2023 жылдың алғашқы күнпарақтары маңызды тағайындаулармен басталды. Мемлекет басшысының бұйрығымен бірқатар министрлердің қатары қайта жасақталды. Президент Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі етіп Марат Қарабаевты, Экология және табиғи ресурстар министріне Зүлфия Сүлейменованы, Мәдениет және спорт министрі қызметіне Асхат Ораловты, Оқу-ағарту министріне Ғани Бейсембаевты және Әділет министрі қызметіне Азамат Есқараевты тағайындады.
Ресми тағайындаулардан соң Президент Қ.Тоқаев жаңа министрлерді қабылдап, министрліктердің жауапкершілігіндегі мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, ұлттық жобаларды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа геология және жер қойнауын пайдалану саласын реттеу, көлік-логистика әлеуеті мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру жұмыстарын тапсырса, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменоваға су мәселесінің саясаты мен табиғи ресурстарды реттеу, жалпы қоғамды экологиялық тұрғыда тәрбиелеу міндеттері жүктелді.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа туризмді, бұқаралық спортты және мәдениет саласын дамыту жүктелсе, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, мектептегі және мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру жөнінде нұсқау берді. Әділет министрі Азамат Есқараев заңнаманы және нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру жөніндегі бірқатар міндеттерді мойнына алды.
Қаңтардан қалған қаралы із
Тура бір жылғы оқиға халық жадында қайта жаңғырды. Қаңтар құрбандарына арналған ескерткіш Алматы қаласында ашылып, оқыстан опат болған азаматтарға құран бағышталды, жазықсыз жапа шеккендер мемлекет басшысының жарлығымен амнистияға ілікті, өтемақы алды. Бұл ескерткіште елдің аяулы естеліктері жатыр. Халық қаралы күндер тарихына алдағы уақытта әділетті бағасын береді. Жаппай тәртіпсіздікке ұласқан бұл халықтық толқудан зардап шеккендер көп. Солардың қатарында Алматы қаласы үлкен шығынға ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, полиция бекеттері өртеніп, дүкендер, дәмханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары, банк кеңселері қирады. Ресми мәлімет бойынша сол кезде Алматыда 337 нысан бүлінген, оның ішінде 10 мемлекеттік мекемеге нұқсан келген. Атап айтқанда – Алматы әкімшілігі, Президент резиденциясы, Бас прокуратура, «Qazaqstan» телерадиокомпаниясы мен Алматы қаласы полиция департаментінің алты ғимараты. Ең қатты зардап шеккен – Республика алаңы аумағында орналасқан нысандар. Бүгінгі таңда бұл ғимараттардың басым бөлігі қалпына келтірілді. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, қазіргі таңда зардап шеккен 1,6 мыңнан астам кәсіпорын 16,2 млрд теңге көлемінде өтемақы алған, оның 95 пайызы 1 маусымға дейін тиісті төлемді алған. Жәбір көрген жеке тұлғаларға 613,5 млн теңге сомасында келген залал толығымен өтелген.
Әлеуметтің ахуалы алдыңғы орында
Жыл аяғына қарай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Аталған заң жобасы аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс деңгейі, ең төменгі зейнетақы, айыппұл көлемі, жалақы мен жәрдемақы мөлшері, сонымен қоса бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жаңа мөлшері белгіленді. Белгіленген құжат негізінде базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ынтымақты зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-дан 55 АЕК-ке дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін өсіру бойынша түзетулер қамтылған. Осылайша, 2023 жылға ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) – 70 мың теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге болды. Енді мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 21 907 теңге, ал ең төменгі зейнетақы – 53 076 теңгені құрамақ. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс көлемі 40 567 теңге мөлшері. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде енді бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұзарту жүзеге асады. Төлем бюджеттен ғана емес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да төленеді. Оны алу үшін жалақыдан міндетті түрде тұрақты жарна аударылып тұруы қажет. 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылады. Бала күтіміне байланысты сәби бір жарым жасқа толғанша ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңгені құраса, екінші балаға – 6,81 АЕК яғни, 23 495 теңге, үшінші балаға – (7,85 АЕК) 27 083 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңге. 2023 жылы көпбалалы аналарға яғни төрт және одан да көп баласы бар отбасыға төленетін жәрдемақы мөлшері де артады.
Мәселен, 4 балаға – (16,03 АЕК) 55 304 теңге, 5 балаға – (20,04 АЕК) 69 138 теңге, 6 балаға – (24,05 АЕК) 82 973 теңге, 7 балаға – (28,06 АЕК) 96 807 теңге, 8 балаға – (32 АЕК) 110 400 теңге төленеді. Ал сегіз баладан көп баласы бар отбасыларға одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК-тен (13 800 теңге) қосылады. Яғни, 9 балаға 36 АЕК (124 200 теңге), 16 балаға 64 АЕК (220 800 теңге). Биылдан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған көпбалалы әйелдерге 2023 жылы ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ал 2023 жылы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға, қамқоршыға төленетін жәрдемақы мөлшері 56 794 теңге болып бекітілді. Мемлекеттік жүйеде басқа да өзгерістер мен жаңалықтар көп. Алдағы уақытта ел тек осы игілікті істерден үлкен үміт күтеді.
Ж.ҚҰДАЙБЕРГЕН


