2001 жылғы «ҚР Мерекелер туралы» заң бойынша 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні. Яғни, олар еліміздегі 9 мемлекеттік мерекенің тізімінде тұр. Заңның 1-бабында мемлекеттік мерекелерге – «қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ, Қазақстан азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін» деген анықтама берілген.
Отан қорғаушының ер, әйел болып жынысқа бөлінбейтінін, тарихта елге жау шапқанда ер азаматтармен қатар атқа қонып, жауға тойтарыс берген әйелдер мен қыздардың аз емес екенін бәрі мойындайды. Өткенге көз жүгіртсек, Армияның құрылған күнін Отан қорғаушы күні деп қабылдаудың Кеңестік дәуірден басталғанын байқауға болады. Мәселен, 23 ақпан 1922–1946 жылдары КСРО-да «Қызыл Армия күні», 1946–1949 жылдары «Кеңес Армиясы күні», 1949–1992 жылдары «Кеңес Армиясы мен Әскери теңіз флоты күні» ретінде атап өтілді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы» жарлығы жарияланған 1992 жылы 7 мамырды тәуелсіздік жылдары Отан қорғаушы күні деп тойлау үрдісі жалғасып келе жатыр. Атап айтқанда оны 2012 жылдың 4 қазанында ҚР Парламенті мемлекеттік мереке деп таныды. Осыған қарамастан Кеңес армиясында әскери борышын өтегендер әлі де 23 ақпанды мереке деп санайды. Тіпті, кейбір мекемелерде бұл арнайы атап өтіледі. Әрине олардың 7 мамырды Отан қорғаушы күні ретінде қабылдай алмауы негізсіз дей алмаймыз. Сондықтан болашақта 7 мамыр Отан қорғаушы күні емес, ҚР Қарулы күштерінің құрылған күні ретінде ғана атап өтілер болса тарихи әділдік орнайды деуге болады. Өйткені, қазір Отан қорғаушы күні көп жағдайда 1939–1945 жылдардағы соғыс қасіретін еске түсіретін Жеңіс күнінің аясында көлеңкеде қалып қоюда. Отан қорғаушылар күнін тек ерлермен байланыстыру және әйелдер мен әскери борышын өтемегендерге Отан қорғаушы емессің деуге ешкімнің қақысы жоқ. Отан қорғаушы – жасына, жынысына, кәсібіне қарап анықталмайды. Ол еліміздің әрбір азаматы үшін абыройлы, құрметті, мәртебелі сөз. Отан қорғаушының қадірін арттырып, абыройын асырып, мәртебесін көтеру еліміздің басты заң шығару органы саналатын ҚР Парламенті үшін де сын болуы тиіс. ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАНДАР САЯСАТТЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛМАСЫН Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын жақындатқан Жеңіс күні жақындаған сайын жылда әлеумет арасында пікірталас көбейеді. Бұл дау көп жағдайда кеңестік дәуірден қалған Ұлы Отан соғысы деген атауға байланысты туындауда. Өйткені, кеңестік дәуірде КСРО құрамында болған одақтас республикалардағы түрлі ұлттар мен этнос өкілдерінің Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі мен жеңісті жақындатуға қосқан үлесі көп бұрмаланғаны бүгінде ешкімге құпия емес. Алайда бұл тарихи шындықты қалпына келтіруде Ресей тарапынан әлі де кедергі қойылуда. Соғыс жылдарындағы архив құжаттарына иелік ететін Ресей көптеген құжаттардың құпия белгісін әлі алған жоқ. Ресми органдар 1945 жылғы жеңісті бүкіл Кеңес одағының емес, тек орыс халқының жеңісі ретінде көрсетуге тырысуда. Оны соңғы 30 жылда түсірілген мемлекет тарапынан қаржыландырылған фильмдерден де байқауға болады. Сондықтан 9 мамыр мерекесі кезінде «Бессмертный полк» деген атаумен өтетін шеру мен оған қатысушыларға ұсынылатын портреттер мен «Гвардиялық» (Георгий) ленталарын таратып, көлік құралдарына жапсырылатын өнімдерге дейін арнайы әзірленетін болды. Тіпті, аты-жөні белгісіз еуропалық нәсілдегі Кеңес армиясының өкілі бейнеленген мұндай портреттер сауда орындарында да сатылды. Осы арада «белсенділердің» ұйытқы болуымен кеудесіне «Гвардиялық» лента тағып, шеруде өзіне еш қатысы жоқ адамның ғана емес соғыста миллиондаған халықтың құрбан болуына қатысы бар Сталин, Берия сияқты адамдардың суретін көтеріп шығатындардың көбейгенін жасырудың қажеті жоқ. Оны көріп, байқап жүрген тарихтан хабары бар көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар бұл қауіпті үрдіс екенін аңғарып, қоғамға қозғау салғаннан кейін ғана 2022 жылы «Бессмертный полктың» атауы «Батырларға тағзым» деп өзгертілді. Гвардиялық лентаға да Қазақстанда әзірше ресми түрде тыйым салынбағанымен патшалық Ресей кезінде ерекше көзге түскен әскери адамдарды марапаттауда берілген Георгий кресінің белгісі болып табылатын бұл лента отарлаушылардың жергілікті халыққа жасаған зорлық-зомбылығының куәсі іспетті екенін айтып, оны еліміздің туы түстес көк лентаға алмастыруды ұсынған ұлт қайраткерлерінің ұсынысы әзірге бүкіл халықтан қолдау таппай отыр. Оған қарсы болып жүргендер негізінен коммунистік партияның құрамында болғандар мен КСРО-ның тарауы заңсыз, оны қалпына келтіру керек деп жүргендер.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


