12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жемқорлықпен күрес күшейе бермек!

Жемқорлық деген түсінік соңғы жылдары елімізде жиі айтылатын сөздердің біріне айналды. Қанша жерден «жемқорлықтың түбіне балта шабу керек, жемқорлықты тыю керек, жемқорлық деген ағаштың дініне түскен жегі құрт секілді жаман құбылыс, жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек» десек те, жеме жемге келгенде нәтиже сезініп отырғанымыз шамалы. Әлі де болса елімізде жемқорлық деректерімен істі болған шенеуніктердің саны азаймай тұр. Жемқорлық салдарынан кері кетіп оңалмай тұрған салаларымыз да жетерлік. Жемқорлықпен күрес нәтиже берген елдердің де тәжірибесі елімізде үздіксіз қолданылып жатыр. Алайда осының барлығы біз күткен нәтижеге жетті деп айта аламыз ба?!

«Жемқорлықпен бетпе бет келдім»

Жақында ғана перзентханада босанып шыққан әріптесім, жемқорлықты перзентханада сезінгенін естігенде таң қалдым. «Кіргеннен қасымдағы аяғы ауыр әйелдердің барлығының ақша бергенін естідім. Сонда да мән бермеуге тырыстым. Алайда олардың жағдайын әлдекімдер келіп қайта қайта сұрап, ал менің жаныма қиналып жатсам да ешкім жақындай қоймағанын көргенде барып түсіндім. Тіпті алдын ала дәрігерлердің көңілін тапқандардың туған туыстары да кіріп шығып жатты. Отадан соң кішкене ауру сезімін басатын уколды да салғыза алмадым, сіздің бүгінгі нормаңыз салынып қойған деді. Ал қасымдағы әйелге қайталап салып беріп жатты. Өмір мен өлімнің арасында, жаныңа батқан аурумен алысып жатқанда мұндай әрекеттер жаныңа батады екен рас. Қанша жерден өзімді қолға ұстауға тырысқаныммен, босанғаннан кейінгі күйзелісі бар, жаныңның ауырғаны бар айқайласуға мәжбүр болдым. Тіпті алдын ала ақша берген әйелдер төрт, екі адамдық палаталарда жатады екен, ал мені үлкендеу бөлмеге сегізінші қылып кіргізді, әзірге бос орын сол деп қана түсіндірді. Өз көзіммен көріп тұрып мұндай алалауға қатты өкіндім алдын ала ақша беріп, жағдайымды жасап алмағаныма. Келер жолы босансам жанымнан ештеңе аямаймын, алдын ала ақшасын да беріп, дәрігерін де, жататын палатамды да дайындаймын деп шештім. Өйткені адам алғаш рет босанып жатқанда қолдау айтарлықтай керек екен. Басқалардың жақыны қолын қысып жанында отырғанда, өзіңді ақшасы жоқтықтан қолдау көрмей отырған бейбақ сезінесің. Немесе қалтаңда ақшаң жоқтықтан ауруду басатын дәріге қолың жетпей отырғанын сезіну де өмірден түңілдіріп жібереді екен. Сондықтан әділ қоғамға сеніп, перзентханаға босануға келуден гөрі жағдайыңды жасап, бір келетін өмірде балаңды барынша жағдайыңды жасап қарсы алған дұрыс екеніне көзім жетті. Мұндай алалау болмау керек қой мұндай жерде. Беруге аналар да үйренген, дәрігерлер де еті үйренген екен. Демек бір өзің ала қарға болғаннан өзің ғана қиналасың. Осылай босанамын деп жемқорлықпен бетпе бет келдім» дейді.

Расында да перзентханадағы парақорлыққа дәрігерді кінәлаймыз ба, жоқ әлде аналарды ма?! Перзентханадан туылмай жатып жемқорлықтың кесірінен алаллау сезінген сәби болашақта одан әрі параға бой үйрете бермей ме?! Мұндай жағдайда не істеу қажет?!

Заңгер Алмас Тоқабай «Тәртіп қана жемқорлықтың жолын кеседі. Сондықтан темірдей тәртіп қажет. Перзентханалардың кез келген жеріне жемқорлыққа орай хат қалдыратын жәшіктер қою керек. Оған түскен әрбір шағымды тексеріп, дәлелі бар нәрсе болса пара сұраған, пара алған медициналық қызметкерлер жазалануы керек. Сондай қатаң жолдармен ғана біз мұндай жерлердегі жемқорлықты жеңеміз. Үнемі тәуелсіз тексерулер барып, ішінде жатқан аналармен тілдесіп, шағымын тыңдап отыру да керек. Олар беталды медициналық орындарды тексермей тек жемқорлық бойынша ғана арыз шағым бар жоғын тексеріп шығып отыруы қажет. Осындай ашықтық бар жерде ғана жемқорлыққа тұсау салуға болар деп ойлаймын». Тағы бір мысал…

«Жемқорлықтың куәгері болып жүрсем де, айтуға қорқамын…»

Тағы бір кейіпкеріміз мемлекеттік балабақшада жұмыс істейді. Әрі қарай әңгімені өз аузымен өрбітсек, «Мамандығым бойынша балабақшада жұмыс істеп келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Айта кетер жайт, балабақшада әр топта жиырма адамнан болуы міндеттелсе де, бізде әр топта жиырма алты, жиырма жеті баладан. Кейде керует орындары жетпегендіктен балаларды матрас төсеп еденге де жатқызамыз. Яғни ол балаларға о бастан ол балабақшада орын жоқ, тамақ та, орын да қарастырылмаған. Олардың ақшасы мемлекетке де түспейді. Тікелей балабақша меңгерушісінің қалтасына барып түседі. Балабақшамыздың меңгерушісі солардың ақшасымен балабақшаның кем кетігін жауып отырмын деп түсіндіреді. Рас, балабақшамызға комиссия да жиі келеді. Олар әр келген сайын көп жағдайға көз жұма қарауы үшін ақша беріп, шығарып саламыз. Олардың әр келіп кеткені бес жүз мыңдай ақша. Соның тең жартысын әлгідей балалардың төлемімен жапса, қалғанын өзіміз жинап береміз. Сондықтан мұндай қитұртқылықтарды ашып та айтпаймыз. Былай қарасаң келетін тексерулердің өзі балабақшаны жемқорлыққа итермелейтін секілді. Олар ақша алмаса мысалы, балабақша меңгерушісі «левый» бала алуға тырыспас еді. Айналып келгенде меңгерушіміз де амалының жоқтығынан осындай жағдайға мәжбүр болып отырғандай. Қайта ол балалардың тілі жоқ, болмаса айтып барар еді ата анасына. Біз де мүмкіндігінше тілі жоқ, үйіне айтып бармайтын балаларды ыңғайлаймыз ол жерге. Кейде матрастан аунап еденге түсіп қалады. Көтеріп апарып жатқызсақ та, уайымдап қаламыз бүйрегі, іші суықтады ма деп. Амал жоқ, кейде осындай былықтың ортасында жүргеніме жаман боламын. Бірақ аузымды ашсам жұмыссыз қаламын деп шыдаймын. Балабақшамыздың меңгерушісін де түсінемін. Өзім болғанда да сондай жағдайға баруға мәжбүр болар ма едім. Айналып келгенде бұл жағдайға тұтас жүйе кінәлі ме деп те ойлаймын. Мысалы сол комиссия келіп үгітіліп қалған қабырғаға да сөйлейді, ескіріп қалған пердеге де сөйледі. Ілік тауып әйтеуір айыппұл салғысы келіп тұрады. Мұндай жағдайда амалсыз балабақша меңгерушісі әлгіндей ақшамен балабақшамыздың тесік құтығын бүтіндеп жатады әйтеуір. Отырған ғимаратымыздың ескі екенін көре тұрып, неге сондай әрекеттер жасайтынын түсінбеймін. Айтпақшы балабақшамызда бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Солардың қара жерде жатқан балаларды түсірмей қалатынына, келген комиссияның сондай көріністерді байқамай қалатынына таңмын. Қанша жерден балаларға жаным ашығанмен ештеңе істей алмаймын. Тіпті кейде осыны көре тұра үндемегенім үшін құқық қорғау орындарының назарына ілігіп жазалы болып кетемін бе деп қорқамын. Көре тұра үндемедіңдер деп көптің арасында кінәлі болып қалмаймын ба деп қорқамын. Күнделікті жемқорлықтың куәгері болып жүрсем де бұл туралы а        тудан қорқамын» дейді.

 Атын айтып көрсетпеймін деген соң ағынан жарылып отырған бұл кейіпкерлерді еш кінәлай алмаймыз. Тұтас жүйе итермелеп отыр ма, тығырықтан шығар жол бар ма?! Тағы да заңгер пікіріне құлақ түрсек. Заңгер, адвокат Алмас Тоқабай «мұндай жерде жалғыздың үні шықпастың кері» дейді. «Негізі мұндай жерлерде істеу өте қиын. Өзінің құқық бұзып жүргенін жан жүрегімен сезіп тұрса да, қауқарсыз, амалсыз. Мұндай жағдаймен күнделікті бетпе бет келіп отырған соң жемқорлық қоғам үшін қалыпты жағдай деген нәрсені де миына сіңіріп алады. Заңдық тұрғыдан балабақша меңгерушісінің әрекеті заңсыз екені анық. Бірақ балабақшасын, қызметін, қол астындағы ұжымын сақтау үшін осы әрекетке барып отыр. Заңгер ретінде түсіне алмасам да, адам ретінде түсінетіндей жағдай. Не істеу керек? Ең алдымен заңсыз балалардан арылып, ғимараттағы кемшіліктер бойынша тұрақты түрде смета толтырып жергілікті басқарушы орындардан көмек сұрауы керек. Комиссия келіп кемшіліктерді жіпке тізе бастағанда өзінің де қарап отырмағанына әлгі құжаттар куә бола алады. Сол секілді өзін қорғаудың сан түрлі жолдары бар. Яғни оның балабқша ғимаратының шатырынан су ағатынына немесе қабырғасындағы жарыққа өзі ғана кінәлі емес. Ол мемлекеттік мекеме болғандықтан мемлекет жөндеу жұмыстарына қаржы бөлуге, тіпті апатты жағдайда болса басқа ғимаратпен қамтамасыз етуге мемлекет те жауапты. Демек жергілікті билікті бұл жағдайлардан хабардар етіп отыруы керек. Сонда кез келген уақытта өзін де қорғау алады. Егер шын мәнінде өзі де адал меңгеруші болса адал жұмыс істеудің жолдарын таба алады. Жемқорлықтың да жолын кесеміз десек тұтас қоғам болып қарсы шыға алуымыз керек. Бұл жерде басшылыққа көп нәрсе байланысты. Ұжымымен де ашық сөйлесіп, келген комиссиямен де мәселенің басын ашып алса болады. Ал өзі де былыққа батып, ұжымын да үнемі жемқорлыққа батырып ұстайтын болса арты жақсылыққа апармайды. Айта кетер бір жайт, келген комиссия осындай келеңсіздіктердің алдын алудың орнына өздері де былыққа батып отыруы дұрыс емес. Сондықтан осы комиссия жұмыстарына да қадағалауды күшейту керек. Мұндай комиссиялардың жемқорлықтың гүлденуіне ықпал етуінің жолын кесуіміз керек. Әйтпесе «ет сасыса тұз себерсің, тұз сасыса не себерсің» дегендей жоғарыдан келген комиссиялардың әрекетіне қарап, басқалардың билікке деген көзқарасы өзгереді» дейді.

Демек күнделікті қаншама адам осындай жемқорлық әрекеттерімен бетпе бет келіп жүрсе де үнін шығаруға қорқады. Мұндай қарқынмен біз жемқорлықты жеңе аламыз ба?! Майда шүйде деп мән бермегенімізбен түбінде осындай майда шүйде әрекеттер жемқорлықтың гүлденуіне одан әрі қызмет ете бермек. Нәтижесінде қаншама миллиондар бөлініп, миллиардтар жұмсалса да жемқорлықтан қоғамымыз арыла алмайды. Ал бұл өте қауіпті құбылыс. 

«Жемқорлық өзімізге жасалған қастандық қой»…

Күнделікті өмірде бетпе бет келіп жүрген тағы бір жемқорлықтың куәгері де қорқынышын жасырмады. «Жылына бір рет көлігімді техникалық тексеруден өткіземіз. Көлігім ескі, айдалғанына отыз жылдан асқан мәшине. Әйтеуір әзірге бала шағамның нәпақасын айыруға жарап тұрған соң тастай алмай жүрмін. Осы мәшинені алғаныма биыл сегізінші жыл болады екен. Техникалық тексеруден өтуге алып барғанымда ешқашан ұңғыл шұңғылын тексерген емес. Қажетті қаржысын төлеймін, бір жылға жарамды етіп техникалық тексеруден өткені туралы құжатты қолыма ұстата салады. Одан әрі ол да риза, мен де риза. Және бұл техинкалық тексерісті кез келген жерінен табуға болады қаланың. Сонда бұлардың жұмысын ешкім тексермей ме? Кейде тежегіші істен шығып, кейде тағы бір ақауымен қалада түрлі ірі жол апаттары орын алып жатады. Соның барлығы қалай болса солай, «бармақ басты көз қыстымен» техникалық тексерістен өткен көліктердің салдары емес пе екен» деген ой тұрады. Техникалық тексеріс атына сай болмаса онда жалпы оны көлік жүргізушілеріне міндеттеудің пайдасы бар ма?! Немесе құр көзбояушылықпен ақша жинап, оны көліктерге міндеттеу кімге пайда, кімге зиян?! Рас, сол сәтте өтірік кіргізіп шығарғанымызға, уақыт үнемдегенімізге қуанғанымызбен мұның ар жағында өзімізге жасалған қастандық жатыр ғой. Жемқорлық қай жағынан болмасын өзімізге жасалған қастандық екенінің айғағы осы ғой. Жемқорлыққа алдымен жүйе қарсы болуы үшін осындай көзбояушылық нәрселердің жолы кесілсе екен. Сонда барлық салада ашықтық орын алып, ешкім жемқорлықпен бетпе бет келмейді. Кез келген түбінде жемқорлыққа ұласуы мүмкін әрекеттерге ашықтық енгізуіміз керек» дейді. Бұл туралы да заңгер пікірін білуге тырыстық. «Рас кейіпкеріміздің алаңдауы орынды. Осындай әрекеттер халықтың санасына жемқорлықты қалыпты нәрседей сіңіріп жібереді. Негізі көлікті техникалық тексеруден өткізу құқығын кім көрінгенге бермеуіміз керек. Олар ойына келгенін істеп, халықтың қаржысын құр жинап отыр. Ең болмаса компьютерлік тексеруден өткізбестен, ақшасын алып, техникалық тексеруден өтті деп құр құжатты таратып отыруы дұрыс емес. Елімізде қаншама миллион көлік бар. Олардың барлығы әлгіндей ашкөздердің құр дорбасын толтырып отыр. Бұл жерде жемқорлық дерегі бар айтарлықтай. Құр немқұрайдылық немесе өз ісіне салғырттық деп қарай салуға болмайды. Мұндай заңсыздықтардың барлығы анықталып, құқықтық баға берілуі керек. Қоғамдағы жол көлік оқиғаларының бәлкім көптігінің бір ұшы осында жатқан шығар. Ақша үшін ғана өтірік техникалық тексеруден өткен көліктердің күнделікті өмірде сыр бермесіне ешкім кепіл емес. Демек жол көлік оқиғаларының белгілі бір пайызының осындай нәрселерге қатысы бар деп ойлауға болады» дейді. 

Қоғамымыздың үш түрлі саласындағы жемқорлық деректерінің қайсысы болмасын ойлантпай қоймайды. Біз әлі күнге бақырайтып тек шенеуніктерге берілген параны жемқорлық деп санамай, осындай нәрселерге де көңіл бөлмесек, жемқорлықтың түбірімен жоя алмасымыз анық. 

Статистка не дейді?!

Елімізде соңғы сегіз жылда сегіз мыңға жуық адам жемқорлық бойынша істі болыпты. Әйтсе де жемқорлық деректері азаймай отыр. Демек соттап, қамап біз күткен нәтижеге жете алмаймыз. Жемқорлық деректері азаюы үшін, оның алдын алу жұмыстарын да күшейтуіміз керек. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің хабарлауынша, жылына мыңға жуық адам жемқорлық әрекеті үшін жаза арқалап отыр екен. Жемқорлар бойынша, ең көп сот үкімі шыққан жыл – 2018 жыл болғанын статистика аңғартып отыр. Сол жылы  1 079 адамжемқорлығы үшін айыпталып сотталған. Сыбайлас жемқорлық бойынша жаза арқалаған танымал адамдар да жетерлік. Демек еліміздегі шенеуніктер атын қаралап алудан да қорықпайды. Әсіресе ірі жоспарланған шаралар кезіндегі жемқорлыққа жол берілуі халықты шошытпай қоймай отыр. Бұл бетімен кете берсе жемқорлардан қорқып, не ірі құрылыс нысандарын салмай, не ірі шараларды өткізе алмай жалпы қоғам дамымай қалу қаупі де туындайтындай. Сондықтан жемқорлықпен күрес тәсілдерін өзгертіп, жалпы қоғамның жемқорлыққа нық әрі сенімді күресін барынша қолдау қажет. Онсыз жемқорлықпен күресіп қарық бола алмайтын секілдіміз. Осы орайда жемқорлық туралы хабарлаған жандарға сыйақы беру, жемқорлық дерегі орын алған кезде бірінші жауапты тұлғаны жазаға тарту, жемқорлыққа жазаны күшейту секілді шаралардың оң нәтиже беріп жатқаны да назарға алынып, жемқорлықпен күрес жыл сайын жаңартылып, алдын алу жолдары да күшейтіліп отыруы қажет секілді…

Қуаныш Ермекова

Заң мен тәртіпті сақтау — жалпыға ортақ міндет

Заңның үстемдік құруы барлық мемлекет үшін басты құндылық саналады. ...

Кәсіпкер егіз қыздардың жұбын жазбай, арман мектебіне бірге оқуға түсуге көмектесті

Айым және Гүлім Орынбасар – Түркістан облысының Қазығұрт ауылында...

АҚШ-тың үздік жақ-бет реконструктивті-пластикалық хирургтары Алматыда балаларға ота жасайды

Алматыда Қазақстандағы Америка Сауда Палатасының (AmCham) гуманитарлық медициналық миссия...

Қазақстандық оқушылар Таиландтағы әлем чемпионатында ел намысын қорғады

2025 жылдың 29 маусымы мен 3 шілдесі аралығында Таиландтың...