Жетісай аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғындар арызданып, жайылымдағы 40 бас қойын белгісіз біреудің жымқырғанын жеткізді. Жәбірленушіге 3 000 000 теңге шығын келген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында, ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білген куәлардан жауап алды. Сонымен қатар іске белсене кіріскен жетісайлық сақшылар, мал сататын орындарды да шолып шықты. Осылайша жүргізілген тиянақты істің нәтижесінде, мал ұрлығына қатысы бар 2 күдікті ер адам ұсталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.
Белгілі болғандай, күдіктілер түнгі уақытта жайылымда жайылып жүрген малдарды көріп, оңай жолмен пайда табу мақсатында ұрлық қылмысын жасаған. Сондай-ақ сезіктілер ұрланған малдарды «Газель» автокөлігімен Сарыағаш ауданына апарып, сатқан ал ақшаны өзара бөліскен.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда. Тергеу күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын нақтылайтын болады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі