. Бәр-бәрінің де жүзінен көнбістік, шаршап, әйтеуір бір нәрседен үміт үзбеушілік байқалады. Әу басында бәрі де «пенсиеміз» көп болса, бірер күн кешігер, үкімет өлтірмес деп сенген. Пошташылардың уәдесі ащы ішектей созылып бара жатқанда «әу, біз мынадай өсіп-өркендеп, нұрлы болашаққа беттеп бара жатқан елміз. Мына тірліктерің мәдениеттілік емес» деп дауыс көтеріп, басшылардың шаңын қағып, басасаулық танытқандар да болған. Алайда, олардың да осы үш-төрт ай ішінде аудан орталығынан екі жүз шақырым қиян-алыс түкпірде жатқан ауылда өкіметтің өлсең аузыңа су тамызбайтынына көзі әбден жетіп, «жыны» басылған сыңайлы. Өрісте от оттаудан қалып, шыбындап, бір-бірінің көлеңкесіне басын тыға ұйлығып, үйездеген малдай тыншу тартыпты. Ана бір жолы Бошай осындағы орталық әмбебап дүкенінің сатушысы Салиханың монтер Мәкенді іздеп қайта-қайта поштаға келгіштеп жүргенін байқап, көңіліне күдік алған еді. Ал бұл жолғы келісінде екі-үш жап-жас қыздың «Мәкен ағай, сізді бір минутқа бола ма…» деп оңашалап сөйлесіп, сол бойда ұмар-жұмар болып бүйірдегі бір бөлмеге кіріп кеткенін көріп қалды. Үйлі-баранды, мамандығы бар болғаны монтер жігіттің мына қыздарға емешесі үзілердей қандай қажеті болды? Мұнда бір гәп бар сияқты. Не әлгілердің үстіне баса көктеп кіріп барудың, не Мәкеннің «жеке қабылдауына» жазылудың жөнін таппай есік алдында аз-кем бөгелген. Бұл оқыстан кіріп келгенде, түкпірдегі бөлмеде аңысыз жалғыз отырған Мәкен алдындағы зейнет алу жөніндегі тіркеу кітабының бетін жауып та үлгермей, оны тартпаға салуға әрекеттенді. Алайда, тартпа сол бойда толайым суырылып кетіп, аузы-мұрнынан шыға толтырылған қызыл, жасыл ақшаның бопырап, еденге қауырсындай шашылып кеткені… Мәкен… қып-қызыл болып, не істерін білмей, дымы құрып, орнында шоқиып отырды да қалды. Мәкен, Бідірәлі, сосын… тіркеу кітабына ең соңғы болып қол қойған екі жас қыз тіркеу пунктіне шақырылды. Әрі-бері тергеп, сұрап көргенде, ол екеуі де шындықтың бетін бүркемелеуге ары жетпей, беттерін баса солқылдап жылап қоя берді. – Cонда біз де пара берген болып шығамыз ба? Зейнетақыны әр мыңдығының үстіне екі жүз теңгеден берсеңдер, бір демде-ақ қолдарыңа тигізем деген Мәкен ағаның өзі ғой, – десті. Осындай жолмен шамалы баюды ойлаған Мәкен-монтер тікелей Бідірәлінің нұсқауымен жұмыс істегенін бұлтартпас дәлелдерден кейін мойындауға мәжбүр болды. Белгілі болғанындай, Бідірәлінің әкесі, туыстары да бұл әрекетті құптап, қолдарынан келгенше көмектесетін болып келіскен екен. Алыс түкпірдегі Қарақия ауылында ұзын саны бес жүздей зейнеткер бар. Соның бәрінің бас-басынан мың, екі мың теңгеден алым алғанда… Ойбай, бұл дегенің қыруар ақша ғой! Ал қаладағы базарларға қатынап сауда жасайтын елу шақты әйелдің «пенсиесін» Бідірәлінің өзі апарып беріп, бұл қызметі үшін бес мың теңгеден ұстап қалатын көрінеді. Зейнетақыны осылай бір таратқан күннің өзінде пәленбай теңге Бідірәлінің қалтасында қала береді екен. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей… ақшаға, дүниеге қызығушылық кейде осылай ар, иман, адамгершілікті ұмыттыратынына осы жолы көзі жетті Бошайдың. Содан былайғы жерде ол қылмыстың болмашы нәрседен белең алып, өрттей қаулайтынын мықтап жадына түйген еді.

Ахмет БАЙМАҒАНБЕТ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...