Жаманшылық шақырғымыз келмейді-ақ, ежелден елдік қасиетінен айырылмаған жұрттың ұрпағымыз. Басымызға қандай күн түссе де, тәубесінен жаңылмаған, сұрапыл сұмдық замандарды бастан кешіп тұрып, «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деп түңілмеген, ел болашағына сеніммен, еңсесін тіктеп қарап келген қайсар халықпыз.
Дегенмен, «басынан қиқу кетпейтін тайқымаңдай жұрт екенбіз-ау осы!» деген ауыр ойлардың кей-кейде санаңды жайлап алып, жегі құрттай жеміріп, көңілді алаңдатып, мазаны алатыны жасырын емес. Ел ішіндегі ұлтаралық қарым-қатынас жағдайы, ара-тұра, жерошақтағы көңірсіп өшпей жатып алатын оттай лап етіп тұтанып, өрши түсіп, басыла қалатын дау-жанжалдар жұртының амандығы мен тыныштығын, жарқын келешегін көксеген көңілді алаңдатпай тұра ма?
«Жікшілдік» – жақсы атақ емес
«Жікшілдік» – жақсы атақ емес, атағың келмейтін, сүйкімсіз ауыр сөз. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп келетін, жайсыздықты аңғартып, тіксіндіретін тіркестер біздің ауыз әдебиеті – фольклорымыздың өзінен кездесіп, халқымыздың бұл сөзден жирендірердей тәрбиелік бағытын бала кезімізден аңдағанбыз. Анығы сол, қазақ табиғатынан жікшіл жұрт болмаған, бірлігі жарасқан, ынтымақшыл, қоғамшыл, бауырмал ел болып қалыптасқанымыз әлмисақтан белгілі. Ал жікшілдік – қанға сіңген қасиет емес, өзге елдермен қарым-қатынас орайында, солардың ықпалымен туындап, өршіп отырған, жүре келе жұғып, жабысқан, қаскүнем күштердің жаулық ниетінен жол-жөнекей пайда болған кесел. Қазақтай бауырмал, қылаусыз адал, кіршіксіз таза жүректі жұртты табу қиын, кімге болсын, жанашыр, дос ниетті ел екенімізді жақынымыз тұрмақ, жауымыз да мойындаған. Бірақ, «Ауруын жасырған өледі» дегендей, өз еліңде туындап, әлсін-әлсін қоздап отырған, турасын айтқанда, пиғылы теріс әлдекімдердің, әлдебір іштен іріткі тудыруға құмар жікшіл күштердің, орынсыз жерден қиюластырып, ұлтаралық араздық, дау-жанжалға жол беріп, өршітетін, саяси тұрақсыз топтардың қасақана, отқа май құя түсіп, қоздатып отырған осы сепаратистік-жікшілдік ұстанымдары қалай жаныңды ауыртпасын, қалайша сеніміңе селкеулік түсірмесін? Біз ежелден, жағасы – жайлау, кеңпейіл, адам баласына жанашыр, дастарқаны жиылмаған, көлденең көк аттыны да құр жібермей тұз-дәмін беріп, бар ықыласымен сыйлайтын, туралап келген жолаушыны қолтықтап, құрметтеп аттан түсіріп, қарсы алатын жұрт екенімізді, өз бауырымыз, қандасымыз тұрмақ, бір кездегі біреулері үкіметіне арқа сүйеп, омыраулап, өңмеңдей енсе, енді біреулері саяси толқымалы, дүрбелең кезеңдерде, монтаны, момақан қалпымен топырағымызды басқан келімсек, кірмелер, санқилы саяси дүрмектердің тұсында, соғыс өрті тұтанған, бастарына қара бұлт төнген шақтарда жерімізге келіп орныққан, бауыр басқан жат жұрттардың да әбден көзі жетіп еді. Енді келіп, бейбіт күнімізде бұл дау-жанжалдардың тууына, біржақты басылып тынбай, өршіп отыруына, жікшіл-сепаратистік пиғылдылардың дүркін-дүркін ел тыныштығын бұзып, берекемізді алуына не себеп? «Жаман үйді қонағы билейдінің» кері келіп, кейбіреулерді, өз тарихи отанымызда, төрімізде тойтаңдатып, тым басымызға шығарып алғандаймыз-ау осы?» – деген ойлар еріксіз санаңды шабақтап, осқылап өтердей.
Жаман адам болуы мүмкін, жаман ұлт болмайды
Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавловск-Қызылжар аймағы менің қызмет жолымды бастаған, сонау алыста қалған балаң жастық шағымда топырағын басқан, тәжірибе жинаған, қалыптасқан, көзіме ыстық ұя, бауыр басқан мекенім еді. Халқымыздың қаншама ұлылары шыққан, тарихқа бай, қазыналы қоныс, ұлағатты ел-жұрттың орналасқан аймағы деп те құрметтеймін. Кезінде «қазақтың Ғабит Мүсіреповтей, Сәбит Мұқановтай марғасқа тұлғалары, әдебиетіміздің корифейлері туыпөскен өлкеде қалайша қазақ тілі кенже қалуға тиіс?» деп шырқырасам, мұндағы ана тіліміздің мүшкіл жағдайын сынға алсам, ол тек осы өлкеге деген үлкен құрметімнен туындаған ақ адал пейілімнің сыртқа жалындап теуіп шығуы, буырқанысы болатын. Мен бұл өлкеден қаншама жаныма жақын жандар таптым, туыс, бауыр, достар таптым, ол өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан да болар, бұл өлкедегі әрбір жаңалық, өзгерістерді назарымнан қағыс қалдырмаймын, жетістіктеріне ала-бөтен қуанамын, кемшіліктеріне күйзелемін. Бәрімізге белгілі, бұл өлке – өзге ұлт өкілдерінің көбірек қоныстанған аймағы. Әппақ адал ниетіммен білдіргім келеді, ешкімді алалап, жат жұртқа балағым келмейді, жаман адам болуы мүмкін, жаман ұлт болмайды. Оған әлдеқашан көзім жеткен, жоғарыда айтқанымдай, мен сол өзге ұлт өкілдерінің ішінен қимастай қымбат жандар тауып, бауырластым, талай ізгі жандармен сыйласып, жақын араласып, достасқан едім, ішінде орысы да, немісі де, өзгесі де көп. Ол достық әлі күнге дейін жалғасуда, солардың ешқайсысын жамандыққа қимасым анық. Ал, енді таяуда, нақ осы өңірден сепаратистік пиғылдардың иісі шығып, әлдекімдердің бұған белсене кірісуі мені тығырыққа тіреп тастағандай болды. Осы бір тымырсық ойлар жайлаған жандар, сол пасық әрекеттеріне кірісерде қандай негізге сүйеніп, қай ата-бабасының жоғын жоқтап, алдарына қандай мақсаттар қойды екен? Өздерінің аш-жалаңаш жағдайларды көп көріп, жетіспеушілікті басынан талай кешіп келгеніне қарамастан, ауыртпалығы мол болған сол бір нәубетті шақтарда, біздің жұртымыз бір кездерде, олардың өздерін былай қойып, әке-шешелері, тіпті, арғы ата-әжелерін құшақ жая қарсы алған еді. Содан бері, жергілікті қазақ жұртынан қандай жаманшылық, қандай жаулық пиғыл көрді екен, момын елдің жазығы – достық, мейірбандық ниетпен, ақ пейілдерімен, қонақжай, меймандос ақжарма ықыластарымен, барын алдарына қойып, қарсы алғаны ма? Данышпан Абай империялық өктемдік салқынын сезбей қалған жоқ, бірақ, жұртын арандап қалудан сақтандырды, орыстың жақсылығын баса айтып, алдыңғы ойлы, демократияшыл бағытына зор мән берді, халқына орыстың Пушкині мен Лермонтовын жақындастырып, Крылов мысалдары арқылы ізгі, жарқын ойларға жетеледі. Бірақ, кемеңгер ақын отаршылдық ызғарын жақсы сезініп, осы сындарлы тұста бірігіп, ел болудың орнына берекесі қашқан жұртын өткір тілімен ащы сынаған болатын: Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па, елдің сиқын? Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың… «Өз қолыңнан ырық кетті» деп отырғаны, «отаршылдықтың ырқындасың» дегенді жұмсартып, астарлай жеткізуі болатын. Заманынан көш ғасыр ілгері озып туған кемеңгердің өзі сүйген жұртын сақтандырып та, «дос жылатып айтады» дегендейін жанына батырып та, тіпті, түйреп те айтқан сөздерін поэзиясынан да, қара сөздерінен де табуға болады. Абайдай данышпанымыздан қалған сөз жоқ, ұлы ойшыл бәрін де айнаға салғандай көріп, халқына жанашырлық ғақлияларын қалдырып, ескертіп, қамшылап, қайтсе ел болудың жолдарын нұсқап, айқын көрсетіп кеткен болатын. Сөйткен Абайымызды, «байшыл-буржуазияшыл таптың өкілі», «феодал-шонжар тұқымнан шыққан» деп қасиетті әке Құнанбаймен, әулие Әнет бабасы, Шәкәрімдей ғұлама ақынымен, өзге де бұл тұқымның игі жақсыларымен қосақтап, тегіс қаралап, өз жұртына қарсы қоймаққа ниеттенген замандар да болған. Бұл – тұтас ұлтқа қара күйе жағып, қазақ деген халықтың қасиетінен айыру, өнеге-ұлағаттан жұрдай етуге бағытталған империялық қатерлі ұстаным болатын. Бірақ, кеңестік идеологияның зымияндық жоспары орындалмай қалды, заман өте келе бәрі өз орнына келе бастады. Қарап отырсақ, кеңестік заман, үнемі жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды, қазақтың ең алдыңғы қатарлы озық ойлы тұлғаларын арашалаумен, ақтаумен, олардың халықшылдығын, адамдық ізгі ниетте болғандықтарын дәлелдеумен өтіпті. Абайдан кейінгі туған заманда қаншама кемеңгерлеріміз қараланып, «халық жауы» атанды. Сол тұлғаларымыздың бәрі де өздеріне Абайды ұстаз тұтқан, ұлы ақынның, кемеңгер ойшыл-ағартушымыздың өзіне баттастыра күйе жағып, жағымсыз қырынан танытуға тырысушылықтың өзі тұтас халықты, ұлтымыздың орнын қасақана аласартып, төмендетумен бірдей әрекет еді. Абайдың сөздері, өнегесі, ұлағаты – халықтық қасиетімізді танытарлық аса биік деңгей болатын. Сондықтан, ұлы Абай тағылымын қайталай оқудан, ұрпаққа өнегесін жаюдан шаршамаймыз. Бірақ, әзірге түпкі мақсатымыз ол емес, даналар тағылымынан мысал келтіре отырып, өз заманымыздың кеселін айқындау. Бәрімізге белгілі, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден орыс «переселендері» ағылып келіп, қоныстана бастағанда, қазақ халқының тұрмысы ала-құла болды, әлі өркениет жетістіктері жетпей жатқан, тауқыметі көп жұрт болатын. Соған қарамастан дархан жұрт, әуелгіде екпіндей кірген, төрге ұмтылған, өзімшілдікке басып, жерін тартып ала бастаған, омыраулап, өктемдік көрсете келген келімсек жұртқа жаулық, бөтен ниет танытқан жоқ, тұз-дәмімен бөлісті. Әйгілі Ақан серінің «переселендер» өктемдігіне, ел басына келуіне наразы болып, өлең шығаратыны осы тұс: Қоныс жоқ, жан-жағыңнан тарылмаған, Патша отыр, жұтамын деп бір әбжылан… …Барабар красиянға тең болмадық, Тартылып, қай жараға ем болмадық? Малымыз, жерімізден пайда тиіп, Қалайша патшамызға дем болмадық? Орыс, ноғай, сарт, сауан саудагерге, Қалайша малмен, жермен тең болмадық? Сексен бес жыл болыпты бодандыққа, Қайырсыз патшамызға ел болмадық. Құр мен қоян секілді алуға оңай, Қай жұртқа аңқаулықтан жем болмадық?!…» – деп келетін жолдардан сері ақынның ғана емес, ұлтымыздың күйзелісін анық тануға болар еді. Біздіңше, мұнда қай уақытта да жанға батып келген қазақтың ауыр трагедиясы жатыр. Бірақ, баладай сенгіш, аңғал ақын халқымыздың басындағы ахуалды «патша ағзам білмей отыр, әйтпесе, «қазақ үшін қайғырып жылареді» деп жырлап, күйзеліске түсетіні бар. Әрине, ақын деген халықтың жүрегіндегі мұң мен сырды бейнелі сөзбен, мәнерлеп жеткізіп жүретін жандар, Ақан сері де өз заманының мұңын мұңдап, жырын жырлап отырған ақын. Демек, оның сөзі – халқының ойы мен тілегін жеткізері сөзсіз. Ақан сері – сәбидей аңғал, сенгіш болса, сол дәуір халқының да осы өреде ойлап-пішіп отырғандығы. Сөзімізді бекіте түсу үшін алаштың дана перзенті Ахмет Байтұрсынұлына жүгінейік: – «Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтуыықтимал, бірақ, жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды». Әрине, осы орайда сол дәуір мен қазіргі кезеңді салыстыра сараптай отырып, ізгі ниетпен, еліміз бен жерімізді сүйген адал жүрегімізбен, бүгінгі мемлекетіміздің, жұртымыздың тағдыр тізгініне ие болған билеуші үкіметіміздің тура, түзу, даңғыл жолға түсуін, өзара сыйластық, ынтымақ, бірлік жағдайында, халқының сенім үдесінен шыға білуін жан-тәнімізбен тілейміз, тілектес ниетте қала береміз.
Тарих не дейді?
Санаң сан-саққа бөлініп, қилы-қилы ойлар иектегенде, тағы да әулие тарихқа жүгінесің. Мейлі, ол жақсы болсын, жаман болсын, ащы болсын, тәтті болсын, өткенге көз жүгіртпей, сабақ алмай, ілгерілеу, алға басу мүмкін болмасы тағы белгілі. Халқымыздың дәуірлеген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күндері тым алыс ғасырлардың иінінде қалды. Соған малданбай, қым-қуыт, қарбалас кезеңдер туғанда, «қайтсек ел болып қаламыз?», «көш соңында жүріп, ілгері кеткен елдердің шаңына көміліп қалмаймыз ба?» деген сұрақтар қай кезде де қазақтың алдыңғы қатардағы ойлы қауымын ертеден мазалап келген болатын. Осы жиырмасыншы ғасырдың басында халқы үшін ашық күреске бел шеше кіріскен Алаш қайраткерлері бұл түйінді мәселені түбегейлі біржақты қылуға белсене атсалысты. Олардың ой-армандары, алға қойған мұрат-мүдделері жүзеге асса қазақтың қайғы-мұңы, өзекті өртер өкініші де ұмытылып, сол көкейтесті мәселелер орайлы сәтімен шешіліп жатса, өткеннің бәрі де жуылып-шайылып, қазақ жаңа заманға сенімді қадаммен аттамақ еді. Алаш ардақтыларының ешқайсысы да, өзгенің жеріне көз алартудан аулақ еді, тәңірден тек өздерінің халқының тиесілі несібесін тілеп, жаратқаннан әлмисақтан еншілі сыбағасын ғана сұрағандай еді. Әрине, олар еріксіз заманына құл болды, саясат ағымымен санасуға тиісті болды. Жиырмасыншы ғасырдың басы, патшалық отаршыл империяның озбыр өктемдікпен қазақ жерін басып алып, игеруге бағытталған Столыпиндік жер реформасының күш алып тұрған, қазақты сорлатқан үстіне сорлатқан кезең еді бұл. Бұрынғы бұрынғы ма, отаршылдық саясат жан-жағымыздан қусырып, дендеп, бел алып бара жатқан уақыт. Ақан серідей халқының алақанында жүрген ерке ақынның нәзік жаны осындай көпе-көрінеу басынушылыққа шыдамағаны ғой… Не көрмеген жұрт едік, бейбақ халық бәріне шыдады, үнсіз төзді. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары халқына жаны ашып, өздерін отқа салғандай шырқырап, осы тұста патша үкіметіне жеті талаптан тұратын әйгілі Жер петициясын жолдаған. Өкінішке қарай, Алаш арыстарының талабы жауапсыз қалды, отаршылдық езгі одан әрмен күшейіп, қарқын ала түсті. Алаш қайраткерлері, ұлт ұстазы Ахмет жырлағандай, жұртын сілкіндіремін деп, «маса» да болып шақты, Міржақып та «Оян, қазақ!» деп жар салды. Осы мақсат жолында газет-журналдар да бірінен соң бірі ашылып жатты. Сол басылымдар, «Айқап» журналы, «Дала уәлаятының газеті», «Қазақ» газеттері аз өмір сүріп, іле-шала жабылып қалып жатса да, ел өміріне үлкен сілкініс, серпіліс әкеліп үлгерген болатын. Тек кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі, Ленин бастаған үкіметтің әділет орнатамыз деген әуелгі жылдардағы талпынысы ғана қазақ елінің кеудесінде үміт шырағын тұтатқаны белгілі. Мойындауымыз керек, пролетариат көсемі Ленин үкімет басында аз өмір сүрсе де, қазақ сияқты аз халықтарға шапағаты тиіп үлгірген, революционер-большевиктер үкіметіне басшылық еткендер ішіндегі бірден-бір адал, жанашырлық танытқан қайраткер басшы болды. Әттең, ғұмыры қысқа болды, әйтпесе, ол алаштың оқыған зиялыларын бағалай білген, үніне құрметпен құлақ асқан, талаптарын орындауға бар мүмкіндігінше күш салған бірден-бір қайраткер болатын. Сол Ленин құрметтеген Алаш зиялыларының, ол өмірден өтісімен, қуғындалып шеттерінен жазаға ілінуі – бұл арада әлі ашылмаған жұмбақ жайлардың барлығын меңзейтіндей. Ал, Сталин қазақ сияқты халықтарға қамқор болды деуіміз бос сөз, оның билік басына келуі – жұртымыз үшін үлкен трагедияның басы болды. Өзінің ата тегінен, тұқым-зәузатынан шошынып, безінген, тегін, аты-жөнін өзгертіп, орыстанған, ұлтын сатқан тексіз басшыдан не күтуге болады? Ол жолында тұрған ешкімді де аямаған нағыз тиран-залым билеуші болатын. Біздің халқымыздың ендігі тарихы осындай әділетті бағалармен сарапталуға тиіс. Және Сталиннің орыстануы – орысты сүйгендіктен емес, оның сенімге кіруге тырысқан екіжүзділігі, халық сүйген, сенген, үміт артқан Лениннің ізбасарымын, бұдан былай біздің жолымызбен, ленинизм-сталинизм жолымен жүресіңдер деп жариялап, халық сеніміне аярлықпен кірген аса әккі, айлакерлігі қандай адам екенін көрсетеді.
Мүдделер қайшылығынан ең алдымен зардап шегетін – қарапайым халық
Тарихты байыптап, түйсіне келе, анық көзіміз жететіні, диктатор билеушілер ежелгі билеушілерден ғана емес, өз замандастарынан да өнеге үйреніп, қатар билік құра отырып, бір-бірінен тағылым алуы, өз тұрғыластарының іс-әрекетін жазбай қайталауы аз кездеспеген.
Досжан ӘМІР,
ҚР Жоғарғы Сотының судьясы