Бүгінде төртінші баласын дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанып отырған Тоғжанды Бөкейхан ауылының тұрғындары ерекше жақсы көреді. Көркем келбеті үшін емес, даладай дархан көңілі үшін. Аузын ашса жүрегі көрінетін келіншекті аядай ауылда бәрі сыйлайды. Тек бір өкініштісі, тұрмысқа шыққан кезінде әке-шешесінің жол апатынан қаза табуы өзегін әлі күнге дейін өртеп келеді. Ұл болып туылмағанына, оларды бағып-қаға алмағанына өзін кінәлайды. Алдындағы ағасы араққа үйір болып өз отбасын өз қолымен ойрандаған. Қазір әйелін де, бала-шағасын да басқа азамат қанатының астына алған. Енді атаанасынан да айырылған ол оразасын «ащы сумен» ашып-жабады. Тіпті, әке-шешесінен қалған «қара шаңырақтан» да кетіп тынған. Ол үйде қазір өзінен кейінгі қарындасы Ару тұрады. Қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұра білетін Тоғжан тек сіңлісі Арумен ғана араласады. Күйеу таңдап жүріп қалған сіңлісіне жігіт іздеп әлек. Бірақ, таныстырған еркектердің бірде-бірі оған ұнамайды. Осылайша, күндер өтіп жатыр. Әдетте «уақыт бәрін емдейді» дегенмен, бұл жолы керісінше, әке-шешенің жоқтығы Тоғжанның жанына қатты батуда. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, ата-ананың да қадірі қымбаттап бара ма, қалай?! Алайда, ақ пен қара арпалысқан өмірде қараңғы түннен кейін жарық күн шығады емес пе? Тоғжанның да бүгін асығы алшысынан түсіп, журналистер арасындағы шығармашылық байқауда жеңіске жетті! Сөйтіп, миллион теңгені қанжығасына байлады. Бұл – 2018 жылдан бері «ЗАҢ» Медиа-корпорациясына қарасты «Заң газеті» басылымының мұрындық болуымен өткізіліп келе жатқан Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы ғой. Салтанатты марапаттау шарасынан оралған жас журналисті ауылдастары сән-салтанатпен күтіп алды. Тіпті, апасы бар екенін енді есіне түсірген Ару да жорғалаған жыландай жетіп келіпті. Кешке қарай Тоғжан шығармашылық жолындағы жетістігін жақындарымен бірге атап өтпек болып, ағасы мен сіңлісін және ата-анасының бауырларын шақырды. Дастарқан жайып, қонақ қылды. Ондағы ойлағаны көптен көріспеген бауырларына деген сағынышын басу еді. Қонақтар да құр қол келмеді. Әсіресе, «Тоқаш апамнан аяғанымды ит жесін» деп «алтын алқасын» арқалап келген Арудың тосынсыйы таңқалдырды. Бауырлардың басын қосқан отырыс таңға жақын тарады. …Ертесіне күндегіден кеш оянған Тоғжанның басы сынып, зорға тұрды. Күндегі әдетімен жұбайы мен балаларына таңғы ас әзірледі. Дастарқан үстінде отағасы байқаудың жүлдесін банкке апарып, баспана алу үшін депозит ашуға кеңес берді. Барлығы бірауыздан келісті. Бірақ… ақша жатқан шкафты ашқан отанасы өз көзіне өзі сенбеді. Әмиянның ішінде 10 мың теңгеден басқа түк жоқ. Үй иелері аузын ашып, аңтарылып қалды. Ерлі-зайыптылар бір-бірін сұрақтың астына алды. – Әмиянды шкафқа қашан салдың? – Шарадан келген бойда. – Содан кейін үйге кісі келді ме? – Қонақтардан басқа ешкім болмады. Енді қайтпек керек? Қонақ болған бес адамның бәрі де бауыр, бәрі де тәуір. Ұрыны тек полиция қызметкерлері ғана анықтай алады. Бірақ, бұған оларды араластыру қаншалықты дұрыс болар екен?! Осыны ойлаған Тоғжан ұрыны іздеуге өзі кірісті. Ең алдымен ол бес қонақтың әрқайсысына «ватсап» арқылы хабарлама жіберді. Әрқайсысына «Ақшаны сіз алғаныңызды білемін. Полицияға хабарламай тұрғанда, кері қайтарыңыз. Бәрі де өз арамызда қалады» деп жазды. Бесеуі де қоңырау шалып, түк түсінбегендерін айтты. Тоғжан оларға турасын айтты. Ақылдаса келе, қонақтардың үлкені – Тоғжанның немере ағасы полиция қызметкерлерін шақырып, әрқайсысының үйін тінтіп шығуды сұрады. Полицейлер қызметтік иттеріне әлгі 10 мың теңгелік купюраны иіскетті де, қонақтардың үйіне тартып кетті. Бәрін де түгін қалдырмастан тінтіп шыққанымен, ештеңе таба алмады. Сонда ақша қайда болуы мүмкін? Тергеушілер қонақтардың жеке есепшоттарын да тексеріп шықты. Әйтсе де, күдікті сома расталмады. Мұндай жағдайда ұрыны анықтау мүмкін емес. Сондықтан қылмыстық іс ашылмай жатып жабылды. Әрине, миллион теңге біреулер үшін түк те емес шығар. Ал, жалдамалы пәтерде төрт бала тәрбиелеп отырған жас отбасы үшін бұл – үлкен сома. Оның үстіне, ұрының алыстан келмегені ағайынның арасын алшақтатып жіберді. Қалай болғанда да Тоғжан бұл істің нүктесін қоюға бел буды. Осылайша, әлгі қонақтардың әрқайсысына қоңырау шалып, жалған сөйлеуіне тура келді. – Құқық қорғаушылар ақшаны сіздің ұрлағаныңызды айтты. Бұған айғақ болар дәлелдемелері де бар. Бірақ, біз бұл мәселені өз арамызда медиация тәртібімен шешеміз деп келістік. Әйтпесе, арамыз суып кетері анық. Ақшаны әкеліп берсеңіз, бәрін де дым болмағандай ұмытып кетеміз, – деді. Бірақ, ұры да ақымақ емес қой. Тоғжанның бұл айласы да іске аспады. Сөйтіп жүргенде оның есіне бір жағдай сап ете түсті. Марапаттау шарасынан келген күні ол үй маңындағы дүкеннен нан алған екен. Тіпті, сатушыға миллионер болғанын да қуана жеткізіпті. Сірә, ақкөңілділіктің жеткен жері осы болған-ау! Тоғжан полицейлерге хабарласып, дүкен сатушысынан жауап алуды сұрады. Ақыры, күмәні мен күдігі расталып шыға келді! Әлгі сатушы сол күні мұның артынан аңдып, үйіне барған. Ақшаны алу оған еш қиындыққа түспеген. Себебі, күдікті бұған дейін де істі болған екен. Бірақ, ол ақшаның қайда екенін айтуға асықпады. Полицейлер оны уақытша ұстау изоляторына қамап қойды. Ұрының ұсталғанына қуанған Тоғжан ағайындарының алдындағы кінәсін жуып-шаймақ болып тағы да қонаққа шақырды. Олар да «шкафта жатқан миллиондарың жоқ па?» деп әзілдеп қояды. – Күдікті бақылау камераларының біріне түсіп қалған. Сондықтан кінәсін мойындаудан басқа амалы жоқ. Демек, ақшаны да жақын арада қайтаруы қажет. Ал, біз сіздердің алдарыңызда кінәлі болдық. Сол үшін кешірім сұраймыз, – деді Тоғжан өзімсіне үн қатып. …Қонақтар тарқаған соң, әрқайсысының артына бір-бір полицей түсіп, жасырын бақылау жүргізді. Бірден банкоматқа қарай асыққан Ару олардың күдігін туғызды. Оны тоқтатып, тінту жүргізгені сол еді, сөмкесінен 990 000 теңге табылды! Ол бұл ақшаны апасының үйінен алғанын мойындады. «Апам алғаш қонаққа шақырған күні-ақ шкафты ақтарып, ақшаны алдым. Бірақ, өзіммен бірге әкете алмадым. Сол үйдің дәретханасына жасырдым. Реті келгенде алып кетемін деп ойладым. Бүгін соның сәті түсті» деп жазды ол өз түсініктемесінде. Ал, Тоғжан шындықтың бетін ашу үшін полицейлермен бірлесіп қойылым қойған болып шықты. Яғни, шынайы ұрының бетпердесін шешу үшін сатушыдан қылмыскер жасауға тура келген. Сөйтіп, күдікті бес қонақ бақылауға алынған. Бірақ, ақшаның дәретханада жатқанын кім білген десеңші?! Айтпақшы, Арудың тағы бір ұрлыққа қатысы бар болып шықты. Ол ағасының мас күйін пайдаланып, ата-анасының үйінен бас тартатыны жөніндегі құжатқа қол қойығызып алған. Иә, кінәлі табылды, ақша қайтарылды. Бірақ, бала кезден бірге ойнап-өскен бауырыңды қиянатқа қию – өз қолыңды өзің кесумен бірдей емес пе? Әрине, Тоғжан сіңлісіне кешірім беріп, жазадан құтқарып алды. Бірақ, сенімге селкеу түсіп, көңілге күдік ұялады. Жүректе жазылмас жара қалды. Оны уақыт емдей ала ма, жоқ па, бұл енді тек бір Құдайға ғана аян. Ал, бір күнде көпбалалы анадан детективке айналған әйелдің тапқырлығы бөкейхандықтардың есінде әлі де ұзаққа сақталары анық.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
АТЫРАУ ҚАЛАСЫ