Қазақстанның жеке ел ретінде қалыптасып, дамуына тамшыдай болса өз үлесімді қосам, менің ұрпағым тәуелсіз Қазақ елінің азаматы болады деген шетелдегі қазақтардың атажұртқа көші 1992 жылы басталған еді. Бүгінде олардың саны 1 млн-нан асып кетті.
Оған 1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы мен заман талабына сай жаңарып, қайта құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қосқан үлесі аз болмады. Өкінішке қарай, бұл көш 30 жылда түрлі себептермен саябырсып, тіпті елге сіңісе алмай кейбіреуі қайта кері көшкен жағдайлар да кездесті. Алайда, оның себеп-салдарын жан-жақты анықтап, нәтиже шығарған ешкім табылмады. Жұртшылық арасында «оралман» аталып кеткен қандастарымызға қатысты түрлі сын-пікірлер көбейді. Ол әлі күнге толас таппай отыр. Бұл жағдай биылғы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы кезінде де айқын аңғарылды. Кандидатуралардың бірі «артымызда 1 млн қандас бар» десе, екіншісі «қандастарға Парламенттен квота бөліну керек», үшіншісі қандастарға Мәжіліске де квота бөліну керек дейді. Мәселен, 26 ақпанда dalanews.kz сайтында «Respublica? Біздің алға қойған мақсатымыз ауқымды – Сырымбек Тау» деп аталатын сұхбат жарияланды. Онда сайлау қарсаңында жаңадан құрылған саяси партияның тең төрағасы С.Тау: «1991 жылдан бері елімізге көшіп келген қандастардың саны миллионнан асты. Солардың арасынан бір депутат, бір министр болатындай адам кездеспеді дегенге кім сенеді. Сондықтан қандастардың арасынан заң шығарушы органда бір емес, бірнеше депутат болуы керек деп есептеймін. Бұл жайт елге қайтуды жоспарлап жүрген мыңдаған қандасымыздың Қазақстанға оралуына дем беретіні анық. Соңғы жылдары елімізде Қазақ көші айтарлықтай саябырсып қалды. Осы көштің қайта жандануына мүдделі қандастарымыздың Мәжіліске барып, биік мінбеде мәселе көтеруі керек деп есептеймін. Қазіргідей қиын кезеңде бір ел тұрмақ, бір ауылдан келесі бір ауылға көшудің өзі мұңға айналғаны жасырын емес. Сыртта жүрген қандастарымызға «елге көшіңдер» деген екі ауыз сөз жеткіліксіз. Бұл істің тігісін жатқызып, жүзеге асыру үшін кешенді жұмыстар атқарылуы керек. Ал қандастардың мәселесімен елге келген қандастардың айналысуына мүмкіндік берген жөн. Сол кезде жұмыс алға басатын болады. Осыған дейін елге келген қандастарымыз жағдайларының жоқтығынан Қазақстанға көшіп келген жоқ. Олар тарихи Отанына келгенде Қазақстанымызды көркейтейік деген ойымен шекараның арғы жағындағы тіршілігін тастап, елге оралды. Сол қандастарымыз соңғы 30 жылда биліктің шаужайына жармасып, саясатқа араласқан жоқ. Бәрі қоңыртөбел тіршілігін күйттеп, мемлекетке салмақ салмай күнін көрді. Бүгінде Алматы облысынан бастап, Шығыс Қазақстанға дейінгі ауыл-аймақтарға сырттан келген қандастарымыз қоныстанып, мал шаруашылығын өркендетіп жатыр. Олардың кейбірі кәсібін дамыту үшін жайылым жер таппай бірқанша қиындықтармен бетпе-бет келуде. Алдағы уақытта осы мәселелердің бәрін кезек күттірмей шешу керек деп есептеймін» дегенді айтты. Оны кейін өзге бұқаралық ақпарат құралдары көшіріп басып, кейбірі «Қандастар мен шеттегі қазақтарға Парламенттен квота бөлінуі тиіс» деген тақырып қойып жариялады. Өкінішке қарай, оған Орталық сайлау комиссиясы тарапынан да, Әділет министрлігі тарапынан да, тіпті Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Otandastar қоры тарапынан да ешкім түсіндірме жасаған жоқ. Ешкім ешнәрсе көрмеген, естімен, оқымаған кейіп танытты.
Қандастың құқы бұзылып отыр ма?
Халықаралық адам құқықтарын қорғау комитетінің Қазақстандағы уәкілдігінің кеңесшісі Қанат Жұмабайдың айтуынша, бұл жағдай ең алдымен құқықтық сауатқа келіп тіреледі. Заңнаманың қазақ және орыс тіліндегі нұсқасында айырмашылық көп. Оны жасаған және қабылдаған Үкімет пен Парламентте бұл мәселе бойынша жауапкершілік жоқ. Мәселен, «Халықтың көші-қоны туралы» заңға 2020 жылы енгізілген өзгеріс бойынша ондағы «оралман» деген сөздің бәрі қандас деп өзгертілді. Алайда дәстүрлі қазақ қоғамындағы «оралман» мен «қандастың» айырмасы жер мен көктей. Соның салдарынан «оралман» деген сөзден қашамыз деп «қандас» деген сөздің қадірін кетіріп алдық. Шетелдегі қазақты да, уақытша келіп ықтияр хатпен жүргендерді және қандас куәлігімен жүргендерді де, тіпті Қазақстан азаматтығына ие болған шетелден келген бүкіл қазақтарды да қарапайым халық қандас деп түсінеді. «Азаматтық алғаннан кейін ешкімге қандас деген ұғымды қолданбауымыз керек. Конституцияда «Адам және азамат» деп аталатын жеке бөлім бар. 10-бап бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ, оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі. Сондай-ақ, республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп жазылған. Демек азаматтық берілгеннен кейін барлық адамның құқығы тең. «1991 жылдан бері елімізге көшіп келген қандастардың арасынан бір депутат, бір министр болатындай адам кездеспеді дегенге кім сенеді. Сондықтан қандастардың арасынан заң шығарушы органда бір емес, бірнеше депутат болуы керек» деген елдің тұтастығына сызат түсіретін өте қауіпті нәрсе. Оған құқық қорғау және өзге құзырлы орган өкілдері өз бағасын беруі тиіс. Ал заң бойынша қандас азаматтығы өзге елдегі қазақ ұлты өкілінің тарихи отаныма оралам және онда тұрам деген азаматтың шешімі. Азаматтық алғаннан кейін бұл мәртебе жойылады», – дейді Қ. Жұмабай. Заңгердің бұл сөзін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ардагерлерінің бірі, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев та қостайды. – Мен сонау 1992 жылдан бастап тура жиырма бес жыл шетелдердегі қазақтармен байланыс жасау және этникалық көші-қонды ұйымдастыру жұмыстарының ішінде жүрдім. Соған орай, бұл саланың кешегі және бүгінгі жағдайын біршама жақсы білемін. Қазір этникалық көштің барынша азайғаны рас. Бұл өте өкінішті. Ал сонда көштің тоқырау себебі неде? Оның себебі әртүрлі. Соның бірі – заңға байланысты. Яғни, шетелдегі қазақтармен байланыс жасап, оларды атажұртқа көшіріп әкелу жөніндегі кез келген жұмыс Қазақстанның қолданыстағы заң-ережелеріне сәйкес қолға алынып, айтылатын ұсыныс-талаптар да осыған негізделуі керек. Бізде осы қарапайым мәселе ескерілмейді. Оның есесіне әркім өз қиялынан неше түрлі заң ойлап шығарып, әртүрлі әңгіме айтып, орындалмайтын талап қоя беретіні жиі байқалады. Бұл қазіргі кезде жиі айтылатын «Қандас» деген бір сөзден де анық аңғарылады. Яғни, бүгінгі таңда қандас сөзі шетелде тұратын сан миллион этникалық қазақтарға, яғни, диаспора өкілдеріне де, Қазақстанға әлдеқашан келіп, азаматтық алып, тұрақты тұрып жатқандарға да арналып айтыла беретін болды. Ал заң тұрғысынан келгенде бұл ешқандай қисынға келмейтін әңгіме. Өйткені, «қандас» деген атау шетелден келген қазаққа белгілі бір уақытқа ғана берілетін мәртебе. Яғни, бұл мәртебе шетелден келген азаматтың ұлты қазақ екендігін, соған орай атажұртта тұрақты қалып, азаматтық алуға құқылы екендігін дәлелдейтін құжат қана. Яғни, осы мәртебенің мерзімі біткенше шетелден келген қазақ тиісті құжаттарын жинап, Қазақстан азаматтығын алуға тиіс. Егер азаматтық алып үлгермесе ол енді ешқандай да қандас емес, шетелдік азамат яғни, қазақ диаспорасының өкілі. Ал азаматтық алып үлерсе ондай жағдайда да қандас емес, кәдімгі бәріміз сияқты Қазақстан азаматы. Міне, осы тұрғыдан келгенде шетелден әлдеқашан келіп, азаматтық алып, жұрт қатарлы өмір сүріп жатқан ағайындарды қайтадан қандас деп бөлуді кімнің және не үшін ойлап тауып жүргені түсініксіз. Израиль, Германия сияқты сырт жерлердегі өз ұлтының өкілдерін көшіріп әкеліп жатқан өркениетті елдердің ешқайсысы да атажұртқа оралған ағайындарын тап біз сияқты қандас деп, басқа деп бөліп жармайды. Бәрі де келген репатрианттарына бірден азаматтық беріп, одан кейін олардың бәрін осында бұрыннан тұратын өзгелермен тең құқықтағы азамат деп есептейді. Алыс-жақындағы ағайындарды атажұртқа көшіріп әкелу барысында біз де болашақта осындай өркениетті жолға түсуіміз керек», – дейді 1992–2017 жылдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары болған С.Балғабаев.
Мемлекет ісін басқару: Қазақстан азаматы мен қандастар арасындағы айырмашылық қандай?
Конституция бойынша республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды (10-баптың 3-тармағы). Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап). Қазақстан азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ, жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар. Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзінөзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар (33-бап). «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1-бабы бойынша бұрынғы отандас – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстанда туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адам. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы басшылықты, көші-қон процестерін реттеуді, халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді және мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган. Ал 3-бап бойынша Қазақстан аумағына келу және Қазақстан аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынандай негізгі түрлері бар: тарихи отанына оралу мақсатында; отбасын біріктіру мақсатында; білім алу мақсатында; еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында; гуманитарлық және саяси уәждер бойынша. Яғни, Қазақстан азаматы мен Қазақстанға көшіп келушілердің мемлекет ісін басқаруға қатысуға қатысты құқықтарында бірқатар айырмашылықтар бар. Былтыр мамыр айынан бастап «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметі цифрлық форматқа көшіріліп, «Электрондық үкімет» (eGov.kz) порталында қолжетімді бола бастады. Бұрын бұл қызмет еліміздің ХҚКО-да және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарында көрсетілетін. Енді қызметке eGov.kz порталында тапсырыс беруге болады. Бұл үшін қолданушыда ЖСН және электрондық цифрлық қолтаңба болуы және қызметті алу үшін өтініш беруші барлық міндетті жолдарды толтырып, сұратылған құжаттарды қоса беруі қажет. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 4 жұмыс күні. Нәтижесінде өтініш беруші қандас куәлігін алады немесе жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін ұзарту туралы шешім қабылдайды.
Жыл басынан бері қанша адам елге оралды?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 575 этникалық қазақ – қандас мәртебесін алды. Былтырғы сәйкес мерзімде олардың саны – 3078 болатын. Биыл Өзбекстаннан келгендердің үлесі 66,3-тен 52,4 пайызға, Түрікменстаннан келгендер 10,9- дан 6,3 пайызға азайса, Қытайдан келгендер 11,3-тен 19,3 пайызға, Моңғолиядан келгендер 2,2-ден 5,3 пайызға азайып отыр. Алғашқы тоқсанда қандастардың 13 пайызы Ресейден, 3,7 пайызы басқа елдерден болды. Олар Алматы (27,9%), Маңғыстау (13,9%), Түркістан (6,8%) және Жамбыл (5%) облыстары мен Алматы (9,0%), Астана (11%), Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанды. Қандастардың 69,1 пайызы еңбекке қабілетті жастағы адамдар болса, 22,3 пайызы балалар, 8,6 пайызы зейнеткерлер. Еңбекке қабілетті қандастардың 18,5 пайызы жоғары білімді, 39,9 пайызы орта кәсіби білімді, 36,7 пайызы жалпы орта білімді, тек 4,8 пайызының ғана білімі жоқ. Министрдің бұйрығымен 2023 жылы қандастар мен қоныс аударушыларға 8 652 адамға өңірлік квота белгіленген еді. Бұл былтырғыдан 566 адамға жоғары. Биыл қандастарға бөлінген квотаның 632-сі – Павлодар, 270-і – Ақмола, 239 – Шығыс Қазақстан, 196 – Абай, 138-і Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлініп отыр. Қандастар мен қоныс аударушыларды қолдау үшін қосымша субсидия түрінде көмек беру қарастырылған: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) көлемінде біржолғы төлем; бір отбасына 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) төленеді. Жалпы 2022 жылы 19 178 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған еді. Ал 1991 жылдан 2023 жылға дейін елге оралған этникалық қазақтың саны 1 млн 107 мың адамды құрады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


