Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырып, ел экономикасының негізгі өсім параметрлерін жариялады.
Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.М. Жұманғарин 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.
Базалық сценарийге сәйкес 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,4%, ал үш жылдық орташа өсім 5,3% деңгейінде күтіледі. Номиналды жалпы ішкі өнім көлемі 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.
Экономикалық өсім нақты сектор мен қызмет көрсету саласы есебінен қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалар нәтижесінде өсім 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін артады. Тау-кен өндірісіндегі орташа өсім 2,8%, ауыл шаруашылығында — 3,9%, құрылыста — 11%, көлікте — 10,1%, саудада — 7% деңгейінде болжанып отыр.
Экспорт көлемі 2026 жылғы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд долларға, ал импорт 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға дейін өседі. Инфляция 2026 жылы 9–11%, 2027–2028 жылдары 6% деңгейінде жоспарланған.
Тиімділік пен бақылауды күшейтуге басымдық беріледі
Отырыста Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырып, құжаттың әлеуметтік-экономикалық даму болжамына және жаңа Бюджет кодексіне негізделіп әзірленгенін атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, бюджет жобасы Парламентте жан-жақты талқыланып, Сенатпен бірлескен жұмыс нәтижесінде бірқатар басым бағыттарға қосымша қаражат қайта бөлінді:
🔹 28,5 млрд теңге – өңірлерді дамытуға, жергілікті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге;
🔹 57,7 млрд теңге – көлік логистикасын дамытуға бағытталды.
«Бұл жобаларды жүзеге асыру – инфрақұрылым сапасын жақсарту арқылы халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтіп, тауар айналымын тездетуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, биылғы бюджетті қалыптастыру өткен жылдардан айтарлықтай ерекшеленеді, себебі бұл жаңа Бюджет кодексі негізінде әзірленген алғашқы құжат», деді Абзал Бейсенбекұлы.
Мемлекеттік қаржы параметрлері: тұрақтылық сақталады
2026 жылы бюджет кірістері 19,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 10,5%-ы көлемінде болжанды. 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 23,2 трлн теңгеге дейін өсуі тиіс. Республикалық бюджеттің меншікті кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7%-дан 2028 жылы 83,5%-ға дейін артады.
Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2 770 млрд теңге көлемінде сақталады. Бюджет шығыстары 2026 жылы 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы 28,8 трлн теңгені, 2028 жылы 29,8 трлн теңгені құрайды.
Фискалдық және мұнай емес тапшылықтар да төмендеу траекториясына шығады: 2028 жылға қарай тиісінше ЖІӨ-ге шаққанда 0,9% және 2,7% деңгейінде болады. Үкіметтік борыш 2026 жылғы 21,4% деңгейінен 2028 жылы 19,6%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Жұманғариннің айтуынша, дайындалған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджет параметрлері ел экономикасының сапалы әрі орнықты дамуына және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.


