Алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу қарсаңында СҚО бойынша ҚАЖ Департаментінің №50 мекемесінде сотталғандардың туыстары мен балалары үшін «Ашық есік күні» өтті.
Қазіргі уақытта №50 мекемеде 200-ден астам әйел ұсталады. Іс-шараға мекемеде жазасын өтеп жатқан 40 сотталғанның 120-ға жуық туысы келді.
Мекеме аумағымен және сотталғандарды ұстау шарттарымен танысқысы келетіндер үшін тұрғын аймақ бойынша экскурсия өткізілді. Іс-шараның кішкентай қонақтары үшін алтыбақан, аквагримі бар аймақ және ішінде ойын алаңы орналасқан киіз үй орнатылды. Сотталғандар пицца дайындау бойынша шеберлік сыныбына қатысқан жас аспаздарға арнайы алжапқыштар мен қалпақтарды өз қолдарымен тігіп берді. Дәстүр бойынша барлық келушілер туыстарымен кездесіп қана қоймай, сонымен қатар тағамдардан дәм татып, мерекелік концерт және ойын-сауық бағдарламасын тамашалады.
Жазасын өтеп жатқан әйелдердің бірі үшін бүгінгі күн ерекше болды. Сотталған К.- ның туыстары кездесу үшін ғана емес, сондай-ақ оны туған күнімен құттықтауға келді.
«Бүгін маған менің үлкен отбасым келді. Олар кез келген мүмкіндікте менімен хабарласуға және кездесуге тырысады. Мен туған күнімді отбасымның ортасында өткізе алатыныма өте қуаныштымын. Балалар үшін біз өте қызықты және көңілді бағдарлама дайындадық. Бәріміз осы күнге өте мұқият дайындалып, ақыры жақындарымызбен кездестік. Мекеме әкімшілігіне және бүгін бізге келгендердің барлығына алғыс сөздерімді айтамын», — деді сотталған.
Іс-шара соңында сотталғандардың туыстары мекемеге келуге және жақындарымен уақыт өткізуге мүмкіндік бергені үшін қызметкерлер мен әкімшілікке шын жүректен алғыс айтты.


