Аудандық прокуратурада тергеушімін. Бір жақсы жері мұнда өзге органдардағыдай сапырылысып жатқан көп адам жоқ, шағын ұжым. Бірақ есесіне жұмыс жауапты, талап күшті. Прокурорымыз Дулатов жүзі жылы кісі, тек айтқаны орындалмаса, кімді болса да қатуланған қабағымен жасқап, ықтырып алатын сесті адам. Сол себептен де прокуратура қызметкерлері ол кісінің алдынан кесе көлденең өте бермейді. Сонымен жаңа ұжымға сіңісіп, бөтен ортаға келгеніме екі жыл толғанымды атап өтіп, қызықшылыққа жайған дастарханым жиыла берген шақта қалта телефоным шырылдап қоя берген. Аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісі екен, дауысы қарлығыңқы шықты:
–Тәке,Шұбарсу ауылының маңайынан денесін өрт шалған мәйіт табылды, жедел тергеу тобы мен полиция басшылары өзіңізді күтіп отыр,-деді. Шұбарсу деп отырғанымыз үйлері сай салаға тарыдай шашырап салынғанымен тұрғын халқы көп елді мекен. Оқиға болған жерге жеткенімізде күн тұсау бойы көтеріліп, шілденің аптабы жаз бойына нәр тамбаған сары даланы табаға салып, қуырып тұр еді. Өрт шалған аумақтың әр әр жерінен толық жанбай, бықсыған қу шөптен көк түтін ширатылып көкке көтеріледі. Соған қарағанда жалынның тілі тиген кейбір ағаш томарларының шаласы әлі сөніп бітпеген тәрізді. Ортасына шөп қаулап өсіп кеткен қос ирек жолдың еңіске қарай құлар тұсында қол аяғы көліктің тросымен байланып, басына жартылай қап кигізілген бейтаныс адамның денесі жатыр Оқиға орнын енді тексере бастағанымызда аудан прокуроры мен облыс прокурорының бірінші орынбасары Әділбеков пен аса маңызды істерді тергеу бөлімінің аға тергеушісі Сақтағанов та жетіп келді. Сарапшымен бірге денесін күйік шалған мәйітті тексеріп, хаттама толтыра бастадым. Басы жарылған мәйіттің мойынын қуалай аққан қанның көкірек тұсына жетіп, қатып қалғанына қарағанда қазаның қасақана келтірілгені көрініп тұр еді. Облыс прокурорының бірінші орынбасары әлден соң Сақтағанов екеумізді қол бұлғап, жанына шақырып алды. Басшының көзі сонау көкжиекке тесіле қарап тұрғанымен ойы беті ақ жаймамен жабылған мәйітте еді.
–Жорамалдарың қалай,-деді ол екеумізге алма кезек қарап. Сақтағанов өз ойын айтты.
–Оқиға болған жер күндіз-түні тіршілігі қайнап жататын Шымкент-Самара күре жолына жақын. Күніне бұл жолмен жүздеген көлік өтеді. Менің пайымдауымша, марқұм сол көлік жүргізушілерінің өзара ерегісінен өлім құшқан секілді. Әрі қарай қаскүнемдер іздерін жасыру мақсатында мәйітті осында әкеліп тастап,өртеп кеткен.Марқұмның түр-тұрпатына қарасақ, біздің елді азаматы емес.
–Неге олай ойлайсын,-деді бағаналы бері Сақтағановтың нұсқасын сабырмен тыңдаған облыс прокурының орынбасары осы жерге келгенде оның сөзін бөліп.
2
–Қалай десем екен,-деді Сақтағанов күмілжіп. –Марқұмның сол жақ иығындағы бейнеленген өрмекшінің торы мен «М.С» деген жазу оның өмірбаянының таза емес, қылмыстық ортадан шыққанын көрсетеді, менің жорамалым бойынша ол Ресей елінің азаматы ,-деді.
–Ал, жас тергеуші сіз не дейсіз,-деді Әділбеков енді маған бұрылып, осы қателеспесем, өткендегі Бадамдағы ауыр қылмысты ашқан сен емес пе едің? -,-деді. Прокурор маған зер сала қарады, қысылғанымнан шекемнен шып-шып тер шықты. Бірақ іле шала есімді жиып:
–Сақтағановтың қаза тапқан кісіні басқа елдің азаматы деген пікірімен толығымен келісемін. Алайда байқайсыз ба оқиға орнында үлкен жүк көліктерінің ізі жоқ,-дедім сөзімді үзіп.
–Сонымен,-деді Әділбеков тақымдап…
–Егер марқұм Сақтағановтың айтқанындай күре жолдың бойындағы өзара жанжалдан жан тәсілім етсе, онда осы маңайдан жүк көліктерінің ізі табылар еді, керісінше мұнда жеңіл «Жигули» көлігі доңғалағының бедерінен басқа түк те жоқ. Енді мәйіттің басына кигізілген қаптың түбінен табылған қызыл цементтің қалдықтарына қараңыз, ол қайдан пайда болған? Әлде кездейсоқтық па? Бізге бұл сауалдың жауабы жақын маңайдағы саяжайларда үй салып, сыртын қызыл цементпен әрлеп жатқан адамдарды тексергеннен табылып қалар ,-деп барып тоқтадым.
–Дұрыс делік, тек көліктің «Жигули» екендігін қайдан білдіңіз,-деді Әділбеков ынтыға түсіп. Прокурордың бұл сұрағына қайтаратын пайымым да дайын еді.
– Өліктің қолы мен аяғын орап байлаған көліктің тросына жапсырылған кішкентай қызыл үш бұрыш белгілерге назар аударып қараңыздар, менің білетінім ол әдетте «Жигулидің» иесіне қосалқы бөлшек есебінде берілетін дүние. Расында да зер салған адамға менің жауаптарым қисынға келіп тұр еді. Содан да болар аудан прокуроры тергеуші Сақтағановпен бірге МАИ бекеттерінен өткен өзге елдердің көліктерінің тізімін алуға кетіп, облыс прокурорының орынбасары бастаған топ менің жорамалымның қисынды екенін тексеру үшін іргедегі «Жұлдыз» ауылына ат басын бұрды. Бір қаға берісте облыс прокурорының орынбасары:
–Сұрақ жауапты сен қоя бер, мен сыртынан бақылап тұрамын ,-деді.
Жедел топты саяжайда учаскелік инспектор мен кооператив төрағасы күтіп алды. Оңтайы келгенде кооператив төрағасынан:
–Осы ауылда үлкен үй салып, сыртын қызыл цементпен өрнектеп жатқандар бар ма,-деп сұрап қалып едім, ол шешіліп сөйлеп қоя берді.
3
–Ау, неге болмасын,-деді құшырлана тартқан темекісінің қою түтінін қос танауынан будақтата шығарып.
–Осы саяжайдың шетжағында Шымкенттің Бабаханов деген бай саудагері үлкен үй салып жатыр деп, оның көлемін қолымен ауаны қармап, көрсетті.–Тәйірі ақша болса, үй салу деген де түк емес екен ғой,- деп тамсанды. Әңгіме арасында көлігінің бар-жоғын сұрап едім:
–Қателеспесем, қара түсті мемлекеттік нөмірі Х ВАЗ-07САО маркалы машинасы бар, қажет десеңіз Шымкенттегі үйінің мекен жайын да айтып беремін деп сырты жып-жылтыр блокнотын ақтарды. Тельман мөлтек ауданы Гоголь көшесіндегі 53 үйде тұрады екен.
Расында да Бабаханов саяжайдың шетіндегі атшаптырым аумақтан осы заманғы жобамен үлкен үй салып жатыр екен,сырты қызыл цементпенн оюлап өрнектелген. Айтқан нұсқамның қисынға жақындай бастағанын аңғарған облыс прокурорының орынбасары риза кейіппен қолымды қысып қойды. Сарапшылар есіктің алдындағы үйілген құмнан қанға ұқсас дақ тапты. Арақтың ішілген бос бөтелкелері мен тігісі сөгілген екі қапқа салынған қызыл цементтің үлгілері алынып, үй жай мен ауланы қарау хаттамалары толтырылды.
Бабахановтың Шымкенттегі үйін тез тауып алдық. Жедел уәкілдер сезікті отырған үйге шұғыл қимыл жасап, баса көктеп кірмек те болып еді, қарулы топты сабырға шақырып, үлкен үйге жалғыз аяңдадым. Жолшыбай доп теуіп жүрген балалардан араларыңда кімнің аты-жөні Бабаханов екенін сұрап едім, он төрт жас шамасындағы бала топтан бөлініп, жаныма келді. Одан әкең қайда деп едім, ол әкесінің құрылыста жүріп құлап, қолын сындырып алғанын, қазір қалалық ауруханада емделіп жатқанын айтты.
Қалалық аурухананың жеке бөлмесінде сол қолы мен иығына гипс салдырып, самайы бурыл тартқанымен қызыл шырайлы өңін жоғалтпаған Бабахановтың өзі де кісінің қанынан қашып құтыла алмасын сезді ме екен, тап осы бір сәтті сарғайып күтіп жатқан адамдай сабырлы қалпын жоғалтпай қарсы алды. Қылмысты мойындайтынын бірден сезіп, алақанын ұстап едім, көзіме қарап «кім екеніңізді түсіндім, мойындаймын», — деді. Жанарында тағдырдың маңдайға жазғанына көніп, мойынұсынғандықтың нышаны жазылып қалғандай еді.
–Апырмай менің қылмыс жасағанымды өзімнен басқа ешкім де көрген жоқ сияқты еді, қалай таптыңыздар,-деді ол таңданысын жасыра алмай–Үй салып жатқанымды көрген шығарсыңдар,-деді ол енді жастығын бір қолымен биіктетіп, жөнделіңкіреп жатты. –Өзімнің қолымнан үй салу келмейді. Содан құрылысқа Асан мен Ахметті одан кейін Михайл Сергеевті жалдадым. Миша сөз арасында Ресейдің Түмен облысынан екенін, сотталғанын айтып отыратын. Бірақ обалы не керек, қолы епсекті жұмысты жақсы істейтін. Алдыңғы күні үйдің сыртын әрлеу жұмыстары аяқталғаннан кейін арақ алдыртып, палау жасадым.
4
Көңілдің қызуы ма, жалданып жүргендердің әрқайсысына екі жүз мың теңгеден беріп, жұмыстарын бітіргеннен соң тағы да жүз мыңнан беретінімді айттым. Бұл әңгімем басы бұлғақтап қызыңқырап қалған Михайлға ұнамады. Ол «жоқ сен маған ақшамды түгел бересің, мен Ресейге кетемін»,- деп қиғылық салды. Онымен де қоймай көлігіме жүгіріп барып, сөмкемнен үш жүз мың теңге мен төлқұжатын алып, қалтасына салып кетпек болды. Мен ақшаны орнына қой деп, оны белінен қапсыра құшақтап алдым. Апырмай мас адам соншалықты қуатты болар ма ол кенет құрсауымнан бұлқынып шығып, құмның үстінде қадаулы тұрған келтек темірмен қолымнан қатты ұрды, қолым білек тұсынан сынып кетті. Қашып үлгере алмадым, білік темір екінші рет иығыма тиді. Көзім қарауытып,отырып қалдым. Ол үшінші рет келтек темірмен басымнан ұрмақ болып көтере берген кезде Ахмет оны ту сыртынан құшақтай алды. Михайл құмға сүрініп, еңбектеп қалды. Осы сәтті пайдалынып, Михайлдың қолынан түскен келтек темірмен оның басынан бар күшіммен бірнеше рет ұрып жібердім. Басынан атқылап қан аққан Михайл құлап түсіп, әлден соң қырылдай бастады. Ахмет мойнындағы тамырын ұстап, «өліп қалды» деді. Көліктің тросымен Михайлдың аяқ -қолын орап байлап, цементтен босаған қапты басына кигізіп, машинама салып, ауыл сыртындағы сайға апарып, денесін өртеп жібердім.
Әрі қарай Асан мен Ахмет мені Шымкентке әкеліп тастады. Келтек темірмен соққан қолым мен иығым сынғаннан қатты ауырып, дене қызуым көтерілгеннен кейін жедел жәрдеммен ауруханаға түстім, -деді Бабаханов.
Тергеу барысында марқұм Михайл Сергеевтің Ресейде қасақана кісі өлтіргені үшін сотталып, жазасын өтеп шыққаннан кейін тағы да қарақшылық шабуыл жасап, Қазақстанда қашып жүргені анықталды.
Сот Бабахановтың 1-ші топтағы мүгедек екендігін,қылмысын толық мойындағанын, қылмысты жан күйзелісі үстінде жасағанын ескеріп, тергеу дәрежелеген бабына сәйкес оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындады. Ал Ахмет пен Асанға қатысты іс олардың әрекетінде қылмыстың құрамы болмауы байланысты өндірістен қысқартылды.
Тотай Мамытұлы Ерімбетов,
Қарағанды облыстық сотының судьясы
[ratings]