Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің дұрыс істемеуі салдарынан 40 мың фермер субсидиясыз қалуы мүмкін. Осыдан қауіптенген бірқатар аймақтағы дихандар ереуілге шықпақшы екен. Бұл бер жағы. Егер тез арада шара қолданылмаса мұның арты азық-түлік өнімдерін өндіруде іркіліс тудырып, олардың бірқатарының тапшылыққа айналуымен қатар, бағасының да өсуіне алып келеді. Мәселенің осындай деңгейде ушығуы жайлы өткен аптада Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында айтылды.
Бұл жиын белгілі деңгейде Мәжілістің жаңа құрамының кәсіби дайындығын, халықтың мүддесіне жанашырлық деңгейін көрсеткендей болды. Расын айтқанда, депутаттардың мәселені бүге-шігесіне дейін талдауы, өзекті тұстарын айқындауы, талап етудегі біліктілігі, батылдығы қуантты. Тек қазақшалары жетік бола тұра, кейбірінің көбіне орыс тіліне иек артқаны қынжылтқаны болмаса, тұтасымен алғанда жиында сұрағы көп субсидия мәселесінің былайғы жұртқа көріне бермейтін біраз сыры ашылды. Айтылған әңгімеден ұққанымыз, мәселе субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жаңа платформаға ауысуына орай туындап отыр екен. Жиында алдымен сөз алған палатадағы Республика фракциясының төрағасы Айдарбек Хожаназаровтың айтуынша, қазіргі таңда субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі дұрыс жұмыс істемей тұр. Мұны оған апта сайын келетін жүздеген хат көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы уақытқа дейін жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр, барлық мәселе шешілген деп сендірген. Бірақ, нақты жағдай өте мүшкіл. Мәселен, ҚР қазіргі кезде субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы 6,1 млрд теңгеге 1,5 мың өтінім мақұлданған. Бұл 2022 жылдағы көрсеткіштің небары он пайызын ғана қамтиды. Ол кезде 57,5 млрд теңге сомасына өтінім мақұлданыпты. Ал, бүгінде фермерлердің 90 пайызы тиісті төлемдерді ала алмай, соның салдарынан ел экономикасы 51,4 млрд теңге қаржыдан қағылуы мүмкін. Бұл жылдың басындағы жағдай, егер жүйенің жұмысы осылай жалғаса беретін болса, онда 12 ай қорытындысы бойынша 287 млрд теңгенің (2022 жылғы көлем) небәрі 31 млрд теңгесін ғана төлейді. Бір қарағанда бұл жай ғана сандар болуы мүмкін. Алайда, бұл қаражат фермерлердің, бизнес ұйымдары мен жұмыс орындарының қалыпты өнімді жұмысының кепілдігі. Қайталап айтсақ, 40 мыңнан астам ауыл шаруашылығын өндіруші болжамды түрде 256 млрд теңге көлеміндегі тиісті төлемін ала алмай қалады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жетілмеген жүйені іске қосу бойынша жауапсыз шешімі осыған жеткізеді. Мұның сыртында министрлік ұсынған статистика бойынша жаңадан қосылған gosagro.kz жүйесі 60 млрд теңге сомасында 1,8 мың өтінімді немесе қаржыландыру көлемінің 37 пайызын кері қайтарыпты. Қалыптасқан тәжірибеге сай мұндай өтінімдер 1 пайыздан аспауы тиіс болса, бұл да жүйе жұмысының толыққанды жетілмегенін көрсетеді. Бүгінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау ең өзекті мәселелердің бірі. Бұған қатысты министрлік өкілдері бұған дейін қолданыста болған Qoldau.kz платформасындағы деректерді осы жылдың наурызының соңына дейін ала алмағанын айтады. Соның салдарынан министрлік былтырғы өтінімдерді төлей алмай жатыр-мыс. Ауыл шаруашылығы министрлігі қалай ақталса да, зардабын фермерлер көріп жатыр. Фермерлер шын мәнінде шығынға батуға мәжбүр. Олар мәселен, 45 млрд теңгені айналым қаражатынан алып, мемлекет жеңілдетуге міндеттелген несиелерді төлеуде. Жалпы, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға арналған қаражат көлемі – жылына 90 млрд теңге. Тиісті төлемдер 4 ай бойы төленбей жатқандықтан, осы уақыт ішінде фермерлер несиелер бойынша толық мөлшерлемені – 20-25 пайыздан өтеп жатыр. Болжам бойынша бұл жағдай жарты жылға созылады, демек фермерлер несиелері бойынша ауыртпалықтың бәрін өз мойнына алады. Бұл жағдайда өңірлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлері де бағдарсыз. Олар жаңа жүйе бойынша оқытылмады. Көптеген кемшілікке байланысты өтінімдер ретсіз мөлшерде ауыл шаруашылығы басқармаларына түседі. Өтінімдерді қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Нәтижесінде, басқарма мамандары мемлекеттік қызметтер туралы заңнаманы бұзуға барады. Сонда министрліктің жауапкершілігі қайда деген сұрақ туындайды. Фермерлердің өтінімдерін саралау барысында түйткілдер инвестициялық салымдар, тыңайтқыштар, тұқым бағасын субсидиялау бағыттарына өтінім беру функционалы бойынша туындағанын көрсетіп отыр. Жер телімі қожалықтардың жеке салық нөміріне бекітілген шағын фермерлер үшін өтінім беру мүмкіндігі мүлдем жоқ. Ал Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында мұндай фермерлердің саны көп. Сондықтан жағдай тез арада реттелуі керек. Одан соң сөз алған депутат Болатбек Әлиевтің айтуынша, бұл мәселе Мәжілістің бұған дейінгі шақырылымында да көтеріліпті. Жалпы, Qoldau.kz платформасын қолданғаны үшін жылына ірі бизнес нысандары 11 АЕК, шағын бизнес жылына 3 АЕК көлемінде ақы төлеп келген екен. Енді бұл қызмет арзан болуы керек деген ұранмен мемлекеттің қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Яғни, бұрын ол үшін тек АӨК нысандары төлесе, енді бүкіл ел төлеп жатыр. Жаңа платформа өткен жылдың сәуір айында қосылған болатын. Қызметтің жақсаратынынан үміт болған. Алайда, содан бері бір жыл өтсе де мемлекеттік платформа жұмысы мардымсыз. Шаруалар бұрынғымен жылап көрісетін күйде. Құзырлы орын барлық кемшіліктерді соған телиді. Ондағылардың айтуынша, ескі платформа тарихи мәліметтерді уақытында бермеді-мыс. Онымен бірге жұмыс істейміз деген де әңгіме айтылған. Алайда, бұл жөнінде қабылданған ресми шешім жоқ. Жаңа жүйе бұл салада монополия құрып отыр. Соның айғағы осы кезеңге дейін нақты мәліметтердің берілмеуі. Оларда қазіргі ауыл шаруашылығы көлемінің былтырғыдан 9,2 пайызға артқаны ескерілмеген. Qoldau.kz платформасында енгізілген өтінім саны 300-ден 1000- ға дейін болса, жаңа жүйеде оның саны 30-дан аспай отыр. Бір га жерге берілетін субсидияның нормасы да тиісті деңгейге сай емес. Мысалы бір га 150 кг тыңайтқыш қажет болса, оның көлемі 80 кг деңгейінде белгіленген. Бұл ертеңгі күні шаруалардың қажетті тыңайтқышты алу үшін сандарды екі есеге көбейтіп жазуына алып келеді. Оларға жаңа платформаның қыр-сырын оқыту да назардан тыс қалып отыр. Бұл шара кейбір өңірлерде енді-енді басталып жатыр. Тоқетерін айтқанда, құзырлы орын ауылшаруашылығын эксперимент алаңына айналдырып отыр. Мұның салдары 2023 жылдың соңында елде азық-түлік тапшылығының тууына алып келері сөзсіз. Жигули Дайрабаев министрлік мәселені қолдан күрделендіріп отырғанын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, шын мәнінде субсидияға өтінім беру кезінде негізгі егіс алқаптары бойынша деректерді «Қазақстанға ғарыш сапары» АҚ-да тіркеу қажет. Өкінішке орай бұл жұмыс өте баяу жүруде. Себебі, онда 4-5 адам ғана бар. Бір қызметкерге бірнеше облыс жүктелген. Әрбір облыстан мыңдаған деректердің келіп түсетінін ескерсек, жұмыстың ұзақ уақытқа созылатын түрі бар. Осыны айтқан Дайрабаев мырза жиынға қатысып отырған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтан неліктен осы уақытқа дейін «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ мен бірге кадастрлық номерлер негізінде өткен жылдардағы егіс алқаптардың тарихы бойынша деректерді автоматты жүктеу мүмкіндігі пысықталмағанын сұрады. Бұл шара жүйенің барлық функцияналдығын жеңілдетіп, адами факторлардан болатын келеңсіз жағдайлардың алдын алатын еді. Ақиқатында кезінде барлық жер телімдерінің мемлекеттік актісін жасауға 60-100 мың теңге аралығында ақша төленді. Енді оны қайта тіркету үшін бір шаруадан кем дегенде 4-5 млн теңге ақша шығады. Қазір олар осыған ашынып жатыр. Мұның аяғы ереуілге ұласып кетуі мүмкін. Дайрабаев мырза ортаға салған мына мәселе де ойландырып тастады. Оның сөзінен түйгеніміз бүгінде фермерлер картаны қолдан сызып, субсидия алды деген құзырлы орындар мәлімдемесі терең зерделеуді қажет етеді. Өйткені, бұл шын мәнінде ақылға сыймайтын әрекет. Егер осындай жағдай шынымен орын алса, айыпкерлердің аты аталып, түсі түстелуі керек. Құр өтірік карта негізінде субсидия алып жатыр деген айып ауыл шаруашылығындағы бар болғаны 280 мың тауар өндірушіні ыдыратуға алып келеді. Мал бағу, егін егу оңай шаруа емес. Осындай дәйексіз жаламен 280 мың тауар өндірушіден айырылатын болсақ, 20 млн халықты асырайтын адам қалмайды. Жағдайдың барысына шаруаның көзімен қарап, оларға жағдай жасау керек. Олар былтырғы шілде айынан бастап бәріне қарыз. Енді ереуілге шықпақ. Қоғамға тыныштық қажет. Негізінде барлық мәселе аталмыш мемлекеттік порталды жасаушылар мен бұрынғы портал иелерінің арасындағы келіспеушіліктен туындап отыр. Құзырлы орын шаруалардың қамын ойласа ортақ мәмілеге келіп, бұрынғы жүйеге енгізілген мәліметтерді алып, сол бойынша ауыл шаруашылығына қажет қаржының бөлінуін тездету керек. Айдарбек Асанұлы осы ретте нақты ұсыныстарын түзіп алып келіпті. Ол министрлік 2023 жылғы 1 мамырға дейін барлық берешектерді төлеу үшін 2022 жылдан бастап ауыспалы өтінімдерді жүйеге кіргізу, егістіктердің электрондық картасын енгізудің оңайлатылған тетігін қосып, фермерлердің мәселелерін жедел шешуді қамтамасыз ету. Сервиспен бірлесіп qoldau.kz порталында пайыздық мөлшерлемені арзандатуға субсидия алушылардың тарихын автоматты түрде жүктеуді талап етті. Сонымен қатар тауар өндірушілерді субсидиялармен уақытылы қамту үшін аталмыш жүйеге барлық қаржы институттарын, кредиттік серіктестіктерді, микроқаржы ұйымдарын қосуды, көрсетілген мерзімде жүйенің барлық техникалық қателерін түзетуді қамтамасыз ету, қағаз жеткізгіштерде өтінімдер беру мүмкіндігі бөлігінде АӨК-де субсидиялау қағидаларын өзгерту бойынша жұмысты дереу бастау қажеттігін ескертті.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


